CОЛДАТ РУХЫН ОЯТҚАН ӘУЕН
“Әрбір көктем сайын менде майдан даласында солдаттардың рухын көтеруге көмектескен, елімізге қанды қырғында жауға қасқайып қарсы тұруға септескен әндерді айтуға деген құштар тілек пайда болады”.
Әлібек Дінішев.
Сәуірден себезгілеген күн шуағы мамырға ауысар тұста КСРО халық әртісі Әлібек Дінішев Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ең әйгілі әскери әндерден, майдан даласында шырқалған шығармалардан құралған концертін берді. Концертке келген тыңдарманда есеп болмады. Олай болатын да жөні бар, Әлібек Дінішевтің бұл концерті Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналды.
– Мен бұл әндерді бала кезімнен естіп өстім. Осы рухты әндерді менің ата-анам да, олардың майдандас достары да шырқаған. Бұл шығармалар ата-аналарымыздың өршіл сезімінен, тағдырынан, үмітінен өріліп туған. Және бұл туындыларды біздің музыкалық мәдениетіміз бен тарихымыздың інжу-маржандары деп айтуға толық қақымыз бар, – дейді әнші.
Әлемнің ең үлкен сахналарын тамаша дауысымен елітіп, егілдірген әншінің Алматыдағы концерті оқшау мәдени оқиғалардың қатарынан орын алары сөзсіз. Жеке концертінің өзін бүтін бір спектакльге айналдырып, тыңдарманын құйқылжыған дауыспен баурай жөнелетін әншінің репертуары қай кезде де камералық циклдарға, халық әндері мен романстарға, қазақстандық опералардың партияларына құрылатыны белгілі.
Құлағыңның түбінен қанат қаққан қайталанбас қоңыр дауыс әннің бүкіл бояуын ашып, әуезді әдемі суретке айналдырып жіберетіндігін әркез байқайсың. Қазақ, орыс, батысеуропалық опералар мен романстарды орындағанда Әлібек Дінішевпен орын таласар талант сирек екендігін тағы мойындау керек.
Александр Беляков жетекшілік ететін Қорғаныс министрлігінің эстрадалық-симфониялық оркестрі сүйемелдеген Дінішевтің әрбір әнін тыңдарман ыстық ықыласпен, риясыз қошеметпен қарсы алды.
– Әсіресе, Әлібектің орындауындағы әскери әндер ерекше әуезді шығады. Ол осы әндердің ең үздік орындаушысы екендігі де еш күмәнсіз. Және бұл тақырып ол үшін қасиетті де. Себебі, Әлібектің әкесі –майдангер. Концерт тек бір әкенің рухына емес, жеңіс жолында өмірлерін қиған, тағдырларын Отан үшін тәрк еткен барлық адамдарды еске алуға арналып отыр, – деді әсерлі кештің ауанымен толқи тіл қатқан концерттің жүргізушісі Сағынай Абдуллин.
Концерттен керемет әсер алып, майдан даласына сапар шеккендей болған қалың тыңдарманның ойы бір жерден тоғысады. “Әлібек Дінішев отандық мәдениеттің бүтін бір дәуірі, Қазақстанның брэнді. Өнерге қызмет ету үрдісімен ол орындаушылардың кейінгі буынына үлгі бола алады. Бүгінгі концерт – тыңдармандар алдындағы өзіндік есеп. Бұл қарт майдангерлерге көрсетілген құрмет пен естелік қана емес, үлкен отаншылдықтың, шынайы елжандылықтың музыка тілімен сыртқа атойлауы. Мен оның әндерінің ардагерлеріміздің көңілін көтеріп, рухын тағы бір оятып өткеніне сенімдімін”, – дейді тамаша концерттің тағы бір тыңдарманы, Парламент депутаты Ғани Қасымов.
Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ.
ӘН ҚҰДІРЕТІ
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаеваның Бейбітшілік және келісім сарайында өткен қайырымдылық концерті Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесіне арналды.
