Саясат • 06 Ақпан, 2014

Ұлттық қауіпсіздікті сақтау – ұлы міндет

5910 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Оны қамтамасыз ету саласындағы басты ерекшелігіміз –

еліміздің тиімді даму стратегиясының болуы

6Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясат саласындағы жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған шешімдерін шығарудағы барынша маңызды құралдарының бірі – Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі. Осыған орай біз Президенттің көмекшісі әрі осы құрылымның хатшысы Қайрат ҚОЖАМЖАРОВТАН біздің сұрақтарымызға жауап беруді өтінген едік. – 2013 жылдан бастап «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясын іске асыру басталды. Онда заң­дылықты нығайту, қылмысқа қарсы күресті, терроризм мен экстремизмге қарсы әрекет етуді жетілдіру мәселелеріне ерек­ше назар аударылады. Н.Ә.Назарбаев өзінің биылғы халыққа Жол­дауын­да бар­лық құқық қорғау жүйесі жұ­мы­сының сапасын арттыру қажеттігін тағы да ескерт­ті, сондай-ақ, сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы жаңа стратегия қалыптастыру мен іске асыруды жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысының осы мәселелерге қатысты берген бірқатар тапсырмаларын орын­дау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді сізге жүктегенін бі­леміз. Қайрат Пернешұлы, өткен жыл сіз үшін несімен есте қалды және не туралы айтып беруді қалар едіңіз? – Қоғам өміріндегі үлкен өзгерістердің басталуына жол салған 2013 жыл қауырт болуымен әрі жемістілігімен есте қалды. Жыл басында-ақ Елбасының қатысуымен кеңес өтті. Қаңтар айында өткен кеңесте аза­мат­тардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекет мүдделерін заңсыз қолсұғушылықтан қорғау­ды күшейтуге байланысты бір­қатар өзекті мәселелер қаралды. Кейіннен біз өткен жыл­дың соңында Президент Жар­лы­ғымен бекітілген Қазақстан Рес­публикасының құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзір­леуге ерекше назар аудардық. Бұл құжатты іске асыру жұмыстың заманауи әдістерін қолдануға бағ­дарланған құқықтық тәртіптің жаңа үлгісін қалыптастыруға мүм­кіндік бермек. Бұл жұмыстың тиім­ділігі, ең алдымен, сыртқы баға­лау негізінде анықталатын бо­лады. Осылайша, жұмысы тек ведомстволық көрсеткіштермен ба­ғаланып келген құқық қор­ғау органдары қызметінің тым­ жазалағыш, шамадан тыс әскери­лен­ген, ескірген моделінен бас тарту үрдісі басталды. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Құқық қорғау орган­дарындағы кадрлық саясат мәселелері жө­ніндегі комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Комиссия үміткерлерді басшылық лауазымдарға келісумен қатар, құқық қорғау және арнайы органдар басшыларының Президенттік резервін қалыптастырумен айналысады. Уақыт пен халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келетін жаңа Қылмыс­тық іс жүргізу кодексін әзірлеу де маңыз­ды оқиғалардың бірі. Қазіргі таңда бұл құжаттың жобасы Парламент депутаттарының қарауында жатыр. Жаңа кодексте ұсынылған еуропалық стандарт­тарға бағдарланған сотқа дейінгі іс жүргізу модельдері азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге, әділ соттың тиімділігін артты­руға және жалпы заңдылықты нығайтуға ықпал ететін болады. 