Сұхбат • 21 Қыркүйек, 2021

Жұмабек ӨМІРЗАҚОВ: Қара басының қамын ойлайтындар аз емес

914 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Соңғы кездері әйелдер боксы елімізде жақсы қарқынмен дамып келе жатқаны баршаға мәлім. Спорттың бұл түрі 2012 жылы Олимпия ойындарының бағдарламасына енді. Алғашында Лондонда, одан кейін Рио-де-Жанейрода үш салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Осы жарыстардың екеуінен де отандастарымыз олжалы оралды. Атап айтсақ, Ұлыбританияның астанасында Марина Вольнова, ал Бразилияда Дариға Шәкімова қола медальдарды иеленіп, барша жанкүйерді қуантты. 

Жұмабек ӨМІРЗАҚОВ: Қара басының қамын ойлайтындар аз емес

Ал Токиодағы бәсекелер бес салмақта өтті. Өкінішке қарай, айтулы додада Қазақстанның бір ғана былғары қолғап шебері бақ сынап, оның өзі алғашқы айналымнан аса алмады. Осы сәтсіздіктің себеп-салдарын білу үшін КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек ӨМІРЗАҚОВТЫ сөзге тартқан едік.

– Жұмабек аға, сіз – елімізде әйел­дер боксын дамытудың алтын баста-у­ын­­да тұрған мамандардың бірісіз. Өз ко­мандаңызға қыздардың алғашқы ле­гін қабылдаған кездер есіңізде шы­ғар?

– Әрине, есімде. 2008 жылы біз Ал­матыдағы Кәркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттан «Шаңырақ» шағын ауданындағы жаңадан ашылған білім ошағына ауыс­тық. Сол жерде мен әйелдер боксы үйірмесін аштым. Алғашында біздің бөлімде небәрі төрт қыз болды. Солармен жұмыс істеп, түрлі жарыстарға апардым. Барлығы да шама-шарқы жеткен­ше ұмтылып, түрлі жарыстарда жүл­де алып жүрді. Уақыт оза сол қыз­дар­дың ара­сынан Назым Қызайбай суыры­лып шығып, Қазақ елінің мақтан тұтар спортшысына айналды. Төл шә­кіртім әлем чемпионатында екі рет топ жарып, көптеген аса ірі халықаралық жарыс­тардың жеңіс тұғырына көтерілді. Ке­йіннен қатарымызға тағы бірнеше бұ­рымды қосылды. Солардың арасынан да мықты спортшылар шықты. Бірақ қандай да істі бастау қашанда қиын ғой. Сондықтан барлығына оңайлықпен қо­лымыз жетті деп айта алмаймын. Көз арбаған белестерді бағындырып, мық­тылығымызды мойындату үшін жатпай-тұрмай еңбектендік, көп тер төктік.

– Қазақстанда спорттың бұл түрі 2008 жылдан бері мықтап қолға алына бастады деп отырсыз. Ал нақты де­рек­терге сүйенсек, әлем чемпионатта­ры 2001 жылдан бері үздіксіз ұйым­дас­тырылып келеді. Сол жарыстарда қыздарымыз жүлде де алды. Осыған не дейсіз?

– Иә, кейбір жерлерде бірен-саран үйірмелердің жұмыс істегені рас. Алайда олар тым аз еді және де мемлекет есе­бінен қаржыландырылмайтын. Сол себепті де әйелдер боксы көп бапкерді қызықтыра қоймайтын. Тек 2008 жылдан бері ғана бюджеттен қаржы бөлініп, спорт мектептері мен интернаттарда арнайы бөлімдер жұмыс істей бастады. Соның бастауында біздер тұрдық. Ал оған дейін өткен жарыстар жайын­да айтар болсақ, 2001-2005 жылдар ара­лығында жалауы желбіреген алғашқы үш әлемдік додаға Қазақстан құрамасы қатысқан жоқ. 2006 жылы Үндістанның астанасы – Нью-Делиде шымылдығы түрілген байрақты бәсекеде Назгүл Боранбаева қола медальды мойнына ілді. Сол кезге дейін ол кикбокспен айналысып, халықаралық аренада біршама табысқа қол жеткізді. Яғни Назгүлге әйелдер боксына бейімделу айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Одан кейін Елена Кольцова шықты. Ол баскетболдан ауысып келді. 2008 жылы Қытайдың Нинбо қаласында ұйымдастырылған жарыста Кольцова да қолаға қол созды.

– Иә, қысқа ғана мерзім аралығында әйелдер боксы Қазақстанда айтар­лық­тай дамып, халықаралық аренада бұрымдыларымыз өздерінің мық­­тылығын мойындата бастады. Лон­дон мен Рио-де-Жанейро олим­пиадала­рында қола медальдарды олжалап, 2006-2019 жылдар аралығында өткен сегіз бірдей әлем чемпионатында 5 алтын, 4 күміс, 9 қола жүлдені ен­шілеуіміз – жоғарыда айтылған сөзі­міздің айқын дәлелі. Осы уәжбен ке­лісетін шығарсыз?

