Білім • 04 Ақпан, 2014

Талай қазақ баласы өзбек мектебінде оқып жүр

719 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бәлкім, бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ шығар. Бірақ, Сайрам ауданында қазақтың бірталай ұл-қыздары өзбек сыныптарында оқып жүргені рас. Облыстық білім басқармасының үлкен жиында айтқан мәліметіне қарағанда, бүгінде 150 қазақ баласы өзбек мектептерінің партасында отыр. Бұл мәселені алғаш рет облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Балқия Көмекбаева айтқан болатын. Іле-шала облыстық мәслихаттың депутаттары мәселе етіп көтерді. «Өзбек мектептерінде оқитын оқушылардың бірінің анасы өзбек, бірінің әкесі өзбек. Тіпті, Манкент ауылынан интернат та аштық. Бірақ ата-аналар балаларын онда бергісі келмейді. Ал, біз ешкімді мәжбүрлей алмаймыз» деп жауап берген болатын халық қалаулыларының сұрағына облыстық білім басқармасының басшылары. Оңтүстікте бұл мәселенің күн тәртібінен түспей келе жатқанына біраз жылдардың жүзі болды. О баста өзбек сыныбында оқитын қазақ оқушыларының саны 350 болған екен. Қазір ол 150-ге төмендепті. Өзбек сыныбында оқитын қазақ оқушылары негізінен Сайрам ауданының Аққала және Манкент ауылдарында кездеседі. Бұл жағдай мүмкіндіктің жоқтығынан емес, ата-аналардың өз балаларын өзбек сыныбына беруінен туып отыр. Болмаса өңкей өзбек ауылында тұратын бірлі-жарым қазақ отбасылары амалының жоқтығынан балаларын өзбек мектебіне беруге мәжбүр. Әйтсе де, өзіңіз ойлаңызшы, әңгіме өзбек мектебінде оқып жүрген қазақ балалары туралы болып отыр. Бірақ, «ата-анасының бірі өзбек ұлты» дегенді қалай түсінуге болады? Әкесі өзбек болса, ол баланы қалай қазақ деп айтамыз? Анасы өзбек, әкесі қазақ болса бір сәрі? Яғни, бұл жерде «ата-анасының бірі басқа ұлт» деп, елді шатастырудың қажеті жоқ. Осы мәселе бойынша жақында Сайрам ауданына қарасты Аққала ауылында болып қайттық. Мұнда 360-тан астам түтін бар. Жолы нашар демесеңіз, Аққалада жарық, су, көгілдір отын, бәрі бар. Осы ауылдың тұрғыны Омар Умербековтің 4 қыз, 1 ұлы бар екен. Өзі қазақ, шешесі мен әйелі өзбек ұлтынан. Ала тақиялы ағайындармен араласып, үнемі өзге тілде сөйлегендіктен болар, Омар ағаның өзінің де, ұл-қыздарының да тілі де, түрі де өзбек ұлтынан аумайды. Тіл арқылы тәрбие беріледі ғой, ұл-қыздарының еңбекқор, жер өңдеуге икемі бары, отағасының өзі де шаруаға пысық екені там-тасынан-ақ көрініп тұр. «Үлкенім мектепті өзбекше бітіріп, қазір Шымкентте оқиды. Балам мектепке дейінгі даярлық тобын өзбек тілінде оқып, биыл ашылған қазақ сыныбына бердім. Балаларды қазақ мектебіне апарып оқытайық деген ой мазалайды, бірақ, қазақ мектебі алыс орналасқан. Екіншіден, қыздарым 6-9 сыныптарда оқығандықтан енді қазақ сыныбында сабақты игеріп кете ала ма, жоқ па, ол жағы да алаңдатады. Жақында мектептің директоры жиналыс жасап «Қазақшы оқимын деген оқушыларды көрші Ақбұлақ ауылындағы мектепке беріңіздер» деген. Бірақ, оған жағдайымыз жоқ, күн сайын балаларды апарып-алып келу де оңай емес. Аудандық білім бөлімі ба­лалардың қатынап оқуы үшін көлік береміз депті. Оған да күмәнмен қараймыз, өйткені, біздің ауылда қыс ауасында жол қатынасы қиын», дейді бізбен әңгімесінде Омар Умербеков. «Аққала» жалпы орта мекте­бінің 9-сынып оқушысы Эльвира Умербековамен сөйлескенімізде: «Қазақша оқығым келеді, бірақ қатынап оқуға жағдайымыз жоқ. Сыныбымызда мен ғана қазақ­пын. Егерде қазақша мектепке ауыссам оқып кете аламын»,  деді. Ал, Зухра, Фатима Құралбаевалар өзбек мектебіне бауыр басып қалғанын айтады. – «Аққала» жалпы орта мектебінде бүгінде 517 оқушы білім алуда. 75 мұғалім сабақ береді. Осы уақытқа дейін таза өзбек мектебі еді, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап 1 қазақ сыныбын аштық. Онда 10 бала оқиды. Оның 5-уі қазақ, 5-уі өзбек. Қазақ балаларының саны аз болғандықтан, амал жоқ, 5 оқушыны өзбек сыныбынан ауыстырдық. Бұл сыныпқа қазақ тілін меңгерген өзбек мұғалімдері сабақ береді. Жалпы, қазақ пен өзбек оқушылары өте тату-тәтті тұрады, – деді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шакир Толаметов. Жалпы алғанда,  Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын 717 444 өзге ұлт өкілінің 83,5 пайызына өз ана тілінде білім алуларына толық жағдай жасалған. Облыстық білім басқармасының бастығы Альбина Елшиеваның айтуына қарағанда, өткен оқу жылында 1019 мектепте 74 пайыз оқушы қазақ сыныбында, 10,8 пайызы орыс сыныбында, 15,1 пайызы ұлттық топтарда білім алған. Әйтсе де, бүгінде Оңтүстікте мемлекеттік тілде білім алуға құлшыныс танытып отырған өзге ұлт өкілдерінің қарасы көп екені көңіл қуантады. Осылайша, өзбек мектептерінде білім алатын қазақ балаларының да мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.