ҚАҺАРМАН ЖӘНЕ ТҰҢҒЫШ МИНИСТР
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдық мерейтойы қарсаңында Кеңес Одағы атты ортақ Отанды жаудан азат ету жолында қаны мен терін аямай төккен қазақ батырларының бірі Сағадат Нұрмағамбетов туралы бір үзік сыр бөлісуді өз міндетім санадым.
Сағадат Қожахметұлы 1942 жылы мектепте оқып жүрген кезінде-ақ Қызыл Армия қатарына шақырылған екен. Түркістан әскери пулемет училищесін бітірген соң 1943 жылдың сәуір айында Қап тауында батыр ұлдың даңқты жауынгерлік жолы басталды.
Краснодар өлкесі, Украина, Молдавия, Батыс Белоруссия, Польша елдерін азат етуге қатысқан қазақ сардарының бұл сапары 1945 жылдың мамыр айында Берлинде аяқталды.
Сол жылы наурызда жаудың Польша территориясындағы мықты бекінісін бұзуда ерлікпен күрескені үшін 20 жасар ержүрек жігіт Кеңес Одағының Батыры атағын алды, өңіріне Ленин ордені мен “Алтын Жұлдыз” медалін тақты. Ол басқарған атқыштар батальоны Берлинді алған бөлімшелердің бірі болды. Сол шайқастардағы ерлігі үшін батальон командирі “Алтын Жұлдыз” медалін алуға екінші рет ұсынылғаны да белгілі.
Соғыстан кейінгі үш жыл Сағадат Қожахметұлы М.Фрунзе атындағы әскери академияда білім алды, кейіннен КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясында курстардан өтті. Терең білімін кеңестік жүйенің қорғаныс саласындағы басқару лауазымдарында мол тәжірибеге ұштастырды. Орта Азия әскери округы қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік әскерлер тобы қолбасшысының бірінші орынбасары болды.
Батыр аға көптеген жылдар бойы Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде ел өмірі үшін маңызды шешімдерді қабылдауға қатысты. 1989 жылы Республикалық ардагерлер кеңесіне төраға болып сайланды, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ардагерлер ісі бойынша комитетін басқарды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы лауазымына бірден-бір лайық адам Сағадат Қожахметұлы еді. Бұл 1991 жылдың қазан айы болатын. Ал келесі жылдың мамыр айында республика басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің Қорғаныс министрлігін басқару Сағадат Нұрмағамбетовке жүктелді.
Бұл дұрыс шешім екенін уақыт көрсетті. Мен ол кісінің қарамағында қызмет еткендердің бірімін. Сондықтан Сағадат Қожахметұлының өзім білетін қырларына тоқтала кетпекпін.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болған қиындықтарға, қаражат жоғына қарамастан С.Нұрмағамбетов еліміздің әскери саласын дамытуға жағдай жасады. Көптеген оқу-жаттығулар, дивизия командирлерінің, әскери оқу орындары басшыларының жиындарын өткізді.
Қазақстанның тұңғыш Әскери доктринасын әзірлеуге Қорғаныс министрі ретінде ғана емес, тәжірибелі, соғыс көрген сардар, терең білімді маман ретінде білікті басшылық етті.
Елдегі негізгі әскери оқу орны И.Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесінде мамандар даярлау ісіне Сағадат Қожахметұлы орасан зор үлесін қосты. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болған кезі. Мәскеудегі басшылық алдында 39 жастағы мені И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищенің (қазіргі Құрлық әскерлері институты) бастығы лауазымына тағайындауға ұсыныс жасады. Осы шешімін айтқанда, мен: “Мүмкін, алдымен бастықтың орынбасары болып, жұмыс ретін де, өз мүмкіндіктерімді де байқайын”, – дедім. Генерал Нұрмағамбетов сонда: “Басқа адам болса, қуана-қуана келісіп, “бұйрығыңызды орындаймын” дер еді. Жасқанатын ештеңе жоқ, қолыңнан келеді”, – деп жауап берді.