Осыдан 65 жыл бұрын майсалы мамырдың дәл осындай маужыраған күндерінің бірінде бүкіл қазақ даласын қуаныш пен шаттық сазы шарлаған еді. Сағыныш әуені екі көзден мөлдіретіп жас тамғызып, ерлік пен елдік рухы жырланған еді. Жүрек сырын әсем әнмен өрген сондағы жаңғырық әлі күнге дейін жалғасып, міне, енді оны бүгін әннің Әлиялары қайта түлетуде. Роза есімі аталған жерде, қазақтың ержүрек батыр қызы Әлия атының қоса айтылуы бекер емес. Бұл екі есім бір-бірімен рухани қабысып, тіпті әнші Роза қаһарман Әлияның өнердегі бейнесіндей қабылданып жүр. “Алтын орфей” жүлдесін иелендірген асқақ рухты “Әлия” оны кешегі қанды майданнан қайтпай қалған майдангерлерге өзгеше сезіммен қарауына әсер еткені рас. Еуропадағы халықаралық байқауда қазақтың қаршадай қызына олжаны кім оп-оңай ұстата қойғысы келді дейсің? Композитор Сейдолла Бәйтерековтің “Әлия” әні батылдық пен ерліктің әсем саздан айна-қатесіз құйылған мүлтіксіз мүсініндей қабылданып, Әлия рухы қазақ эстрадасының үлбіреген гүлін асқақтатқан. Содан бері Роза Қуанышқызының репертуарынан бұл ән ешқашан төмен түскенін көрген емеспіз. “Әлия” әнінің биігіне көтерілуге жас әншілер барынша талаптанып-ақ бағады, бірақ жұрт оны әлі сол бастапқы қаймағы бұзылмаған қалпында қапысыз тыңдауды ұнатады.
Майдангер ұрпаққа өнерімен тағзым ете келген әншінің қайырымдылық концертінде кіл патриоттық және соғыс туралы әндер шырқалды. Астана қалалық филармониясына қарасты симфониялық оркестрдің (дирижері Қанат Ахметов) сүйемелдеуімен орындалған шығармалар жүректі шымырлатып, бірінен соң бірі тізіле орындалғанда, сұрапыл соғыстан қалған жарақатты жазуда әннің құдіреті шексіз екеніне жұрт сенімі арта түскен. Шоқтығы биік “Қазақстан”, “Әлия”, “Батыр Бауыржан” әндері әуелеп, ел үшін ерлік көрсеткен ерлер бейнесі қайта еңсе тіктеген. Соңғысы кеште алғаш рет орындалып отыр. Қаһарман Баукеңнің ерлігін Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесі тұсында жаппай жырлап, өскелең ұрпақ санасына сіңдірудің тағылымы орасан зор десек, сол үлкен міндетті Роза Қуанышқызы өзінің басты парызы санайтынын байқадық.
Қазақ эстрадасындағы түйткілді мәселенің бірі – ана тілде орындалатын нағыз патриоттық әндерге әлі де болса зәрулік сезіледі. Тәуелсіздіктің діңгегі нығырланып жатқан тұста намыс пен жігерді жанитын, Отанға ерекше сүйіспеншілік сезімін егетін елшіл әндер керек болып жатқаны тағы шындық. Кеңестік дәуірде әскери әндердің денін орыс композиторлары жазды. Ол санаға сіңіп кетті. Халық арасына кең жайылып кеткендері ләйім, шырқала берсін, бірақ қазақ композиторларының құлағына алтын сырға дей отырып, бұл алғысқа төл өнермен тосқауыл қоятын, ән арнасын мұнан бұлай қазақтың өзінің патриоттық мазмұндағы әндері толтыратын кез әлдеқашан жеткенін айтқымыз келеді. Ән мен жырға өзек болар өр тұлғалар қазақта аз ба? Осы орайда тағы бір айта кететін нәрсе, майдангер қарттар үшін қайырымдылық мақсатындағы мұндай мәдени шаралар әрмен қарай жалғасын тапса құба-құп. Әннің құдіретімен жүректегі мейірім отын жандыруға талпынған әншінің елордадағы кешінен түйер қысқаша ой осы.
