Өңірлік саясатты жетілдіру ісі – елімізді дамытудың, халықтың атқарушы билікке деген сенімін арттырудың, азаматтық қоғамның әлеуетін тиімді пайдаланудың тиімді жолы. Аталған бағытта қолға алынған ауқымды шаралардың оң нәтижесі қоғамда анық байқалып отыр. Оған жергілікті жерлердегі әлеуметтік-экономикалық қордаланған мәселелердің шешіле бастағаны, тұрғындардың өз өңірлеріндегі, ауылдарындағы түйткілдерге байланысты шешімдер қабылдауға қатысуының деңгейі өсе түскені, төртінші бюджетті қалыптастыру бағытында нақты әрі жүйелі шаралардың қолға алынуы және басқа игі қадамдар айғақ.
Жалпы, өңірлік саясатты жетілдіру жұмысы елімізде ұдайы жүргізіліп келеді. Мәселен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында басқаруды орталықсыздандыру, өңірлік саясатты жетілдіру ісін сауатты жүргізу қажет екеніне баса назар аударып: «Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру», деген болатын.
Елбасының салиқалы саясатын бүгінгі сын-қатерлерді, жаңа талаптарды ескеріп, сабақтастыра жүргізіп келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік саясатты жетілдіру саласының бір бөлігі – жергілікті өзін өзі басқаруды ілгерілету, әкімдердің жауапкершілігін арттыру, азаматтық қоғамды дамыту мәселесіне баса мән беріп отыр.
Бүгінде жергілікті билік органдарының жұмысын жандандыру мақсатында оларды қаржылық және кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұрған өткір мәселе ретінде қарастырылуда. Азаматтарға өңірлік, ауылдық маңызы бар түрлі мәселелерді өздерінің араласуымен және тыңғылықты шешуіне нақты мүмкіндік беру – қордаланған түйткілдердің түйіндерін тарқату үшін азаматтық қоғамның әлеуетін тиімді пайдалануға жасалған сенімді қадам.
Президент осы орайда қоғамдық бақылауды, жергілікті жерлердегі жағдайларға азаматтық қоғамның ықпал етуін күшейту үшін ауыл әкімдерін сайлауға ерекше маңыз бергенін, алдағы уақытта аудан әкімдерін де сайлауды жүзеге асыруға ниет білдіріп отырғанын атап айтқан жөн. Осылайша, халықпен түсінісіп тікелей жұмыс істейтін және мәселені жергілікті жерлерде шешуге қабілетті әкімдерді ашық бәсекелестік негізінде іріктеп, солар арқылы әкім институтының деңгейін көтеру жұмысы жалғасатын болады.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, азаматтарды жергілікті жерлердегі барлық мәселелерді шешуге кеңінен қатыстыру, оларды жергілікті биліктің жұмысын бақылауға белсене араластыру – өзін өзі ақтаған үрдіс. Қазіргі заман беталысы да осыны талап етіп отыр. Сондықтан Президент бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды өз Жолдауындағы негізгі міндеттердің бірі ретінде атады. Бұл – түсінген жанға өркениетті даму жолы, қоғамды толыққанды демократияландырудың нақты қадамы.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс екенін айта келіп, мұның бірінші кезекте жергілікті билікке қатыстылығын атап өтті.
«...Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешумен дәл осы әкімдіктер айналысады. Бірақ әрдайым осылай болып жатқан жоқ. Жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті кейде солардың орнына шешім қабылдауына тура келеді. Түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді.
Бұл, негізінен, әкімдердің халық алдындағы қазіргі жауаптылық деңгейі жеткіліксіздігіне байланысты екенін мойындаған жөн. Олардың қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескеріле бермейді», деді Президент. Мемлекет басшысы осы сөздері арқылы өңірлік саясатты жетілдіру ісіне жаңа көзқарас, тиімді іс-қимыл керектігін, жұмысты ширату қажеттігін меңзеп отыр.
Бұл ретте Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру керектігін қадап айтты.
«Осыған орай тәуелсіз әлеуметтік сауалдама жүргізудің маңызы зор. Бұл тәсіл арқылы билік органдары жұмысының сапасына тұрғындардың көзқарасы туралы шынайы мәлімет алуға болады. Формальды есептерден гөрі сауалдамадан халықтың көңіл күйі анық аңғарылады. Президент Әкімшілігі осы мәселеге байланысты ұсыныстар топтамасын әзірлеуі керек», деді Президент.