2013 жылдан бастап мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы страте­гия­сын жаңарту жөніндегі жұмысы бас­талды. Өзіңізге белгілі, бұл – пісіп-жетілген мәселе. Бұрындары қалып­тасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктері мен құралдары іс жү­зінде өз ресурсын тауысқанын мойын­даумыз керек. Сол себепті де бұл «тоқы­рау» осы салада елеулі табысқа қол жет­кізген мемлекеттердің деңгейіне өтуге мүмкіндік бермейді. Рас, өткен жыл­дарда бұл бағытта айтар­лықтай жұмыс істелді. Алайда, бізге бір орында тұрып қалмай, алға жылжу қажет. Ведом­ство­аралық жұмыс тобының деңгейін­де ұсы­ныс­тардың толық дестесі әзірленді. Біз оларды арнайы шақырылған беделді халықаралық сарапшылармен бірге талқылаймыз. Бұл міндеттерді орындауға Президент бізге үстіміздегі жылдың шілде айына дейін уақыт беріп отыр. – Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық қауіп­сіздік мәселелері көпшілік наза­рын­да дейсіз ғой. – Қоғамдық қауіпсіздік мәселелерінің көпшілік назарында болуы заңды да. Себебі, Қазақстан Конституциясы адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің басқа мүдделеріне қарағанда, басым сипатта мойындайды. Қоғамдық қауіпсіздік дегеніміз не? Бұл, ең алдымен, қоғам мүшелері өмірінің, денсаулығы мен игілігінің шынайы және әлеуетті қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі. Соңғы қауіп-қатерлер тізбесінде – мемлекет қоғамның қолдауына сүйене отырып күрес жүргізетін қылмыстылық, сыбайлас жемқорлық, лаңкестік және басқа да қауіпті құбылыстар бар. Мұнда, сондай-ақ, адамдардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде түрлі жүйелердің ұдайы әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылған. Қорғалудың жай-күйі жеке тұлғаның деңгейін анықтауда негізгі параметр болып табылады. Атап айтқанда, әлеуетті қауіп-қатерлерді уақтылы анықтау мен болдырмаудың маңыздылығы жоғары. Мәселен, Ресейде шетелдік жұмыс күшін пайдалану талаптарын күшейту мен өзге де елдердегі еңбек нарықтарындағы ахуал­дың одан әрі нашарлауы салдарынан Қазақстанға сыртқы заңсыз көші-қон­ның күшеюін күтуге болады. Біртұтас эконо­микалық кеңістік құрып, елімізде ЭКСПО-2017 секілді ауқымды іс-шараны өткізу де бұл үдерісті үдететіні анық. Заңсыз иммиграцияның үлкен ағымы болған жерде экономиканың көлеңкелі секторы ұлғаяды, ал қылмыстылықтың әлеуметтік базасы болған жерде әлеуметтік шиеленіс күшейеді. Қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне биліктің орталық органдары тарапынан да, сонымен қатар, жергілікті органдары тарапынан да ерекше назар аударылуы қажет. Өйткені, бұл жерде көп жағдай осы жұмыстың өзара іс-қимылдағы және үйлестірудегі тиімділігімен тығыз байланысты. – Бұрын айтылғандарға оралсақ. Кейбір посткеңестік кезеңнен кейінгі мемлекеттерде (атап айтқанда, Ресей мен Украинада) еуропалық стандарттар бойынша әзірленген жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі (ҚІЖК) әлдеқашан қабылданған. Бірақ, сарапшылардың айтуынша, бәрі бірдей ойдағыдай бола алмаған. Кейбір нормалар жұмыс істемейтін болып шыққан, ал бас­­қаларын қолданған кезде қиындықтар туындаған. Жаңа ҚІЖК күшіне енгеннен кейін Қазақстан мұндай жағдайларға тап болмай ма? – ТМД-дағы әріптестерімізге қарағанда, біз басқа жолды таңдадық. Біріншіден, бұл мәселені кешенді түрде қолға алдық, яғни бірден төрт кодекстің (Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы) жобалары қатар әзірленді. Екіншіден, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы өткен жылдары құқық қорғау органдары үшін жаңа құқықтық кеңістік құрылды. Осының негізінде аталған заң жобаларында түпкілікті бекітілген құқық қолдану практикасының институттары мен құралдары саралаудан өткізіліп, енгізілді. Енді құқық қорғау органдарының жеке құрамын жаңа жағдайлардағы жұмысқа тиянақты дайындауды бастаймыз. Мұның бәрі біз айтып отырған заң нормаларын сәтті қолдануға мүмкіндік береді. Істің нәтижелі боларына сенемін. – Шетелдік тәжірибе туралы сөз қозғағанда басқа мемлекеттердің сыбай­лас жемқорлыққа қарсы стратегиясынан біздің аларымыз бар ма? – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қандай