АНАЛЫҚ ЖҮРЕКТІҢ АЛАУЫ
Кеше Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесі құрметіне композитор Серік Еркінбековтің “Мәңгілік алау” балет-ораториясы көрерменмен қайта қауышты. Сахналық туындының либреттосын Дүйсенбек Нақыпов жазса, қоюшы-хореографы – Вячеслав Гончаров. Бас хормейстері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, ал қоюшы-суретшісі Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Вячеслав Окунев.
Жаңғырықты жаңғырту
Қайта қауышты деп отырған себебеміз, ол осыдан көп жылдар бұрын Алматыда, Абай атындағы опера және балет театрында тұсауын кесіп, көрермен жүрегінен лайықты бағасын алып үлгерген. Сондықтан композитордың кейін шегініп, бұрын қалам тартқан тақырыбын елорда театрына қайта алып келгендегі себебін екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған шығарманы қазіргі заманның көзқарасымен өңдеп, тың тынысын ашуға, жаңғырта ұсынуға тәуекелі деп ұғындық. Ұлы Жеңіс туралы әр кезең өзінің ғажайып өнер туындыларын тарихи шежіреге қаттаса, сол қыруар дүниелердің уақыт өте келе біразы адамзат санасында ескіріп, көмескі тартуы заңдылық десек, ал кейбірі майданның маздаған мәңгілік алауындай жүректерде сақталып қала бермек. Серіктің “Мәңгілік алауы” қазақ балет өнері тарихында үні үзілмес, ізі өшпес, ұдайы маздап тұратын шоқтығы бөлек шығарма болып қала береріне еш күмән келтірмейміз.
Спектакль басталмас бұрын Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, балет авторлары Серік Еркінбеков пен Дүйсенбек Нақыповтың қатысуымен брифинг өтті. Сонда балет жайында қысқаша баяндаған министр “Мәңгілік алау” балетінің кезінде үлкен бағаға ие болғанын айтып, уақыт өте келе авторлар бұл балетті шығармашылық тұрғыдан толықтыра қарап, көп жерлерін қайта жазып шыққанын мәлім етті. Алматылық Вячеслав Гончаров пен Санкт-Петербург опера және балет театрының суретшісі Вячеслав Окуневтің еңбектерін жоғары бағалап өтті. Сол себепті, жаңартыла ұсынылып жатқан балет-ораторияны театр ұжымының Жеңістің 65 жылдық мерекесіне лайықты тартуы деп есептеймін, деді.
– Ардагерлерге арналған бұл шығарма тек бір адамның ғана еңбегінің жемісі емес, мұны мен осыған қатысқан барша шығармашылық иелерінің бірлесе қол жеткізген табысы деп есептеймін, – деп композитор спектакльдің ойдағыдай аяқталуына атсалысқан министрлік пен театр ұжымына ризашылығын білдірді.
Ал Санкт-Петербург театрынан келген қонақ:
–Балет-оратория тек музыкадан не биден ғана құралмаған, шындап үңілген адамға оның сыры алақандағыдай анық көрінер еді. Мұның алуан жанрды біріктірген синтездік туынды екеніне күдік келтірмейсіз. Хор, би, драмаға тән элементтер, сурет, ең бастысы музыка осылардың бәрін шашаусыз ортақ идеяға жұмылдырып, бүтін бір дүниеге айналдырды, – деп өнердің ішкі иірімдерінен сыр тарқатты.
Батырлар рухын тірілткен
Сонау бір замандардың тұншыққан тұңғиығында, Ғалам-Ана жер бетіндегі тылсым әлемнің тыныштығын орнатып, оған қыр-қызғалдағындай отты жанар сыйлады. Ол мәңгі осылай жасыл қыраттары жаймашуақ күй кешіп жататын мекен бола ма?.. Жауыздық пен ашкөздіктің алапат құйыны Жер-Ана ошағының отын сөндіруге әккі әлегін сала бастайды. Қатыгездік ұйығы бұлқына шиыршықтанып, көкжиекті көмкерген дала жұлдыздарын сөндіруге бурадай бұлқынады. Жер бетіндегі өмір ошағына қауіп төнеді. Міне, сол бір сәт сахна кеңістігінде керемет бояулар үнімен келісті түйіледі.