Ел тағдырымен бірге Қарулы Күштердің де болашағы шешіліп жатқан сол аумалы-төкпелі күндері ағамыз қазіргі армия генералы М.Қ.Алтынбаев, генералдар Б.Е.Ертаев, Ә.Б.Жарболов, У.Б.Еламанов секілді шәкірттеріне сенім артты. Майданда шыңдалған жауынгер-министрдің терең санасы мен көрегендігі оны жаңылдырған емес, шындап келгенде, полк, дивизия, училищені басқаруды жас офицерлерге тапсырғанда ол үлкен тәуекелге бел буған екен.
Сағадат Қожахметұлының қолдауымен көп салалы оқыту жүйесін енгіздік. Қазақстандағы әскери оқу орындары алдымен 4, кейіннен 9 мамандық бойынша мамандар даярлады. Қорғаныс министрі бұл мамандықтар санын 11-ге жеткізуге қолдау жасады. Нәтижесінде, Қазақстанның әскери салаларына қажетті барлық мамандармен қамтамасыз ететін жүйе қалыптасты.
Кеңес Одағы тарағаннан кейін өз әскерлерін құрған елдер әскери қызметшілеріне қайтадан ант бергізді. Ал С.Нұрмағамбетов біздің әскери қызметшілерге олай жасатқан жоқ. Ол әскери анттың бір-ақ рет берілетінін айтып, қайталатуға жол бермеді.
1980 жылдардың аяғы, 1990 жылдардың басында Қазақстандағы әскери оқу орындарына оқуға түсіп, Кеңес Одағы тарағаннан кейін, тәуелсіз елде оқуларын аяқтаған жас әскери мамандарды күштеп ұстаған жоқ. Әрқайсысының өз Отанына, еліне оралуына мүмкіндік берді. Тағы бір айта кетерлігі, басқа елдердің әскери оқу орындарын бітіргендер әскери киіммен де қамтамасыз етілмей, елдеріне азаматтық киіммен оралып жатқанда, бізде оқыған басқа ел азаматтарын министрдің шешіміне сәйкес, әскери оқу орны түлектеріне сай формада, лайықты түрде шығарып салдық.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі қабылдаған шешімдердің маңыздылығы мен өзектілігіне үнемі тәнті болатын едік. Мемлекеттілігіміз қалыптасып жатқан қиын кездердің өзінде, Қарулы Күштердің командалық құрамы мен әскери оқу орындарының бастықтарының қатысуымен тоқсан сайын командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізіліп отыратын. Министр офицерлер мен генералдар алдында сабақтар өткізіп, бізді, командирлерді соғыс жағдайында және бейбіт күнде әскер басқаруға баулитын. Қарулы Күштер үшін мамандар даярлаудың бүгінгі жүйелі құрылымы, әскери оқу орындарының жүйесі – еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі С.Қ.Нұрмағамбетовтің сақтап, дамытқанының арқасы.
Сағадат ағамыздың халықаралық аренадағы беделі де жоғары. Халықаралық деңгейде шешілетін көптеген әскери мәселелерде Қазақстан атынан қатысып, еліміз үшін тиімді шешімдер қабылдауға ықпал етті. Шетелдерге, Мәскеуге барғанда “Қазақстаннанмын” десек, ондағы құрметті, беделді адамдар бірінші Елбасыны, содан соң Сағадат Қожахметұлын айтып, халын сұрап, сәлем жолдап жатады. Ол кісінің беделін осыдан да байқауға болады.
1994 жылғы 23 мамырда Сағадат ағамыз Қазақстанның тұңғыш “Халық Қаһарманы” атанды. 1995 жылдың қараша айында отставкаға шықты, біраз жыл Елбасының кеңесшісі болды. Қай уақытта да қорғаныс саласының ардагері Сағадат Қожахметұлы – баршамыз үшін арқа сүйер ақылман аға болудан жаңылмай келеді.
Армия генералының Қазақстан қорғаныс саласына қосқан орасан зор үлесі туралы Елбасымыз былай деп еді: “1992-1995 жылдар аралығында Қорғаныс министрлігін басқарған Сағадат Қожахметұлы біздің армиямыздың қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Қазақстан Қарулы Күштері қалыптаса бастаған сонау күрделі кезеңде оның тәжірибесі, әскерилер ортасындағы биік беделі және Отан алдындағы адал қызметі ауадай қажет болатын”.
