Оның жетістіктерін игеруге Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып кіріспек
Біз осының алдындағы мақалаларымызда үшінші индустриялық революцияны адамзат өміріне әкелетін өзгерістер, ол өзгерістердің қандай өңірлер мен елдерде бастау алуы мүмкін екендігі, 2050 жылға таман өмірдің қалай өзгеретіндігі, қандай технологиялардың бел алатындығы, адамзат алдында тұрған жаһандық проблемалардың қалай шешім табатындығы туралы әңгімеледік. Ал енді, осы мақаламызда үшінші индустриялық революция жетістіктерінің біздің еліміз Қазақстандағы жүзеге асу мәселелеріне тоқталмақпыз.
Жалпы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы халыққа арнаған Жолдауында әйгіленген «Қазақстан-2050» Стратегиясын бір есеппен алғанда, үшінші индустриялық революция жетістіктерін Қазақстанға енгізудің ұзақмерзімді жоспары деп те айтуға болады. Ал жуықта ғана Тәуелсіздік сарайында жасалған Елбасының биылғы Жолдауы сол ұзақмерзімді Стратегияны жүзеге асырудың нақты қадамдарын әйгілеп берді. «Сонымен, 2050-ге дейінгі қалған жылдар жеті бесжылдыққа бөлінеді, олардың әрқайсысы бір мақсат – дамыған 30 елдің қатарына кіру мәселесін шешеді. Екінші және одан кейінгі бесжылдықтарда мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салған жөн. Мемлекет жұмысының негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау болмақ. Таяудағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасау керек, онсыз біз әлемнің дамыған елдері қатарына қосыла алмаймыз. Мұны дамыған ғылым арқылы шешуге болады», деп атап көрсетті Елбасы.
Мемлекет басшысының осы сөзінде аталған технологиялар мен салалардың барлығы үшінші индустриялық революцияның жетістіктеріне арқа тірейтін, болашақтың даму сүресін қалыптастыратын салалар болып табылады.
Сонымен Қазақстан өзінің ұзақмерзімді даму стратегиясында үшінші индустриялық революция жетістіктеріне арқа тіремек. Осының негізінде әлемнің ең дамыған және бәсекелестікке барынша қабілетті 30 елінің қатарынан орын алмақ. Қазіргі күні Қазақстанның қолынан осы істердің келетіндігін көптеген халықаралық сарапшылар мен саяси қайраткерлер мойындап отыр. Тіпті, мойындап қана қоймай, бірқатары мұны мәлімдеп те үлгерді. Мәселен, Испанияның премьер-министрі Мариано Рахой біздің еліміздің жүйелі де қарқынды дамуын, шетелдік инвестицияларды тартудағы жетістіктерін және алға қойған мақсаттарының ауқымдылығын айта келе Қазақстанды «Үшінші индустриялық революцияның пионері» деп атады. «Мен ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстанды үшінші индустриялық революция жетістіктерін игеру ісінде басқа елдерден озып, алға шығуына мүмкіндік беретіндігіне сенімдімін», деді ол.
Ал Корея Республикасының Алматыдағы өкілдігінің басшысы, бас консул Сон Чхи Кын үшінші индустриялық революция жетістіктері бүкіл әлем бойынша бел алған кезде Қазақстанның осы істегі көшбасшылардың бірі болатындығын дәлелдер келтіре отырып алға тартты. «Үшінші индустриялық революцияда Қазақстан әлемдегі жетекші елдерінің біріне айналады. Өйткені, ол қазірдің өзінде толеранттық символына айналып отыр. Оның үстінде бұл елде білім қуған талантты жастар өте көп» деп мәлімдеді ол.
Әлемде үшінші индустриялық революция кезеңінің басталып кеткендігін мәлімдеп, адамзаттың ендігі даму басымдықтарын осы жағдайға жоспарлы түрде бейімдеу арқылы уақыт пен материалдық және интеллектуалдық ресурстар жөнінде көп ұтысқа шығуға болатындығын айтып жүрген белгілі саясаттанушы, футуролог әрі экономист Джереми Рифкин екендігі белгілі. Міне, осы Джереми Рифкиннің өзі біздің елімізге келген сапарында Қазақстанның жоғарыдағыдай іске маңыз бере отырып кіріскендігін атап көрсеткен болатын. Рифкин бұл ретте Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында «жасыл экономиканың» әлемдегі ең алдыңғы қатарлы технологияларын шоғырландыратын сфералық аса ірі ғимарат тұрғызылатындығын, бұл тамаша ғылыми технологиялық орталықтың болашақта Назарбаев Университетімен тығыз бірлікте жұмыс істейтіндігін, осы арқылы ғылым мен технологиялық дамуды біте қайнастыратындығын назарға алған еді. Рифкиннің айтуынша, адамзат қауымы қазіргі күні «биосфералық» сананың бірінші сатысына қарай жақындап келеді. Ал үшінші индустриялық революция жетістіктері сананың осы түрін ауқымды ететін болады. Ол бірте-бірте миллиондаған адамдардың ойын жаулайды. Өйткені, ол өте нақты және қолдануға ыңғайлы.
