Президент • 28 Қыркүйек, 2021

Баршаға тең білім беру жүйесі қажет

1253 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауы қазіргі кезеңнің ең маңызды деген мәселелерін қамтып, еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттерді айқындап берді. Президент пандемия салдарынан бәсеңдеген экономикалық өсімді үдету, халықтың әл-ауқатын жақсарту, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырып, білім сапасын көтеру, адам құқығын қорғау, ұлт бірлігін нығайту сынды бастамаларын жариялады. Қуантарлығы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында біздің тараптан айтылған білім саласына қатысты мәселелер биылғы Жолдауда көрініс тапты. Бұл «еститін, қоғамға құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде іске асып жатқанын көрсетіп отыр.

Баршаға тең білім беру жүйесі қажет

Бізде білім берудегі теңсіздік, білім сапасындағы алшақтық, қала мен ауыл мектебі арасында айырмашылық үлкен. Қоғамдағы көп күрделі мәселенің тамыры білім саласында екенін мойындап, мәселенің шынайы ауқымын ашық айтқанымыз жөн. Дамыған 30 елдің қатарында болғымыз келсе, бірінші кезекте, сол 30 елдегі білім беру стандарттарын негізге алуымыз керек. Түрлі бастамалар мен реформалар өте көп. Бірақ оның ең маңыздысы – білім саласына түсіп тұрған демографиялық салмақ. Ол күн өткен сайын артып келеді. Президент бұған дейін 2025 жылға қарай 800-ге жуық мектеп салуды тапсырған еді. Биылғы Жолдауында жа­ңадан салынатын мектеп санын 1 мың­ға дейін арттыруды міндеттеді. Әри­не, мектептердегі орын тапшылығын шешу бойынша берілген тапсырма өте өзекті. Алайда 1 мың мектеп салу бұл мәселені түпкілікті шеше алмайды. Қазір еліміздегі 7 400 мектепте 3,5 миллиондай оқушы білім алады. Балалардың 80%-ы – екі ауысымды, 215 мың бала үш ауысымды мектепте оқиды. 2800-ден аса ауылдық шағын жинақталған мектепте әртүрлі жастағы балалар ортақ сыныптарда бірге отырады, ондай мектептерде пән мұғалімдері жетіспейді. Орта білім беру жүйесін толықтай бір ауысымға көшіру үшін бізге 3 мың мектеп салу қажет. Қазір жетпей тұрған оқушы орны – 2 млн. Мәселен, барлығымыз қызығатын финдік білім жүйесінде жақсы, жаман мектеп болмайды. Ең жақсы мектеп – үйіңе жақын орналасқан мектеп. Біз де осы түсінікке келуіміз керек. Алайда бұл мәселені дәстүрлі, экстенсивті жолмен шешуге ұмтылып, жүйені жаппай керемет мектеп, білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін қыруар қаражат қажет.

Әлемдік банк зерттеуіне сәйкес, қазір Қазақстандағы адам капиталы индексі – 63%. Аталған индекс негізінен баланың туғаннан бастап он сегіз жасқа жеткенге дейін қалыптастыруы тиіс дағдылары мен қабілеттерінің жиынтығы. Мектеп бағдарламасы аясында 40 пән бойынша 1-11 сынып  аралығында балаға үйрететін дағдылар саны – 12 мыңдай. Мұнда пәндер негізінде берілетін дағдылардан басқа  ересек өмірге қажет қабілеттердің бәрі кіреді. Қазақстандық білім беру жүйесі осы дағдылардың 63%-ын ғана бере алып отыр. Бұл көрсеткішті 80-90%-ға арттыру үшін не істей аламыз? Дәл осы жерде білім беру саласының тиімділігі мәселесі туындайды. 

Жолдауда сапалы, инклюзивті білім туралы айтылды. Бұл мәселеге тиі­сінше назар аударылғанына қуандым. Себебі біздің қоғам «инклюзивті» деген сөзді мектепке бара алмайтын балаларға берілетін білім деп түсінеді. Шындығында мәселе басқада, мұндағы «инклюзивтілік» сапалы білім алуға баршаға тең, әділетті мүмкіндік жасауды білдіреді. Жалпы, бұл дамушы елдердің бәріне ортақ  мәселе. Сапалы білім беру үшін бізге жағдайы жақсы мектеп, білімді, білікті мұғалімдер қажет. Өкінішке қарай, ондай мектеп те, мұғалім де көп емес. Сондықтан шамасы жеткендер ғана жақсы мектепте оқиды, ал басым бөлігінде таңдау жасау мүмкіндігі жоқ. Сапалы білім ат төбеліндей топтың қолы жететін, эксклюзивті дүниеге айналды. Дүниежүзілік банктің деректеріне сенсек, еліміздегі 3,5 млн оқушы­ның 35 мыңы, яғни 1 пайызы ғана толық күн оқытатын бір ауысымды мектепте оқиды.

БҰҰ-ның тұрақты 17 даму мақсаты бар. Соның ішіндегі 4-мақсат – сапалы, инклюзивті, әділетті  білім беру. Мұндағы инклюзивті деген ұғымды қайта қарас­тыру керек. Бізге эксклюзивті емес, инклюзивті, яғни баршаға тең мүмкіндік беретін білім беру жүйесі қажет. Қала баласы мен ауыл баласы білім алу мен өмірге қажетті дағдыларды игеруде тең мүмкіндіктерге ие болуы керек.

Біз осы мәселелердің шешімін цифр­ландырудан, жаңа технологиялардан іздейміз. Мұндағы біздің міндет – ең озық мектептер мен ең білікті мұғалімдердің тәжірибесін технологиялардың көмегі­мен әр балаға жеткізу. Жоғарыда айтыл­ған 12 мың дағдыны соңғы технология­лар көмегімен қысқа уақытта және аз ғана шығынмен цифрлы форматқа өткізуге болады. Қазір EdTech индустрия­сы ұсына алатын шешімдер ауқымы өте кең. Бұл цифрлы трансформация барлық қиындықты шешіп бере алады деген сөз емес. Бірақ қазіргі жағдайға тиімді балама бола алады.

 

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры