01 Ақпан, 2014

Үшінші индустриялық революция

129 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Заман өзгерістері адамзатқа не сыйлайды?

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясының әлемдік кеңістіктегі алдағы өмір өзгерістерін кеңінен қамтыған, Қазақстан халқын сол өзгерістерге сай етудің амалын прагматикалық тұрғыдан қарастырған мәні аса терең, маңызы өте зор құжат екендігіне уақыт өткен сайын көзіміз жете түсуде. Халқымызда «шын тұлпарды тану үшін Толыбайдай сыншы керек» деп айтылғанындай, «Қазақстан-2050» Стратегиясын түсініп, тұщынып оқу үшін де оқырманға үлкен дайындық керек екен. Шамасы сондықтан болар, Елбасының биылғы Жолдауы тұтастай алғанда осы Стратегияны жүзеге асыру мәселесіне арналды. Онда Стратегия мен Жолдауды халыққа тұщымды етіп түсіндіруге екпін түсіру қажеттігі айтылды. Елбасының өзі жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы мен Үкімет органдары осы құжатта алға тартылған ұзақмерзімді стратегиялық міндеттердің маңызын халыққа түсіндіру ісін былтырдан бері қолға алып, оны сан қырлы жолдармен өрістетіп келеді. Біздің ойымызша, солардың ішінде арнайы құрылған топтардың іссапарға шығуы арқылы құжатты ел өңірлерінде таныстыру шараларымен қатар, насихатшылардың өздері үшін сарапшы мамандар өткізетін дөңгелек үстелдердің пайдасы да өте зор. Өйткені, мұндай білікті әңгімелер кезінде құжаттың маңыздылығы сан түрлі қырларынан қарастырылып, толымды ой-пікірлер қалыптасатындығы анық. Біз бірнеше мақаладан тұратын осы циклдық топтамамызда Елбасының «Қазақстан - 2050» Стратегиясы мен биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді адамзаттың алдынан туындауы әбден мүмкін, тіпті, мүмкін ғана емес, адамзат ақыл-ой иелерінің ғылыми еңбектері нәтижесінде қазірдің өзінде болжанып қойылған, бірқатар елдерде стратегиялық даму бағдарламаларына да енгізілген жаңалықтармен тығыз байланыстыруға әрекет етпекпіз. Бұл жерде әңгіме әлемдік ауқымдағы үдерістері қазірдің өзінде басталып кеткен үшінші индустриялық революцияның нәтижесінде жүзеге асатын заманауи жаңалықтар туралы болып отыр.    01-Экспо-2_пайызга_дайын  

Заман өзгерістері адамзатқа не сыйлайды?

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясының әлемдік кеңістіктегі алдағы өмір өзгерістерін кеңінен қамтыған, Қазақстан халқын сол өзгерістерге сай етудің амалын прагматикалық тұрғыдан қарастырған мәні аса терең, маңызы өте зор құжат екендігіне уақыт өткен сайын көзіміз жете түсуде. Халқымызда «шын тұлпарды тану үшін Толыбайдай сыншы керек» деп айтылғанындай, «Қазақстан-2050» Стратегиясын түсініп, тұщынып оқу үшін де оқырманға үлкен дайындық керек екен. Шамасы сондықтан болар, Елбасының биылғы Жолдауы тұтастай алғанда осы Стратегияны жүзеге асыру мәселесіне арналды. Онда Стратегия мен Жолдауды халыққа тұщымды етіп түсіндіруге екпін түсіру қажеттігі айтылды. Елбасының өзі жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы мен Үкімет органдары осы құжатта алға тартылған ұзақмерзімді стратегиялық міндеттердің маңызын халыққа түсіндіру ісін былтырдан бері қолға алып, оны сан қырлы жолдармен өрістетіп келеді. Біздің ойымызша, солардың ішінде арнайы құрылған топтардың іссапарға шығуы арқылы