Президент • 28 Қыркүйек, 2021

Коронавирусқа қарсы күрес күшейтіледі

521 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үкіметтің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру шаралары жөнінде брифинг өтті. Бұл ретте Үкіметтің әлеуметтік блогының жұмыс бағыттары туралы жан-жақты мәлімет берілді.

Коронавирусқа қарсы күрес күшейтіледі

Брифинг барысында алдымен Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов сөз алып, денсаулық сақтау жүйесінің алдына қойылған нақты міндеттерге тоқталды.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусқа қарсы 3 вакцина қолжетімді: Спутник V, Сино­фарм және QazVac. Бұған қоса Мем­­лекет басшысының тап­сыр­­масы бойынша биылғы IV тоқ­­санда Pfizer жеткізіледі деп күті­луде. Бұл ретте тиімділігі жағы­нан шетелдік баламалардан кем түспейтін отандық вакцинаны қолдаймыз», деді Е.Тоғжанов.

Оның айтуынша, өткен айда QazVac вакцинасы 650 мың доза көлемінде өндірілді, осы айда 750 мың доза жеткізіледі деп күтілуде. Екі өндірістік алаң да­йындалды: Жамбыл облысында биофармацевтикалық зауыттың толық дайындығы қамтамасыз етілді; «Антиген» кәсіпорнының базасында вакциналар, оның ішінде QazVac шығарудың толық циклі бар БҚПҒЗИ екінші өндірістік алаңы іске қосылды. Биыл Қазақстан тарихында алғаш рет «Биологиялық қауіпсіздік туралы» арнайы заң қабылданады. Бұл биоқауіптермен күресуге құқықтық негіз құрайды. Елдің био­қауіпсіздігін болжаудың ұлт­тық жүйесін құру көзделген. Бұл жүйелі негізде биологиялық қа­тер­лерден қорғау бойынша жұ­мыс жүргізуге мүмкіндік береді.

«Сондай-ақ дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жеке өндірісін дамыту басым­дыққа ие. Бүгін біз өзімізді 17%-ға қамтамасыз етіп отырмыз. 2025 жылға қарай бұл 50% дең­гей­ге жетеді. Бұл үшін Үкімет дең­­ге­йінде арнайы кешенді жоспар қа­­был­данды», деп атап өтті Үкі­мет бас­шысының орынбасары.

Сонымен қатар Қазақстанда санитарлық-эпидемиялық қыз­меттің материалдық-тех­ни­­ка­лық жабдықталуы кү­шей­тіледі. 12 зертхана жоғары тех­но­логиялық жабдықпен жарақ­­тан­дырылады. Бұл улы эле­менттерді, тұздар мен метал­дар­ды анықтау мақсатында тамақ өнімдеріне, балалар ойыншық­тары­на, суға және басқа да өнім­дерге зертханалық зерттеу­лер жүр­гізуге мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ медициналық бұйым­дарды зертханалық және техни­калық сынақтардан өткізу ор­талығы құрылады. Бұл халық­аралық стандарттар бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасына сынақтар жүргізуге мүмкіндік береді.

«Пандемиядан кейінгі кезең­де Қазақстан Үкіметі халық ара­сын­­да саламатты өмір салтына ерек­ше көңіл бөледі. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында саламат­ты өмір салтына ерекше көңіл бө­лініп, нақты шара­лар айқын­­дал­ды. «Бұл 2025 жыл­ға қа­рай саламатты өмір са­л­тын ұс­­та­натын азаматтардың үле­сін 45%-ға дейін арттыруға мүмкін­дік береді», деп атап өтті Е.Тоғжанов.

Тағы бір басымдық – денсау­лық сақтау саласына жаңа технологияларды енгізу және жаңа заманауи ауруханалар салу. Биыл Қазақстан Орталық Азиядағы онкологиялық ауруларды тиімді және ауыртпалықсыз емдеуге арналған «Гамма-пышақ» орна­тылған елдердің біріне айналды. Егер бұған дейін жылына 50-ге жуық қазақстандық шетелге шығып, бір адамға орта есеппен 1 млн теңге жұмсалса, биылғы мамыр айынан бастап Нейрохирургия орталығының базасында 142 ота жасалды. Бұдан өзге, әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда МЖӘ шеңберінде заманауи медициналық орталықтар салынады. Заманауи технология­лары бар әлемдік ауқымдағы ал­ғашқы ауруханалар Нұр-Сұлтан және Түркістан қалаларында салынып жатыр. Осылайша, болашақта қазақстандықтар шетелге шықпай-ақ, жоғары сапалы ем ала алады.

