Жуырда (2014 жыл, 10 қаңтар) газетімізде жарияланған Айнаш Есалидің « – Нестеватсын? – Ойнавотрм» атты ғаламтордағы сыпыра сауатсыздық туралы мақаласы жұртты мазалап жүрген мәселені дөп басқаны байқалды. Әлеуметтік желілердегі жаппай қате жазуға қатысты көтерілген мәселенің айтылған жерде қалмауына мүдделілік танытқан елжанды азаматтар көптеп табылып, редакцияға хабарласып, тілге жанашыр жандар мақала үшін алғысын білдіріп жатты.
Агенттегі сауатсыздық дерті алыс шетелдерде «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жатқан жастарымызды да бейжай қалдырмай, Лондоннан, Мәскеуден газет сайты арқылы үн қатып, дүниежүзін жайлап бара жатқан келеңсіз құбылыстан құтылуға үндеді. Көкейкесті мәселенің тамырын тереңнен іздеуге ұмтылған оқырмандар пікірлерінің бір парасы төмендегідей.
Сәуле ӘБЕДИНОВА,
«Ақжүніс-Астана» журналының бас редакторы:
– «Адамзаттың өзі жеткен жетістігі өзінің түбіне жетеді» дегенді бір жерден оқығаным бар. Бұл – жетістіктен, дамудан, алға жылжудан бас тартайық деген сөзім емес. Өз басым, қашанда прогресс жағындамын. Алайда, ол «прогресс» өзге жетістіктерді жоймайтын прогресс болуы тиіс. Бүгінгі ғаламтор – адамзаттың ең үлкен жетістігі. Алайда, ол бізді ойлау, есте сақтау қабілетімізден, миды істету қабілетімізден, «темірдей логиканы» жаттықтыру құштарлығымыздан айырып барады.
«Егемен Қазақстан» газетінде журналист Айнаш Есали «– Нестеватсын? – Ойнавотрм» деген мақаласында көкейде жүрген біраз ойды ортаға салыпты. Жасыратыны жоқ, біреуден сауатсыз жазылған хабарлама не хат алсам, ол адам туралы бірден «теріс» ой келеді. Жақтырмай қаламын. Ондай хаттарды оқығың да келмейді. Жарайды, оны қойшы... соңғы кезде агенттегі сауатсыздыққа көз жұмып қарайтын болдық. «Асығыс тергенде сауаттылық туралы ойлап отыруға уақыты жоқ шығар, бұны техникалық қате деп қана қояйық» деп өзімді де, көзімді де көндірдім. Алайда, редакциямызға салақұлаш мақала жіберетін кәсіби журналистердің сауатсыздығын көргенде, мақаласын қақ бөліп, қоқыс жәшігіне лақтыра салғың келеді.
Бүгінгі ғаламтордың пайдасы өз алдына, ал зияны шаш етектен екеніне күн өткен сайын көзіміз жетіп отыр. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ». Сол көп зиянның бірі – Айнаш айтып отырған ғаламтордағы сауатсыздық мәселесі. Бұл кеше немесе бүгін пайда бола салған әлеуметтік мәселе емес. Агенттегі сауатсыздықтың тамыры тереңде. Бұл – тәуелсіздік алғалы ұлтымызға жабысқан дерт. Бұрын кеңес кезінде кітап, газет-журнал оқу сән еді. Айдаладағы қойшының өзі етігінің қонышына не кітап, не газет-журнал қыстырып жүретін...
Меніңше, агенттегі сауатсыздықтың тамыры тереңде. Бүгінгі ғаламтордағы сауатсыздар – тек ғаламторда ғана емес, өмірде де сауатсыз. Өмірінде кітап оқымағандар. Кітап оқыған адам әр сөздің дұрыс жазылуын біледі. Көркем әдебиетті былай қойып, 5-сынып оқушысы білуге тиісті қарапайым мектеп бағдарламасын білмейтіндер толып жатыр. Оның үстіне, бүгінгі мектептерді интерактивті тақтаға, компьютерге толтырып тастадық. Құдды бір алға дамып кеткеннің ең жоғарғы көрсеткіші сол сияқты. Меніңше, мектеп оқушысы қаламмен дәптерге жазып, бормен тақтаны шимайлап, күн сайын өзінің грамматикалық қатесімен іс жүзінде қайта-қайта жұмыс істеп отырмаса, ол қанша жерден білімді болғанымен, сауатсыз адам болып қалыптасады. Ал сауатсыз адамды білімді деуге бола ма? Бүгінгі жастардың білімі басында емес, қолындағы байланыс құралында (ұялы телефон, планшет, компьютер, т.б.). Ашып жіберіп кез келген мәліметті айтып бере алады. Ал қолындағы құралын тартып алсаң, қауашақтың бостығы сонша, көзі алақ-жұлақ етіп, меңдуана жеген қойдай мәңгіріп қалады. Бүгінде ең білімді деген оқушының қолына осының бірін де ұстатпай, құр қағаз-қалам беріп, сауатын тексеріп көрсек, ұяттан оның емес, өзіміздің бетіміз қызаратыны анық. Сондықтан, менің ойымша, сауатты ұрпақты мектеп қабырғасында өзіміз оқытып, дайындап шығаруымыз керек.