Күллі ғаламның анасы осыны алаң көңілмен баяндайды. Ана рөлін сомдаған Гүлфайруз Құрманқожаева бейнені бейнебір өзі де сол тылсым құпияның ішіне етене еніп кеткендей беріле, шынайы қалыппен ойнап, халықты иландырады. Әлгі тұтқиылдан төнген жауыздық жалыны ақжаулықты ананың жүрегін қарып, тіршілік ошағы біртіндеп өшіп бара жатқандай әсер қалдырады. Алаңқайдан алқызыл қызғалдақ үзіліп түседі. Бұл ажал құшқан сандаған тағдырлардың өмірін бейнелеген өрнекті бедер еді. Ғаламды тұншықтырған қанқұйлы соғысты сахна тілімен кескіндеу суретші мен қоюшы-хореографқа әжептеуір жүк артқаны сезіледі.
Бірақ жаһанды жалмаған жауыздық құйыны жақсылық сарбаздарын жеңуге әсте дәрменсіз еді. Осы сандаған сардарлар арасында Жер-Ананың перзенті жауынгер де бар болатын. Қасында талмас қанаты, қалыңдығы – көгілдір үміт көз сүйсінтеді.
Міне, сахналық оқиғаның шарықтаған тұсы жақсылық пен жауыздық арасындағы шайқас шарықтап, жеңіс шапағатты үндермен үйлеседі. Әскерлер ғажайып ерлікпен жауыздық құйынына соққы беріп, олар жер бетінен біржола қуылады.
Сенім мен махаббаттың тоғысуы
Дабылы дамыл таппаған соғыс даласы Жер-Ананың перзентін жалмап, жауынгер мәңгілікке көз жұмды. Осынау қасіретке қабырғасы қайыса езілген ана жүрегі уәйімнен езіле жаздайды. Бірақ сол мезеттегі ана мен перзенттің сүйіспеншілік сезімі ертеңгі күнге ерте түседі. Ананың көз алдынан ұлының кешегі бір кездегі балдай тәтті қылығы мен дәурені елестеп, есіле өріледі. Бақытты сол бір сәттерге енді қайтып қол жете ме? Әрине, перзентінен сүйген құлыны алдынан құлдыраңдап жүгіре шыққанда, бар бұлт сейіліп, аспан шайдай ашылып кетеді. Оның балбұл жанған жүзінен күн нұры құйылғандай арайланып, бүкіл қазақ даласы түрленеді. Туған шаңырағына қаншама бақыт пен қуаныш сыйлаған жастық дәурен балет труппасының қыз-жігіттері легімен сәтті ойналады. Осылардың ішінде баласының таңдаған қалыңдығы бар екенін қайран ана қапияда таниды. Олардың махаббат маусымы ұмытылмай, жұбын жазбаған қос аққу арман айдынында тербеледі. Мамыра жай шақта жер бетіне осыншама қасірет бұлты төнеді деп кім ойлаған. Бала мен қалыңдықтың жараса билеген көрінісін халықаралық конкурстардың лауреаты Элдар Сәрсенбаев пен халықаралық конкурстардың дипломанты Татьяна Тен иланымды әспеттеді. Қалыңдықты көгілдір үміт етіп астарлы мағынада алудың өзі балет мазмұнын ширата түскен. Өйткені, көгілдір үміт арқылы ата шаңырақ шаранасыз қалмайды. Шақалақтың шаттық күлкісіне ұласады. Ошақта қайта от жанып, өмірдің алқызыл қызғалдағы қырқаны жапты.
