Саясат • 23 Қыркүйек, 2021

ТМД Қарулы Күштерінде бірлескен байланыс жүйесі құрылады

165 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен төменгі Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобасын мақұлдады.

ТМД Қарулы Күштерінде бірлескен  байланыс жүйесі құрылады

Атап айтқанда, отырыста «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мем­лекеттер Қарулы Күштерінің бір­лескен байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған құжат жөнінде Қор­ғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев баяндама жасады.

Келісімге сәйкес тараптар Келісімге қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күш­тері арасындағы өзара іс-қимылды дамы­ту мақсатында ТМД-ға қатысушы мем­ле­кеттер Қарулы Күштерінің бірлес­кен (біріккен) байланыс жүйесін құрады.

Бірлескен байланыс жүйесінің ұйым­дық-техникалық құрылымын қалыптас­тыру, оны құру және жұмыс істеу қағи­даттары ТМД үкіметтері басшыларының кеңесі бекітетін Ережеде айқындалады.

Вице-министрдің айтуынша, келісім Қарулы Күштердің бірлескен байланыс жүйесін құруды көздейді. Құжатқа 2020 жылғы 29 мамырда қол қойылған.

«Бірыңғай техникалық тәсілдер және қазіргі заманғы әскери техникамен, байланыс жабдығымен басым түрде жарақтандыру негізінде құрылып жатқан байланыстың бірлескен жүйесі мемлекеттер Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығын арттырады», деді Тимур Дәндібаев.

Сонымен қатар «Тәуелсіз Мемлекет­тер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен гумани­тарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Келісім Достастыққа қатысушы мем­ле­кеттер Қарулы Күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инже­нерлік бөлімшесін қалыптастыру, қолдану және оның қызметін аяқтау тәртібін, оның қабылдаушы/транзиттік тараптың аумағындағы мәртебесін, сондай-ақ әскери қызметшілердің гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезеңіндегі мәртебесін айқындайды.

Келісімде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер болып табылмайтын мемлекет­тердің аумақтарында гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға Бірлескен бөлімшені тарту мүмкіндігі көзделген.

Қазақстан Республикасы мұндай бағыт БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес қана мүмкін болады деп есептейді. Осыған байланысты, Келісімге ескертпемен қол қойылды.

«Бірлескен бөлімшенің негізгі мін­деттері – мина алаңдарына және жарылу қаупі бар заттардың болуына техникалық барлау жасау, сондай-ақ оларды минасыздандыру», деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Оның айтуынша, гуманитарлық минасыздандыру операцияларына қатысу үшін ұлттық инженерлік бөлімшені жіберу туралы шешімді жіберуші тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды.

Жалпы отырыста Палата комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Атап айтқанда, «Сот жүйесі мен судья­­ларының мәртебесі туралы» Конс­ти­­туциялық заңға түзетулер енгізу, «Сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жо­ба­сы бар. Сондай-ақ «Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының үкімет­тері ара­сындағы халықаралық салық тәр­­­ті­­бін жетілдіру туралы келісімді ра­ти­­­фи­­­ка­­­ция­лау туралы» заң жобасы да қаралады.

Жалпы отырыста жетінші шақыры­лым­дағы Парламент Мәжілісінің өкілет­тіктерін іске асырудың екінші сессияға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.

Елімізде биыл орын алған қуаң­шы­лыққа байланысты депутаттар су мә­селе­сін депутаттық сауалдар арқы­лы бір­неше рет көтерді. Осыған сәйкес, халық­ты ауыз сумен қамтамасыз ету және су тұтынуды тиімді реттеу бойын­ша Мем­лекет басшысының тапсыр­масы аясын­да су саласын дамытуға қатыс­ты пар­ламенттік тыңдау өткізу жоспар­ланған. Сонымен қатар депутат­тар парла­менттік қызметтің өзекті мәселелері бойынша «Үкімет сағаттарын», комитет­тердің бес көшпелі отырысын өткізуді көздеп отыр.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауал жолдады. Депутат Сәлімжан Нақпаев ауылдық жерлерде медициналық мамандардың жетіспейтінін айтып, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдады.

