НАҚТЫ ЖЕР ТЕЛІМІНІҢ НАҚТЫ ӨТЕУІ ҚАЙДА?
Елбасы Жолдауында айтылған Жетіген – Қорғас темір жол құрылысы Алматы облысына қарасты Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ және басқа аудандардың жерін басып өтеді. Баршамыз да мемлекеттік маңызы бар бұл істі қуана қарсы алдық. Темір жол құрылысы мемлекет меншігіндегі табиғи шабындықтар мен мал жайылымдарын, сонымен бірге жол ауылдардың маңдарына салынғандықтан, шаруа қожалықтарының суармалы жерлерін де басып өтеді. Талғар ауданындағы Нұра ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтарына берілген түсініктемеде бізге осындай суармалы жер телімдері берілетіні немесе шығындарымыздың өтемі төленетіні айтылған еді.
Қазір жердің қадірі мен бағасын бәріміз де білетін болдық. Бала-шағаның нәпақасын осы жер арқылы тауып отырғанымыз анық. Темір жолдың қажеттігін барынша түсіне отырып, біздің шаруа қожалықтарымызға 49 жылға жалға берілген жеріміздің темір жол құрылысы үшін алынған телімдеріне өтем талап етуге құқылы болсақ керек.
Осы хатқа қол қойған шаруа қожалықтарының жетекшілері “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы басшыларынан өз талап-тілектерімізге нақты жауап ала алмай жүргенімізді назарға салғымыз келеді. Егер талабымыз жергілікті атқарушы органдар тарапынан шешілетін болса, бізге баламалы жер телімдері берілуі тиіс, егер ҚТЖ тарапынан шешілетін болса Жер кодексінің 84-бабының 4-тармағына сәйкес шыққан шығындарымыз өтелуі керек.
М.СЕЙІТОВ, Т.СЫРҒАБАЕВ, Ж.СМАИЛОВ, С.НҮСІПЖАНОВ, Нұра ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтарының жетекшілері.
Алматы облысы.