Коронавирус • 17 Қыркүйек, 2021

Атырауда 8 мыңнан астам нысан «Ashyq» жүйесіне қосылған

105 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта Атырау облысында 8409 кәсіпкерлік нысаны «Ashyq» ақпараттық жүйесіне қосылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда 8 мыңнан астам нысан «Ashyq» жүйесіне қосылған

«13 қыркүйектегі жағдай бойынша облыс бойынша «Ashyq» жүйесіне қосылған 8409 кәсіпкерлік нысаны жұмысын жалғастыруда. Қыркүйек айында өңірде «Ashyq» жүйесінің 4848 нысаны тексерілді, оның 292-сі соңғы 2 апта ішінде жүйенің қолданылмауына байланысты 2 апта мерзімге бағдарламадан шығарылды», деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында.

Сондай-ақ әкімнің орынбасары өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы айтты.

«Эпидемия басталғаннан бері облыста коронавирустық инфекциясы бар 49500 адам анықталды. Соңғы тәулікте 98 жағдай тіркелді. Жалпы, бүгінгі таңда КВИ-мен ауыратын науқастардың 93%-ы сауығып кетті. Соңғы айда өңірде коронавирустық инфекцияның таралуы өткен аймен салыстырғанда 5,6 есеге төмендеді», деп атап өтті спикер.

Оның деректеріне сәйкес, өңірде 624 орынға арналған инфекциялық стационар, оның ішінде 40 реанимациялық төсек-орын әзірленді. Қазіргі уақытта инфекциялық стационарда 518 науқас ем алуда және облыс бойынша төсек жүктемесі 22,0%-ды құрайды.