05 Мамыр, 2010

“АЛА ҚОЙДЫ БӨЛЕ ҚЫРЫҚҚАН” ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША КАССИР СОТТАЛДЫ. АЛ БАСҚАЛАР ШЕ?

685 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
“Әмірқұлов Фирдауси Оңтүс­тік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Қазығұрт ауылындағы “Қазы­ғұрт аудандық мамандан­дырылған “Дарын” мектеп-интер­наты” мемлекеттік мекемесінде 2003 жылдан бастап есепші қыз­метін атқарады. Ол өзінің қызмет бабын пайдаланып, Қазақстан Республи­касы Үкіметінің 2000 жылғы 17 мамырдағы №738 қау­лы­сының талабына сай мектеп-интер­наты оқушыларының ата-аналары­нан тамақ үшін қосымша жиналған 5 079 257 теңгенің 1 848 220 тең­гесін шығыс етіп, 1 138 558 теңге­сін Қазығұрт ау­дан­дық “Халық банкінің” арна­й­ы есеп-шотына тапсырып, өзіне сеніп тапсырылған жалпы 5 079 257 теңгенің қалған 2 092 479 теңгесін өзінің бас пайдасына жаратып, ысырап ету арқылы бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде ұрлаған...” Бұл 1982 жылы Қазығұрт ауда­нында дүниеге келген, жоғары білімді Әмірқұлов Фирдаусиге қатысты Қазығұрт аудандық соты­ның үкімінің көшірмесі. Сот оты­­рысында сұралған сотталушы Ф.Әмірқұлов өзіне тағылған айып­ты ішінара мойындайды. Өзінің міндетіне мектеп-интернат оқушы­ларына тамақ үшін ата-аналардан қосымша қаржы жинай­тындығын, оған 2007 жылдан бастап арнайы есеп-шот кітабын арнағандығын, қай ата-ана қанша ақша бергендігін осы кітапқа жазып жүргендігін айтады. Жалпы жиналған 5 079 257 теңгенің 1 848 220 теңгесін шығыс құжат­тарымен шығыс етіп, 1 138 558 теңгесін “Халық банкі” есеп-шотына тапсырғандығын, қалған 2 092 479 теңгені өзінің сейфінде ұстағандығын мойындай­ды. Бірақ бір түсініксіздігі – бұл сейфтің екі қожайыны болғандығы. Бір кілт есепші-кассир Фирдаусиде болса, екінші кілт бас есепші Б.Мырзашта болған. Ф.Әмірқұлов сотта сөйлеген сөзінде мектеп дирек­торы Т.Мақсұтовтың “комис­сия келгенде күтеміз”, “қызметтік мәшинені жөндетеміз” деген екі сылтау, бір желеумен ақша алып отырғандығын да айтады. Бірақ қолма-қол берген ақшалары үшін ­ешкімге қол қойдырып, қолхат алмаған. Әлде жастығы, әлде тәжірибесіздігінен болар, ақша алғандарға сеніп қана келген. Сол сенген адамының бірі мектеп директоры Т.Мақсұтов сотқа куә ретінде қатысып, Ф.Әмірқұловтан ешқандай ақша алмағанын айтады. Ал тағы бір куә Б.Мырзаш сейфтің екінші кілті өзінде болғанын мойындамайды да. Осы орайда сот отырысында сұралған куәлердің бірі Е.Ырыс­баевтың “Екі жылдай “Дарын” мектеп-интернаты директорының көлік жүргізушісі болып қызмет атқардым. Екі рет есепші Ф.Әмір­құловтан нақты ақша алып, мек­теп директорына апарып бердім” деген сөзі сотталушының, яғни Ф.Әмір­құловтың айтқанын нақ­ты­лап тұр. Бұл сәйкестікке сот назар аударды ма, жоқ па, ол жа­ғын білмедік. Бірақ тергеу кезінде бұл мәселеге көңіл аударылуы керек сияқты көрінеді. Е.Ырыс­баев­тың берген түсінігінің тұсына үлкен сұрақ белгісін қоя тұрып, негізгі мәселеге қайта оралайық. Сонымен, сот үкім шығарды. Ф.Әмірқұловты Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Қылмыстық кодексі­нің 176-шы бабы, 3-бөлімі­нің “б” тармағымен айыпты деп танып, оны 6 жылға бас бостан­дығынан айырды. Әлбетте, біз бұл жаза ауыр ма, жеңіл ме, әділетті ме, әді­летсіз бе деген сұрақтарға жауап іздеп отырған жоқпыз. Тағайын­далған жазаға баға беруден де аулақпыз. Оған құзіретіміз де жоқ. Біздің айтпағымыз басқа мәселе. Фирдауси Әмірқұловтың әкесі әрі сенімді өкілі Орынбасар Әмірқұловтың редакцияға жолда­ған хатында баласын сүттен ақ, судан таза деп отырған жоқ. Белгілі бір мөлшерде Фирдаусидің қылмысы барын, бірақ бұл іске мектеп директоры Т.Мақсұтовтың да қатыстылығын айтады және оның осы қылмыстық іске неге тартылмағандығын түсінбейтінін жазған. “...