Кез келген дәрежедегі басшы мінез-құлқындағы маңызды нәрсе – талап қойғыштығымен бірге адамгершілікті болуы, қарамағындағыларға терең назар салуы, жақсыны есте ұстап, жаманды ұмыта білу. Осы қасиеттердің барлығы С.Нұрмағамбетовтің бойынан табылады.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовті Ұлы Жеңіске 65 жыл толған мерейлі мерекемен құттықтаймын. Батыр ағаға мұқалмас мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Арқа сүйер асқар тауымыз болып, ортамызда жүріңіз, ардақты аға!
Абай ТАСБОЛАТОВ, Республикалық ұлан қолбасшысы, генерал-лейтенант.
БАТЫР
Менің алдымда осыдан бес жыл бұрын Жеңістің 60 жылдығына арналып жарық көрген “Таңғажайып Аягөз” атты кітап жатыр. Сол бір отты жылдарда оқ-дәрі сасыған майдан даласында жаумен шайқасқан жауынгерлер мен тылда таңмен таласа тұрып тынбай еңбек еткен аға буын ерлігіне арналған осы кітаптың жарық көруіне кезінде өзім де араласқан болатынмын. Парақтап отырып, сол кезде кездескен, жүздескен ардагерлердің біразының мәңгілік сапарға аттанып кеткенін көріп көңілім босады. Солардың бірі “Даңқ” орденінің толық кавалері Фазыл Әділбаев болатын.
Менің бұл кісінің ерлігімен танысуым баспасөз беттеріндегі жарияланымдардан басталған-ды. “Героям – Слава” (Ленинград. Политиздат, 1974 ж.), “Доблесть солдатская” (Алматы, “Қазақстан”, 1974 ж.,) “Семей” (Қазақстан қалаларының тарихы, Алматы. “Ғылым”), “Огонек” журналы ( №19, 1970 ж.), Фотоповесть “Подвигу жить в веках” (Алматы, 1975 ж.) сынды дүниелер арқылы мен өзіміздің арамызда батыр жүргенінен хабардар едім. Артынша маған да Фазыл аға еңбек еткен Көкпекті, Жарма аудандарында жұмыс істеудің сәті түсті. Енді бұрынғы білгеніме ол кісі жайлы естіген көптеген ізгі әңгімелер қосылып, құрметімді арттыра түсті.
Ол сол Жарма ауданында туып-өскен. Сонда тумаластары, достары әріптестері көп болғандығынан мен Фазыл аға туралы небір әңгімелер, қызықты оқиғаларға әбден қанықтым. Менің қиялымда енді ол кісінің портреті орнықты. Онан қарапайым да қайырымды, бұлталағы мен бұқпасы жоқ ашық та адал азамат, әділдігі мол заңгер, дос, туысқа, әріптеске қоң етін кесіп беретін, қай үйдің де қадірлі қонағы Фазекеңді таныдым. Ал Фазыл ағаның өзімен жүздесуім Көкпекті ауданында болды.
Бірде, күздің басында аудандық төлқұжаттар (паспорт) беру үстелінің бастығы, елдің қадірлі азаматы шақырып алып, Аягөз қаласынан Фазыл Әділбеков келе жатқанын айтты. Фазекең Қарабастаудағы туысқанының үйіне тоқтапты. Шынымды айтсам, жеке жұмыстарымен жүрген Фазыл ағамен амандасуға келген Көкпектінің барлық басшыларын көріп, таңғалдым. Кездесудің мысқалдай ресмилігі жоқ, бірыңғай қимас сезімдегі дос көңілді адамдардың сағынысқан қауышуы. Бірінің артынан бірі ол кісіге жақындап, бірі құшақтасып, бірі қолдасып амандасып, бірі арқадан қағып мәз-мейрам. Үйлерінен Фазекеңнің сыбаға жеп кетуін сұрап, бала-шағаларының батыр ағаларына қызмет көрсетуге асық екендігін айтуда. Фазыл аға жиналғандарды көзімен шолып тұрып, “Оу, кім қайда, көрінбейді ғой, араларыңды неге жоқ”?–деп сұрады. Жиналғандар төмен қарады, біреу ауыр күрсінді. Жаңа ғана жайнап тұрған ағаның жүзі солғын тартты, бас киімін алып, “Жатқан жері жарық болсын, мен бір күнге ғана сұранғанмын, сондықтан бәріміз бірге бір жерге жиналып, алдымен өмірден өткен досымызды еске түсірейік”, деген.