– Оған ешкімнің күмәні жоқ. Біздің қыздар өздері қатысқан жарыстардың бірде-біреуінен құралақан оралған емес. Алғашында алты спортшымыз әлемдік додада жүлдегерлер қатарынан кө­рінді. Одан кейін 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында Назым Қы­зайбай чемпиондық 

атаққа қол жет­кізді. Арада екі жыл өткен соң ол сол нәтижесін қайталады. Астанада ұйым­­дастырылған әлем чемпионатында Назымнан бөлек, Дина Жоламан, Валентина Хальзова және Ләззат Күн­гейбаева алтыннан алқа тақты. Олардан бөлек, тағы екі қызымыз үшінші орынға табан тіреді. 2018 және 2019 жылдардағы жа­рыстарда жерлестерімізге бас жүлде бұ­йыр­­мағанымен, қоржынымыз күміс және қола медальдармен толықты. Осын­дай елеулі табысымен жер-жаһан­да­ғы санаулы мемлекеттер ғана мақтана алады.

– Назым Қызайбай екі дүркін әлем чемпионы бола тұра, екі бірдей Олим­пия ойындарынан шет қалды. 2016 жылы Рио Олимпиадасы қарса­ңын­да ол нағыз бабында еді. Мықты бокс­шымыз Бразилияға неге бара алмады?

– Олимпиаданың алғашқы іріктеу турниріне Қызайбай қатысты. Ол кезде оның тамағы ауырып, сырқаттанып қалған. Сол себепті де біз Қытайға бар­мауға бекінген едік. Бірақ жоғары жақ талап еткен соң бас тартудың реті келмеді. Ақыры бардық. Қытайға келген бетте осы саланың басы-қасында жүрген пысықайлар астыртын жоспарларын жүзеге асыра бастады. Өздерінің ішкі есептері болса керек, олар біздің жолдама алғанымызды қаламады. Осылай деп ой түюімізге бірнеше негіз бар. Біріншіден, дәрігерлер Назымның сырқат екенін көре тұра, ем-дом жасауға еш құлқы болмады. Сан мәрте өтініш білдірсек те, ақ халаттылар шәкіртімнің маңайына да жоламады. Екіншіден, тұсаукесер кездесуінде қазақ қызының жолы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, бес дүркін әлем чемпионы, үндістандық Мэри Коммен қиысты. Ол да қитұрқы ойынның «жемісі». Әйтпесе, қос мықтыны бірден жолықтырудың не қажеті бар еді?! Жеребе ауыр түссе де, намысқа тырысқан Қызайбай Ком­ның жақсылап тұрып «сыбағасын» берді. Бірақ жеңіс атағы жер жарған боксшының уысында кетті. Сөйтіп, Назым Олимпия ойындарынан шет қалды. Осы орайда жаудың алыс­тан келмегенін айта кеткім келеді. Арамза әрекеттері арқылы шәкіртімді «құр­бандыққа шалған» сол жерде жүрген өз азаматтарымыз, өзіміздің бас­шысымақтар. Олар «Қызайбайдың қасына жоламаңдар» деп дәрігерлерге бұйрық берді. Ал «сүріндіру» жағын төрешілерге мықтап тұрып тапсырды.

– Жұмабек аға, теледидар арқы­лы сіз Токио Олимпиадасын басынан аяғынан дейін тамашалаған болар­­сыз? Өкінішке қарай, айтулы жа­­рысқа бір ғана бұрымдымыз қаты­сып, оның өзі алғашқы айналым­да сүрінді. Жанкүйерлер бес жыл бойы та­ғатсыздана күткен байрақты бәсе­кеге толық құраммен баруға не ке­дергі болды?

– Ең бірінші кезекте мына нәрсені айта кеткен жөн. Қазіргі кезде ел спорты үшін шын ниетімен басы ауырып, балтыры сыздайтын азаматтар азайып барады. Оларға мемлекеттің мүддесі немесе ел намысы деген ұғымдардың құны көк тиын. Көбісі тек қара басының қамын күйттейді. Ойлағандары – ақша, мал табу, қандай да жолмен баю. Одан қалса, жершілдік, тамыр-таныс деген мәселе ушығып тұр. Осы «індеттің» тамырына балта шаппасақ, еш ілгерілеу болмайды. Бастаған ісіміз ешуақытта өрге баспайды. Асыра сілтеп отыр де­се­ңіздер, соңғы Олимпиаданың нәти­жесіне зер салыңыз. Токиоға Қазақ­станнан жалғыз ғана боксшының баруы ұят жағдай. Басшылардан бас­тап, бапкерлерге дейін не ойлағаны белгісіз. Негізі Олимпия ойындарының іріктеу турниріне еліміздің ең мықты былғары қолғап шеберлерін қатыстыру керек еді. Олай болмады. Егер Назым Қызайбай, Карина Ибрагимова және Дариға Шәкімоваға сенім артылғанда, олардың қай-қайсысы да 

жолдаманы қалталарына басатыны сөзсіз еді. Бірақ мықтылар елде қалып қойды. Олардың орнына барған осал боксшылар сыпыра ұтылды. Араларында жалғыз Надежда Рябецтің ғана жолы болды. Алайда ол да алысқа шаппады. Жерлесіміз Олим­пиаданың алғашқы айналымында сүрінді. Келесі лицензиялық турнир Па­рижде ұйымдастырылуға тиіс еді. Бірақ пандемияның кесірінен ол жарыс өтпей қалды.

