Оқиға • 21 Қыркүйек, 2021

Дүниежүзілік көрме – Дубайда

714 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Санаулы күндерден кейін, дәлірек айтсақ осы жылдың 1 қа­занында Дубайда ЕХРО-2020 дүниежүзілік көр­ме­сі ашылады. Жер-жаһан көз тігіп отырған айтулы шараға Қазақстан да қатысады. Бұл Таяу Шығыс ай­ма­ғында ұйымдастырылып отырған алғашқы дүние­жү­зілік көрме.

Дүниежүзілік көрме – Дубайда

ЕХРО-2020 көрмесі былтыр өтуі керек еді. Алайда коронавирус пандемиясы­на байланысты шараның мерзімі бір жылға шегерілді. Көрменің ұйымдастыру ко­ми­те­ті ­хабарлағандай, оған әлемнің 192 елі қатысады. Келер жылдың 31 наурызына дейін жалғасатын көрмені шамамен 25 млн адам тамашалайды деп күтілуде. Олардың 20 пайызын бизнес өкілдері құрамақ. 182 күнге созылатын шараға келушілердің 70 пайызы шетелдік туристер болмақ. Көрменің жалпы аумағы 438 гектар жерді алып жатыр. Көрме Дубай мен Абу-Даби қалаларының аралығында орналасқан.

­Таңдалған тақырып – «Ақыл-ойды бірік­ті­ре отырып, болашақты қалыптастыру». ЕХРО-2020 үш салалық тақырыпқа бөлінген – «Мүм­кіндіктер», «Мобильділік» және «Тұрақты даму». Алғашқысы адам әлеуетін да­мыту, тұлғалық өсу, инновацияларды ілге­рі­лету және жұмыспен қамту секілді бағыт­тарды қамтиды. «Мобильділік» тақыры­бына фи­зикалық ұтқырлық, ақпараттық технологияларды тарату, тауарлар мен ресурстарды бө­луге қол жеткізу бағыттары тән. «Тұрақты даму» – экожүйенің жайлы өмір салтына, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға әсері.

QazExpoCongress ұлттық компания­сы» акционерлік қоғамының хабарлауын­ша, Қазақстанның ұлттық павильоны «Мүм­кін­діктер» салалық тақырыбында орна­лас­қан. Оған жақын маңда Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ, Швейцария, Қытай Ха­лық Республикасы, Аустрия, Жапония, Үндістан, Сауд Арабиясы Корольдігі, Бе­ла­русь секілді мемлекеттердің павильондары, сондай-ақ Emirates Airlines, DP World, ENOC секілді алпауыт компаниялардың корпоративтік павильондары орналасқан.

Павильон бейнесі дәстүрлі шығыс сәуле­ті­нен шабыт алған заманауи цифрлы ше­шім­дер мен дәстүрлердің синтезін, сондай-ақ Қазақстанның ашықтығын бейнелейді. Павильон 3 қабаттан тұрады. Екі қабатында 4 көрме аймағы бар. Павильон аумағы – 3 400 шаршы метр. Ол орта санаттағы павильон­дар­ға жатады.

павильон

1 қазанда көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Қазақстанның ұлттық павильоны да сол күні келушілерді қабылдай бас­тай­ды. Көрме аясында 1 желтоқсанда Қа­зақстан Республикасының Ұлттық күні өтеді. Сонымен қатар шара барысында елі­міз­дің Тәуелсіздік күніне және Наурыз мей­рамына ерекше басымдық беріледі.

Дүниежүзілік көрме индус­трия­лан­ды­ру­дың символы саналады. Мұны техникалық һәм технологиялық жетістіктерді паш ететін ашық алаң десе де болады. ЕХРО көрмелерінің ауқы­мы, ұзақтығы және келушілер саны бо­йынша халықаралық іс-шаралар арасында теңдесі жоқ. Бұл мемлекеттерді, компанияларды, халықаралық ұйымдар мен азаматтарды байланыстыратын буын іспетті.

1928 жылы халықаралық көрмелерге қатысты Конвенцияға қол қойылды. Сол сәттен бастап Халықаралық көрмелер бюросы көрмелерді өткізуді реттейтін орган са­на­лады. Алғашқы дүниежүзілік көрме 1851 жылы Лондонда ұйымдастырылған.

Көрменің екі түрі бар – дүниежүзілік және мамандандырылған. Олар 3 айдан 6 айға дейін созылады. Дубайда биыл өтетін ЕХРО-2020 дүниежүзілік көр­меге жа­тады. Ал 2017 жылы Нұр-Сұл­тан­да ұйым­дастырылған ЕХРО-2017 – ма­ман­дан­дырылған көрме. Дүниежүзілік көрме бес жыл сайын өткізіледі. Дүние­жү­зілік көрмемен салыстырғанда ма­ман­дан­ды­рыл­ған көрменің жалпы құны төмен әрі кө­ле­мі де әлдеқайда кішірек.

Дүниежүзілік көрмені соңғы рет 2015 жылы Милан (Италия) қабылдады. Ендігі ке­зек – Дубайда. 2025 жылғы көрме Жа­по­ния­ның Осака қаласында өтпек. 2020 жылғы көрмені өткізуге Дубайдан бөлек, Екатеринбург (Ресей), Измир (Түркия) және Сан-Паулу (Бразилия) қалалары үміткер болды. Халықаралық валюта қорының болжамынша, Дубайдағы көрме елдің ішкі жалпы өніміне оң әсер етпек. Сондай-ақ 277 мың жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.