құжатты ел өңірлерінде таныстыру шараларымен қатар, насихатшылардың өздері үшін сарапшы мамандар өткізетін дөңгелек үстелдердің пайдасы да өте зор. Өйткені, мұндай білікті әңгімелер кезінде құжаттың маңыздылығы сан түрлі қырларынан қарастырылып, толымды ой-пікірлер қалыптасатындығы анық. Біз бірнеше мақаладан тұратын осы циклдық топтамамызда Елбасының «Қазақстан - 2050» Стратегиясы мен биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді адамзаттың алдынан туындауы әбден мүмкін, тіпті, мүмкін ғана емес, адамзат ақыл-ой иелерінің ғылыми еңбектері нәтижесінде қазірдің өзінде болжанып қойылған, бірқатар елдерде стратегиялық даму бағдарламаларына да енгізілген жаңалықтармен тығыз байланыстыруға әрекет етпекпіз. Бұл жерде әңгіме әлемдік ауқымдағы үдерістері қазірдің өзінде басталып кеткен үшінші индустриялық революцияның нәтижесінде жүзеге асатын заманауи жаңалықтар туралы болып отыр. Елбасымыз аталған Стратегияны халыққа жария еткен Жолдауында: «Адамзат Үшінші индустриялық революция табалдырығында тұр, ол өндіріс ұғымының өзін өзгертеді. Технологиялық жаңалықтар әлемдік нарықтың құрылымы мен қажеттіліктерін түбегейлі өзгертеді. Біз бұрынғыға қарағанда мүлде өзгеше технологиялық болмыста өмір сүріп жатырмыз», десе, сол Жолдаудың ендігі бір жерінде «Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. 2050 жылға қарай елде энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерін қоса алғандағы барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысы келуге тиіс», деді. Мұнай мен газға бай Қазақстан жағдайын­­­­­­да экономиканы жел мен күн энергиясына көшіріп не қажеті бар деп ойлауы мүмкін кез келген оқырманымыз. Байқасақ, күн мен жел­дің қуаты басқа да баламалы және қайта жаңғыр­тылатын энергия көздерімен қосыла келіп, Елбасымыз жоғарыда айтып отырған үшінші индустриялық революция туындата­тын жаңа технологиялық прогрес­тің алғышартына және негізгі өнімдерінің біріне айналмақ екен. Әлемдік сарапшылар қауымдастығы адамзат өркениетінің осыған дейінгі қалыптасқан тарихи жолмен одан әрі дами алмайтындығын жақсы түсініп отыр. Өйткені, бұл өркениет аясында шешілуі мүмкін емес жаһандық проблемалардың қалың бұлты барған сайын қоюлана түсуде. Көмірді тұтыну негізінде дамыған бірінші өнеркәсіптік революцияның, мұнай мен газды тұтыну негізінде дамыған екінші өнеркәсіптік революцияның адамзат өмірі мен тұрмысын түбірінен өзгертіп, планетаның жаңа бет-бейнесін қалыптастырғандығы белгілі. Алайда, бұл екі революция адамзат қоғамын дамудың шекті мөлшеріне жеткізгенімен, енді оның жетістіктері негізінде шешуге келмейтін үлкен проблемаларды туындатты. Жалпы, адамзат қауымына ортақ мұн­дай проблемалардың қатарында бүкіл әлем бойынша барған сайын белең ала түс­кен жұмыс­сыздықтың ушығуын, жаңа экологиялық кеселдерді (су мен ауа сапасының төмендеуін, әлемдік жылыну, озон қабатының азаюын, т.