05 Мамыр, 2010

“БАРАР ЖЕР, БАСАР ТАУЫМ ҚАЛМАДЫ”

669 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мен, Темірбаева Нұржамал, жалғызілікті анамын, екі балам бар. 2001 жылдан бастап Астана қаласында тұрамын. Екі балама төленетін алимент 2000 жылдың қыркүйек айынан бастап төлен­бей қалды. Себебі, жауапкер Досекеев Сейсенқұл мен көрсет­кен уақыттан бастап, Алматы қала­сындағы №115 мектепте мате­­матика пәнінен мұғалім болып істей бастаған. Осы жағ­дайды жазып, мен Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөнін­дегі комитетке алимент алмай­тын­дығым туралы арыз­дандым. Менің бүкіл құжат­тарым­д­ы тексеріп, түгендеп Елеуов Асқар деген азамат “енді тек күтесіз” деп шығарып салды. Екі ай өткен кезде сот орын­даушыға тағы бардым. “Күтіңіз, келіп қала­ды” деді. Дәл осындай уәде­мен мені 1 жыл күттірді. Ақыры мен Елеуов Асқардың бос сөз­дерінен еш нәтиже шықпай­тынын біліп, 2002 жылғы 11 ма­мырда Алматы қаласын­дағы сот әкімшісіне бардым. “Сізге алимент өндіріл­мей тұрған себебі, құжаттары­ңыз кеңседе жатып жоғалып кетіпті”, деп жауап берді. Менің қолымда әлгі жоғалып кетіпті деген құжаттардың көбейтілген түрі бар еді, дереу соларды өткізіп қайтадан арыз жазып қалдырып кеттім. Туған ауылым Шуға келіп тұрып жаттым. Жұмысым жоқ, балаларға ақша ала алмай, үйімізде нанымыз да жоқ, қина­лып қалдық. Біреулерге жалы­нып-жалбарынып, аздаған ақша қарыз алып, Алматыға тағы бар­дым. №115 мектептің есепшісі маған 13900 теңге ақшамды қо­лы­ма ұстатып, “Досекеев Сей­сенқұл өз еркімен жұмыстан босап, басқа мектепке ауысып кетті” деді. Алматыдағы сот орындаушылар: “Біз оны мекен-жай тіркеулері арқылы іздес­тіреміз” деген. Одан кейін де біраз уақыт өтті, еш хабар бол­мады. Бәрінен күдер үзген мен Президентке өтініш жаздым. Президент Әкімшілігінен “Сіздің арызыңызды Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке жібердік” деген жауап алдым. Ол жақтан да жауап болмады. 2003 жылы мен Астана қаласына келіп, темір жол саласына жұмысқа кір­дім. Әлеуметтік қамсыздан­дыру бөліміне барып, “Менің екі бала­ма жәрдемақы туралап бере­сіздер ме?” дегенмін. “Алимент алмайды деген анықтама әкел­сең, көмек­тесе аламыз”, деді. Мен қайтадан Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жө­нін­дегі комитетке барып, “Ма­ған енді алимент өн­діріп бермедің­дер, ең болмаса алимент алмай­ды деген анық­тама беріңдер, жәрдемақы ала­йын” дедім. Исаев Бақытжан деген азамат: “Мен сізге ондай анықтама бере алмаймын”, деді. “Сіздің құжат­тарыңызды Досе­кеев Алматыда болмаған­дықтан, Шу ауданының сот төрағасына жібердік” деген қағаз алдым. 2004 жылы мен Досекеевтен хабар алар ма екен­мін деген үміт­пен Шу ауданы­ның сот орын­дау­шысына барып жолық­тым. Досекеев Сейсен­құлға іздеу жа­рия­ланғаны туралы айтты ол жердегілер. Екі балама мектепте ата-анасы ажырасқан, не бол­маса алимент алмайды деген анықтама әкелсеңдер тегін тамақ ішесіңдер депті. Сол анықтама үшін Шу ауданына бардым. Баяғы сот орындаушы сол жердің төрағасы болып отыр екен. “Мен сізге ондай анықтама бере алмаймын, күйеуіңіздің іздеуде екендігі туралы анықтама алыңыз”, деді. Төле биге барып, көші-қон полициясына жолық­сам, “Сіздің қағаздарыңыз еш­қашан түспеген” деді. Сонымен босқа қайтадан қайтып келдім. Ең ауыр қылмыс жасаған қыл­мыскерді де дәл бұлай жазала­майтын шығар. Он жыл бойы мені және екі баламды күлкі-мазақ­қа айналдырған сот орын­даушыларға шара қолдану мүм­кіндігі жоқ па, сірә? Нұржамал ТЕМІРБАЕВА. АСТАНА. Редакциядан: Нұржамал Темірбаеваның басындағы тығырыққа тірелген һәм шарасыз жағдай бүгінгі күні біраз әйел баласының басында бары рас. Қашқын әкелердің мейірімсіздігі қоғамдық дертке айналып отырғаны да жасырын сыр емес. Олар тудырып отырған проблемалардың шешілмей жататындығы да ақиқат шындық. Дегенмен, осы мәселелерді шешетін, осы проблемалармен айналысатын мемлекеттік мекеме қызметкерлері бар екенін несіне жасырамыз. Жоғарыдағы арыз иесінің де қолына қалам алдырған, редакцияда арыз жаздырған осындай жағдай. Оның ашынатындай реті де бар. Айдың, күннің аманында, ел тыныш, жұрт жайма-шуақ кезеңде соқталдай азаматтың із-түзсіз жоғалып кетуін қалай түсінеміз? Іздеу жарияланған Сейсенқұл Досекеевті осы кезге дейін таба алмай отырған тиісті органдардың дәрменсіздігін қалай бағалауға болады? Нұржамал Темірбаеваның хатын жариялай отырып, редакция тиісті орындардан жауап күтеді.