да бір әмбебап моделі жоқ. Бұған таңғалуға болмайды. Себебі, сыбайлас жемқорлық көп құрылымды әрі көп деңгейлі мазмұндағы әлеуметтік құбылыс болып табылады. Оны тек кри­ми­нологиялық жоспар тұрғысынан қарас­тырмау керек. Сыбайлас жемқорлықты жүйелі талдау бағытында қолайлы анық­таманың әлі күнге дейін жоқ болуы бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы елеулі нәтижелерге қол жеткізген әрбір ел бұған өз жолымен келгені осымен байланысты. Егер де бұл індетпен күрестің нақты түрлері мен әдістері туралы айтатын болсақ, онда бұл жерде әрі қызықты, әрі үлгі боларлық нәрселер көп. Мәселен, бүгінгі таңда Оңтүстік Африка Республикасында сыбайлас жемқорлық деңгейі кейбір Еуропа елдеріне қарағанда, төмен. ОАР бұл жетістікке мемлекеттік органдардың барынша ашықтығын қамтамасыз ету арқылы қол жеткізіп отыр. Интернет-технологиялардың көмегімен «айқындылық мәдениетін» енгізу Корея Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі табыстылықтың маңызды факторы болды. Енді, міне, біз де құқық қорғау органдарына азаматтар өтініштерінің қаралуын бақылаудың онлайн жүйесін енгізуді бастадық. – 2013 жылы жеке адамның, қоғам­ның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей бағытталған тағы бір мемлекеттік бағдарлама әзір­леніп, бекітілді. Мен діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бағдар­ламасы туралы айтып отырмын. – Бұл құжат Президент тапсырмасы бойынша әзірленді. Есіңізде болар, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жария­лай отырып, Мемлекет басшысы халқы­мыздың мәдениеті мен таным-табиға­тына жат экстремистік діни көзқарас­тар­дың таралуына байланысты ерекше алаңдау­шылық білдірген болатын. Қазақстан өзінің тәуелсіз дамуының алғашқы күнінен бастап күшейтілген діни-дүниетанымдық экспансияның объектісіне айналды. Біз бүгінгі жаһандану заманында бұл үрдістің күшеюі мүмкіндігіне бейжай қарай алмаймыз. Оның үстіне, мұндай жайт Қазақстанға ғана емес, сонымен қатар, көптеген басқа, оның ішінде дамыған елдерге де тән. Сондықтан Консти­туция нормаларын бұзатын адамдарға немқұ­райды қарамауымыз керек. Мемлекетте экстремизм көрінісінің, соның ішінде, дін саласындағы көріністің алдын алу мен бейтараптандыру мүмкіндігі болуға тиіс. Ал мұны жасау экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудің бағдарламалық мақсаттарын, міндеттерін және тетіктерін анықтамайынша, бір жүйеге келтірмейінше қиындық туғызады. Осы себептен де мемлекеттік бағдарлама әзірленді. – Журналистерде терроризм мен экстремизм көріністеріне байланысты тақырыптар мен оқиғаларды жария­­лауда қажетті тәжірибе жоқ. Сон­дықтан, түрлі айыптаулар мен сын-пікірлер естіліп қалады. Сіз бұл жөнін­де не айтар едіңіз? БАҚ-тың ұстанымы қандай болуы керек және олар не істей алады? – Экстремистік және лаңкестік ұйым­дардың ақпарат саласындағы негізгі мақ­саттарының бірі – БАҚ-та барынша дау-дамайға қол жеткізу, қоғамда шиеле­ністі жағдайды өршіте түсу, сондай-ақ, мемлекетке қарсы көңіл-күй қалып­тас­тыру. Осылайша, билік пен саясатқа қысым жасалады. Бұл – түпкілікті мақсат. Бұған қоса, журналистер лаңкестік жөнінде көп айтқан сайын, жергілікті халыққа ықпалы да күштірек болады. БАҚ-тың жауапкершілігі халықаралық экстремистік және террористік ұйымдардың қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар мен байланыс құралдарының көмегімен насихаттаудың және үгіттеудің зор мүмкін­діктеріне ие екендігін ескергенде, айтар­лықтай күшейе түседі. Интернет желісінде 40-тан астам тілде контентті қамтамасыз ететін көптеген сайттар жұмыс істейді (кейбір деректер бойынша, олардың саны шамамен 5 мыңға жетеді). Осындай құры­лымдардың қызметіне қатысы болған