Оңтүстік Қазақстан облысы­ның заң орындарына және басқа ұйымдарға арызданып, шырыл­дап, шындықты айтқаным­мен әділеттілік таба алмай отыр­мын. Себебі, олар қазақтың мақалындағыдай “айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар” дегендей, менің баламды ғана айыпкер ретінде танып, сотқа жалғыз өзінің ісін өткізді. Ал негізінен мектептің қаржысын талан-таражға салған мектептің бұрынғы директоры Мақсұтов Талғат және басқалар шетте қалды. Балам Ф.Әмірқұлов осы әділетсіздікке төзе алмай жүйке ауруына және қант диабетіне ұшырады...” (О.Әмірқұловтың арызынан). Ашыну мен ашуға толы бұл хаттың мәтінін толық беретін болсақ, онда мектеп директоры­ның “ала қойды бөле қырыққан” қылмыстық іске қатысы бары, қылмыстық жауапкершілікке тек Ф.Әмірқұлов емес, Т.Мақсұтов­тың да тартылуы тиіс екенін бай­қайсың. Толып жатқан құжат­тар бұл ойымызды нақтылай түседі. Бірақ... Бірақ сонша адам қол қойған, сонша тексерулер дәлел­деген құжаттарды О.Әмір­құлов­тың арызына сүйеніп жария­лап жіберуге болмас та еді. Себебі, белгілі. Дегенмен, Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық қаржы полициясы басқармасының аға инспекторы, қаржы полициясы капитаны Б.Шалабаев, “Сенім аудит” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маманы Е.Ахметов, “Дарын” мектеп-интернатының бас есепшісі Б.Мырзаш қол қойған актіге назар аудармай кетуге тағы да болмас еді. 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы құрылыс бас­қар­масы “Дарын” мектеп-интер­натына ағымдағы жөндеу жұмыс­тарын жүргізу үшін конкурс жария­лаған. Бұл жұмыс­тарды орындауға 25 миллион теңге қаралған. Мердігер болып “Радий” жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі таныл­ған. 2009 жылы 2 маусымда “Дарын” мектеп-интернаты мемле­кеттік мекемесі­нің директоры Т.Мақ­сұтов пен “Радий” ЖШС дирек­торы Н.Қара­қожаев келісім-шартқа тұрған. Осы келісім-шартқа бай­ла­нысты көрсетілген 25 мил­лион теңге тиісті серіктестікке толы­­ғымен аударылған. 2009 жыл­ғы 24 тамызда директор Мақсұтов қабылдау актісін бекіткен. Бірақ, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі сот-сараптама орта­лығы Оңтүстік Қазақстан аймақтық ғылыми-өндірістік зертханасының №4502 санды қорытындысында 25 миллион теңгенің емес, 23 711 918 теңге­нің жұмысы орындалғанын, яғни “Дарын” мектеп-интернаты меке­месінің директоры Т.Мақсұтов пен “Радий” ЖШС директоры Н.Қарақожаевтың іс-әрекет­терінде мемлекетке 1 288 081 теңге зиян келтірілгені анықта­лады. Орын­басар Әмірқұловтың редакцияға жолдаған арызында көрсетілген көп фактілерінің бұл біреуі ғана. Жоғарыда Қазығұрт аудандық сотының үкімімен Ф.Әмірқұлов 6 жылға бас бостандығынан айы­рыл­ғаны туралы жаздық. Бұл жаза туралы пікір білдірмейтінімізді, пікір білдіре алмайтындығымызды айтқанбыз. Дегенмен, “жас жігіт үшін бұл жаза аса қатал емес пе екен” деген бір түйіткілдің көңіл түкпірінде болғаны да рас. Іссапар барысында арыз иесі Орынбасар Әмірқұловпен кездескен кезде сол түйткіл сәл де болса тарқа­тыл­ғандай болды. Орекең баласына қатысты қылмыстық істі Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа­сы апелляциялық тәртіппен қарап, Қазығұрт аудандық соты­ның 2010 жылғы 16 ақпандағы үкімін өзгертіпті. Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, тағайындал­ған жазаны шартты деп санап, сотталған Ф.Әмір­құловқа екі жыл сынақ мерзімі белгіленіпті. – Балам түрмеден босатылды. Бүгінгі күні ауруханада жатыр, – деді О.Әмірқұлов. – Мен ары­зымда жазғанымды тағы да қайталаймын, баламның белгілі бір дәрежеде кінәсі бар екені рас, дегенмен, оның бір өзі ғана емес, мектеп директоры да бірге жазалануы керек еді. Әлбетте, осы бір ауыр әңгіме үстінде Орекеңнің көңілін жұба­тар­лықтай ештеңе айта алмадық. Бірақ оның қоштасар кезде “менің және баламның басындағы осы бір қиын жағдай­ды газетіңізге жазыңызшы, менің зарыма құлақ аспаған заң орын­дарының басшылары да, басқа жұрт та хабардар болып отырсын” деген өтінішін орындауға тырыстық. Мақала осылай жазылды. Шарафаддин ӘМІР. Оңтүстік Қазақстан облысы.