Тарих • 19 Қыркүйек, 2021

Дәуір үнінің дүлдүлі

591 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

100 жыл. Атқан таңның арайлы шапағымен таласа тұрып, күн са­йын еліміздің, әлемнің түрлі саладағы соңғы жаңалықтарын әрбір отбасына жеткізген қайсар жандардың кешегі, бүгінгі бел шешпей, тізе бүкпей, үкілі үнімен, қазағының бай тілімен жасаған еңбектеріне еріксіз бас иесің! Өткен ғасыр халқымызға қай салада болсын маңдайы жарқыраған, айтулы тұлғаларға кенде болмады.

Дәуір үнінің дүлдүлі

Бала кезіміз соғыстан кейінгі ауыр кезеңдерге тап келді. Сол шақта күн құрғатпай ауылда бағана басына ілінген  «репродуктордан» ел аумағындағы жаңалықтар хабарланып, әсем музыка беріліп жататын. «Сөйлеп тұрған Қазақ Советтік Социалистік республикасының астанасы – Алматы! Алматыдан сөйлеп тұрмыз! Соңғы жаңалықтарды оқыған Әнуарбек Байжанбаев» деген жүрекке жылы тиер, қоңыр үн мен әуезді дауыс күні бүгінге дейін есімізде. Есейе келе мектептегі үйірмелерге қатысып, кішігірім скетчтерден қойылған көріністерді айтулы мерекелерде орталықтан алыстағы ауыл халқына сахналағанымыз, күні бүгінге дейін ауық-ауық еске оралады. Сонда дауысты рөлдегі қария не кемпір кейпінде жеткізуге бойымыздағы бар талантымызды салатынбыз. Сол арман жетегінде ару Алматыға табан тіреген жылдары Әнағамен теле-радио шаңырағында табысамыз деген ойда болмады. Сексенінші жылдың басында Қазақ теледидарына, оның алдында  «Қазақтелефильм» студия­сында істеген жылдары Әнағаны сырттай көріп, келісті келбеті мен біртоға, маңғаз, жүзінен жылылық есіп тұратын, аққұба өңі, бүгін де көз алдымда.

Әнаға Абай өскен ортаның тумасы. Әкесі ұлы ақынмен замандас, жақын сыр­лас-сыйлас болған, анасы әншілік өнері бар жан екен. Отызыншы жылдары ел аузынан, құйма құлақ қариялардан естіген «Қобыланды жырын» жатқа со­ғып, үлкендердің алғысына бөленген бала есейе келе елге танымал, ортаға сыйлы болды. Бірде Кенен ата Әзірбаевтың «Көкшолағын» мәнеріне келтіріп жет­кізген сәтінде ауылдың бір ақсақалы «Сен түбі бір жерден жарып шығасың, осы көркемсөз оқуыңды тоқтатпа, алдыңнан күн, артың­нан ай тусын», деп ақ батасын беріпті.

Кешегі қанды қырғын жылдары үш жылдай оқ пен оттың арасынан аман қалып, жаралы болып елге оралған соң 23 жастағы Әнаға 1944 жылы Қазақ радиосына жұмысқа қабылданады. Сол бір шақтан басталған 45 жылдық дикторлық ғұмыры 1958-1962 жылдары Алматы телестудиясымен әрі Қазақ радиосымен, «Қазақфильм» киностудиясындағы дуб­ляж бөлімі қызметтерімен біте қайнасып өтті. «Алтын қорда» талант иесінің оқуында 400-ден астам жазбалар, оң мыңдай әдеби-музыкалық хабарлар сақтаулы. Мұның сыртында жүрекке салмақ, жүйкеге ауырлық түсіретін күн сайынғы есепсіз «Соңғы жаңалықтарды» қосыңыз. Не деген шыдамдылық пен қайыспас қайсарлық демеске шара жоқ. Әрі кешегі кеңестік кезеңдегі шағын жаңалықтар, сағатқа созылатын әдеби-музыкалық, драмалық және өзге де жанрдағы хабарлар легіне қойылатын темірдей қатаң тәртіп, сенің абыройың мен атағыңа да қарамайтын. Бірде мынадай бір оқиға болды деп еске алады ұлы Арыс: «Таңғы сағат 5-ке жуық «Қазақфильм» студиясынан шаршап келіп, маған таңғы сағат 6-да оятуымды қадала айтты. Бала емеспін бе! Ұйықтап кетіппін. Тұрсам сағат 6.15. Әкем ішкиімінің сыртынан желбегей сырт киімін кие сала апыл-ғұпыл такси ұстап радиоға жеткен сәтте жолақысы 1сом 37 тиынды көрсеткен. Қалтасында 37 тиыны болмай қалып, әупірімдеп эфирге келген сәтте  «Алматы уақыты 6 сағат 37 тиын» деп хабарлаған ғой. Ол шақта Әнаға елге танымал, Қазақ ССР-інің халық әртісі. Соған қарамастан, басшылық дүлдүл дикторды 3 айға оператор көмекшілігіне төмендетеді. Сол арада Дінмұхамед Қонаевтың кезекті баяндамасы радиодан берілетін болып комитет төрағасы Хамит Хасеновтен: «Әлгі гүрілдеуік қайда?» деп сұрапты. Төраға болған жайды баяндайды. Содан Димекеңнің араласуымен Әнаға қайтадан қызметіне қабылданады.