Астанада салынатын тамаша ғылыми технологиялық орталықтың осы реттегі бір үлкен ерекшелігі, ол әлемдегі бірінші «биосфералық» орталық болып табылады. Былайша айтқанда, ол қазіргі күні әлемде бар және өзінің ғылыми жетістіктерімен кеңінен танылып отырған АҚШ-тағы Силиконды алқаптың адамзаттың келесі дәуіріне негізделген, бірақ қазіргі кезеңнен бастап жұмыс істейтін жаңаша баламасы болмақ.
Мәселенің осындай маңыздылығына байланысты Джереми Рифкин бұл болашақтың ғылыми технологиялық орталығын осы істі қолға алған Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атау жөнінде ұсыныс та білдірген болатын.
Енді әлемде үшінші индустриялық революция жетістіктерін енгізуге қандай елдер белсене ұмтылыс танытуда деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, ең алдымен, Еуропалық одақ пен оның көшбасшыларының бірі Германия ауызға ілігетіні анық. Біз осының алдындағы мақаламызда қазіргі әлемде «еуропалық арманның» бел ала түскендігін, ол бірте-бірте «америкалық арманды» ығыстыра беретіндігін айтқан едік. Бұл арман несімен құнды? Ол америкалық индивидуализмге қарағанда, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті, ұжымшылдықты алға тартуымен, адам өмірінің сапасы мен қауіпсіздігін дамудың басты шарттарының бірі ретінде қарастыруымен құнды.
Кейбір сарапшылар әлемнің басқа бөліктеріне қарағанда, әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне Еуропада көбірек мән берілетіндігін айта келіп, нақ осы мәселені Еуропаның қазіргі дағдарысқа килігуінің басты себебі ретінде алға тартса, енді бірқатар сарапшылар Еуропаның дағдарысқа түсуінің негізгі себебі бұл емес екендігін, негізгі себеп қазіргі қолданыстағы энергия көздерінің, әсіресе, мұнай мен газдың жетімсіздігінде, осыдан барып олардың бағасының тым шарықтап кетуінде екендігін айтады. Демек, дағдарысқа түскен елдерге қаржылай көмек беру, олардан әлеуметтік шығындарды азайтуды талап ету, бұлар – түпкілікті нәтиже көрсете алмайтын бір сәттік шаралар ғана. Еуропалық елдерді дағдарыстан құтқару үшін ең алдымен осы өңірдегі энергетикалық қуат көздерінің тапшылығын жою керек. Былайша айтқанда, атам қазақ ұрпақтарына өсиет етіп кеткендей, «балықшыға балық емес, қармақ беру керек». Оның көзге көрініп отырған бір ғана жолы бар. Ол энергияның балама көздерін іздестіру, соның ішінде күн мен жел қуаты секілді қайта жаңғыртылатын, яғни таусылмайтын көздеріне көбірек көңіл бөлу. Осы істе еуропалықтарға үшінші индустриялық революцияның жетістіктері көмекке келмек. Міне, сондықтан да қазіргі күні Еуропада күн мен жел энергетикасын дамытуға барынша екпін түсірілуде. Міне, сондықтан да Еуропа үшінші индустриялық революция қағидаттарын енгізу мәселесіне оларды алға жылжытатын заңдар қабылдау негізінде белсеніп кірісті.