Нұржол ТАБИҒАТ, оқырман:
– Алғаш интернетке тіркелген уақытым 2008 жылдың басы екен. Жазатын жерде сауатты жазуға болады, былайша қысқартып жаза салғанда тұрған ештеңе жоқ сияқты және солай бола береді де. Бұл, әсіресе, ағылшын тілінде өте жақсы дамыған.
Мен айтар едім, бұл көтерілген дабыл тек қана интернетке қатысты емес. Мысалы, шетелдіктер бұны жақсы қабылдап, тез бейімдеп, «Text Messaging Abbreviations & Shortcuts», «Internet linguistics» сынды тақырыптармен өз алдына бір тақырып көтеріп, жүйелей білген. Бұлар болары болып, бояуы сіңген соң, біздікілер ендігі ғасырда оны қазақшалатып жататын шығар... Күлкілі болмағанда, мұңлы болар еді. Кез келген құбылыстан жақсылықты жасай алмай, көш соңында қалып кететін кей жағдайлардың кей себептерінің бірі осы қасиет болар.
Әуесбайдың ҚАНАТЫ, Лондоннан:
– Өкінішке қарай, жөнсіз қысқартып жазу, сөзді бұрмалап жазу тек Қазақстан емес, әлем жастарының әдетті дерті дер едім. Мұндай тілдік дерт ағылшын тілінде де бар. Көбіне мұндай әдет дұрыс жазу талабы қойылмайтын әлеуметтік желілерде көп кездеседі. Алайда, меніңше, фейсбуктағы парақшаның иесі ондай комменттерді өзі өшіріп отыруы тиіс. Сол кезде ғана парақша иесіне деген құрмет артады. Өйткені, адамдар сауатты жазылған жазба-пост пен комменттерді жоғары бағалайды. Осылайша коммент жазушылар өздері де сауатты жазуға машықтанады. Ал, түрлі деңгей, тақырыптардағы сайттарда мұндай шолақ жазуларға тыйым салуға болады. Яғни, сайт модераторы келте комменттерді өшіріп немесе компьютер тілімен айтсақ, бан жасап отырады.
Илхам ИБРАГИМ, «Астана» телеарнасы арнайы жобалар бөлімінің басшысы:
– Осындай жазулар төбе шашымды тік тұрғызады. «Слм, не жнк, не истеп» деп жазып жүргендердің көбі студенттер. Ал оқушылар туралы айтудың өзі артық. Микроблогтан оқығаным: – каз кутшиш, апай тактага шакырватр. О, Құдай!!! Бұл дегені сабақта да сол «күйік» агент. Жеке басым осылай жазатындарға жауап жазбаймын. «Онсыз да тілім-тілім болған тілім-ай» дейсің де қоясың. Ал виртуалды әлем жақын-жуықтан алыстатып жатқаны бөлек әңгіме. Адамды жындандырып, оқшауландырып барады. Бұл өз басымыздан да өтті. Сондықтан бірте-бірте онлайн өмірден бас тарта бастадым.
Қазыбек ДӘУІТАЛИЕВ, Мәскеуден:
– Көтеріліп отырған мәселенің ерте ме, кеш пе, емі табылатыны сөзсіз. Себебі, жаңа құбылыс өзіне тән инновациялары мен кемшіліктерге әрдайым толы болып келеді. Адамның ақпарат алу бостандығын ешқандай заңмен шектеу мүмкін емес, бірақ қандай да бір әкімшілік-құқықтық мәртебеге ие болса, сол қатынастың мәнінен шыға отырып шектелуі мүмкін. Бұл жанрды бәлкім постклассикалық вульгаризмге жатқызуға болатын шығар. Өзім де агенттен не т.б. әлеуметтік желіде жедел хабар алмасып отырғанда ойды қысқа жеткізуге тырысамын. Өйткені, маңыздысы ақпарат алмасу, оның эстетикалық қыры емес. Бәлкім, ағылшын тілінің америкалық нұсқасына ұқсап болашақта тіл шұбарлануы мүмкін деп қауіптенуге болатын да шығар. Алайда, «нестеватсын» дегенді тараздықтарда бұрыннан бар редиалект дейді ғой жұрттар.
