Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2021

Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай конференция өтті

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Курчатовта «Семей сынақ полигоны: радиациялық мұра және ғылыми-техникалық әлеуеттің даму келешегі» атты IX халықаралық конференция өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай конференция өтті

Биыл ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлығына қол қойылғанына 30 жыл толып отыр. Осы маңызды оқиғамен ҚР Ұлттық ядролық орталығының құрылу тарихы да тығыз байланысты. Осы жылдар ішінде ҚР ҰЯО халықаралық қоғамдастықпен бірлесіп, бұрынғы Семей полигоны аумағын қауіпсіз күйге келтіру бойынша ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар кешенін өткізді.

Бүгінгі таңда бұрынғы Семей полигоны аумағы КСРО әскери-өнеркәсіптік кешені инфрақұрылымының ядролық қызметінің зардаптарынан толық тазартылды деп қанағаттанғандықпен айтуға болады. Полигон әскери қауіп-қатер көзінен ғылыми зерттеу объектісіне айналды. Полигон аумағын кешенді экологиялық тексеру де аяқталды.

«Онлайн» форматта өткізілген конференцияға 20-дан астам елдің жетекші мамандары қатысты. ҚР Энергетика министрі Н.А. Ноғаев, АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Уильям Х.Мозер, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Николаевич Бородавкин конференция қатысушыларына құттықтау сөздерін арнады.

«Біз құрметті қонақтарымызға конференцияға қатысқандықтары үшін, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қоғамдастықпен бірлесіп жүргізген бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағын қауіпсіз күйге келтіруге мүмкіндік берген ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстарды жоғары бағалағаны үшін алғысымызды білдіреміз», деп атап өтті ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков.

Конференцияда атом энергетикасын дамытудың қазіргі заманғы беталысы мен келешегі, басқарылатын термоядролық синтез технологиялары, радиациялық экология және медицина, ядролық қаруды таратпау режимін нығайту тақырыптары бойынша ауқымды мәселелер қарастырылды.