Мәселен, 2007 жылы Еуропарламент осы мақсатта арнаулы декларация қабылдады. Онда 2020 жылға дейін энергия тұтыну көлемін 20 пайызға қысқартумен қатар пайдаланылатын энергияның үштен бір бөлігін қайта жаңғыртылатын қуат көздері арқылы игеру мәселесі алға қойылды. Қазіргі күні еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе, автокөлік өндірісінің жетістіктерін әйгілейтін журналдарда электр қуаты арқылы, сутегі арқылы және гибридті күш қондырғылары арқылы жүретін автокөліктер туралы мақалалар мен жарнамалар жиі жарияланады. Үшінші индустриялық революция жетістіктерін өндіріске енгізуде Еуропада Германия көшбасшылық рөл атқаруда. Бұл елде қазірдің өзінде электр қуатының 20 пайызы жаңғыртылатын энергия көздері арқылы өндірілуде. Енді 2020 жылға таман оның көлемін 35 пайызға дейін ұлғайту мақсаты алға қойылып, соған сәйкес жоспар әзірленді. Жоспарды орындау үшін қайта жаңғыртылатын қуат көздерін игерушілерге көптеген заңды жеңілдіктер қарастырылған. Соның нәтижесінде олардың қатары жылдан-жылға арту үстінде. Оның үстіне Еуропада соңғы кездері электр қуатын өндіруші шағын ұйымдар арасында қуат алмасудың қазіргі замандық желілерін құру ісі қолға алынып, оған ауқымды инвестициялар бағытталуда. Мұның мәнісін сәл түсіндіріп айта кететін болсақ, қазіргі күні Еуроодақта 191 миллион ғимарат бар. Болашақта бұл ғимараттар тек адамдар тұратын орын-жай ғана емес, сонымен қатар, өздерінің төбесі мен қабырғалары және жертөлелері арқылы қуат өндіретін шағын стансаларға айналмақ. Сол кезде олар өндірген артық электр қуаттарын сақтап қоюдың және бір-бірімен алмасудың жүйесі міндетті түрде қажет болады. Демек, қазіргі күні ақпарат алмасудың ең тиімді жолы ретінде әлемді шырмауықтай шырмап алған ақпараттық интернет секілді, енді энергетикалық интернет те пайда болып, жедел дамуы керек. Еуропаның Германия секілді көшбасшы елдері осы іске әзірлік жасау үстінде. Мәселен, Еуропалық одақ деңгейінде болашақтың энергиясы болып табылатын сутегін сақтап қоюдың технологияларын әзірлеу ісіне 8 миллиард еуро инвестиция бағытталып отыр.
Еуропада басталған осы қозғалысқа біздің өңірімізде, атап айтқанда, ТМД кеңістігінде алғашқы болып қосылған ел – Қазақстан. Біздің ойымызша, Қазақстанның бұған барлық мүмкіндігі бар. Ең бастысы, жаңа технологияларды өндіріске енгізуге қолдау көрсететіндей инвестиция көздері бар. Онан кейін еліміз білім саласына үлкен мән беруде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығымен қазақстандық көптеген жастардың «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерден оқу бітіріп келіп, еңбекке араласа бастағаны белгілі. Қазіргі мәліметтер бойынша, мұндай жастардың саны 10 мыңнан асып жығылады. Осы «Болашақ» бағдарламасы бар, сондай-ақ өз қаржыларымен оқып жатқандары бар еліміздің 50 мыңнан астам жасы шетелдердің озық оқу орындарында білім алып үлгерген.
Мұны айтып жатқан себебіміз, үшінші индустриялық революция жетістіктерінің басты бір ерекшелігі, ол даму орталықтарын бұрынғыдай қосымша құн өндіру үшін жұмыс істейтін өндіріс орындарынан жаңа жобаларды әзірлейтін жобалау мекемелеріне қарай ауыстыратын болады. Былайша айтқанда, ендігі заманда идея мен оны қалыпқа түсіретін дизайн дамуға серпін беретін басты күш ретінде алға түсетін болады. Өйткені, жаңа технологиялардың бел алуы нәтижесінде бұрынғыға қарағанда, өнім өндіру өте жеңілдейді. Оны тіпті үй жағдайының өзінде өндіре беру мүмкіндігі пайда болады. Мәселен, болашақтың өнімдер шығаратын станоктары қазіргі принтерлер қағидатымен жеңіл жұмыс істейтіндіктен, оларды тұрғын үйлердің өзіне орнатып алу мүмкіндіктері пайда болады. Демек, үшінші индустриялық революция жетістіктерін өмірге енгізу үшін білімді, қабілетті жастар өте қажет. Қазақстан қазірдің өзінде осы іске мән беру арқылы болашақта үлкен ұтысқа шығатын болады.
«Еуразиялық интеграция – бұл біздің үшінші жаһандық индустриялық революция шақыруына жауап беруге негізделген басты стратегиялық артықшылықтарымыздың бірі. Біз жаңа технологиялар мен дағдыларға бірлесе отырып, секіріс жасауды ұйғардық», деген болатын Қазақстан Президенті Астанада өткен шетелдік дипломатиялық өкілдіктер басшыларымен кездесуінде.
Биылғы жылғы жаңа Жолдауында Елбасымыз өзінің осы мақсатқа берік екендігін тағы бір айтып өтті. «Көптеген болжамдар бойынша, алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін «мүмкіндіктер көзі» болмақ. Бұл кезеңде сыртқы ортаның қолайлылығы, ресурстарға, энергияға және азық-түлікке сұраныстың артуы, үшінші индустриялық төңкерістің пісіп-жетілуі сақталады. Біз бұл кезеңді пайдалануға тиіспіз», деп атап көрсетті Президент.
