Үкімет • 22 Қыркүйек, 2021

Ұлттық архив ұлттық ресурстар қоймасына айналды – Мамин

251 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық архивінің 15 жылдығына арналған конференцияның ашылу салтанатында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің құттықтау сөзі оқылды, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық архив ұлттық ресурстар қоймасына айналды – Мамин

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен орайлас келген 15 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде мемлекет тарихының деректі ескерткіші, құндылықтар қазынасы саналатын Ұлттық архив Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Және архив тарихи, ғылыми, экономикалық, саяси маңызды құжаттарды сақтаушы ұлттық ресурстар қоймасына айналды. Жас мемлекеттің жаңа тарихын мазмұнымен байытып келе жатқан елеулі оқиғалардың шежіресін жинау, еңселі егемендігіміздің әрбір сәтін болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыру, көздің қарашығындай сақтап қалу – сіздер атқарып жатқан изгілікті іс екені сөзсіз.

Отандық архив ісі саласын жетілдіру, құжаттық мұраны сақтаумен қатар шетелдік әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнатып, халықаралық ынтымақтастықтың дамуына қомақты үлес қосып келесіздер. ҚР Ұлттық архиві ұжымына өзімнің және ҚР Үкіметінің атынан толағай табыс тілеймін. Еліміздің егемендігін ұлықтайтын жобаларды жүзеге асырып, Тәуелсіздігіміздің асыл қазынасы саналатын архив құжаттарын саф алтындай сақтап, құнды деректермен толтыра беретіндеріңізге сенім білдіремін. Осындай ерекше, маңызды күні сіздерге жаңа шығармашылық жетістіктер, игі бастамаларыңызға табыс тілеймін», деді Премьер-Министр.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Ресейден архив өкілдері мен мамандары қатысуда.