б.), адамдардың елеулі бөлігінің өзде­рі­нің адамгершілік бейнесін жоғалта бастау­ын, тіршілік пен тұрмыста алаяқтық пен азғындықтың көбейіп кетуін қосуға болады. «Адамның азғаны – заманның тозғаны» деп біздің ата-бабаларымыздың айтып кеткеніндей, шындығында, осылардың барлығы бекерден-бекер туындап жатқан құбылыс емес. Бұл – қоғам дамуының бір циклдық кезеңінің аяқталып келе жатқан­дығын білдіретін жайлар. Қазір халықаралық сарапшылардың бірқатары Адам Смит заманынан бері адамзаттың тұрмыстық дамуының негізгі идеологиясына айналып, барынша күшіне мінген нарықтық қатынастардың өз берерін беріп болғандығы, ендігі кезекте экономиканың әлеуметтенуі қажет екендігі туралы әңгіме қозғай бастады. Әлемдегі алдыңғы қатарлы көптеген елдердің әлеуметтік бағыт ұстай бастағандығына қарап, осы әңгімелердің де түбі расқа шығуы әбден мүмкін екендігін және аңғарасың. Бірақ, қазіргі табиғи шикізат көздерінің тапшылығы жағдайында әлеуметтің, қалың бұқара халықтың жағдайын қалайша қамтамасыз етуге болады? Жетпей жатқан мұнай мен газдың, тапшы бола бастаған азық-түліктің есебін немен толықтырамыз? Америкалық экономист Джереми Рифкин міне, осы келтірілген проблемалардың бар­лығы алдымыздағы үшінші индустрия­лық революция өмірге әкелетін жаңа технологиялық жетістіктер арқылы шешілетіндігін айтады. Сонымен адамзат қауымы тап болып отырған қазіргі жаһандық проблемалар қан­дай жолдар немесе қандай технологиялық жетістіктер нәтижесінде шешілмек? Жоқтан бар жасаудың (егер ол мүмкін болса) қандай жолдары бар? Үшінші индустриялық революция дегеніміз не? Ол қалай туындайды және қай елдерден бастау алуы мүмкін? Ол туындататын өзгерістер адамзатқа не сыйламақ? Осы сұрақтарға жауап беру үшін алды­мыздағы заман ұсынатын жаңалықтардың бірқатарына тоқтала кетейік. ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛАТЫН ҚУАТ КӨЗДЕРІН ӨНДІРУ ҚАРҚЫНДЫ ДАМИДЫ Қазіргі күні күн, жел, су ағыны энергиялары деп аталып жүрген «жасыл» энергетика біздің қоғамымызда соншама бір үлкен рөлге ие бола қойған жоқ. Сарапшылардың айтуынша, олардың қазіргі пайдалану үстіндегі барлық энергия көздеріндегі үлесі 3-4 пайыздан аспайды. Бірақ соған қарамастан, «жасыл» энергетикаға салынған инвестициялар көлемі өте қарқынды түрде өсіп келе жатқандығына көз жеткіземіз. Мәселен, 2008 жылы нақ осы «жасыл» энергетикалық жобаларға 155 миллиард доллар қаржы жұмсалған екен (мұның 52 миллиард доллары жел энергиясын, 34 миллиард доллары күн энергиясын, 17 миллиард доллары биоотын түрлерін өндіруге жұмсалған). Сөйтіп, адамзат тарихында алғаш рет қазба отын өндірісіне жұмсалатын қаржыдан «жасыл» энергетикаға жұмсалатын қаржы көлемі асып түскен. 2011 жылдың соңында Еуропада 1 кВт-сағат «жасыл» энергия өндіру бағасы былайша қалыптасты: су энергиясы – 5 еуроцент, жел энергиясы – 10 еуроцент, күн энергия­сы – 20 еуроцент. Енді осыған салыстыру үшін келтіретін болсақ, Еуропада 1 кВт-сағат кәдімгі отын бағасы 6 еуроцент тұрады екен. Дегенмен, ғалымдар күн энергетикасы саласындағы қазіргі ғылыми-технологиялық серпіннің барысы 2020 жылға таман 1 кВт-сағат күн энергиясының бағасын бірнеше еселеп төмендетіп, соның нәтижесінде «жасыл» энергия өндіру әлдеқайда арзандайды деп болжам жасауда. Демек, адамзат қауымының мұнан кейінгі дамуында қайта жаңғыртылатын қуат көздерінің басымдығы барған сайын үдей түспек. ҒИМАРАТТАР МЕН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ БАРЛЫҒЫ ҚУАТ ӨНДІРЕТІН ШАҒЫН ЗАУЫТТАРҒА АЙНАЛАДЫ Қазіргі күні Еуроодақта 190 миллионнан астам ғимараттар бар екен. Болашақта