Осы ретте посткеңестік кеңістікте әзірге үшінші индустриялық революция жетістіктерін өмірге енгізу мәселесі өте сирек талқыланатындығын айта кетуіміз керек. Бәлкім, бұған ресейлік энергетикалық алыптардың үшінші индустриялық революция жетістіктеріне жол ашуға оншама құлшынысты емес екендігі, тіпті, алдағы өмір өзгерістеріне өздерінің жеп отырған нандарынан айыратын кесел есебінде қарайтындығы да себеп болып отырған болар. Өйткені, бірқатар сарапшылардың мәлімдеуінше, үшінші индустриялық революция жетістіктері екінші өнеркәсіптік революциялық жетістіктерінің нәтижесінде пайда болған монополизм мен алыптануға қарсы әрекет ететін болады. Ол әбден күшіне енген кезде ұсақ өндірушілер неғұрлым алдыңғы қатарға шығады. Демек, Елбасымыз айтып жүрген шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі – болашақ дамуымыздың да кілті.
Иә, өмірді өзгертетін үлкен жаңалықтарға кедергілердің көп болатындығын біз адамзаттың даму кезеңдерінен жақсы білеміз. Жаңалық жолының күрделі болатындығы Елбасының биылғы Жолдауында да жақсы ескертілген. «Біз 2050-дің мақсатына қарай күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында ілгерілейміз. Алдағы онжылдықтарда біз қазірдің өзінде біліп отырған сын-қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар аз кездеспейді. ХХІ ғасырда «жеңіл-желпі жүріп өту» деген болмайды. Ғасыр ортасы да таяп қалды. Әлемнің дамыған елдері соған сай нақты стратегияларын дайындауда. ХХІ ғасырдың орта тұсы күрделі болары даусыз, ал жаһандық отыздық тобының тізіміне кіретін үміткерлер саны тым шектеулі болады. Мен «дамыған ел» ұғымының уақытқа сәйкес өзгеріп тұратын категория екенін бірнеше рет айттым. Дамыған елдерде халықтың мүлде жаңа өмір сапасы пайда болуда», делінген онда.
Сонымен бірге, Елбасы болуы мүмкін қателіктерден де сақтандырған. Осыған байланысты таяудағы жылдары бірінші кезекте Қазақстан экономикасының артықшылығы болып отырған дәстүрлі салаларды жаңа талаптар негізінде дамыту мәселесіне бірінші кезекте мән берілген. «Біз энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамытатын боламыз. Жылу электр стансаларынан шығатын қалдықтарды тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажет. Таяуда Еуроодақтың ірі компанияларының алғашқы ондығы Еуроодақтың әйгілі «жасыл экономика» тұжырымдамасы негізінде қабылданған энергетикалық стратегиясына қарсылығын жариялады. Еуроодақ оны жүзеге асырған төрт жылда 51 гегаватт энергия қуатын жоғалтты. «Жасыл экономика» бағдарламасымен жұмыс жүргізе отырып, біз осы қателікті ескеруіміз керек», деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы.
Қазақстан – Еуроодақпен үнқатысудың жаңа сапалық деңгейіне шығып отырған Орталық Азия өңіріндегі бірден-бір ел. Біздің сыртқы сауда айналымымыздың тең жартысы, бізге келіп жатқан инвестициялардың үштен бір бөлігі Еуроодақ үлесінде. Біздің қолымыздағы мәліметтер бойынша, 2030 жылға дейін Қазақстандағы ғимараттардың 55 пайызы, электр стансаларының 40 пайызы жаңадан салынатын болады, автокөліктердің 80 пайызы жаңартылады. Міне, осылардың барлығында «жасыл экономика» қағидаттары басшылыққа алынады.
Иә, қалай алып қарағанда да, өмірдің диалектикалық даму заңдылығы бірте-бірте жаңа заман жаңалықтарын алға шығара беретіндігі белгілі. Мәселен, батыста капиталистік қарым-қатынастар бел ала бастаған тұста бұрынғы жер алпауыттары мен помещиктер өз қоластында құлдық деңгейінде жұмыс істеп жатқан шаруаларға еркіндік бергенді қаламаған болатын. Бірақ, заман өзгерісі өз жаңалықтары мен заңдылықтарын алға тосқан кезде құлдар мен крепастнойлардың бастарына ерік беруге тура келді. Өйткені, жаңадан оянып келе жатқан өндіріс түрлеріне ерікті жалдамалы жұмысшылар қажет болды. Бұл қажеттілікті сол заманның саяси қайраткерлері алдымен түсініп, құл иеленушілікке қарсы күресті бастады. Атап айтқанда, АҚШ-тың 16-президенті Авраам Линкольн (1861-1865) Америкада құлдардың басына бостандық беру туралы заң қабылдап, осы істі жүзеге асырды. Мұның соңы осы елде капиталистік өндірістік қатынастардың күрт дамуына және АҚШ-тың ұзақ мерзім бойы жүйелі түрде дамуына мүмкіндік берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».