Тағы бір маңызды жайт, Мемлекет басшысы өңірлік саясатты іске асыруда әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы теңсіздікті азайтуға айрықша мән берді.
«Әр аймаққа тән міндеттерді жалпыұлттық басымдықтармен дұрыс ұштастыра білу қажет. Ұлттық даму жоспары аясында азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру үшін нақты 25 міндет айқындалды. Жұмысымыздың басым бағыттары – осы. Сондықтан Үкімет пен әкімдер Өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңартуы қажет. Әрине, теңсіздікті азайтудың басты тәсілінің бірі – бюджет қаржысын басымдыққа сай жұмсау. Республикалық бюджеттен қаржы бөлу әкімдердің пысықтығына, қандай да бір жеке көзқарасқа және басқа да субъективті факторларға байланысты болмауы керек. Бюджет үдерісін «қайта жүктеу» үшін жан басына қарай қаржыландыру тетігін неғұрлым кеңірек қолданып, бюджет лимиттерін бөлудің объективті әдістемесін енгізу қажет. Бюджет үдерістерін жеңілдетіп, бюрократияны барынша азайтқан жөн. Сондай-ақ бюджетті жоспарлау мен орындау кезінде цифрлы тәсілдерді қолдануды кеңейту керек», деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін арттыра отырып, бөлшектенген бюджетті енгізу қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ Президент Үкіметке бюджет заңнамасы мен заңға тәуелді актілерге енгізілетін тиісті өзгерістер топтамасын әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, жобалардың сметалық құнын үнемі артық көрсету – аса өткір проблема. Бұл балабақша және мектеп сияқты шағын жобаларға да, ірі инфрақұрылымдық жобаларға да қатысты. Қолданыстағы нормативтік база мен тәжірибені өте қысқа мерзім ішінде түбегейлі қайта қарау керек. Осыған орай Президент Үкімет пен Есеп комитетіне биылғы 1 желтоқсанға дейін ұсыныстар енгізуді міндеттеді.
Ерекше тоқталатын мәселелердің бірі – өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру. Бұл – өңірлік саясатты жетілдірудің, жергілікті биліктің атқарушылық қабілетін арттырудың тетігі. Аталған мәселе бойынша біршама жұмыс атқарылды. Мәселен, 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығы жергілікті бюджетке берілді. Содан бері түрлі қиындықтарға қарамастан, жергілікті бюджеттердің түсімі жоспардағыдан 25 пайызға артық болған. Бұл әкімдердің жергілікті бизнесті дамытып, инвестициялар мен салықтық базаны көбейтуге қызығушылығы артқанын білдіреді. Президент осы бағыттағы жұмысты жалғастыруды тапсыра отырып, Үкіметке жыл соңына дейін тиісті ұсыныстар топтамасын әзірлеуді міндеттеді.
Президент сондай-ақ өңірлік саясатты жетілдіру аясында «Адамдар – инфрақұрылымға» қағидатының сақталуына айрықша ден қойып отыр.
«Болашағы бар ауылдарды дамытуға баса назар аудару керек. Басты мақсат – олардың Өңірлік стандарттар жүйесіне сай болуын қамтамасыз ету. Бұл ұстанымдар Аумақтық даму жоспарында бекітілуге тиіс. Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту – басым бағыттың бірі. «Халық қатысатын бюджет» орталыққа бағынатын қалалар мен облыс орталықтарында табысты енгізілді. Азаматтардың нақты сұранысына сәйкес ондаған абаттандыру жобасы жүзеге асырылды. Бұл – жақсы тәжірибе. Енді абаттандыру және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығының бюджетіндегі «халық қатысатын» үлесті 10 есе арттыру керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түйіндей айтқанда, өңірлік саясатты жетілдірудегі ортақ мақсатымыз айқындалып, ортақ міндетіміз де нақты белгіленді. Президент Жолдауынан жұрттың күткені де осы. Әрине, оның жауапкершілігі де баршамызға ортақ болуға тиіс. Өңірлер өркендесе, тұтас ел де көркейе түсері сөзсіз.