Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2021

Мал шаруашылығына – қаржылай қолдау

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңға дейін Маңғыстау облысында 600 ірі шаруа қожалығы мен 6 мыңға жуық жеке үй қожалықтарына қаржылай қолдау көрсетілді, дейді Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.

Мал шаруашылығына – қаржылай қолдау

Биыл түбектегі өңірде қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қаржылай қолдау көрсету үшін Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлінді. Қайтарымсыз қаражат төрт түліктің аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге берілуде.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда бөлінген қаражаттың 57%-ы игерілді, яғни 5 900 жеке қосалқы үй шаруа қожалығына 745 млн теңге және 575 шаруа қожалығына 395 млн теңге қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілген.

Жергілікті бюджеттен 150 млн теңге бөлініп, «Каспий» ӘКК АҚ-ы арқылы аталған қайтарымды қаржыға 15 шілдеден бері әр қала, аудандардан тағайындалған операторлар қажеттілікке қарай шөп тасымалдауда. Бүгінге дейін 1 350 тонна шөп сатып алынды және бұл жұмыс жыл аяғына дейін жалғасады. Жергілікті бюджеттен 54 млн теңге бөлініп, қайтарымды қаражатқа аудандардан тағайындалған операторлар Қостанай облысынан 950 тонна арпа жеткізді. Қазіргі таңда арпа түгел сатылып, айналымдағы қаржыға қосымша 1 мың тонна мал азығын сатып алу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар 107 млн теңгеге 15 вагон 3-4 сұрыпты бидай (бидай қалдығы) сатып алынды, жақын күндері өңірге жеткізіледі.

Жалпы, жыл басынан бері облысқа 41 500 тонна шөп тасымалданды. Соның 3500 тоннасы өзге өңірлерден көмек ретінде жеткізіліп, қуаңшылықтан зардап шеккен мал иелеріне тегін үлестірілді. Ал өңірге тасымалданған жем көлемі 24 мың тоннаны құрады.

Басқарма басшысы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына тіркелмеген малға мемлекет тарапынан субсидия немесе қолдау көрсетілмейтінін айтты.

Қазір өңірде 636 824 бас мал тіркелген. Оның ішінде шығынға ұшырағаны – 1 163 (жалпы санының 0,18%-ы). Өлген малдың 194-і ғана ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына тіркелген.

– Төтенше жағдайлар департаменті ауа ылғалдылығына тексеру жүргізді. Нәтижесі төтенше жағдай жариялау шарттарына сәйкес келген жоқ. Сондай-ақ жануарлар арасында улану мен жұқпалы ауруға шалдығу дерегі тіркелмеді және өсімдіктер зиянкестерден зақымданбаған, яғни төтенше жағдай жариялауға заңды негіз жоқ, – деді басқарма басшысы.

Күн тәртібіндегі мәселенің бірі – малдың қыстық азық қорын дайындау. 2021-2022 жылдарға өңірдегі төрт түлікті қыстық мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында, Премьер-Министр А.Маминнің тапсырмасына сәйкес, бюджеттен қайтарымды қаражат ретінде мал азығына 5,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 1,9 млрд теңгесі шөпке, 3,4 млрд теңгесі жемге қарастырылған. Бұл қаржыға жыл соңына дейін 26 мың тонна шөп пен 34 мың тонна жем сатып алынады деп жоспарлануда.

– Қазір аталған қаржының 600 млн теңгесіне мал азығын тасымалдайтын операторлар тағайындалып, өзге өңірлерден шөп тасымалдау жұмыстары басталып кетті. Бұдан бөлек Атырау мен Ақтөбе облыстарының шабындық жерлерінен шөп шабуға 5 шаруа қожалығы барады. Олар өздеріне қор жинап, артығын өзге мал иелеріне сатады. Сонымен қатар бүгінде жергілікті шабындықта 14 бригада шөп шауып жатыр. Олар жыл соңына дейін 15 мың тонна шөп дайындамақ, – дейді С.Қалдығұл.

 

Маңғыстау облысы