«Қазақстан-2050» Стратегиясы – жол көрсетер шамшырағымыз
Мемлекетіміздің ең басты саяси құжаты болып табылатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын ел тұрғындары жыл сайын асыға күтетіні баршамызға аян. Себебі, Елбасы өз жолдауларында еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуын, алдағы тұрған мақсаттары мен міндеттерін, алынатын асуларын, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған іс-шараларды айқындап, нақты бағыт-бағдар береді.
Елбасы Жолдауындағы басты бағыттың бірі – ауыл шаруашылығын дамыту. Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Бірінші кезекте, әсіресе, баға қалыптастырудың ашық тетіктері арқылы тиімді жер нарығын құру маңызды. Ауылшаруашылық жерлерін инвестиция тарту және озық технологиялар енгізуді ескеріп жалға бергенде ғана бәсеке күшейеді. Ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына, фермерлер кооперациясы үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жойған жөн», деп атап кетті.
Жер – ел байлығы. Сондықтан да жер бүкіл елге қызмет ететіндей, өнімділігі мен құнарлылығын жыл сайын арттырып отырып, тиімді пайдаланатын шаруаның қолында болуы тиіс. Нарық жағдайында жер өзінің бал бонитетіне, құнарлылығына, суармалы немесе тәлімі жерде, елді мекендерге, қалаларға, ірі көлік жүйелеріне алыс-жақын орналасқанына байланысты бағаланып, екінші деңгейдегі банктерге кепілдікке қабылданатын болуы тиіс. 2000 жылдардың басында қабылданған Жер кодексінде жер нарығын қалыптастыру үшін жерді республика азаматтары сатып алатындай, кепілдікке қоятындай жағдай қарастырылған болатын. Алайда, көп жағдайда ауыл шаруашылығы жерлері арзан бағамен жалға беріліп, игерілмей, бос жатқан фактілер жеткілікті. Сондықтан да, жалға берілген, игерілмей жатқан жерлер кері қайтарылып, қолынан іс келетін, жер қадірін білетін шаруаларға берілгені өте дұрыс та әділетті шешім болар еді.
Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау алдағы кезде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ұзақмерзімді қаржыландыру мен олардың қарыздарын кепілдендіру және сақтандырудың тиімді жүйесін құру арқылы шешілуі керек екені айтылды. Бүгінде елімізде шаруалар мен ауыл кәсіпкерлерін несие ресурстарымен қамтамасыз ету толық шешілмеген. Екінші деңгейлі банктер көп жағдайда шаруаларға несие беруден, кепілдікке жер мен олардың ауылдағы ғимараттарын, техникаларын алудан бас тартады. Соңғы жылдары екінші деңгейлі банктердің портфелінде ауыл шаруашылығы саласына бағытталған несиенің үлесі небәрі 3,3-3,5 пайыздан аспайды.
Еліміздегі несиелеудің қазіргі коммерциялық жүйесі капитал айналымы жоғары деңгейдегі саланың табысына есептелген. Оның талабы мен несиелік мөлшерлемелері табысы төмен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің несиелік ресурстар нарығында басқа рентабельділігі жоғары шаруашылық жүргізуші субъектілермен теңдей қатысуына мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын несиелеудің қазіргі тетігінде бірыңғай жүйелілік сипат жоқ. Ол жыл сайын өзгертіліп отырады. Сондықтан да, ауылда агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды күшейтудің негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы банкін ашу. Өйткені, ауылда ел халқының 45 пайызы тұрады. 200 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен басқа білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тағы басқа салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер бар. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы банк клиенттерінің саны 1 миллионнан асып жығылады. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, елді азық-түлікпен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттырып, бюджетке қомақты қаржы түсіру – осының бәрі ауылда ауыл шаруашылығы банкі керек екенін дәлелдей түседі. Мұндай банк болса, мемлекеттен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған миллиардтаған қаржы бөліп беріліп қана қоймай, оны пайдаланудың тиімділігі қатаң бақыланар еді.
