Кино • 26 Қыркүйек, 2021

Жалғыздық аралы

1258 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Біздің кейде жеті миллиард адамның ішінде жүріп те жалғызсырайтынымыз бар. Біз кейде қызылды-жасылды отшашулардың астында дүркіреп өтіп жатқан тойда отырып та мұңаямыз. Біз тіпті жап-жарық күнде адасып, шіліңгір шілдеде жаурауымыз да мүмкін. Бәрінің ар жағында сол алғашқы айтқан жалғыздық жатады. Иә, тарқата берсек жалғыздықтың түр-түрі көп қой. Қоғамды қабылдамаған, қоғам қабылдамаған ішкі ой жалғыздығы, тұтас халықтардың жалғыздығы, діни ғимараттардың өгей кейпі, түрлі өнер туындыларының жалғыздығы, сөз жалғыздығы, тұлға жалғыздығы...

Жалғыздық аралы

Бірақ бұлардан да үрейлі, бұлардан  да қатал, бұлардан да ұзақ жалғыздық бар. Ол уақытпен бетпе-бет келген жал­ғыздық. Өз-өзіңмен жапанда жалғыз қалған үнсіз жалғыздық – адам жанының ең ауыр азабы шығар. Тым құрыса са­ғаттың тықылын мәслихаттас ете алмай жалғыз қалудың сұмдығын кез келген адам көтере алмауы да мүмкін. Иә, жалғыздықсыз адамзатты елестете алмас та едік. Тіршілік бар жерде жалғыздық бар. Тіпті пенде ғұмырының мәнді бөлігі де кейде осы  жалғыздықпен тұтас байланысты болуы мүмкін.

Хат тасушы Чак Ноланд ешқашан уақыттың тұтқыны боламын деп ойламаса керек. Әрдайым секундтармен санасып жүретін мазасыз оның уақыт ақыр соңында фобиясына айналады. Адамның кейде ең мықты қасиеті оның ең әлсіз тұсы болатыны бар. Ноланд үшін уақыт оның ең әлсіз тұсы еді. Алайда ол ұшақ апатына ұшырағанға дейін ештеңеден бейхабар, уақытпен жүріп-тұрудың хас шебері сағатына қарап-қарап қойып сүйгеніне қоңырау шалады. Қоластындағы бірнеше жұмыскерді хат тасуда уақыттан бір сәт­ке де кешігуге болмайтынын қатты та­лап еткені соншалық, ол өз өміріндегі уақыттың патшасындай еді. Бірақ кейін оған уақыттың өзі патша болып шығады. Ол әрине, кейін.

Әзірге біздің бас кейіпкеріміз Чак Ноланд Келли Фрирс есімді болашақ қалың­дығының өтініп тұрып «қал» де­геніне де қарамастан, ауырып тұрған тісін де жұлдыртпастан, есіктен енгелі тұрған жаңа жылды да қарсы алмастан  ұшаққа отырып, жүк толы лайнермен хат-хабарларды таратуға ұзақ сапарға аттанып кетеді.

Жалпы режиссер Роберт Земекистің бұл фильмі («Изгой» – «Тәлкек») астары терең, әлемді әлі күнге дейін өз жұм­ба­ғымен таңғалдырудан талмай келе жат­қан шедевр. Кино картина әуелде айт­қанымыздай, адам мен уақыттың бетпе-бет жалғыздығы дегенімізбен, одан бөлек те айтар ойлары аз емес. Байқап қараған адам аталған фильм адам баласының әрдайым өткенмен белгілі бір дәуірлер­де, замандарда, жылдарда, сәттерде қоштасып отыратындығын аңғарар еді. Фильмдегі қосалқы кейіпкерлер, не­ше жыл бірге тұрған әйелі Бэттимен ажы­расып, жас келіншегімен басқа қа­лада тіршілік кешіп жатқан Питтің өзі өт­ке­німен қош­тасқан адам. Сондай-ақ Мәс­кеудің бір бұрышында, қабырғада ілулі тұр­ған Лениннің қола тақтайшадағы бей­несін алып тастап жатқан көрініс те ескі қо­ғамды күресінге сүйреп, басқа қоғамға өтіп бара жатқан жаңа Ресейді меңзейді.

