Мемлекеттік комиссия мүшесі, Жобалық кеңсе басшысы Сабыр Қасымов өз сөзінде «Егер бүкіл Кеңес халқы үшін трагедия 1937-1938 жылдары, сол сияқты «Үлкен террор» жылдары болса, онда Қазақстан және оның халқы үшін бұрын-соңды болмаған трагедия мен нағыз апат 1928-1933 жылдар болып табылады. Осы жылдары большевиктік-сталиндік режімнің халыққа қарсы алдын ала әзірлеген саясаты, сондай-ақ Қазақстандағы оның «тағайындаған» қолдаушыларының қабылдаған мемлекеттік шешімдері нәтижесінде, мемлекет тарапынан қазақ халқының жалпы санының жартысынан айырған адамгершілікке жатпайтын науқандар жүргізілді... Нақ осы ірі байлар мен кулактарды, орта шаруалар шаруашылығы мен мүліктерінің жоғарыдан түсірілген жоспар арқылы жаппай тәркіленуі халық өмірінің материалдық негізінің жойылуына жол ашты», деді.
Семинар жұмысында репрессия кезеңінің лексикасында «тәркілеу» терминімен қатар «экспроприация» термині қолданылатыны аталып өтілді. Сөздіктер мазмұнында осы ұғымның синонимдерін келесідей терминдер құрайды: «тонау», «тартып алу», «алып қою», «қол сұғу». Дәл осы терминдер Қазақстан тұрғындарының бүкіл мүлкі тәркіленді деп сипаттауға жарайды.
Семинар модераторы С.Қасымов зерттеушілер мен бүкіл қоғамды жалпы тақырып бойынша, сондай-ақ жекелеген фактілерді де саясиландыруға жол бермеуге, осындай ауыр жылдары бұрынғы кеңес елінің барлық халықтары зардап шеккендіктен, өзге халықтар мен мемлекеттерді айыптамауға шақырды.
Семинарда атап өтілгендей, зерттеушілердің алдын ала зерттеу мәліметтері бойынша «Қазақстанда 54 мың шаруашылық тәркіленген: отағасы мен олардың отбасы мүшелері сотталды, жер аударылды және т.б. Егер орта есеппен бір отбасының бес мүшесін алсақ, онда қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды және тиісінше құрбандар саны екі жүз мыңнан астам адамды құрайды».
Семинар модераторы атап өткендей, іс жүзінде құрбандар көп болған, өйткені «бай-кулактарға» қатысты «ауызекі айып тағу» қолданылған, сот пен тергеусіз «бай-кулактардың» көп бөлігі тәркілеуге ұшырады, қамауға алынды, тәркілеу жөніндегі уәкілдердің және өңірлік ОГПУ басшыларының (өкілдерінің) ауызша нұсқауы бойынша қоғамдық кеңестер арқылы жер аударылды.
Сондықтан да тәркілеу мен жер аударудың көптеген құрбандары есепке алынып, есеп кітабына тіркелмегендіктен құжаттық дәлелдер қалдырылмаған. «Біздің алдымызда саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде олардың санын анықтау міндеті тұр. Бұл жұмыстың бағыттарының бірі – олардың ұрпақтары және басқа да ақпарат берушілермен сауалдама жүргізу... Біз күштеп тәркілеудің құрбандарының, әсіресе балалардың аурудан, аштықтан, мәжбүрлі босқындықтан, суықтан, жер аударылу салдарынан қанша адам қайтыс болғанын зерттеуіміз керек. Адам шығыны көп болды. Неліктен тәркіленген және қуғынға ұшыраған нақты отбасының мысалында адам шығынын зерделемеске. Дәл осы жұмыстар еріктілердің, журналистердің, телеарна және әкімдіктің идеология сала бойынша қызметкерлерінің міндеті әрі борышы», деді С.Қасымов.
Семинарға қатысушылар зерттеу жұмыстарымен өзара тәжірибе алмасып, бірқатар жаңа материалды, жазықсыз қуғын-сүргін құрбандарының жаңа есімдерін ұсынып, одан әрі қарай зерттеу жоспарларын белгіледі.