Әлем • 26 Қыркүйек, 2021

Марафон несімен маңызды?

996 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары тренд деген айдар тағылған дүние көп. Оның біріне әлеуметтік желі мен технология тікелей әсер етсе, енді бірін экономика мен туризм ынталандырып келеді. Қазақстанның да жаһандық жаппай марафон жарысына қосылғанына бірнеше жыл болып қалды. Жалпы, көпшілікпен бірге белгілі бір қашықтықты жүгіріп өтудің бір қарағанда кімге, қандай пайда әкелетіні түсініксіз.

Марафон несімен маңызды?

Марафон туралы жазуымызға не түрткі болғанынан бастайық. Жексенбіде Германияда аса ма­ңыз­ды сайлау өтті. Неміс халқы жақын болашақтағы саяси бағыт-бағдарын анықтады десек, артық айтқандық емес. Елді ұзақ жылдар бойы басқарған канцлер Ангела Меркель биліктен кетіп, тізгінді сайлауда жеңіске жеткен үміткерге тапсырмақшы. Ойлап қарасаңыз, 16 жылдан кейін канцлер ауысқалы тұр. Елдің саяси өміріндегі әр азаматқа тікелей әсер ететін ең ірі оқиға деуге бо­лады.

Бір қызығы, жексенбіде сая­си додамен қатар, Берлин тұр­ғын­дары халықаралық марафонда жүгіріп жарысты. Әлемдегі ең озық елдердің бірінің сая­си тағдыры шешілер тұста қабаттаса өтіп жатқан спорттық жарыс соншалықты маңызды болғаны ма деген сұрақ туындайды. Әсіресе, халық таңертең жаппай сайлау учаскесінің орнына ма­ра­фонға баруы әбден мүмкін ғой.

2017 жылғы Бундестаг сайлауы кезінде де Берлинде марафон өткен екен. Германия астанасындағы сайлау атмо­сферасы толығымен жарыстың көлеңкесінде қалған көрінеді. Қала тұрғындары алдымен да­уыс беруге емес, жарысқа қарай жүгірген екен. Міне, дәл осы себепті жүз мыңдаған халықты жинайтын марафондардың Еу­ро­­падағы ең ірі саяси нау­қанға бәсеке болатындай нендей ерек­ше­лігі бар екені қызғылықты, әрине. Айтпақшы, дәл осы күні Қазақстанның екі ірі қаласында да марафон өтті.

Марафон ұйымдастырудың машақаты көп. Себебі ол спорт алаңында немесе арнайы стадион­да емес, қаланың қақ ортасында өтеді. Мәселен, елордадағы жа­­рыс кезінде қаланың сол жа­­­ғалауындағы бірқатар бас­ты көше жабылып, қоғамдық көліктің бағыты өзгерді. Яғни жарысты ұйымдастыру үшін осы секілді ірі қалалардың күн­делікті тіршілігіне үлкен өз­ге­рістер енгізіледі. Орталық кө­шелер жабылды дегеніңіз мың­даған адам демалыс күніне жоспарлаған тірлігінен қалып, үйінде отыратынын білдіреді. Қарап тұрсақ, машақатынан бө­лек, көп қаражатты талап ете­тін секілді. Расында, марафонда жүгіремін деушілер жарысқа тіркелгенде арнайы төлем жасайды. Бұл қаражат ұйымдастыру шығындарын жабуға кетеді. Сондай-ақ еліміздегі марафондардан жиналған қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалатынын айта кету керек. Жарыстардың барлығы өздігінен өткізілмейді. Толыққанды марафон ұйымдастыру үшін Ха­лықаралық марафондар және қашықтықтағы жарыстар қауым­дастығы (AIMS) секілді ұйым­дар­дың рұқсатын алу керек. Халықаралық ұйымның сертификаттауынан өткен жарысқа ше­тел­діктер де тартыла бастайды.

Жалпы, марафон дегеніміз 42 км қашықтықты жүгіріп өтуді білдіреді. Ал марафон ұғымы 490 жылы гректерге Ма­ра­фон ша­йқасы кезінде өз әскер­ле­рі­нің жеңісін хабарлау үшін Мара­фоннан Афинаға дейін жүгі­ріп келген грек жауынгерінің ба­тыр­лығымен байланысты.

Марафон 1896 жылғы заманауи Олимпия ойындарындағы жарыстардың бірі болған. Бір жылдан кейін осы марафоннан шабыт алғандар Бостон марафонын жүгіріп өткен. Осы­лайша, халық арасында спорт­шылардың жеңісіне қуа­нып, оларға еліктеп ұзақ қа­шық­тыққа жүгіруге қызыға бас­та­ғандар көбейген. Ал АҚШ-та Олимпиада жүлдегерлері атан­ған марафоншылардың же­ңісі жүгіруге деген ерекше ықыласты оятты. Кейінгі жылдары кез келген мерекеге орай өтетін жарыстардың кө­бейгені соншалық, «мара­фон­мания» деп те аталған екен. Алғашында тек ерлер ғана жүгіретін жарысқа ке­йін әйелдер де қосылды. Қа­зір тіпті мүмкіндігі шектеулі жан­­дар­ға арналған да дивизия бар. Мұның барлығы мара­фон­ның спорттық жарыс сипаты­нан асып, әлеуметтік, тіпті эко­но­микалық ықпалы бар ірі іс-ша­раға айналғанын көрсетеді.