олардың әрбірі өздерінің қабырғалары, төбелері және жертөлелері арқылы күн мен желден, тұрмыстық қалдықтардан қуат көздерін өндіретін шағын электр стансаларына айналатын болады. Сөйтіп, бірте-бірте қазіргі дүниеде үстемдік құрып отырған қуат көздерін жеткізуші ірі компаниялардың экономикадағы үлесі мейлінше төмендей беретін болады. Нәтижесінде қазіргі кезде­гі­дей көмір, мұнай мен газға, уранға мұқтаждық жойылады. «Үшінші индустрия­­­­­­лық революция дегеніміз, бұл – су, күн, жел, биоотын, соның ішінде тұрмыстық қалдықтардан, кә­різ жүйелеріндегі қалдық сулардан энергия өнді­ретін көптеген шағын көздердің жүйесі», деп түсіндіреді бұл жайында Джереми Рифкин. ҚУАТ КӨЗДЕРІН ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯ­ЛАРЫ БАРЫНША ДАМИДЫ Үшінші индустриялық революция жетіс­тіктерінің нәтижесінде қуатты үнемдеу мәсе­лесі барынша қарқын алады. Осы үдеріс­тің барысында электр, бу, су, жылу жүйелеріндегі қуат жоғалтулары мүлдем болмайтындай шекке жетеді. Өндірістен, адамдар тұрмысынан пайда болатын қалдықтардың барлығы іске жаратылады. Өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды толықтай қайтадан өңдеп, пайдаға асыру мәселесі жолға қойылады. АВТОКӨЛІК ТҮРЛЕРІНІҢ БАРЛЫҒЫ ЖАҢА ҚУАТ КӨЗДЕРІМЕН ҚОЗҒАЛАТЫН БОЛАДЫ Қазіргі автокөліктердің барлығы мұнай мен газ өнімдерін тұтынатындығы белгілі. Бо­ла­шақта осы жағдай өзгереді. Автокөлік түр­­­лері­нің барлығы, соның ішінде жеңіл көлік­­­тер мен жүк көліктері, қоғамдық көлік­тер, су энер­гетикасының негізіндегі электр қозғалтқыш арқылы қозғалысқа келе­тін болады. Ал енді бір жағдайда көлік ретінде дирижабльдер мен жерасты пневмокөліктері пайдаланылады. InternationalEnergyAgency мәліметтері бойынша, әлемде өндірілетін мұнайдың жартысынан астамы автокөлік қажеттіліктері үшін жұмсалады екен. Мәселен, АҚШ-та пайда­­ланылатын мұнайдың 70 пайызы, Еуропада 52 пайызы көліктерді қозғалту үшін жұмсалады. Бұл күндері әлемде іштен жанатын қозғалтқыштарды пайдаланатын 1 миллиардтан астам техникалық құралдар бар. Олар әр күн сайын 1 миллиард тоннаға жуық мотор майларын (бензин, авиакеросин, дизель отыны) жұмсайды. Осы арқылы қоршаған табиғи ортаға үлкен кесел келтіреді. Болашақта мұнай мен газ қуаттарынан бас тарту нәтижесінде осы олқылықтардың барлығы ретке келетін болады. Өйткені, авто және әуе көліктерінің барлығы отын ретінде мұнай мен газды емес, сутегін пайдаланылатын болады. Соның мысалы ретінде мына бір фактіні келтіре кетейік. АҚШ энергетика министрлігінің Ливермор ұлттық зертханасында жасалынған «сутегімобиль» жуықта 1046 шақырым жерді сутегімен бір толтыру жағдайында жүріп өткен. NationalRenewableEnergyLaboratory (АҚШ) өз есебі бойынша, осындай көлік түрі жылына орта есеппен 12000 миль (192000 шақырым) қашықтықты жүріп өткенде әрбір 60 мильге (96 шақырымға) 1 килограмм сутегін жұмсайтындығын айтады. Сонда бір жылда ол 200 килограмм сутегін ғана пайдалана­­­­ды екен. Яғни, қазіргі автокөлік түрлеріне қарағанда болашақ көліктердің қуат жұмсау шығындары да әлдеқайда азая түсетін болады. КӨПТЕГЕН ТҰРМЫСТЫҚ ЗАТТАР ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА ӨНДІРІЛЕДІ Болашақта көптеген тұрмыстық заттар үй жағдайында өндірілетін болады. Оған 3D принтер технологиялары қолданылады. 