Аз ғана еңбек еткен жерінде осыншама құрметке бөленген ағаға қатты қызықтым. Шіркін, мен де осындай болсам ғой, деген ой жылт етті. Менің онда орда бұзар кезім. Мені көргенде де осылайша барлық танитын адамдарым қуанып тұрса, көп құрметтер еңбегім болса деп армандадым. Ал Фазыл аға болса ел аузындағы ерлігін 18 бен 20 арасында жасап үлгеріп, бейбіт күнде де еңбегімен ерекшеленген.
Сол күні Фазыл аға көп адамдармен кездесті. Аңыздай тұлғамен амандасуға жас та, кәрі де асық. Орта бойлы, ерге тән кесек келбеті, жарасымды әзілі, кісіні өзіне еріксіз тартар қалыбы жарасым тауып, бір адамның тұлғасынан табылыпты. Қайран қалдым, сүйсіндім. Бұл не, тек пе, мінез бе? Әлде іштегі мықты тін бе? Негізінде осылардың барлығы болса керек дедім іштей.
Кейінірек маған Фазыл аға өмірінің соңына дейін тұрған Аягөзде еңбек ету бұйырды. Сол уақытта отбасымызбен жақсы араластық. Ал аға үйде қандай еді? Нағыз сүйенетін асқар тау дерсің. Жарына, балаларына деген сүйіспеншілігі, ол үйдің мырза дастарқаны, отбасындағы жарасымдылық – барлығы керемет үйлесіп жататын. Бірде келген меймандар Фарида апайдың ән айтуын сұрады. Мен білмейді екенмін, Фарида апай ән салды. Бейнебір опера әншісіндей, сазына келтіріп тамылжытқанда жеңешем соншама ажарланып кеткен.
Әшейінде әңгімешіл Фазыл аға өзі туралы айтқанды ұнатпайтын. Ол кісіге өзінен гөрі өзгелердің жақсылығын айту оңай. Майдандағы ерліктерін суыртпақтап сұрап, әзер білетінсің. Қасында көп жүргенде мықтап байқағаным, ол кісі ешкімді бөлмейтін. Мансабы жоғары лауазым иесі де, қарапайым еңбек адамы да Фазекең үшін құрметтеуге лайық. Оның бойында бабалардан қалған өрлік пен кісілік, қарапайымдылық пен қайырымдылық астасып жататын. Ол туғаннан-ақ қыран болып қалқып ұшуға, ерлік жасауға жаратылғандай көрінетін. Бауырымен жорғалаған адамнан қандай ерлік, батырлық шықсын, ол әділдік үшін күресуге бар, жанын да, тәнін де сол жолда сарп етуге әзір нағыз батыр еді. Әрине, ол сондай болғандықтан, майданда ерлік жасап, “Даңқ” орденінің толық кавалері атанды.
1945 жылдың қаңтары. Рота тапсырма алды. Сильна-Норва деревнясы тұсындағы фашистердің мықты қорғанысын бұзу қажет. Шабуыл кезінде ірі калиберлі неміс пулеметінен жауған оқ бас көтертпейді. Міне, пулеметші Фазыл Әділбеков қарсы атқан оқ нысанаға дөп тиді. Жаңа ғана жауынгерлерді жапырақтай қағып түсіріп жатқан пулеметтің үні өшті. Рота алға ұмтылды. Сол сәтте көрші үйдің шатырынан тағы бір жау пулеметі сарнап қоя берді. Рота қайтадан жата қалды. Шабуыл басылып қалып, немістер бел алып кетуі мүмкін. Әділбаев тағы да нысананы мүлт жібермеді. Рота алдына қойған міндетті орындап шықты. Осы ұрыста Әділбаев бір өзі ондаған фашисті жер қаптырды. ІІІ дәрежелі “Даңқ” ордені осы ерлік үшін берілді.
6 ақпан. Дивизияның бір бөлегі Одерден өтіп, жау плацдармын басып алды. Алғашқы лекте болған Әділбаев пулеметі тағы да 7 рет қайта шабуылдың бетін қайтарып, үш нысананың үнін өшіріп, он фашисті о дүниеге аттандырып, жаудың 3 солдатын Фазылдың өзі жеке тұтқынға алды. Осы жолы оның кеудесіне ІІ дәрежелі “Даңқ” ордені тағылды.