– Бұл күндері бірқатар бұқаралық ақпарат құралы Қазақстан әйелдер құ­рама командасының мүшелері ара­­­сында туындаған дау-дамай жайын­да жарыса жазуда. Барлығы Анге­лина Лукастың Instagram арқылы жа­­рия­лаған жазбасынан басталды. Ол жерде Лукас ко­мандалық әріп­тес­тері тара­пынан те­періш көріп отыр­­ғанын айта келе, осы іске Назым Қы­­зай­бай­дың тікелей қатысы бар деп айып­тады. Даулы мәселеге байланыс­ты өз пікіріңізді білдірсеңіз.

– Екі қыздың арасында нақты не болғанын мен білмеймін. Егер жанжал «51 кило салмақ дәрежесінің тізгінін кім ұстауға лайық?» деген мәселеден туын­даса, онда мен Қызайбай Лукастан әлдеқайда мықты деп айтар едім. Спарринг кезінде де, түрлі жарыстар ба­ры­сында да Назым оны үнемі ұтып жүр. Бұл жағдайды барлық бапкер жақсы біледі.

– Бірақ 2019 жылы Сербияда өткен турнирде Лукас Қызайбайды сан соқтырып кетті емес пе? Бәлкім, қарсы жақ осы жайтты алға тартқан болар?

– Сербияда Ангелина Назымды ұт­қан жоқ. Керісінше, ол жекпе-жекте Қызайбай жеңіске жетті. Аталған жарыс­та түсірілген бейнетаспаны бір қарап шықсаңыз, осы сөзімнің растығына анық көз жеткізесіз. Бірақ төрешілердің Лукас­тың қолын көтергені рас. Жасы­ратын несі бар, қазылар әділдікті белден басты. Өйткені басшылық қызмет атқарып отырған біраз азамат Лукастың Олимпиадаға баруына мүдделі болды. Солар төрешілердің көмегімен Қызайбайды қарсыласына жығып берді. Осының салдарынан лицензиялық турнирге Ангелина барды. Шын мықты болса, сол жерде ол өзінің мықтылығын дәлелдейтін еді ғой. Алайда Лукас бас­тапқы бәсекелердің бірінде ұтылып, елге құралақан оралды. Сондықтан да оның ренжитін жөні жоқ. Ренжісе, Қызайбай ренжуі керек. Өйткені оған ондай мүм­кіндік берілген жоқ.

– Кешірерсіз, осы орайда оқыр­мандар тарапынан «Ол Назым Қызай­байдың жеке жаттықтырушысы бол­ған соң осындай пікір білдіріп отыр» деген ой туындауы мүмкін. Осыған не айтасыз?

– Назымды балауса кезінен жаттық­тырып келгенім рас. Ол менің көз алдымда өсті десем де болады. Сондықтан да шәкіртімнің мінез-құлқын, шама-шарқы мен мүмкіндігін және әлеуетін жақсы білемін. Бірақ қазіргі кезде Қы­зай­бай менің қол астымда жаттығып жүрген жоқ. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын ол басқа бапкерге ауысты. «Ке­темін» деген адамды күштеп ұстап тұра алмайсың ғой. Жөнін айтып кетсе, бір сәрі. Алайда ол маған ескертпей, тыныш қана кетіп қалды. Осы жайттан құлағдар болғанда көңілім қатты құлазыды. Оңай ма, Назымды спортшы ретінде қалыптастырып, бүгінгі деңгейге жеткізу үшін 12 жыл ғұ­мырымды сарп еттім. Осыны ойласам, көңілім нілдей бұзылады. Десек те жолын бөгеуді жөн көрмедім. Сол себепті де осы мәселеге байланыс­ты көпшілік арасында «Назым Қызай­байдың ұстазы болғандықтан, соны қолдап отыр» деген ой туындамауы керек. Қазіргі кезде екеуміздің жолымыз екі айырылды. Иә, мен де қол қусырып отырған жоқпын. Қазіргі кезде бапкерлік кәсібімді жалғастырып, жалындап тұрған жастарды тәрбиелеп жатқан жайым бар. Мақсатым – соларды дұрыстап даярлап, бағыт-бағдар беріп, әлемдік аренаға шығару.