Өткен жылдың соңында Парламент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдаған еді. Осыған орай, біз Парламент Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, осы құжатты әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі С.З.ҚАНАЕВҚА жолығып, аталған заңның ерекшеліктерін айтып беруін өтінген едік.
Өткен жылдың соңында Парламент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдаған еді. Осыған орай, біз Парламент Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, осы құжатты әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі С.З.ҚАНАЕВҚА жолығып, аталған заңның ерекшеліктерін айтып беруін өтінген едік.
– Серікжан Зиадаұлы, Парламент Мәжілісінің өткен жылғы 27 қарашасындағы жалпы отырысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің осы заңға байланысты «Бұл құжат қазіргі Парламент қоржынындағы ең «атышулы» заң жобаларының бірі. Өйткені, мемлекеттік сатып алу төңірегінде мәселелер көп. Сондықтан да заң жобасы «ешкімнің қалауына» мүмкіндік бермейтіндей тастүйін әзірленуі керек», деп атап өткені есіңізде болар...
– Әрине, есімде. Мәжіліс Төрағасы сол отырыста заң жобасына қатысты ұсынылып отырған нормалар арасынан қазақстандық өндірушілердің тауарларын сатып алуға міндеттеу жөніндегі қағидатты алға тарта отырып, бұл отандық тауар өндірушілерді қолдауға қызмет ететінін де қадап айтқан еді. Біздің жұмыс тобы әзірлеген құжатта осы жағына баса назар аударылғанын атап өтуге тиіспін.
– Сонда бұл заңның осыған дейінгі құжаттан қандай ерекшеліктері бар?
– Аталған заң Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген мәселелерді жүзеге асыруға қатысты тапсырмасы бойынша әзірленді. Сондай-ақ, бұл құжат Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде бекітілген мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу туралы келісімге сәйкес дайындалды. Өйткені, Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында Біртұтас экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын қалыптастыру мақсатында жасалған Мемлекеттік сатып алу туралы келісім бойынша, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға қатысушы елдердің барлығы 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін ұлттық режімді енгізулері тиіс. Ал ұлттық режім отандық жеткізушілердің тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді мемлекеттік сатып алуларға шетелдік жеткізушілермен тең жағдайда қатысуын болжау үшін қажет.
– Ұлттық режімді енгізуде Үкіметтің құзыреті қалай айқындалады?
– Заңда ұлттық режімді енгізу барысындағы Үкіметтің құзыреті жеткілікті дәрежеде айқындалған деп айтуымызға болады. Біріншіден, Үкімет мемлекеттік сатып алу үдерістеріне тыйым салуды белгілей алады. Нақтырақ айтқанда, елімізде өндірілген белгілі бір тауар түрлері және оларды жеткізуші екі жылдан аспайтын мерзім ішінде айқындалуы қажет. Екіншіден, Үкіметтің сатып алу үдерістеріне шектеу қоюға құқығы бар. Мұндай мемлекеттік сатып алуларға Үкімет бекіткен тізбеге сәйкес, Кеден одағына мүше елдердің өнім жеткізушілері ғана қатысуы қарастырылған. Үкімет, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуларға тиісті шарттарды да белгілейді. Мұнда жеңілдіктер Кеден одағына қатысушы елдердің әлеуетті жеткізушілеріне ғана ұсынылады.
Бұлардан бөлек, құжатта әлеуетті жеткізушілердің жекелеген санатына басымдық беру жағы да қарастырылып отыр. Мысалы, еліміздегі мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері тарапынан құрылған тауар өндірушілеріне, жұмыстар орындайтын ұйымдарына, сондай-ақ, түзеу мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындарына және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік сатып алуларда артықшылықтар беру көзделген. Сонымен бірге, заңда мемлекеттік сатып алулар барысында бағамен айқындаудан гөрі тауардың немесе өнімнің сапалылығына қарай көшу қажеттігі негізге алынып отыр. Бұл жерде техникалық ерекшеліктерді бағалау кезінде өнім өндірушілердің ең тартымды ұсыныстары басты назарда болады. Өз кезегінде осы мәселелер сапасыз тауарларды және қызмет көрсетулерді сатып алудың жолын кеседі.
– Құжатта мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысын құру мәселесі де көрсетілген екен.
– Заңда қолданыстағы заңнамалар нормасын қолданбай, мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалардан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу барысында олардың жасырын монополиясын болдырмау, тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге бағалардың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру қарастырылған. Бұған қоса, құжатта сыбайлас жемқорлықты төмендету, өнім немесе тауар берушіні біліктілік тұрғыдан іріктеуге бақылау жасауды күшейту жағы да қамтылып отыр. Осыған байланысты Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен нақтыланған бюджеттік бағдарламалар және тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша конкурстар, аукциондар өткізіледі. Конкурстық әдіспен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және оларды өткізу үшін Үкімет, облыстар, республикалық маңызы бар қала мен Астана қаласы әкімдіктерінің мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы құрылады.
– Серікжан Зиадаұлы, заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттік сатып алу үдерісін қаншалықты деңгейде жеңілдетеді?
– Заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар белгіленген талаптардың барлығына сәйкес келетін тауар жеткізушілерді таңдауды қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге, онда сатып алуды ұйымдастырушы орталық пен тапсырыс беруші арасындағы өзара бақылауды нығайту мәселесі басшылыққа алынған. Себебі, жүргізілген талдау тауар жеткізушілердің басым бөлігінің берген тапсырыстарын бағалау кезінде біліктілік талаптарына толық сәйкес келмейтіндігі анықталды. Осыған байланысты құжатта әлеуетті жеткізушілерге конкурсқа немесе аукционға қатысуға берген тапсырыстарына олардың қолдары жетпейтін құжаттарды үш жұмыс күні ішінде жеткізу құқығы ұсынылып отыр. Бұған аталған мерзім аралығында алған лицензиялары кірмейді.
Заңға енгізілген бұл өзгерістер, біріншіден, конкурстардың өтпегендігін тану жағдайын қысқартады. Екіншіден, құқық бұзушылықты азайтуға ықпал етеді, үшіншіден, жеткізушілердің сатып алуларға тең дәрежеде қатысу мүмкіндігін арттырады. Бүгінде тапсырыс берушілердің сапасыз тауарларды сатып алуы өткір мәселенің бірі болып отыр. Осыған байланысты құжатта жеткізушілер өздерінің тапсырыстарына ұсынған тауарлар мен қызметтердің техникалық ерекшелігін, өзгешелігін сараптау комиссиясы бағалайды және солардың ішінен ең жақсыларын таңдап алатындығы қарастырылған. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы тарапынан құрылатын конкурстық комиссия тауар жеткізушілерге бір баға ұсынатындығы көзделген. Міне, осыларды заңнамадағы жаңалықтар деп атауымызға болады.
– Осы құжатта мемлекеттік органдардың өздеріне бағыныстағы ұйымдардан тауарлар, жұмыстар, қызметтер сатып алуға шектеу қою мәселесі қарастырылған ба?
– Әрине, қарастырылған. Негізінен, ол Қазақстан Президентінің Жарлықтарына және еліміздің заңдарына сәйкес белгіленеді. Жалпылай алғанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң конституциялық құрылыс негіздерін қорғауға, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, Қазақстанның ішкі рыногын қорғап, ұлттық экономиканы дамытуға, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге қызмет ететін болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».