«Масло-Дел» компаниялар тобының директоры Павел Селивановтың айтуынша, жаңа зауыт майлы дақылдарды қайта өңдеу, зығыр және рапс майын, сондай-ақ ірі қара малға арналған жемді (күнжара) өндіру көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік бермек. Кәсіпорын толық жобалық қуаттылыққа шыққан соң жылына 180-300 мың тонна майлы дақылдар тұқымын қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Бұл майлы тұқымдардың жылдық жалпы түсімінің 7,6-12,7 пайызын құрамақ.
Жоба толығымен экспортқа бағдарланған. Негізгі бағыт – Қытай. Ал жемшөп экспорты үшін Еуропа, Ресей және Қытай нарығы таңдалып отыр. Зауыт 2023 жылы пайдалануға берілмек.
– Өндіріс барысында сыртқы нарықтардың сұранысын арттыру үшін суықтай сығу технологиясын пайдалануды көздеп отырмыз. Өйткені жоба республиканың экспорттық әлеуетін дамытуға бағытталған. Әлемдік стандарттарға сәйкес болу үшін өндірістік жабдықтар жетекші еуропалық компаниялардан сатып алынатын болады. Сонымен қатар кіріс шикізатының сапасын бақылауға арналған зертхана кеңейтілмек, – дейді П.Селиванов.
Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі жоғары. Бұған оң әсер ететін бірнеше фактор бар. Олар – шикізат ресурстарының жақындығы, заманауи еуропалық жабдықтар мен жаңа технологияларды пайдалану, жоғары білікті кадрлардың және ұқсас жобаларды іске асыруда компанияның мол тәжірибесінің болуы. Сондай-ақ «Масло-Дел Петропавл» серіктестігінде майлы дақылдар тұқымын сақтауға арналған жеке элеватор бар. Бұл өзіндік құнды айтарлықтай төмендетуге және май тұқымдарын неғұрлым қолайлы бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы құны – 15 млрд теңге. Оның 73 пайызын немесе 11 млрд теңгесін Қазақстанның даму банкі ұсынады. Қаржы институты қарызды 12 жылға беріп отыр. Жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» және 2015-2019 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары аясында іске асырылуда. Банктің кредиттік қаражаты іске қосу-реттеу жұмыстарына, жабдықты сатып алуға және монтаждауға жұмсалмақ.
– «Масло-Дел» компаниялар тобы – біздің сенімді серіктесіміз. Петропавлдағы жаңа зауытты қаржыландырудан бөлек, Қазақстанның даму банкі кәсіпорынға 20 мың тонна өсімдік майын өндіру үшін май тұқымдарын сатып алу жобасы бойынша қолдау көрсетуде. Банк қолдауымен өндірілген май толық көлемде экспортқа, негізінен Қытайға жеткізіледі. «Масло-Дел» брендінің өсімдік майы O'live, «Жайлау» және тағы да басқа сауда маркасымен сатылады, – деді Қазақстан даму банкінің басқарушы директоры Әділ Исмағамбетов.
Зауытты іске қосу майлы дақылдар тұқымын өндіруде көшбасшы саналатын Солтүстік Қазақстан облысы үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Зауыт жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді күнбағыс, зығыр, рапс секілді майлы дақылдарды себуді ұлғайтуға ынталандырмақ. Жоба аясында қосымша 217 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ өндіріс көлемін және өнім экспортын жылына 300 мың тоннаға дейін ұлғайтуға жол ашады. Бұл өңірдегі өңдеу үлесін 30 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Деректерге сүйенсек, «Масло-Дел» компаниясының экспорты жыл өткен сайын өсіп келеді. Мәселен, 2015 жылы өнім экспорты 2,44 млрд теңгені, 2020 жылы 10,16 млрд теңгені құрады. Осы жылдың қаңтар-тамызындағы көрсеткіш 11,48 млрд теңгеге тең. 2015 жылдан бері экспорт 5 есе өскен. Ал жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін экспорт қазіргі деңгеймен салыстырғанда тағы 2 есе ұлғаяды деп күтілуде. Өндіріс көлемінің ұлғаюы бюджетке түсетін салықтық түсімдерді арттырады. Бұл ретте жылына шамамен 1,2 млрд теңге салық түседі деп күтілуде.
Бүгінде Қазақстанның даму банкі азық-түлік бағытында 3 инвестициялық жоба мен 7 экспорттық операцияны жүзеге асыруда. Тағы бірнеше жоба дайындық үстінде. Жалпы, банк іске қосылған сәттен бастап бұл бағытта 16 инвестициялық жоба мен 52 экспорттық операция іске асырылған. Банктің кредиттік қоржынындағы ауыл шаруашылығы жобаларының үлесі 2,5 пайызды құрап отыр. Бұл дегеніміз – 46 млрд теңге.
«Масло-Дел Петропавл» ЖШС 2006 жылы сүт өңдейтін өндірістік кәсіпорын ретінде құрылған. 2013 жылы қызмет түрін майлы тұқымдарды кептіру, тазалау және сақтап өңдеу бағытына өзгерткен. Жекеменшік астық сақтау қоймасының қуаттылығы 58 мың тоннаны құрайды. Ол Buhler және Petkus компаниясының заманауи құрылғыларымен жабдықталған. Мұнда 29 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын «Масло-Дел» компаниялар тобының құрамына кіреді.