3D принтер – виртуалды 3D модельдері негізінде нақты заттарды қабаттау тәсілін қолданып шығаратын арнаулы құрал-жабдық. Егер қазіргі қолданыстағы кәдімгі принтерлер суреттер мен текстерді басып шығаратын болса, 3D принтерлері заттарды – өнеркәсіптік және тұрмыстық тауарларды шығарады. Басқа жағдайларда олардың жұмыс істеу тәсілдері бір-біріне ұқсас деуге келеді. Қазіргі қолданыстағы принтерлер екі технология – лазерлі және струйялық технологияларды қалыптастыру бойынша жұмыс істейтіндігі белгілі. 3D принтерінде де басып шығаратын және бояйтын құралдар орналасатын болады. Бірақ ол қажетті жұмыс материалы негізінде әрекет етеді. Бір сөзбен айтқанда, 3D принтерлері, бұл – сандық программалар мен басқарылатын арнаулы өнеркәсіптік станок. Бірақ ол ХХІ ғасырдың жаңа ғылыми-техни­­­­калық базасында жұмыс істейтін болады. МЕТАЛЛУРГИЯ КОМПОЗИТТІК МАТЕРИАЛДАРҒА КӨШІРІЛЕДІ Болашақта металлургия саласы көмір сутегі негізінде жұмыс істейтін нано-мате­риалдарға (композиттік материалдарға) көшірілетін болады. Сонымен қатар, оның құрал-жабдықтары селективтік лазерлік балқыма негізінде жұмыс істейтін 3D принтерлік технологиясына ауыстырылады. Бұған мысал ретінде мына бір жағдайды келтірейік. Жаңадан шығарылған «Boeing-787-Dreamliner» ұшағы – 50 пайыз көмір­тегіден алынған композиттік материалдардан тұратын әлемдегі бірінші ұшақ. Бұл ұшақтың қанаттары да композиттік полимерлерден жасалынған. Дәстүрлі қолданыстағы алюминийді көмір пластикке ауыстыру ұшақтың салмағын едәуір жеңілдетіп, ол пайдаланатын отын көлемін 20 пайызға азайтқан. Соның нәтижесінде бұл ұшақ басқа ұшақтарға қарағанда неғұрлым алысырақ қашықтыққа ұша алады. Сондай-ақ, америкалық-израильдік «ApNano» компаниясы жаңа нано-материалды – «органикалық емес фуллеренді» жасап шықты. Ол болатқа қарағанда бірнеше есе берік әрі жеңіл. Мәселен, тәжірибе негізінде қолданылған бұл материал секундына 1,5 шақырым жылдамдықпен ұшатын болат снарядты тоқтатқан. Сонымен қатар, 1 тонна шаршы сантиметрінде 350 тонна жүкті көтерген. Демек, болашақта бұл материалдардан зымырандар мен ұшақтардың, кемелер мен сүңгуір қайықтардың, аса биік тұрғын үйлер мен автокөліктердің, бронемашиналардың корпустарын жасауға болады. МАЛ ЕТІН МАШИНА ӨНДІРЕДІ Америкалық ModernMeadow компаниясы мал еті мен табиғи теріні индустрия жолымен әзірлеудің технологиясын ойлап тапқан. Мұндай ет пен теріні әзірлеу үдерісі бірнеше кезеңнен тұрады. Ең алдымен, ғалымдар донор малдардан миллиондаған клеткаларды бөліп алады. Олардың өзі кәдімгі малдар немесе терісі үшін жиі өлтіріп жататын экзоти­­­­­­ка­лық жануарлар болуы мүмкін. Мұнан кейін алынған клеткалар биореакторларда көбейті­леді. Мұнан кейінгі кезеңде клеткалар бойын­дағы қоректік сұйықтардан ажыратылып барып, бір массаға біріктіріледі. Одан кейін 3D биопринтерінің көмегімен қабаттастырылады. Бұл біріктірілген клетка қабаттары қайтадан биореакторға орналастырылып, өсіріледі. Тері клеткалары коллагенді талшықтарды қалыптастырып, ет клеткалары нағыз бұлшық ет жіпшелерін құрайтын болады. Бұл үдеріске бірнеше апта қажет. Мұнан кейін жасанды жолмен алынған бұлшық ет пен май тағам әзірлеу үшін қолданылса, ал