Мен, Темірбаева Нұржамал, жалғызілікті анамын, екі балам бар. 2001 жылдан бастап Астана қаласында тұрамын. Екі балама төленетін алимент 2000 жылдың қыркүйек айынан бастап төленбей қалды. Себебі, жауапкер Досекеев Сейсенқұл мен көрсеткен уақыттан бастап, Алматы қаласындағы №115 мектепте математика пәнінен мұғалім болып істей бастаған. Осы жағдайды жазып, мен Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке алимент алмайтындығым туралы арыздандым. Менің бүкіл құжаттарымды тексеріп, түгендеп Елеуов Асқар деген азамат “енді тек күтесіз” деп шығарып салды. Екі ай өткен кезде сот орындаушыға тағы бардым. “Күтіңіз, келіп қалады” деді. Дәл осындай уәдемен мені 1 жыл күттірді. Ақыры мен Елеуов Асқардың бос сөздерінен еш нәтиже шықпайтынын біліп, 2002 жылғы 11 мамырда Алматы қаласындағы сот әкімшісіне бардым. “Сізге алимент өндірілмей тұрған себебі, құжаттарыңыз кеңседе жатып жоғалып кетіпті”, деп жауап берді. Менің қолымда әлгі жоғалып кетіпті деген құжаттардың көбейтілген түрі бар еді, дереу соларды өткізіп қайтадан арыз жазып қалдырып кеттім. Туған ауылым Шуға келіп тұрып жаттым. Жұмысым жоқ, балаларға ақша ала алмай, үйімізде нанымыз да жоқ, қиналып қалдық. Біреулерге жалынып-жалбарынып, аздаған ақша қарыз алып, Алматыға тағы бардым. №115 мектептің есепшісі маған 13900 теңге ақшамды қолыма ұстатып, “Досекеев Сейсенқұл өз еркімен жұмыстан босап, басқа мектепке ауысып кетті” деді. Алматыдағы сот орындаушылар: “Біз оны мекен-жай тіркеулері арқылы іздестіреміз” деген. Одан кейін де біраз уақыт өтті, еш хабар болмады. Бәрінен күдер үзген мен Президентке өтініш жаздым. Президент Әкімшілігінен “Сіздің арызыңызды Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке жібердік” деген жауап алдым. Ол жақтан да жауап болмады. 2003 жылы мен Астана қаласына келіп, темір жол саласына жұмысқа кірдім. Әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне барып, “Менің екі балама жәрдемақы туралап бересіздер ме?” дегенмін. “Алимент алмайды деген анықтама әкелсең, көмектесе аламыз”, деді. Мен қайтадан Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке барып, “Маған енді алимент өндіріп бермедіңдер, ең болмаса алимент алмайды деген анықтама беріңдер, жәрдемақы алайын” дедім. Исаев Бақытжан деген азамат: “Мен сізге ондай анықтама бере алмаймын”, деді. “Сіздің құжаттарыңызды Досекеев Алматыда болмағандықтан, Шу ауданының сот төрағасына жібердік” деген қағаз алдым. 2004 жылы мен Досекеевтен хабар алар ма екенмін деген үмітпен Шу ауданының сот орындаушысына барып жолықтым. Досекеев Сейсенқұлға іздеу жарияланғаны туралы айтты ол жердегілер. Екі балама мектепте ата-анасы ажырасқан, не болмаса алимент алмайды деген анықтама әкелсеңдер тегін тамақ ішесіңдер депті. Сол анықтама үшін Шу ауданына бардым. Баяғы сот орындаушы сол жердің төрағасы болып отыр екен. “Мен сізге ондай анықтама бере алмаймын, күйеуіңіздің іздеуде екендігі туралы анықтама алыңыз”, деді. Төле биге барып, көші-қон полициясына жолықсам, “Сіздің қағаздарыңыз ешқашан түспеген” деді. Сонымен босқа қайтадан қайтып келдім. Ең ауыр қылмыс жасаған қылмыскерді де дәл бұлай жазаламайтын шығар. Он жыл бойы мені және екі баламды күлкі-мазаққа айналдырған сот орындаушыларға шара қолдану мүмкіндігі жоқ па, сірә?
Нұржамал ТЕМІРБАЕВА. АСТАНА.
Редакциядан: Нұржамал Темірбаеваның басындағы тығырыққа тірелген һәм шарасыз жағдай бүгінгі күні біраз әйел баласының басында бары рас. Қашқын әкелердің мейірімсіздігі қоғамдық дертке айналып отырғаны да жасырын сыр емес. Олар тудырып отырған проблемалардың шешілмей жататындығы да ақиқат шындық. Дегенмен, осы мәселелерді шешетін, осы проблемалармен айналысатын мемлекеттік мекеме қызметкерлері бар екенін несіне жасырамыз. Жоғарыдағы арыз иесінің де қолына қалам алдырған, редакцияда арыз жаздырған осындай жағдай. Оның ашынатындай реті де бар. Айдың, күннің аманында, ел тыныш, жұрт жайма-шуақ кезеңде соқталдай азаматтың із-түзсіз жоғалып кетуін қалай түсінеміз? Іздеу жарияланған Сейсенқұл Досекеевті осы кезге дейін таба алмай отырған тиісті органдардың дәрменсіздігін қалай бағалауға болады?
Нұржамал Темірбаеваның хатын жариялай отырып, редакция тиісті орындардан жауап күтеді.