Әнағаңның бақытына радиода есейіп өсуіне, қалыптасуына, жетілуіне кәсіби диктор Мина Сейітованың еңбегі зор болды. – «Сейітова Мина апай – радиодағы кейінгі буынның ғана емес, менің де ұстазым. Соғыстың мүгедегі болған маған бірден ыстық ықылас білдіріп, даусымды ұнатқан да, дикторлық мамандықтың алғашқы әліппесін үйреткен де сол кісі болды». Әміренің асқақ әнін, Кенекеңнің төкпе жырын, Исаның тасқынды желдірмесін, Қалыбек пен Құрманбектің театрдағы ғажап ойынын көріп, ойына тоқып өскен жанға дикторлықтың қыры мен сыры есігін айқара ашты. Алтыншы сыныпта баспаға хат тасушы болып орналасқан Әнуарбекке халқымыздың біртуар перзенттері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқановтармен араласудың сәті түседі. Ол кезеңде газетке басылатын материалдар күзеліп түзетілген соң авторға қайта апарылатын. Осы міндет Әнуарбектің мойнында. Ағалары Әнуарбектің дауыс­ мақамына сүйсініп шығармаларын оқы­тады. Жас өскінге одан артық бақыт бар ма! Бірде Сәкен аға: – «Өлеңдерді оқы­дым деген оқушыны біздер, ақындар, қа­шанда жақсы көреміз. Ал өлеңдерімізді жүрекке құйып, жаттап алған жанды жаным десең болмай ма! Кәне соның біреуін тақпақтап айтып жіберші!», депті ағынан жарылып. Биағаның  «Мырқымбайын», Мұхаңның  «Абайын», Сәбит Мұқанов, Қаныш Сәтбаевтың келер ұрпаққа аманат ұлағатты ойларын радиодан халқына жеткізген де Әнағаң.

Сүлеймен аға Ақтаев журналистік сапарында болған бір жайтты былай баяндайды: – «1963 жыл. Бағытымыз Қазалы ауданы. Диқан әңгіме арасында: – Жігітім, осы радиоларыңның бірінші бастығы кім?, – деді. Шың көңілмен төрағаның аты-жөнін атадым. – Сонда Байжанбаев кім болып істейді? – Дикторлық қызмет атқарады. – Қалжыңдама інішегім, радионың ең дөкей бастығы сол ғой». Міне, ауылдағы шаруа баққан шопан, жер емген егіншіге дейін дикторлықты қастерлеп өткен өнегелі өнерден бүгінде не қалды. Бірде теледидарда 35 жыл диктор болған, бүгінде сеңгірлі сексеннің бел ортасындағы Ләскер Сейітов «Бір күнде теле-радиодан 24 диктор қызметінен кеткендегі құлазыған, жаһан далада жалғыз қалғандай болған көңіл күйімді ұмыта алар емеспін», деген-ді. Елі танып сыйлаған, тіл мен сөз қадірін аялап өткен кешегі дикторлар қауымының алдында басыңды иесің! Эфирде әрбір сөзді дұрыс тaуып қaнa қоймaй, оны оқиғaның бaр болмысын, негізгі мән-мaзмұнын шынaйы етіп суреттейтіндей дәрежеде қолдaну керек. Екінші міндет – сөздің оқу мaқaмын дәл тaбу, кез келген мәтінді нaқышынa келтіріп оқи білу шеберлігі. Бернaрд Шоу aйтқaндaй, «иә» немесе «жоқ» сөздерін жaзудың бір ғaнa тәсілі бaр, aл aйтудың 50 түрі бaр. Көп жaғдaйдa кері мaғынaдa, яғни aйтылу мaқaмын тaппaсaңыз, кез келген сөздің өзіндік мәні, берер мaзмұны жойылaды. Кез келген мәтіндегі әрбір сөзді нaқышынa келтіріп aйтып, оқу мaқaмынa сaлып, жaн-тәніңмен тебірене отырып оқысaң, бaяндaлғaн оқиғaның болмысын өзіндік бояуымен әсерлі етіп жеткізе білсең тыңдaушығa әсер етпей қоймaйды. Кез келген мәтінді – aуa рaйы болжaмынaн бaстaп қaйғылы жайттaр, елең еткізер оқиғaлaрғa дейін ресми түрде немесе селқос бaяндaуғa болaды, сонымен қaтaр тыңдaушыны толғaндырып, селт еткізердей етіп жеткізуге де болaды.