терілерден киім, аяқкиім, сөмкелер әзірленеді. Қазіргі табиғи жолмен ет өндіруге қараған­да 3D принтері арқылы ет алуға қуат көзі үш есе, ал су 10 есе аз жұмсалады. Ауаның лас­тануы да 20 есе азаяды. Оның үстіне табиғи жолмен мал өсіруге қарағанда пайдаланылатын жер көлемі 100 есеге жуық қысқара түседі. Былайша айтқанда, жайылым қажет болмайды. Тек жасанды жолмен өнім алатын зауытты орнатуға ғана жер бөлінеді. ҚАЛАЛАРДА ҚАБАТТЫ ЕГІСТІКТЕР ПАЙДА БОЛАДЫ Миллиондаған адам өмір сүріп жатқан қала орталығындағы 30 қабаттан тұратын терезесіз зәулім ғимаратты көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Оның табаны 100х100 шаршы метр жерді, яғни 1 гектар жерді алып жатыр дейік. Сонда бұл астық өсетін ғимараттың ішінде 30 гектар жер пайда болады. Ал енді ғимараттың әрбір қабатының өзі астық бойындай ғана бес қабат гидропон контейнерлерге бөлінетін болса, енді 150 гектар егістік пайда болады. Бұл егістікке арналған ғимаратта температура мен ылғалдылық және жарық сәуле тұрақты түрде болатындықтан оның әр гектарынан ең кем дегенде 50 центнерден (мұндай өнім көлемін еуропалықтар қазіргі күннің өзінде даладағы табиғи егістіктерден алып жүрген жоқ па?), әйтпесе, 75 центнерден өнім алуға болады. Оның үстінде ғимарат ішіндегі егістік астықтың өсіп-жетілуіне барынша қолайлы етіп ұйымдастырылатындықтан одан бір жылда кем дегенде 3 рет (табиғи астықтың өсіп шығуына 3 ай уақыттың өзі жеткілікті екендігін еске алайық), әйтпесе 4 рет өнім жиналатын болады. Өнімді жинау, кептіру, ұн тарту, нан әзірлеу жұмыстарының барлығы толық автоматтандырылады. Егістіктің өзі қаланың ішінде орналасқандықтан онда тасымал шығындары болмайды. Оның үстіне, ғимарат ішіндегі егістік қоршаған ортаның әртүрлі ықтималды қауіп-қатерлерінен толық қорғалатындықтан, онда зиянкестер арқылы астық ауруларын жұқтыру деген болмайды. Яғни, оны өсіруде әртүрлі химиялық гербицидтерден толықтай бас тартылады. Есептей келгенде, міне, осындай бір ғимарат ішіндегі егістіктің өзі қала халқына жылына кем дегенде 3 мың тонна астық бере алады екен. Ал біздің Қазақстанның қазіргі жағдайында 3 мың тонна астық өсіру үшін орта есеппен алғанда 3 мың гектар жер пайдаланылатындығын еске сала кетейік. Міне, үшінші индустриялық револю­ция­­­ның бізге сыйлайтын жаңалықтары осындай. Адам айтса нанғысыз өзгерістер. Бірақ жиырмасыншы ғасырдың басында адамзат көкке ғарыш кемесін ұшырады, айға адамның табаны тиеді, теледидар жұмыс істеп, әлемнің әр шал­ға­йынан сәт сағатында хабар көрсетеді, интернет шырмауығы пайда болады дегенге адамдар сеніп пе еді. Өйткені, ол тұста ұшақ ұшырудың, телеграф қызметін жолға қоюдың өзі қиын болатын. Демек, таңғалатын ештеме жоқ. Біздің айтып отырған өзгерістеріміз енді бір 20-30 жылдың өзінде жолға қойы­луы да ғажап емес. Өйткені, өмірдің өзі сұрапыл қарқынмен даму үстінде. Ал, эконо­микалық дағдарыстардың өзі оның қозғаушы күштердің біріне айналуда. Демек, Елбасының елімізге ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – әлемдік ауқымдағы алдағы өмір өзгерістерін кеңінен қамтыған стратегия. Ол – ХХІ ғасырда халқымыз үшін бағдаршам болуға әбден лайық шынайы жолнұсқау. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».