16 сәуірде Берлинге шабуыл басталды. Сержант Әділбаев екі нысананы және 27 жаудың көзін жойды. Келесі ұрыста Әділбаев расчеті бірінші болып Куперсдорф елді мекеніне кірді. Осы жолы Әділбаев граната лақтырып, сайрап жатқан пулеметтің үнін өшірді. Келесі күні де Әділбаев расчеті жаудың бірнеше шабуылының бетін қайтарған. Жараланған көздеуші жауынгерін алмастырған Әділбаев тағы да 15 жаудың желкесін қиды. Өзі де жарақат алды, бірақ майдан даласын тастап кеткен жоқ. Оқ тиген қолын байлай салып, жанталаса ұмтылған фашистер шабуылын кері қайтарды. Осы жолғы жанқиярлық ерлігі үшін Әділбаев өңіріне І дәрежелі “Даңқ” ордені тағылды.
Фазыл Әділбаев ерліктері ол туралы жазылған кітаптарда осылай суреттеледі. Соғыс аяқталғанда ол небары 21 жаста ғана болатын. Ол – фашист ордасын талқандап, Берлинге жеткен батырлардың бірі. Оны “Берлинді алғаны үшін” медалі айғақтайды. “Варшаваны азат еткені үшін” медалі де оның кеудесінде жарқырап тұратын.
Батырға лайықты ғұмыр кешкен Фазыл аға арамызда жоқ. Артында оның есімін мақтанышпен алып жүрген ұл-қыздары бар. Көпшіліктің көңілінде оның жарқын дидары қалды. Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында майдангер қарттарға құрметтер көрсетілуде. Олар біз үшін қан төкті, ал біздің міндетіміз – олардың ерліктерін жадымыздан өшірмеу.
Мұрат ТӨЛЕБАЕВ, КСРО Журналистер одағының мүшесі.
ЕҢБЕГІ СІҢДІ ОЛАРДЫҢ
Бүгінгі таңда елімізде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған шаралар кеңінен ұйымдастырылуда. Ардагерлерге құрмет көрсетіліп, олар барынша ардақталуда. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен әңгімелейді.
–Биылғы басты мерекенің бірі Ұлы Жеңістің 65 жылдығы екендігі даусыз. Осы орайда Отан қорғаған аға ұрпақ өкілдері ешқашан естен шықпақ емес. Қазіргі кезде өңірде 699 майдангер қалса, соның 475-і – қалада, 224-і ауылдық жерде тұрады. 2009 жылы Орал қаласында 89 майдангерге пәтер берілсе, қазіргі таңда қалада 38 және аудандарда 24-і кезекте тұр. 2009 жылы Ақжайық ауданында – 3, Қазталовта екі ардагерге үй берілді. Биыл Оралда – 38, облыс аудандарында 24 соғысқа қатысушыға ( әр ауданнан екі адамнан ) пәтер берілмек. Зеленов ауданында 360 мың теңгеге үш майдангерге су құбыры өткізілсе, демеушілер есебінен 11-інің тұрғынжайы жөнделмек. Тасқалада сәуірде бұл мақсатқа 400 мың теңге қаралды, – дейді С.Сүлеймен.
Оның айтуынша, өткен жылы 53 майдангерге сауықтыру-курорттық шипажайларға жолдама берілсе, биыл 15-і осындай жағдайда емделіп үлгеріпті. Сондай-ақ, қаруластарымен кездесу үшін ТМД елдеріне ардагерлер темір жол немесе әуе көлігі арқылы бір рет тегін барып келе алады екен.
Қазіргі кезде өңірде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына әзірлік қызу жүргізілуде. Облыс орталығы – Орал қаласында Жеңіс алаңы, Г.Жуков, М.Мәметова ескерткіштері жөнделіп, ауғандықтар аллеясы ашылады. Бөкей ордасының Хан ордасы ауылында жаңа мемориал бой көтерсе, Тасқалада Азалы ана ескерткіші күрделі жөндеуден кейін қайта еңсе тіктейді. Мұндай жұмыстар барлық аудандарда жүргізілуде.