Бостандық пен тәуелсіздік жолындағы шайқаста шейіт болған шуақты әскер мен жауынгер ерлігі ел көгінде қуаныш құсын сайратты. Олар ешқашан ұмытылмақ емес. Мәңгілік алаумен бірге мән-мағынасын арттыра бермек. Солай екен, ендеше ешқашан Жер ошақтың отына ешкім опасыздық ете алмайды. Оны қорғайтын әскері, өр тұлғалы қаһарман ұл мен қыздары тұрғанда Жер-Ана құшағы бейбіт өмір сүре береді. Бұл бейнені әртіс драмалық элементтерді пайдалана отырып, көрерменге сәтті жеткізді. Оның тұңғиық ойға батқан жүзі мен толғанған толағай шағы шынайы суреттеледі. Сахна төріндегі ай секілді тостағандай айдын қазақтың киіз үйінің түндігіне айналады. Оған шүпірлеп сандаған жұлдыздар толады. Шаңырақ толысады, ұрпақтар жалғасады деген ойды меңзегендей. Ал әлгі жауынгер ғарыш қойнауындағы алыс жұлдыздардың біріне айналып кеткені қашан. Көктен соғыстан қайтпай қалған көкең көрінеді.
Төбемізде – аспанкөк жалау, Жүректерде – мәңгілік алау
Бұл жерде уәйім мен қайғының жылғадай жыластап, ал үміт көзінің сан тағдырға тірек болар сәті көрініс табады. Адамзат баласының әлімсақтан жүрегін сыздатқан, шерін толқытқан тіршілік әуенінің өзегі ұлы даламен ұштасып кетеді. Бұл өмір ошағы сөнбейді, енді ешбір адамды алапат соғыс алаңдатпайды деген айшуақ сенімді ұялатады. Сахнаға ана, қалыңдық пен сәби шаңырақтың үш тағаны секілді қол ұстаса шығады. Оларды бәрінен биік көтеріп, тіршілік тиегі ретінде тілек айтылады. Төңірегі аспанкөк туларға толып, арманның ақ жолы шақырады. Жер бетін соғыс өрті шарпымай, қазақтың әр шаңырағында шаттық күйі шалқысын деген түйінмен ой түгесіледі.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
“ЕРЛІК-ДАСТАН” – “АҚЖОЛТАЙ”
Бойдағы барды, кір шалмас арды берік сақтап, елдің ұлы, Отанның “құлы” болудың үлгісін көрсеткен қазақтың айтулы ақындарының бір ғасырдан артық кезеңін қамтитын “Ерлік-дастан” атты антологиялық жыр жинағы жақында “Ақжолтай” баспасынан жарық көрді. Ұлы Отан соғысы жеңісінің 65 жылдығына арналған бұл еңбекті құрастырған – қазақ айтыс өнерінің шоқтығы биік ұлдарының бірі, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтаев пен Кенжебай Ахметов.
Елдік тарихты, ерлік дәстүрді жинақтаған антология екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде сұрапыл соғыста қалам мен қаруын қатар ұстап, от жалынның ортасында жүрген, батырлықтың үлгісін көрсетіп шейіт болған Абдолла Жұмағалиев, Әли Есмәмбетов, Тәшібай Әлмұхамбетов, сол секілді “Таяқтан тайсалмасаң, семсерден сескенбесең – жеңдім дей бер” деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, майданнан жеңіспен оралып, ұлттың рухани құндылығына небір өлмес жыр жауһарларын қосқан ақындардың өлеңдері топтастырылса, екінші бөлімнен Жамбыл Жабаев бастаған тылдағы жыраулар мен соғыстан кейінгі ұрпақтың өлең өрімдері орын алыпты.
