«13-19 қыркүйек аралығында елімізде «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның мақсаты – жасөспірімдер қылмысының жолын кесу, бала құқығын қорғау саласындағы құқық бұзушылықты анықтау, олардың құқықтық сауатын арттыру, сонымен қатар оларға қатысты қылмыстық озбырлықтың алдын алу», деді ресми өкіл ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның айтуынша, іс-шараға полиция қызметкерлерінен бөлек білім беру, денсаулық сақтау, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері жұмылдырылған.
«Апта ішінде жүргізілген операция барысында түнгі уақытта ата-анасынсыз далада жүрген 4,6 мың жасөспірім анықталды.
Жасөпірім бұзақылығының 26-дан астам фактісі әшкереленді. Шамамен 130 жасөспірім алкоголь ішкені және мас күйде жүргені үшін ұсталды. Бейімдеу орталығына қадағалаусыз және қорғансыз жүрген 260-тан астам жасөспірім орналастырылды», деді Нұрділдә Ораз.