Соғыс ардагерлері мен жесірлерін, тыл еңбеккерлерін, концлагерь тұтқындарын және басқаларды әлеуметтік қолдау үшін республикалық бюджеттен 263,41 млн., жергілікті қазынадан 93 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі таңда өңірде 10 441 тыл еңбеккері тұрады деген мәлімет бар.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы
ТЫЛДАҒЫ ЕҢБЕКПЕН ШЫҢДАЛЫП ӨСТІК
Соғыс және еңбек ардагері Бекен МҰСАЕВ осылай дейді
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңісіміз Кеңес Одағы халықтарының жаңқиярлық ерлігі мен ерен еңбектерінің, ынтымақты ауыз біршілігінің арқасында жүзеге асқаны баршаға мәлім. Қан майданда, оқ пен оттың ортасында жүріп, жанын пида етуге дайын жауынгер ағаларымыздың күрескер қайсарлығы бүкіл әлемді фашизм құрсауынан босатып, Жеңіс туын желбіретті.
Осы Ұлы Жеңістің баянды болуына, сөз жоқ, уақытпен санаспай қажырлы еңбек еткен тыл еңбеккерлері де үлкен үлес қосты. Сыр аймағындағы осындай атпал ардагерлердің бірі де бірегейі елімізге еңбек сіңірген дербес зейнеткер Бекен Мұсаев. Өмірден тоқығаны көп, ұшқыр ойлы, пайымы сергек, салмақты да сауатты Бекең қазір қадірменді облыс ардагерлерінің бірі. Өзінің өмір белестері жайлы жазған деректі “Парыз бен қарыз” атты ғұмырнама кітабында ол дүниеге қызықпайтынын, алтын, күміс жинамағанын, қос қабаттап коттедж салмағанын, мәшине мінбегенін, оның орнына халыққа адал қызмет етіп, өзінің ұрпағына ұлағатты тәрбие беруге бар күшін сарп еткенін сөз етеді. Шынында да дәл солай.
Ендігі сөз кезегін Бекең екеуміздің әңгімемізге берелік.
– Беке, әңгімемізді ендігі жерде сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы ұйқысыз өткізген түн, күлкісіз өткізген күндеріңізден бастасақ.
– Қасиетті Қаратаудың баурайына қоныстанған Шиелі ауданының “Еңбекші” колхозында сұрапыл соғыс жылдарында еңбек майданында аз да болса өз үлесімді қосқанымды қанағат сезіммен әрдайым еске аламын. Жоқшылықтың зардабын тартқан біз балалық шақтың қызығын көре алмай өстік. Өмір соқпақтары бізді ерте есейтті. Қаршадай кезімізден еңбекке араласып, болаттай шыңдалып өстік.
Бір оқиға осы кезге дейін есімнен кетпейді. 1944 жылдың қыркүйек айының орта кезі еді. Бір топ жасөспірімдер атыздарда тау-тау болып үйіліп жатқан күріш бауларын өгіз арбамен қырманға тасып, молотилкамен бастыруға әкеліп жинаймыз. Арбамды күріштің бауларына толтырып, атыздың суы кеппеген батпағынан шығара алмадым. Өгіздерді қамшылап әрі-бері айдасам да арба орнынан қозғалмады. Үсті-басын малмандай батпақ. Өзімнен-өзім ызаланып жылап жүрмін. Амалдап күріш бауларын арба дөңгелегінің астына қайта-қайта еңкейіп салып жүргенімде өгіздер бірімен-бірі сүзісіп, арба жүріп кеткенде менің бір аяғым дөңгелектің астында қалып, басып өтті. Жандаусым шығып жылап жатқанымда Ұлбала Алтайбаева мен Пал Исаева батпақта жатқан жерімнен тауып алып, аман қалдым. Сол асыл аналардың екеуі де бұл дүниеден өтіп кетті.