Сондай-ақ іс-шара кезінде вакциналау барысы және ревак­циналауға дайындық туралы Ден­сау­лық сақтау министрі Алек­сей Цой айтып берді. Министрдің ай­туынша, қазіргі уақытта КВИ-ға қарсы ревакциналау жүр­гізу әлемдік тәжірибені және халық­аралық ұйымдардың – ДДҰ, СДС ұстанымдарын зерделей отырып, талқылау сатысында тұр.

«Қазір ревакциналау мәсе­лесі әлемнің барлық елінің ал­дын­да тұр. Қазақстанда сани­тар­лық-эпидемиялық қыз­меттің қызметкерлерінен, же­тек­ші ғалымдар, клиницис­тер, дәрігерлерден тұратын жеке жұ­мыс тобы құрылды. Біз же­текші халықаралық агенттік­терден, ДДҰ-дан және басқа да ұйымдардан ақпарат сұраттық, қазіргі уақытта барлық тәжірибе жинақталуда», деді А.Цой.

Бүгінгі таңда әлемдік деңгей­де вакциналау курсы мен ревакциналау арасындағы интервал, халықтың қандай топтары ревакциналауға жататыны туралы нақты критерийлер жоқ. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің консультативтік органы – Қазақстан халқын иммундау жөніндегі консультатив­тік комиссияның отырысында қаралды. Жақын арада уақытын және қайта вакцина алатын кон­тингентті анықтай отырып, ревакциналау тактикасы туралы шешім қабылданбақ.

«COVID-19-ға қарсы ревакциналау қазіргі таңда әлемдегі жаңа тәжірибе болмақ. Барлық деректі жинақтағаннан кейін, жақын арада Денсаулық сақ­тау министрлігі жанындағы халық­ты иммундау жөніндегі консуль­тативтік комиссияның қорытындысынан соң сарапшылар тобы қорытынды береді, біз міндетті түрде хабарлаймыз. Медициналық нысандардың дайындығы тұрғысынан бізде толық дайындық бар, барлық егу пункті дайын, дәрігерлер оқытылған және шешім қабыл­данғаннан кейін бүкіл ел толыққанды режімде жұмыс істейді», деп түйіндеді А.Цой.

Алдын ала деректер бойынша ревакциналау екінші дозадан кейін 9 айдан соң жүргізіледі. Бұл ретте ревакциналау бірінші кезекте халықтың әлсіз топтарынан тұратын контингенттерге ұсынылады.

Сонымен қатар А.Цой Pfizer вакцинасының қашан жеткізілетіні және балаларды вакциналау туралы айтты.

«Pfizer вакцинасын жеткізу осы жылдың төртінші тоқсанында жоспарланған, кестелер компаниямен тексерілгеннен кейін біз нақты күндерін көрсетеміз. Вакцина алуы тиіс тұрғындардың, атап айтқанда, жас санатына келетін болсақ, біріншіден, Қазақстанда Pfizer компаниясы мәлімдеген тіркеу куәлігі мен нұсқаулықта 12 жастан асқан балалар мен жасөспірімдер көрсетілген, олар Pfizer вакцинасын ала алады. Бұл ретте тек ерікті негізде және ата-аналарының келісімімен ғана вакцина салынады. Сондай-ақ вакцина алуы тиіс балалардың жас параметрлері өзгеруі мүмкін. Қазір клиникалық зерттеулер жүргізілген елдер­дің реттеушілері зерттеу мәлімет­терін бекіткеннен кейін біз ресми ұсыныстар аламыз, мүмкін біз де осы тәсілдерді қарастырармыз», деп түсіндірді ведомство басшысы.

Қазіргі уақытта Pfizer вакци­насының логистикасы мен сақ­тау мәселелерін пысықтау бойын­ша іс-шаралар аяқталуда, өңір­лер­дің денсаулық сақтау бас­қар­­ма­ларымен семинар-кеңес­тер өт­кізілді. 5 жастан асқан бала­ларға вакцинаны қолдану бойын­ша Денсаулық сақтау министр­лігі Pfizer компаниясына сұрау жол­да­ды, бұл туралы ресми ақпа­рат алғаннан кейін қосымша хабарланады.