Арман:
– «Түсінікті тілмен» айтқанда: «Осны оқғанда неойлавотсыз?» ... депсің, «Айтнва?» «Бдан қутлу қинғо». Түсіндің бе, Айнаш? «Айтайын ба?» «Бұдан құтылу қиын ғой» дегенім ғой.
Дегенмен, жүрегіңде қазақтың намысы, тамырында қазақтың қаны бар қазақтың әр жасы (жүректі жігіттері мен қылықты арулары) ана тілін бұлай қорлауға жол бермеуі тиіс! Мен дәл солай боларына сенгім келеді!
Оралхан, оқырман:
– Айнаш төгілтіп тұрып жазған екен, мақала өте керемет шығыпты. Шынында, жастар смс жазған кезде қате-қате, сауатсыз жазады. Баяғының қыздары жігіттен хат алған кезде арасынан қате көп шықса, қызыл сиямен шиедей қылып қайтадан салып жіберетін. Қазіргі қыздарда намыс жоқ. Сосын автобусқа кіріп қалса, елдің бәрі соткасына үңіліп отырады. Өткенде балдызымды пойызға шығарып салдым. Сонда вокзалдың залында бір сағаттай отырдық. Ойпырмай, әңгімелесіп отырған адам аз. Елдің бәрі төмен қарап шұқшиып, телефондарын шұқылап отыр. Масқара, құдды бір зомби сияқты. Осы сорақылықты Айнаш жақсы суреттепті.
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, «Ана тілі» газетінің тілшісі:
– Мақалада көтерілген мәселе өте орынды деп санаймын. Иә, шын мәнінде ғаламтордағы, әлеуметтік желілердегі сауатсыз жазылған «быдық» сөйлемдерді көріп шошитын халге жеттік. Сөзді қысқартып жаза салу, әріптік, стилистикалық ережені сақтамау белең алды. Бұл тілдің әуезділігін, әсемдігін, көркемдігін, әдемілігін, шұрайлылығын жоюға апаратын құбылыс. Тілді бұзуға, сөзді «мүгедек» етуге ешкімнің қақысы жоқ. Өкінішке қарай, бұл үрдіс барған сайын күш алып, кең тарап барады. Мұның ар жағында тілге деген жауапкершіліктің жоқтығы, төмендеуі жатыр. Бір сөзбен айтқанда – сорақылық. Мүкістік. Тілге бейжай қараған адам өмірге, қоғамға да солай қарайды деген сөз. Ата-бабамыздың қанымен, анамыздың ақ сүтімен берілген ана тілімізді қисық-қыңыр жазулардан сақтайық.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, профессор:
– Айнаш Есалидың мақаласы оқырманның назарын қоғамның, ғылым мен техниканың дами түсуіне байланысты қазіргі қазақ қоғамын аса бір қауіпті рухани дерттің дендеп бара жатқанына аударыпты. Қазір жер бетін жаһандану елесі кезіп жүр. Жаһанданусыз қоғамдық даму жоқ. Жаһандануды пайдалана білмесек, от басамыз. Соның бір нышаны – осы Айнаш көтеріп отырған жағдай. Осы бізге қажет пе, пайдалы ма, залалды ма деген сияқты сауалдарға жауапты ұлттық мүдде тұрғысынан іздеу керек. Әлемдік жаһандануға байланысты көп мәселелер ойланбай шешіліп жатқандықтан да қазіргі қазақ қауымы рухани дертке ұшыраған. Бұл мәселеге қазақтың ұлттық мүддесі тұрғысынан келмейінше, дұрыс шешімін табуы қиын деп білемін. Рухани-қоғамдық өміріміздің осы сияқты ұлтымыздың болашағына қауіп төндіріп, шешімін күтіп тұрғандары қаншама. Қазақтың мәселесін бүкіл ел болып шешетін кез келген сияқты.
АЛМАТЫ.