Марафонды жүгіріп не жүріп өтуге болады. Әркім өзінің да­йын­дығына, мақсатына және мүм­кіндігіне қарай бейімделуі керек. Әрине, жарысқа қаты­самын деушілердің арасында ешқашан ұзақ қашықтыққа жү­гі­ріп көрмеген, дайындығы жоқ, тек осы бір спорттық іс-ша­ра­ның атмосферасын сезініп, қа­йырымдылық жасап, трендтен қалмайын дейтіндер баршылық. Десе де, қашықтығына қарай марафонға қатысу үшін арнайы дайындық керек екенін бұл іспен кәсіби айналысып жүргендер жақсы біледі. Кәсіби дегенде олар – кәсіби спортшылар емес, бос уақытын осы спорт түріне арнаған жандар. Олар үшін бұл жай ғана марафон жүгіріп өту емес, бұл – үлкен еңбек пен тер төгіп жеткен жетістік. Сондықтан барлығы жүгіріп жатыр екен деп, 42 км додаға дайындықсыз түсуге әсте болмайды. Қанша жерден салауатты өмір салты де­геніңізбен, мұндай марафондар ағзаға үлкен ауыртпалық тү­сіреді. Сол себепті де арнайы да­йындық керек.

Қазір әлемнің 83 елінде ресми тіркелген 800-ден астам марафон өтеді. Берлин, Бостон, Чикаго, Лондон, Нью-Йорк және Токио марафондарының жеңімпаздары қомақты қаржылай сыйлық алады. Мұны кәдімгі жарыс деуге де болады. Себебі ел аралап, әрбір марафонға қатысу үшін ақшасын, уақытын, еңбегін арнайтындар қаншама.

Ақша демекші, жоғарыда жарысқа тіркелу үшін төлем жасау керегін айтқанбыз. Жа­рыс­тың дәрежесі жоғары болған сайын, қатысу үшін тө­лей­тін қа­ражат та өсе береді. Мә­се­лен, әлемдегі ең ірі әрі беделді Бостон, Берлин марафондары секілді додаларға қатысу үшін шамамен 250-300 доллар немесе біздің ақшамен есептегенде 100-130 мың теңге көлемінде төлеу керек. Ал отандық жарыстардың бағасы 5-10 мың теңге шамасында. Оған дайындықтың, жүгіруге арналған арнайы спорт киімдері мен гаджеттердің бағасын тағы қосыңыз. Одан бөлек, дәстүрлі 42 км-дан артық жүгіргісі ке­летіндер ультрамарафонға қа­ты­сады. Саламатты өмір салтын ұстанамын деген жанға өз қал­тасынан осыншама қаражат төлеп не керек? Шотландияның батыс жағалауында 120 мильді қамтитын төрт күндік жарыс бір адамға 15 499 фунт стерлинг (шамамен 9 млн теңге) тұрады екен. Бұл – әлемдегі ең қымбат жарыстың бағасы.

Марафон – сіз бен біз ойлайтындай, бұқаралық спортты насихаттап, халықты саламатты өмір салтына шақыратын қатардағы имидждік іс-ша­ра­лар­дың бірі емес. Бұл – әлем бойынша жылдам дамып келе жатқан спорттық туризмнің бір түрі. Қомақты қа­ражат жұмсап марафонға қа­тысу тек хобби емес, өзге елдерге саяхаттаудың ерекше түрі бо­лып шықты. Бұл дәстүрлі туризмнен әлдеқайда қызық. Бір уақытта 50 мыңға дейін адам қатысатын жарыстарды ұйым­дас­тырушылар қаланы да ерекше атмосфераға бөлеп, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлайтыны тағы бар.

Былтыр пандемияға байла­нысты ірі марафондар өтпеді. Сарапшылар бұл спорт­тық іс-шаралардың экономикалық әсері орасан зор деген білдірді. Мә­селен, Колумбия уни­верси­­теті Спорт менед­жменті бағ­дарламасының академиялық директоры Скотт Рознер ірі қалалар үшін марафон жарналар мен қайырымдылық қорларына пайдадан бөлек, қонақтар санын арттыратынын айтады. Бұл қонақүйлер толып, көшедегі сауда-саттық жанданады деген сөз.

Смит колледжінің спорт эко­но­мисі Эндрю Цимбалистің айтуынша, мұндай іс-шаралар Нью-Йоркке ондаған мил­лион доллар табыс әкелуі мүмкін екен. ­Қазақстандағы жарыстар да Орталық Азиядағы ең ірі марафонға айналып үлгерген. 2019 жылы Алматы марафонына өзге елдерден келген қа­ты­сушылардың саны бойынша рекорд орнағаны хабарланған еді. Қазақстандықтармен бірге жарысқа Қырғызстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Украина, Ұлыбритания, Үндістан, АҚШ секілді 53 елдің азаматтары қа­тысқан. Ауқымды марафон жарысын өткізу – ірі мегаполис атанудың тағы бір белгісіне айналғандай. Бір жыл үзілістен кейін көптен күткен марафон жарыстары дүние жүзінде қайта өткізіле бастады.

Ірі саяси доданы көлеңкесінде қалдыруға қауқары жететін, х­а­лықтың күнделікті тіршілігін ысы­рып қойып, мыңдаған адам­ның жүгіруіне мүмкіндік ашатын марафон қатардағы жарыс­тар­дан ауқымы мен ықпалы бо­йынша ерекшеленіп тұрғаны сөзсіз.