Кеден одағы аясында жұмыс жасап жатқан Ресей мен Беларусь шаруаларына жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін, бөлімшелері барлық аудан, қалаларда орналасқан Агробанк жұмыс істейді. Бізде де шаруаларға қолайлы жағдай жасайтын осындай банк болуы тиіс. Осылайша, біз ауыл шаруашылығын қолдауды барынша күшейтуіміз керек. Сонда ғана біздің аграрлық секторды шағын және орта бизнесті несие арқылы қолдап, фермерлерді ұзақмерзімді қаржыландыра аламыз.
Елбасы Жолдауында айтылғандай, біз фермерлерге өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шыға алатын жағдай жасауымыз керек. Ол үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін тауар өндірушілер мен сатушылардың арасында тығыз байланысты ынталандыру шараларына көбірек көңіл бөлу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, дайындау, өңдеу, тасымалдау, сақтау, сату мәселелерін кешенді түрде дамыту, ішкі сауда нарығының инфрақұрылымын жетілдіру мәселелерін шешуіміз керек. Іс жүзінде, бұл тауар өндірушілердің өздері құрылтайшы болатын дайындау-сату кооперативтерін ұйымдастыру арқылы атқарылуы тиіс.
Сонымен қатар, аталған мәселені ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, оларды ірілендіру, кооперациялау саясатын жүргізу арқылы шешуге болады. Себебі, тек іріленген шаруашылықтар ғана озат тәжірибе мен жаңа технологияның, ғылымның жетістіктерін ендіре алады, техниканы тиімді пайдаланады. Еңбек өнімділігі жоғары болып, өндірілген өнімнің өзіндік құны арзандайды, өнім бәсекеге қабілетті болады және ірі қалаларда өзінің фирмалық дүкендерін ашып, «егістік-дүкен» қағидасымен тұтынушыларға өнімді делдалсыз сату жолдарын шеше алады. Сондықтан да ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекет тарапынан қолдауда басымдық ірілендірілген ұжымдарға берілуі шарт. Субсидия, лизинг, несие, салық жеңілдіктері осылай бағытталуы тиіс. Бұл, әрине, ұсақ тауар өндірушілерді қолдауға болмайды деген сөз емес. Бұларға да қолдау көрсетілуі керек.
Аграрлық секторда толық шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, тұтынушыға жеткізу, экспортқа шығарып бюджетке қомақты қаржы түсіру. Біз – ірі аграрлы елміз. Елімізде экологиялық таза, арзан ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, бақша дақылдары жеткілікті өндіріледі. Алайда, оны өңдеу өз дәрежесінде емес. 2013 жылы елімізде өндірілген көкөністің 2,8 пайызы, еттің 28,8 пайызы, сүттің 35,3 пайызы өңдеуден өтті. Бұл – өте аз. Сондықтан да, Жолдауда айтылғандай, ауылдық жерлерде шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындарын ашып, оларды ұзақмерзімді, қолжетімді, арзан қаржылармен қамтамасыз етіп, алғашқы жылдары салықтан босатылатын каникулдары бар жағдайлар жасауымыз керек.
Елбасы Жолдауында егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру туралы айтылды. Мемлекет басшысының қойып отырған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Өйткені, суармалы жер кепілді түрде мол өнім береді. Бүгінде сырттан әкелінетін азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі, атап айтқанда, қант, өсімдік майы, көкөніс, жемістер мен жүзім және мал мен құс шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті жоғары белокты жемшөп дақылдары суармалы жерлерде өндіріледі.
Алайда, соңғы жылдары суармалы жерлерді пайдалану тиімділігі күрт төмендеді, жердің өнімділігі 2-3 есе кеміді, сорланған жерлер көлемі артуда. Нарықтық экономикаға көшкен 1991 жылы елімізде 2 миллион 300 мың гектар суармалы жер пайдаланылған болса, бүгінде 1 миллион 200 мың гектар жер пайдаланылып отыр. Мұны қалай түсінуге болады?
Суармалы жерлерді пайдаланудың басты проблемаларының бірі – су жүйелерінің дер кезінде тазаланып, жөнделіп тұрмауы. Магистральдық, шаруашылықаралық каналдар мен кәріздік-дренаждық желілер, су қоймалары мен гидротехникалық құрылыстар физикалық жағынан да, моральдық жағынан да тозған. Мысалы, қолда бар 63 855 км. гидротехникалық құрылыстардың 42 812 км-сі, яғни 67 пайызы қанағаттанғысыз жағдайда. 3 159 км. магистральдық каналдың 59 пайызы, 4 582 км. шаруашылық каналдарының 63 пайызы, 8 411 км. ішкі шаруашылық каналдарының 80 пайызы жөндеуді керек етеді. Тиімсіз, ескірген ирригациялық жүйелерді пайдаланудан су ысырапқа ұшырауда.
