Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықованың қатысуымен Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Онда Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов өткен жылғы жұмыстарға, ағымдағы жылы атқарылатын міндеттерге, өзге де келелі істерге тоқталды.
Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықованың қатысуымен Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Онда Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов өткен жылғы жұмыстарға, ағымдағы жылы атқарылатын міндеттерге, өзге де келелі істерге тоқталды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен биылғы Жолдауынан туындайтын жұмыстар туралы жан-жақты мағлұмат берген А.Сәрінжіпов кей жерлерде білім сапасының төмендігін, 113 мыңға жуық оқушыға орын тапшылығын, мектеп құрылысының көп жағдайда көңілден шықпайтынын, колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы кезінде олқылықтардың бары, жоғары оқу орындарындағы жемқорлық, ғылыми-зерттеулердің тиімсіздігі сияқты көкейкесті істерді батыл атап өтті. Бұдан кейін алдағы міндеттерді саралап, мектепке дейінгі оқыту саласында балаларды ерте дамытудың тұжырымдамалық негіздері әзірленгенін, алдағы қыркүйек айынан бастап балабақшаларда жаңартылған бағдарламалар қолданыла бастайтынын, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қажет педагогтар үшін гранттар саны көбейтілетінін алға тартты. «Балапан» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстарға да, әсіресе, биылғы жылдан бастап осы салаға мол қаржы бөлінетінін, яғни алғашқы салым 9,6 млрд. теңге болып, ол 47,2 млрд.теңгеге өсетініне дәйектер келтірді.
Орта білім беру саласында Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі негізінде қолданыстағы 11 жылдық білім беру стандартын жаңарту жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ, бастапқы, негізгі және жоғары мектепке қажет тың стандарттар әзірленбек. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламасы жетілдірілетін көрінеді. Бұл жоба бойынша 120 мың мұғалім осындай әзірліктен өтеді.
Ауыл мектептеріне деген қамқорлық та жаңа сипат алатынын, 2014-2016 жылдары апатты, үш ауысымды мектептердің орнына жаңа ғимараттар бой көтеретінін, ондай мектептердің саны 192-ні құрайтынын ведомство басшысы қадап айтты. Бұл 2016 жылға қарай үш ауысымды мектептердің үлесін 13 есе, апатты мектептердің үлесін 2,5 пайыздан 1,2 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік беретінін назарға салды. Осы жерде мына бір мәселені атап айта кетсек дейміз. Ол кейбір елді мекендердегі пайдалануға берілген білім ұяларының сапасыздығы. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір ауылдық мектеп қаңтарда пайдалануға беріліп, маусымда күрделі жөндеуді қажет етеді делінген. Министр өз баяндамасында мұндай әттеген-айларды аз келтірген жоқ. Ал, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі бойынша Елбасы Жолдауына атап өтілген дуалды оқыту, алғашқы техникалық мамандықты меңгеру, жұмыс берушілер қауымдастығында сертификаттан өту жайын да назарға салды. Академиялық және басқарушылық автономияға көшіру жөнінде 2014 жылдың соңына дейін 10 жоғары оқу орнында байқау кеңестері жұмыс жасамақ. Үлгерімі жоғары студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесі қалыптасатынын, студенттердің шәкіртақысы 2016 жылы 25 пайызға өсетінін де айтты. 2015 жылдан бастап ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруға басымдықтар беріліп, докторлық диссертациялардың тақырыптары жаңартылады. 2016 жылға қарай РҺD докторлары мемлекеттік гранттар есебінен ғана емес, гранттық және бағдарламалық мақсатты қаржыландыру аясында дайындалатын болады. Алдағы жылы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу және инженерлік зертханаларды заманауи құрал-жабдықтармен, құрылғылармен жарақтандыру көзделген. Министр осындай ауқымды жұмыстарды, келелі істерді жергілікті атқарушы орындармен бірлікте атқаратынын айтты. Ол сонымен бірге, министрлік пен облыс әкімдері, Алматы және Астана қалаларында жасалған меморандумдар аясында атқарылатын жұмыстарға да жете мән берді. Алқа отырысында сөз алған Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов министр Аслан Сәрінжіповпен қол қойылған меморандумда үш жылға жоспарланған жұмыстардың жайын баяндады.
Ғылымды коммерцияландырудың жаңа жобалары, роботты техника саласында заманауи отандық әзірлемелер, білім берудің технологиялары мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық, жоғары білім саласындағы инновациялық технологиялар көрініс тапқан көрмемен танысқан Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова алқа отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы міндетті мақсаттар туралы тарата айтып, экономиканың қарқынды дамуы мықты білім мен жан-жақты зерделенген ғылым аясында дамитынын тілге тиек етіп, 3 пен 6 жас арасындағы балаларды «Балапан» бағдарламасы аясында балабақшаға тартуды, үш ауысымды мектептерді 2017 жылға дейін болдырмауды тапсырып, 2013 жылы пайдалануға берілуі тиіс 50 мектептің 7-уі әлі бітпегенін де еске салды. Ол сонымен бірге, колледж бен өндіріс арасындағы байланысты бекемдеуді, техникалық білім беру ісін жетілдіруді, осы сала бойынша қайта дайындауды өрістете беру қажеттігін атап өтті. Жоғары оқу орындары бойынша Елбасының жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіру туралы тапсырмасын орындау ісі бойынша заңға өзгеріс енгізуді уақыт өткізбей атқаруды тапсырды. Ал ғылымды дамыту бойынша орындалатын істердің қатарында зерттеу институттарын қалыптастыру, ғылыми кадрларды әзірлеуді жүйелі қолға алу, ғылым мен бизнесті жақындастыру керектігін, алдағы уақытта бұл салаға қаржы молынан қарастырылып жатқанын еске салып, 2007 жылдан бері айтылып келе жатқан ұлттық биотехнология мәселесін биыл аяқтау қажеттігін атап өтті. Еліміздің келешегі саналатын жастарға қатысты жастар саясатын жетілдіру ісін де назардан тыс қалдырмады. «Тәрбие мен оқытуды ұштастыра жүргізу арқылы ізбасар даярлау келелі міндеттердің бірі», деген Премьер-Министрдің орынбасары мектеп оқулықтарындағы олқылықтарға да тоқталды. Кейбір оқулықтардағы тақырыптардың сағат санына сай еместігіне нақты мысалдар келтірді. Электронды оқыту, шағын мектептер мен ауылдық, қалалық мектептердегі оқушыларды тамақтандырудың белгілі бір жүйесін, стандартын жасау күн тәртібінде тұрғанын, мұны ұтымды ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.
Өткенді саралап, алдағы айқын міндеттерді белгілеп, оны ұтымды ұштастыру жолдары талқыға салынған алқалы жиын ресми тілде іркіліссіз өтіп, Елбасы айтқан Мәңгілік Елдің Мәңгілік тілі әр жерде бір шаң беріп қалып жатты.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».