Әнаға әрбір хабарды жанрлық ерек­шелігіне орай құбылтып, түрлендіріп, әрбір сөзге нәр беріп оқитын. Әсіресе әдеби-драмалық, музыкалық хабарларды оқыған сәттердегі оқу мақамының интонациялық деңгейін жоғарылату не төмендету, екпіндердің дұрыс қойылуы, тыныс алудың реттілігіне дейін ден қоя­тын. Эфирдегі кезекті бір әңгіме «ИТТ» деген телефон-телеграф компа­ниясы жөнінде өрбіді. Біз Әнағаңа осы араны «И,ТЭ,ТЭ» деп оқыңыз деп ес­кертпеген едік. Мәтіннің сол тұсына кел­генде майталман диктор мүдірген жоқ. Интонацияны грамматика ережесін қа­таң сақтай отырып, сауатты оқыды. Кез келген хабарды оқып отырғанда сөй­лем ішіндегі алғы кезектегі 4-5 жол­ды байқап, сол сөздерге түсетін ек­пін мен интонацияны ескеріп отыратын», деп еске алады хабар режиссері Алтын­бек Халықов. Ой мен қиялды, көңілде түйгені мен байқағанын тілмен айтып, тыңдарманға ұғынықты жеткізуге шынайы шеберлік керек. «Айналайын, Жәнелжан, мынаған көңіл аударшы! «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» дегенде ек­пінді үнемі Алматы сөзіне түсіру керек. Себебі сен Алматыдан, Өскеменнен, Шымкенттен сөйлеп тұрсың» деуші еді жарықтық. Міне, саған мектеп.

Қазақ теледидарында көркемсөз оқу­дың хас шебері Совет Мазғұтов болса, радиода Әнуарбек Байжанбаев болатын. Әнағаң қашанда асып-тасуды, кеуде көтеріп көтеріле сөйлеуді, өзгеге жоғарыдан қарауды, не жалтақтық таныту мен орынсыз жарамсақтық дегенді білмейтін. Он жылдан астам теледидарда істеген кезеңде жаны жайсаң аға бойынан әрдайым маңғаз жүрісі мен риясыз күлкісінен, сабырлы қалпынан өзгерген сәттерін байқамаппын. Үнемі жымиып жүретін. Хабар оқығанда ерекше арқаланып, қуаттанып, арқаланып кететін. Жүрегінен шыққан әрбір сөзді тыңдарманға қабылдаушының өз сөзіндей етіп жеткізетін. Ерен дауысты табиғаттың ғажап иесіне Жаратылыстың өзі аямай бергендей. Көзінің тірісінде-ақ бар қазақтың  Левитаны атанған ұлтжанды өнер иесінің қайталанбас үні күні бүгін де көзін көрген, даусына қанық болған жандардың көңіл түкпірінде сақтаулы. Аяулы, асыл ағаның 45 жыл ғұмыр жолы радиомен етене қабысып, халқының қас­терлі үніне айналды. Бақыттың құша­ғын­да, шалқардың шыңында болған жарты ғасыр да Қазақ радиосының «Алтын ға­сырына» баланды. Әнаға радиода тұтас бір дикторлар шоғырын тәрбиелеп, қа­наттандырды. Радио үнін асқақтатқан Мұқағали Мақатаев, Мәмбет Сержанов, Мырзабек Қуатбеков, Зәмзәгүл Досанова, Қатира Әзімбаева, Асман Дүйімбаев, Сауық Жақанова, Сайлау Нұрғазин, Рая Аманбаева, Болат Быжыбаев, Ұлжан Сағындықова, Жәнел Асқарова, Әбдірәлі Бөлебай, Аманжан Еңсепов, Зияда Бе­ке­това, Жанар Ора­зымбет. Кешегі өткен арыс аға жолын бүгінге жалғаған топ. Әрбірі жылдар сіле­мінде алдыңғы тол­қыннан үйренді, өздері де ізденді. Толдық деп тасымады, бол­дық деп арқаланбады. Өзге­­лердің озық тұста­рына қарап бойла­рын түзеп, ойларын орнық­тырды. Радио­да Әнаға салған жарты ғасыр­лық жол бүгін де жалғасын тауып, ел көгі­нін­де  «ұл­­тының үнжариясы» болып қа­лық­тауда.

 Құдайберген ТҰРСЫН,

филология ғылымдарының докторы, профессор