«Соңғы кезде министрлік, облыс әкімдіктері тарапынан ауылдық елді мекендерге медицина мамандарын тарту үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Мамандарды ауылдарға жұмысқа жібе­ретін «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасы жұмыс істейді. Жергілікті әкім­діктерден көтерме жәрдемақы беріледі. Соған қарамастан облыстарда, соның ішінде шалғай аудандарда кейбір дәрігер мамандар әлі де жетіспейді. Мысалы, кез келген медициналық операцияларда өте қажетті анестезиолог-реаниматолог, сол сияқты инфекционист, травматолог, пульманолог, эндокринолог сияқты мамандар көптеген ауданда жетіспейді. COVID-19 сияқты ауыр науқастан жазыл­ған адамдарға реабилитолог қажет. Ол жоқтың қасы. Оларды айтпағанда, акушер-гинеколог, хирург, фтизиатор сияқты мамандар да шалғай аудандарда жетпей жатыр», деді С.Нақпаев.

Депутаттың айтуынша, алыс аудандарда осындай кадр жетіспеуіне байланысты өздеріне келіп түскен науқастарды санитарлық авиация шақыртып, облыс орталықтарына жіберуді жиілеткен. Бұның бәріне бюджеттен қаражат керек. Бұл – бүкіл облысқа тән проблема.

Бауыржан Сартбаев жаңа мектептердің құрылысын бақылау құзыретін Білім және ғылым министрлігіне беруді сұрады. Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауа­­лын­да депутат жаңа мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің тиісті құрал-жабдықтарсыз, атап айтқанда, химия, физика, биология, география және үйірме кабинеттерінсіз пайдалануға берілуі қаншалықты қисынды екенін сұрады.

«Біріншіден, оқушылардың орын тапшылығы деңгейінің нақты қажет­тіліктеріне сәйкес мектептерді жобалау, құрылысын болжау және жаңартуды сараптамалық сапалы деңгейде жоспарлау қажет.

Екіншіден, ауылдық жерлердегі модульдік мектептердің типтік жобаларын дайындау бойынша түсініктеме беру керек. Үшіншіден, мемлекет қаражаты есебінен мектептердің құрылысы кезінде қолайлы білім беру ортасын құруды ескеру қажет. Мектеп басшылары ғимарат салу кезінде 2 спорт залды қарастыруды сұрайды. Ол үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, білім беру ұйымдарын пәндік кабинеттер және қосымша білім алуға арналған құрал-жабдықтармен әрі жиһаз­дармен толық жабдықталуды қамтамасыз етуді қарастыру қажет.

Төртіншіден, оқушылардың орын тапшылығын шешуге бағытталған заманауи білім беру ортасын құру және сапалы білім алуына тең қолжетімділігін қам­тамасыз ету мәселесі Білім және ғы­лым министрлігінің қарауында екен­­дігін ес­керіп, жаңа мектептердің құры­лысын бақылау құзыретін де осы орталық мемле­кет­тік органға беру керек», деді депутат.

Дариға Назарбаева Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында жер қойнауын пайдалану саласындағы проблемаларды көтерді. Оның айтуынша, соңғы жылдары жер қойнауын пайдалану саласында көптеген проблема шешімін таппай келеді. Басты мәселелердің бірі – қабылданатын шешімдерде ашықтық пен жоғары сапалы геологиялық ақпараттың болмауы.

«Сізден саланың дамуына ғана емес, жал­пы ел экономикасына үлкен залал кел­ті­ретін басқа да бірқатар проблемаға назар аударуыңызды сұраймын», деді депутат.

Сондай-ақ Андрей Линник, Қайнар Абасов, Дания Еспаева, Ирина Смирнова, Ерлан Саиров, Айқын Қоңыров, Серік Еру­баев, Ғазиз Құлахметов, Аветик Амир­ханян депутаттық сауалдарын жариялады.