Ұшағы апатқа ұшырап, жалғыздық­тың табандатқан төрт жылын аралда жал­ғыз өзі өткерген басты кейіпкеріміз де өткенімен толық қоштасып, өмірге қайта келген адам болатын. Некелесеміз деп жүрген болашақ жары 4 жылда басқа адамға тұрмысқа шығып кетеді. Келли (қалыңдығы) – Чактың өткені болатын. Оны тіпті басты кейіпкеріміздің қақсатып, шыдатпай, ақыр соңында конь­кидің темірімен өзі бір соғып жұлып тастаған тісімен де образды түрде бейнелеп қатар қарауға болады. Келли Чактың жұлынған тісі деп түсінгеніміз дұрыс. Қайткен күнде де ұшақ апатқа ұшыраған сәтке дейінгі өмірдің барлығы Чактың өткені болатын.

Бас кейіпкерді иесіз аралдан аман алып шыққан үміт шырағы еді. Хат тасушы­ның жалғыз міндеті болса, ол – аманатқа адал­дық танытып сыртында мекенжайлары жазылған қораптарды өз иелеріне аман-сау жеткізу. Чак сол міндетіне 4 жыл аралда жүрсе де адал болуға тырысады. Ұшақ апатынан теңіздің жағасына шашылып түскен қаншама сәлемдеме оның кейін керегіне де жарайды. Тек бір ғана қорапты ашпауға бекінеді. Сол қорапты иесіне жеткізу үшін де ол өмір сүруді ойлайды. Сол үміт біздің қаһарманды арал­дан аман алып өтеді.

Психологиялық, физикалық тұрғы­дан әбден қажыған кезде адам жалғыз­дық­тың өзімен сөйлесе бастайды. Чак бірде от тұтата алмай әбден қиналып, ызаланған сәтінде қан-қан қолымен сә­лемдемелердің бірінен шыққан волейбол добын жынданып, лақтырып кеп қалады. Қызық болғанда, әлгі аппақ допқа жұққан қолының қаны адамның бет әлпетіне ұқсай қалмасы бар ма? Не керек, Чак сол допты өзімен сырлас дос етуге көшеді. Тіпті жансыз доппен кеңесіп, дауласып, әзілдесіп, ақыр соңында допқа «тыныштал, аузыңды жап» дегенге дейін барады. Жоқ, сіз ойлағандай Чак жынданбайды. Тек «Уилсон» деген аты бар доп ол үшін шынымен сөйлейтін. Адам жанын ұққанда сондай, бір қарасаң мұңайып, бүрісе қалады. Енді бірде күлімсіреп, тіпті істеп жатқан жұмысыңа көмекте­се кететін­дей. Ең қиыны, «Уилсонның» ­суға ағып кететін жері. Иә, досы суға ағып ­мерт болады. Бірақ бұл бір жағынан түсін­ген адамға «Уилсон» да Чактың өткені болатын тұғын. Онымен қоштаспаса, жансыз допты құтқарам деп өзі де суға батып кетер еді. Алайда неше жыл құрастырған ағаш сал жүзіп-жүзіп алыстан мұнартқан кемеге қарай толқынмен жөңкіліп бара жатады...

Төрт жыл – өмірі бір қалыпты арнаға түскен адамдар үшін зу ете түсетін уақыт. Ал өмірге қайта келгендей, аралда жалғыз өзі тіршілік кешкен адам үшін ол уақыт ғасырдан да ұзақ.

Чак әлгі ашпаған қорапты өз мекен жайына апара жатады. Аңғарған адам әлгі қораптың сыртында періштенің қос қанаты бедерленген суретті көреді. Ол нені білдіруі мүмкін? Ол қос қанат – ажырасып кеткен қосалқы кейіпкерлер  Пит пен Бэтти болуы мүмкін, ол – қосылмаған, тағдыр бір болуды жазбаған Чак пен Келли болуы да ғажап емес. Қайткен күнде де қос қанат қатар серпілмесе биік бағынбайды, қашықтық еңсерілмейді. Иә, бірді айтып бірге кетпейік, Чак төрт жыл бойы ашпай келген соңғы қорапты иесіне табыстайды. Иесі кім деп сұрарсыз, иесі бағанадан айтып отырған қосалқы, бәлкім басты кейіпкер Питтің бұрынғы әйелі – Бэтти.