Суды айтарлықтай үнемдейтін тамшылатып суару мен жаңбырлатқыш қондырғылар аз пайдаланылады. Елбасы Жолдауында 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологиясына көшірілетін болады деген міндет қойды. Бүгінде елімізде 1 гектар суармалы жерге ағын су нормадан артық жұмсалады, су пайдалану коэффициенті төмен. Республика бойынша су пайдалану коэффициенті 0,72 болса, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында ол 0,62 ғана болып отыр. Егер еліміз бойынша су пайдалану коэффициентін 0,82-ге көтерсек 127 000 гектар жерді суландыратын 1 миллиард 272 миллион текше метр су үнемделеді екен. Дамыған елдерде 1 килограмм ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге 165-600 литр су жұмсалса, бізде 1200-2500 литр су немесе 6-7 есе су артық жұмсалады. Сөйтіп, жыл сайын елімізде 100-150 миллиард теңге көлеміндегі ауылшаруашылық өнімдері өндірілмей қалуда.
Суармалы жерлер жыл сайын кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, ол сол өңірлерде тұратын халықтың өмір тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры. Суармалы жерлердің жағдайы жөнделсе, елімізде азық-түлік молшылығы болады, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті артады, импорт азаяды, республика халқының, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсарады.
Еліміздің Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке енуі және алдағы кезде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы жағдайында жоғарыда аталған мәселелердің тез арада әрі өз деңгейінде шешілуі өте өзекті. Себебі, еліміздің Ресей мен Беларуське қарағанда климаты мен ауа райы қаталдау, ылғал аз, жерлеріміздің құнарлылығы да төмендеу. Бұл біздің шаруалардың Ресей, Беларусь елдерінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен бәсекеге түсу қабілетін төмендетеді. Оның үстіне, Белоруссияда шаруаларды мемлекеттік қолдау елдің агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнімнің жалпы құнының 18 пайызын құраса, Ресейде 8 пайыз, ал бізде небәрі 4 пайызды ғана құрап отыр. Сондықтан да, отандық ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуі тиіс. Жоғарыда айтылған Елбасы тапсырмаларын орындау үшін Үкімет үстіміздегі жылы бұрын қабылданған «Агробизнес-2020» бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізуі керек.
Президент жолдауларында айтылған көкейкесті мәселелерді іске асыруда біздер, Парламент депутаттары өз орнымызды тауып, өз үлестерімізді қосуымыз керек. Біріншіден, Жолдаудан туындайтын міндеттерді ел арасында, сайлаушылар арасында, әртүрлі кездесулерде бұқаралық ақпарат құралдары мен теледидар арқылы түсіндіру мен насихаттау жұмыстарын атқаруымыз керек.
Депутаттар алдындағы екінші басты міндет Үкіметпен бірлесе отырып, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған нақты тапсырмаларды орындаудың заңнамалық базасын қамтамасыз етуді уақтылы және сапалы шешу болып табылады. Жолдауда атап көрсетілгендей, депутаттар корпусы алдында геология саласындағы заңнаманы жеңілдету, венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдіру және жекеменшік институтын заңнамалық тұрғыда нығайту мәселелерін шешу міндеттері тұр. Осыған байланысты Үкіметтен заң жобаларын Парламентке сапалы, уақтылы дайындап енгізгенін өтінген болар едік.
Алдымыздағы мақсат айқын. Ендігі кезекте, әрбір қазақстандық, әрбір мекеме, кәсіпорын, мемлекеттік қызметкер Президент Жолдауына сай өз орнын таба білуі тиіс. Бәріміз осы жолда бір кісідей жұмылып, ел бірлігін, ынтымағын, ауызбіршілігін нығайтайық, еселі еңбек пен тынымсыз тірліктің үлгісін көрсетіп, аянбай тер төгейік.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Парламент Сенатының
депутаты.