Расымен былтыр цифрлық салада үлкен өзгерістер болды. Осы салада Үкімет талай жыл жүріп жеткізе алмаған табыстарға пандемия бір-ақ жылда жеткізгендей. Әсіресе, аяқ астынан табысынан айрылған жандарға берілген 42500 теңге мен «вирус ақша арқылы да жұғады, сондықтан мүмкіндігінше қолма-қол төлемнен аулақ болыңыздар» деген сақтық шарасы жұрттың жаппай карта жүйесіне көшуіне себепкер болды. Қараңыз енді: былтыр 1 қазандағы жағдай бойынша банктердің айналымдағы карточкаларының саны 44,3 млн-ға жеткен. Мұндай бұрын-соңды болмаған. Банк карточкаларын ұстаушылардың саны болса, 37,2 млн-ға жеткен. 2019 жылмен салыстырғанда бұл – 44,9%-ға артық көрсеткіш.
Қазір қолма-қол ақшамен есеп айырысып тұрған адамды сирек көресіз. Технологиядан хабары бар адамға төлемді банк картасымен жасай салған оңай. Қазір картаның өзі қалып барады. Қалалықтардың басым бөлігі мобильдік қосымшамен төлем жасауға көшкен. Қазақстанның экономикалық жағдайына шолу жасап отыратын Ranking.kz ресурсының хабарлауынша, қазіргі таңда төлем картасымен жасалған 20 төлем операциясының біреуі ғана қолма-қол ақшамен жүргізіледі. Қазақстандық және шетелдік картаның көмегімен ақша алу бір жылдың ішінде 27,3%-ға артып, биылғы қаңтар-маусым айында 11,4 трлн теңгені құраған. Карта бойынша төлемдердің жалпы айналымында ақшаны қолма-қол шешіп алу бір жылдың ішінде 36,9%-дан 24,1%-ға дейін қысқарған. Мысалы, тек 2015 жылы карта қолданушылардың 90,3%-ы ақшаны қолма-қол алса, 2019 жылы олардың үлесі 60,6% болған.
Осы кезеңде төлем карталарын пайдалану арқылы қолма-қол ақша алу транзакциялар саны 8,1%-ға, яғни 162,7 млн-ға дейін төмендеген. Бұл дегеніңіз қазақстандықтар қолма-қол ақшасыз төлем жасауға біржола көше бастады деген сөз. Айталық, 2020 жылы қолма-қол ақша беру транзакциялары 12,4% болса, 2019 жылы — 26,5%, ал 2015 жылы 72,7% болған.
Биылғы қаңтар-шілде айларында қолма-қол ақшаны шешіп алу бойынша транзакцияның орташа чегі 70,2 мың теңгені құраған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 38,4%-ға артық. 2019 жылы бұл көрсеткіш 45 мың теңге болса, 2015 жылы 37,9 мың теңге болған. Осы ретте қолма-қол ақшасыз төлемнің бір операциясының орташа чегі шамамен 11-12 мың теңге аралығын құрайды.
Қазақстанның өңірлері бойынша төлем карталарынан қолма-қол ақшаны шешіп алатындардың көбі – Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының тұрғындары екен. 2021 жылдың қаңтар-шілде аралығында банк карталарынан алматылықтар барлығы 2,5 трлн теңге, елордалықтар 1,3 трлн теңге көлемінде қолма-қол ақша алған. Қалған аумақтардағы көрсеткіштер шамамен 227,3 млрд теңге айналасында.
Қолма-қол ақша көбіне банкоматтардан алынады. Биылғы қаңтар-шілде аралығында банкоматтардан 10 трлн-нан астам теңге алынса, POS-терминалдар арқылы берілген ақша небәрі – 1,4 трлн теңге.
Айтпақшы, Қазақстанда банкоматтардың саны да бір жылдың ішінде 5,5%-ға көбейген, яғни жаңадан 12,8 мың құрылғы орнатылды. Соның ішінде cash-in функциясы бар банкоматтар саны 5,9 мыңға жетіп, жылдық өсімі 20,3%-ға артты. Бірақ қолма-қол ақша беретін функциясы ғана бар банкоматтар қатары бір жылдың ішінде – 4,6%-ға, яғни 6,9 мыңға азайған.