Келлидің тағдыры не болды деп те сұрасаңыз болады, Келли әлдеқашан тұрмысқа шығып кеткен еді. Кімге десе­ңіз оны да айтуға болады, бес жыл бұрын Чактың тісін емдеген дантистке...

Адамды азаптағың келсе жалғыз қал­дыр. Түрмелерде жалғыздан-жалғыз жеке қамақта ай мен күннен жаңылып қалған адамдар көбіне моральдық қысымға шыдамай сынып кетеді екен. Әрине, адамның ішкі мені мықты болмаса, кез келген сынақ қауіпті.

Бірақ Чак ішкі қуаты мықты, қиын­дыққа оңай беріле салмайтын нағыз жан­кешті адам болатын. Ол тіпті аралда қалған алғашқы жылдары асылып өлем деген жібін кейін 4 жылдан соң жартастың басындағы ағаштан шешіп алып қайық жасайды. Кезінде өзі апатқа ұшырағандағы ұшақтың дәретханасы­ның сумен ағып келген есігін де қолдан жасаған ағаш қайығына желкен етеді. Ойлаңызшы, дәретхананың жартылай сынық есігі – оның жаңа өміріне ашылған алтын қақпадан кем емес. Ноланд манағы ашылмаған қораптың сыртындағы періштенің қос қанатын өзі қолдан құрастырған сол қырық жамау қайығына да бедерлеп қояды. Қанаттың әуелгі жаратылысы ұшу емес пе, мұхиттың үстінде тұрған қатты дауылға ілесіп сол қанат-есік ұшады да кетеді...

Бұл фильм – көп көрерменді әлі күнге ойландырып келе жатқан шын классика. Себебі Чак ең соңында Бэттиге төрт жыл бойы ашпай, сақтап алып келген қораптың ішінде не зат болуы мүмкін? Біреулер айтады, «Ол қораптың ішінде қуаты сол беті таусылмаған, әлемнің кез келген нүктесінен байланысқа шыға ала­тын радио телефон болды» дейді. Әри­не, әзіл деп қабылдайсыз. Бірақ солай болуы да ғажап емес қой. Біреулер, Бэтти күйеуіне: «Қайта қосылайық!» деп жазған ғашық хаты мен күйеуі Пит сүйіп жейтін тәтті шоколад пен ащы соус болды» дейді.

Өмірдің ащысы мен тұщысы қатар жүретін өмірді бір ғана соус пен шоколад арқылы қалай әдемі айтуға болады дерсің!.. Кім біледі, бастысы оны Чак ашқан жоқ. Иесіне табыстап, төрт тарапқа жүретін жолайрықтың ортасында тұра берді. Фильм осылай аяқталады.

Айтпақшы, Чактың рөлін сәтті сом­даған Том Хэнкс кино түсірілімін бір жыл­ға кешіктіріп, тежепті. Сөйтсе образ­ға шынайы кіруі үшін Том шашын жалбыратып өсіріп, өзінің арса-арса болып арықтауын күтіпті. Аралда сақал-мұрты жалбырап жүрген Чактың бейнесі шынайы шығуы үшін сондай жанкештілікке барыпты. Бұдан кейін оны талантты актер демей көр?

«Тәлкек» – шын мәнінде шедевр, адам­ның жалғыздықпен күресіндегі  көз­сіз батырлық туралы тәмсіл. Оны тіпті, өмір­ге соншалықты құштарлықтың ең үздік эталоны деуге де болады. Өзінің өт­кен өмірін Тынық мұхитының тереңіне баты­рып жіберіп, сынған аяқ-қолын қайта жинап, өзінің болмысынан жаңа адам жасап шыққан Чак – әрқайсымыздың өміріміз болуы керек.

Шындап келгенде Чактың ұшағы апат­қа ұшыраған Тынық мұхиты мен ондағы иесіз арал әрқайсымыздың іші­мізде бар.

Иесіз арал қашанда уақытпен бетпе-бет келетін жалғыз жер.