Екінші бір оқиға да есімде қалыпты. Молотилкадан шыққан салыны қаптап 12 шақырым жердегі Шиелі астық қабылдау пунктіне өгіз арбамен, ат арбамен, есекпен тасимыз. Бір есекке 2 қаптан салыны теңдеп, 5-10 есектің бас жіптерімен бір-біріне қосақтап байлап, алдыма салып береді. Бір күні орта жолдағы, қазіргі Нартай Бекежанов ауылына жақындай бергенде есектер бірін-бірі қуып, үстеріндегі қаптар аударылып қалды. Күн батып барады. Күрішті есектің үстіне көтеріп салуға шамам келмейді. Оны тастап кетуге тағы болмайды. Сонымен айдалада не істерімді білмей тұрғанымда, қараңғы түн ортасында сықырлаған арбаның дауысы естілді. Арбашы Арыстанов Базар және күріштің звено жетекшісі, қазірде көзі тірі 90 жасқа келіп отырған Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазантаева апай бар екен. Шырынкүл апа: “Айналайын, Бекенжан-ай, әбден шаршадың ба, қарның ашты ма?”- деп бір жапырақ нан ұсынып, шыр-пыр болып жатыр. Қаптарды жабыла арбаға салып қабылдау пунктіне апарып тапсырдық. Шырынкүл апаның “Қараң қалғыр, құрып кеткір қырғын соғыс, сендердің жастық шақтарыңды азапқа салып қойды-ау” деген жүрекжарды сөзі осы уақытқа дейін жүрегімде жазулы тұр.
– Қаншама ауыртпалықты арқалап жүрсеңіздер де білім нәрімен сусындаудан қағыс қалмаған көрінесіздер. Сол бір күндерді еске алсаңыз...
– Ала жаздай жанқиярлықпен еңбек еткен тыл еңбеккерлері мектептегі оқуларынан да қол үзбей, білімдерін көтерумен де айналысты. Қандай қиын кезеңдер болғанына қарамастан, мектептердегі оқу тоқтатылмады. Менімен бірге оқыған оқушы-достарым – Қорғанбаев Әбу, Жылқайдаров Нәрзілда, Қорғанбаев Әбіласан, Тілеубаева Бибіқатша, Әбдреева Күлән, Баймолдин Мәжит, тағы басқалар сол күндердің куәгерлері. Ол кезде “Бәрі майдан үшін, бәрі майданға” деген ұран халқымызды біріктіруді ту еткен қанатты бастамаға айналған. Мектептерге ол кезде аз көңіл бөлінгендігі өзінен-өзі түсінікті. Бізде жазу-сызу дәптерлері болмады. Есеп шығару, шығарма жазу жұмыстары ескі кітаптардың парақтарына жазылатын. Сия қаламды үгітіп, су қосып, қаламұшты соған малып жазатынбыз. Шүберектен тігілген қалтаға кітаптарды салып, бау тағып мойнымызға іліп жүретін едік.
Сол кездерде ұстаздық еткен қадірлі азаматтарды үнемі жадымда ұстаймын. Олар: Жақсыбаев Базарбек, Оразаев Махамбетқали, Тілеубаева Шарипа, Достияров Айдар, Құрбанов Мұханбетжан, тағы басқа кісілер өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарды. Біз оларды қатты құрметтеп, алдынан кесе өтпейтін едік. Мұғалімдердің көпшілігі майданға кетуіне байланысты бізге көбінесе әйелдер, мүгедектер, қарттар сабақ берді. Оқытушылардың жетіспеушілігінен 10-класты бітіргендер немесе оқытушылық қысқа курсты бітірушілер де сабақ беретін. Осы мұғалімдердің басшылығымен сабақтан кейін 4-5 сағатқа колхоздың түрлі жұмыстарына – мал қораларын тазартуға, астық тұқымдарын даярлауға, су жүйелерін, арық, каналдарды тазартуға, егіс техникаларын жөндеуге жұмыс істететін. Бұл жұмыстардың барлығы тегін атқарылатын.
– Айтқандай, соғыс жылдары қарша бораған “қара қағаз” әкелген қайғы-қасірет, жесір қалған ана, жетім қалған бала...
– Дұрыс айтасыз. Сұрапыл соғыстың ауыр қасіреттерінің бірі – майданнан келетін “қара қағаз” еді. Соғыс майданында жүрген бауырларынан, сүйікті жарларынан келетін суық хабарлар ауылды күңірентіп жіберетін. Менің туған ағамнан және анамның туған інісінен келген “қара қағаздың” қайғы-қасіреті біздің де қабырғамызды қайыстырып кетті.Шиелі жақтан сұр есегімен хат таситын Әбілхайыр келе жатқанда жұрт үрейленіп, қобалжып, қандай хабар әкеле жатыр деп дегбірсіздене күтіп тұратын. Сол қаралы күндердің куәсі болғанымыз сай сүйегімізді сырқырататын.