Антологияны оқып отырғанда “Майдан етіп дүние төрін, Темір гүрзі қақтап отқа, Жекпе-жек кеп өмір, өлім, Соққыласып жатқан жоқ па”, “Сен – фашиссің, мен – қазақпын. Сен айтқандай “азиатпын”. Сен аспаннан “жұлдыз қақтың”, Мен далада түйе бақтым... Сен – фашиссің, мен – қазақпын, Өзің айтқан “азиатпын”. Таңқаларсың “философым”, Ғажабына табиғаттың”, “Үстімде сұр шинелім, Ақсаңдай басып келемін. Баяғы Қасым, бір Қасым, Баяғы күйім, өлеңім”, деп қасқайып Қасым Аманжолов тұрса, “Жержүзілік мәжіліс болса, Барлық ақын бастарын қосқан, Талайлар сонда сөйлемек болса, Уәкіл боп әрбір тұстан: – Мен Парижден! – Мен Берлиннен! – Мен Лондоннан! Сонда мен айқайлармын: – Мен Қазақстаннан!” деп дәл бүгінгі үкілеген үнімізді сол кезде өршілдікпен айтқан Әли Есмәмбетов тіл қатса, “Жиырма бес жасында жесір қалып, Жиырма бес жасында жетім бағып”, деп Сырбай Мәуленов күндей күркіреп, жүрек сыздатар жыр нөсерін төгіп-төгіп жіберген.
Қаһарлы жылдардың қасіреті өлең тілінде өрнектелген жинақтың тұсаукесер рәсімі өткен аптада елордадағы Президенттік мәдениет орталығында болды. Осы арада мына бір ойымызды айта кетсек дейміз. Қазір баспа ашып, табыс табам дегендердің кейбіреулері кім қаржы берсе, шығатын дүниенің құнына қарамай, көлемін қуып кетіп, рухани дүниенің бәсін түсіріп алатыны бар. Ал Аманжол Әлтаев “Ақжолтай” баспасының алғашқы кітабын ерлік-дастандарын шығаруға арнапты. Бұл өте құптарлық нәрсе. Себебі, антологияға өлеңдері кірген жүзге таяу ақынның жыры жаңғырып қана қоймай, өмірден өткендерінің рухтары да ортаға оралып, ерліктері кейінгіге үлгі болғалы тұр.
Тұсаукесер рәсімінде жүргізушіден басқа (А.Әлтаев) бірде бір адам сөйлеген жоқ. Ақындардың өлеңдері оқылып, әндері орындалды. Айтыскер ақын Е.Қайназарұлы жырдан шашу ашса, жеті жасар Ақжолтай Аманжолұлы аталарына күй арнап, жиылған жұрттан бата алды. Жыр алыбы Жамбылдың “Алғадайы” әуелеп, Д.Әркенов “Жас қазақты” шырқады. Ж.Жүзбаев Мағауия Хамзиннің “Белгісіз солдат” күйін орындаса, Қ.Асанов, Д.Таңатаров, Г.Сарина, Ж.Шыбықбаев, тағы басқалар бірінен кейін бірі ән әуезін төкті. Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен Астанадағы “Дарын” мектебінің оқушылары ақын өлеңдерінен үзінділер оқып, көріністер көрсетті.
Жалпы, бұл кітап халқымыздың ерлік үлгісінің кешелі бергіден емес, сонау арғы дәуірлерден бастау алып, алтын арқауын үзбей жалғасып келе жатқанының әдемі көрінісіндей әсер қалдырды. Біз мұны сахна төрінен оқылған ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің “Қазақ” деген өлеңінен айқын аңғардық. “Атаның ерлік дәстүрін, Арындай биік сақтаған. Анасының ақ сүтін, Кіршіксіз адал ақтаған, Кім еді, соны білемісің? Ол – қазақтың баласы” дей келіп, арғы-бергі тарихтағы батыр, бағландарды айтып, “Өжет ері Отанның, Қаһарлы, қайсар, қаһарман, Момышұлы Бауыржан, ол да – қазақ баласы. Шындалып отта құрыштай, Ерлерді алға бастаған, Батыр Мәлік Ғабдуллин, Ол да – қазақ баласы” дейді. “Ерлік-дастанын” шығару арқылы ерлердің атын жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа таныстырған “Ақжолтай” баспасының бұл дүниесі ұлт рухына қосылған құндылық деп білеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ.