05 Ақпан, 2014

«Қазақстан-Еуроодақ» семинары

400 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын­да Давоста әлемдік көшбасшылармен өткізген келіс­сөздер нәтижесінде еуропалық бағытта қол жеткізілген уағ­даластықтарды жүзеге асыру мақсатымен жалғасқан еуро­па­лық турнесі аясында еліміз Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Мажарстан Республикасында болып қайтты. Будапешт қаласында Сырт­қы істер министрі бастаған қа­зақстандық делегация «Әріп­тес­тікті нығайту: Қазақстан Рес­пуб­ли­касы-Еуропалық Одақ» атты халықаралық семинар жұмысына қатысты. Делегация құрамында ғылыми-зерттеу институттары мен мемлекеттік органдар өкілдері, оның ішінде көлік және коммуникация, Білім және ғылым, Қорғаныс, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктері, сонымен қатар, Қазақстан стра­те­гиялық зерттеулер институты, Шығыстану институты, Еуро­па­лық ақпараттық орталық, т.б. өкілдері болды. Аталған семинар тараптардың өзара қызығушылығын тудырып отырған ынтымақтастықтың ең маңызды бағыттарының басымдықтары мен ұстанымдарын анықтау және өзара әрекеттесудің жаңа әлеуетін ашу мақсатымен ұйымдастырылды. Қазақстан-Еуропа әріптестігін дамытудың басым бағыттары үш негізгі панельді пікір алмасу тақырыптарында көрініс тапты: ҚР-ЕО өзара әре­кет­тесудің жалпы мәселелері (Ке­ңей­тілген әріптестік пен ын­ты­мақтастық туралы келісім, Қазақстан әуе компаниялары үшін «Еуропа аспанын» ашу, Қазақстан азаматтары үшін визалық режімді жеңілдету), аймақтық қауіпсіздік (жаңа сын-қатерлер мен қауіптер, халықаралық коалиция әскерлерін Ауғанстаннан шығару) және энергетика (Қазақстан экономикасын «жасылдандыру», технология трансфері, ЭКСПО-2017). Семинарға Еуропа тарапынан бір топ маман мен ресми адамдар қатысты, оның ішінде ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Патриция Флор, Еуроодақтың Сыртқы істер қызметінің жоғары лауазымды қызметкерлері, Мажарстанның Сыртқы істер министрі Янош Мартони және Мажарстан үкіметінің басқа министрлері болды. Е.Ыдырысов өзінің сөзінде бұл кездесудің Қазақстан үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті. Еуроодақ Қазақ елінің ең ірі сауда-экономикалық әріптесі болып табылады, оның үлесіне қазақстандық сыртқы сауданың жартысына жуығы тиесілі. 2012 жылғы сауда айналымының көрсеткіштері ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары межеге жетіп, 53 млрд. АҚШ долларын құрады, ал өткен жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 46 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазақстан экономикасына тартылған шетел­дік инвестициялардың 47%-ы Еуроодақ елдерінің үлесінде. Талқыланған маңызды тақы­рып­тардың бірі Кеңейтілген әріп­тестік пен ынтымақтастық туралы келісім болды. Бұл құжат Қазақстан – ЕО әріптестігін қазіргіден де біршама серпінді кезеңге өтуге құқықтық негіз қалауы тиіс. «Кеңейтілген келісімнің шын мәнісінде жаңа перспективалар ашуы біздер үшін қағидатты тұрғыда маңызды, атап айтсақ, қазақстандықтар үшін еуропалық визалық режімді жеңілдету, ғылым мен технология және инновация салаларында ынтымақтастық орнату тиімді. Басқаша айтқанда, келісім азаматтардың, ғылым мен бизнестің жақындасуы жолындағы жасанды тосқауылдарды жоюға мүмкіндік тудыруы тиіс. Мажарстан Сыртқы істер ми­нистрі Я.Мартони жауап сөзінде Қазақстан өз елі үшін «шығысқа көпір» болып табылатынын, ал Мажарстан Қазақстан үшін «батысқа көпір» болуға дайын­ екенін алға тартты. «Бізді сіз­дер­мен ортақ тарихымыз бен ортақ тамырларымыз біріктіреді. Көп­теген зерттеулерге сүйенсек, ма­жарлардың тарихи отаны қазіргі Қазақстан аумағы болып табылады», деді мажар дипломатиясының басшысы. Сонымен қатар, ол және оның үкіметтегі әріптестері Қазақстан мен ЕО-ның одан әрі жақындай түсуіне барынша көмек көрсетуге дайын екендіктерін және аталған семинардың дәл Будапештте өтуі осыған дәлел болатындығын атап көрсетті. Семинар барысында Еуро­па­лық Одақтың Қазақстанның энергетикалық әріптесі ретіндегі рөлінің маңызы аталып өтті. Қазақстан мұнай экспортының 70%-ын Еуропалық Одақ елдеріне, мысалға, Италия, Нидерланд Корольдігі, Франция, Австрия, Румынияға шығарады. Қазақстан мен ЕО арасындағы инновациялық және ғылыми-техникалық сала­лардағы ынтымақтастық тақырыбы да жан-жақты талқыланды. Сонымен бірге, Будапештке сапары барысында Е.Ыдырысов өзінің мажарлық әріптесі Я.Мар­то­ни мен ұлттық экономика ми­нистрі Михай Варгамен және ауылшаруашылығын дамыту министрі Шандор Фазекашпен екіжақты пішінде кездесу өткізді. Екіжақты келіссөздер аясында тараптар қазақстандық-мажарлық ынтымақтастықтың жай-күйі мен­ болашағын, Қазақстан Пре­зиденті Н.Назарбаевтың үсті­міз­дегі жылға жоспарланып отырған Венгрияға сапарының дайындығын және сауда-экономи­ка­лық, ауылшаруашылық, сон­дай-ақ,­ білім салаларындағы өзара әрекеттестіктің жағдайын талқылады. Сәулебек БІРЖАН.
Соңғы жаңалықтар