Еліміздің Президенті Н. Назарбаевтың тікелей нұсқауымен Ұлы Отан соғысы жылдары қайтыс болған жауынгерлердің осы кезге дейін күйеуге тимей, жарларын күтіп отырған жесірлеріне Республикалық бюджеттен Жеңістің 65 – жылдық мерекесіне байланысты қомақты қаржы бөлінуі тегіннен - тегін емес. Өмірлері өксіп, майдандағы сүйген жарын күтіп, тылда қажырлы еңбек етіп өмірін өткізген осы аруларға қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Олар соғыс бітсе де үміт отын сөндірмей, бірнеше жыл бойы өмірі өксіп, сүйіктілерін күтумен өмірлерін өткізді. Өзім куәгер болған бір қайғылы жағдай әлі есімде.
“Еңбекші” колхозында Құрбанов Сәду есімді туыс ағам 20 жасында Кәрібаева Райхан атты 18 жасар уыздай қызға үйленді. Екеуі де мектепте мұғалім болып қызмет атқарды. Сәду ағамыз 5-6 айдан кейін, 1939 жылы басталған Финляндия соғысына шақырылып, содан хабарсыз кетті. “Қара қағаз” да келмеді. Райхан жеңешем ағамды 1976 жылға дейін сағынып, сарғайып күтті. Бірақ, сүйген жарынан хабар болмады. Сол 1976 жылы жеңешем Қызылорда қаласында бақилық болды. Міне, адал жар ешқандай қызық көре алмай 56 жасында ұрпақсыз дүниеден өтті. Мұндай қайғылы ғұмыр көптеген отбасыларында болғаны ұрпақтардың әлі есінде. Ендігі жерде балаларымызға, немере- шөберелерімізге осындай бақытсыздық душар етпесе екен деп тілейміз.
– Сөз соңында өмірдерегіңізге сәл-пәл шегініс жасасақ...
– Өз басым 7 жасымда әкеден айырылып, жесір атанған анамның тәрбиесін көріп өстім. Барлық қиындықтарды мойнымен көтерген анам біздің білімді азамат болып өсуімізге бар мүмкіндігін аяған жоқ. Шиелідегі №45 қазақ орта мектебін бітіріп, педагогикалық институтқа түсіп ұстаздық мамандықты иелендім. Шиелідегі өзім оқыған №45 қазақ орта мектебінде және Ломоносов атындағы орта мектепте 1960 жылға дейін ұстаздық еттім. Шиелі аудандық партия комитетінің аппаратында, одан кейін Қызылорда облыстық партия комитетінің шақыруымен 1963 жылы аппаратта нұсқаушы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының көмекшісі қызметтерін атқардым.
1979 жылдан 1991 жылға дейін 12 жыл бойы Қызылорда облыстық кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы болып сайландым. Арал және Шиелі аудандарынан бірнеше дүркін халық сеніміне лайық облыстық кеңестің депутаты болып сайландым. Облысымыздың шаруашылық және мәдени салаларын одан әрі дамытуға аз да болса өз үлесімді қосқанымды қанағат тұтамын.
Қоғам өмірінде азды-көпті атқарған еңбегіме лайық Қазақстан Республикасы оқу министрлігінің, Қызылорда облысы әкімінің, Қазақстан Республикасы Ардагерлер кеңесінің және Қазақ КССР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталдым.
СССР Жоғарғы кеңесі Президиумының 1945 жылғы 6 июньдегі қаулысымен “1941 -1945 – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталдым. Қазір Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген дербес зейнеткермін. 10 немерем, 3 шөберем өсіп келе жатыр.
Сұрапыл соғыс жылдарында тылда еңбек еткен ардагер қарттардың бірі ретінде қазіргі жас ұрпақтарға қызықты өмір, зор бақыт тілеймін. Тәуелсіз Қазақстан Республикасында, бейбіт заманда өмір сүру – жастарымызға бұйырған зор қуаныш, бақыт. Егемен еліміздің көсегесін көгерту, өркенін өсіру- жастардың еншісінде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Еркін ӘБІЛ.
Қызылорда облысы.