көптеген жас қазақстандықтар осы ақпа­раттық экспансияның құрбанына айналды. Халықаралық лаңкестік ұйымдар өзде­рінің қызметін ұлттық және діни фак­торлармен тығыз байланыстырады. Дін саласындағы қарама-қайшылықтар мен этностық алауыздық күшейген жерде, сырт жақ қолдау көрсететін қауіпті лаңкестік әрекеттері де арта түседі. Идеяны тек қана күш құрылымдарының көмегімен жеңуге әлі ешкімнің шамасы жеткен емес. Құқық қорғау және арнайы органдар қызметтерінің маңыздылығын жоққа шығармай-ақ, жеңіске жетудің анағұрлым тиімді әрі байыпты жолдары бар екенін естен шығармаған жөн, ол жол – экстремизм мен терроризм идеологиясының негіздерін күйрету. Бұл орайда, БАҚ жетекші рөл атқарады, ал ол үшін жүйелі, сауатты және нысаналы ақпараттық жұмыс қажет. Біз зайырлы әрі дінге төзімді модель құрдық. Қазақстанның этносаралық қарым-қатынас саласындағы тәжірибесін бүкіл әлем мойындап отыр. Мұның бәрі – ұлттың ұлы игілігі, біздің мақсатымыз – оны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу. – Мамандардың айтуынша, Қазақ елі орналасқан өңірдің ерекшелігі жаңғырту жолындағы зор сын-қатер­лер­мен байланысты болып отыр. Бұл, әсіресе, Үлкен Орта Шығыс деп атала­тын проб­лемалардан, оның ішінде, Ауғанстанда және басқа да бірқатар елдерде қалып­тасқан ахуалдан байқалады. Жаппай жұмыссыздық, халықтың әл-ауқатының төмендеуі халықаралық экстремистік және террорлық ұйымдар ықпалының өсуі, ірі мемлекеттердің геосаяси мүдделерінің қақтығысуы, этносаралық шиеленістің күшеюі, дін саласының радикалдануы – яғни, осындай жайсыз сыртқы факторлардың бәрі Қазақстан үшін тез арада нақты қауіп-қатерлер болып өзгеруі әбден мүмкін. Біз бұған қалай қарсы тұра аламыз? – Өңірдің кей елдерінде халықтың 80%-ға жуығы кедейліктің құрсауында өмір сүріп жатыр. Сол себепті де діни экстре­мизм мен әлеуметтік шиеленістер туындап жатса, оған еш таңданудың жөні жоқ. Бізді лаңкестіктің ұйымдасқан түрі, қарудың заңсыз айналымы, есірткі бизнесі, заңсыз көші-қон проблемалары қатты алаңдатады. Ауғанстандағы ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар, әлемдегі героиннің барлығы іс жүзінде сонда өнді­ріледі. Ал Қазақстан – көптеген жаһан­дық ойыншылар, оның ішінде, трансұлт­тық қылмыстық қауымдастық мүдделе­рінің тоғысатын нүктесі. Сонымен қатар, халықаралық лаңкестік ұйымдар дәстүрлі емес діни ағымдарды өздерінің миссионерлері арқылы да жан-жақты таратып, жұмыстарын жандандыра түсуде. Бір сөзбен айтқанда, атқаратын жұмыс жеткілікті. Сондықтан бізге ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тетіктері мен құралдары керек. Ағымдағы жылы бұл мәселелер Қауіпсіздік Кеңесі деңгейінде, оның ведомствоаралық комиссияларында және сараптамалық топтарында талқыланатын болады. Жаһандық қауіпсіздік мәселелерінің өңірлену үрдісі айқын бола бастағандықтан, Қазақстан ҰҚШҰ мен ШЫҰ секілді өңірлік ұжымдық институттар перспективалары шеңберіндегі ынтымақтастықтарды арттыруға ерекше мән беріп отыр. Көптеген жұмыстар Қарулы Күштерді нығайту үшін жасалуда. Қарулы Күштерді қазіргі заманғы қару-жарақтармен және техникамен жабдықтау, жоғары деңгейлі ұтқыр және жедел басқаруды қамтамасыз ету өте маңызды. Сондай-ақ, әскери мақсаттағы отандық жоғары технологиялық өнімдерді өндіру жолға қойылуда. Түрлі оқыс әрекеттерге жеке құрамның жауынгерлік дайындығы жеткілікті деуге де негіз бар. Тек 2013 жылдың өзінде ғана 90 оқу-жаттығу, оның ішінде халық­аралық деңгейдегі «Дала қыраны», «Жауынгерлік ынтымақтастық» сияқты шаралар өткізілді. Ағымдағы жылы Қазақстанда Ауғанстаннан коалиция күштерінің шығарылуына байланысты пайда болуы ықтимал қатерлердің алдын алуға бағытталған одақтық ҰҚШҰ жедел ден қою ұжымдық күштерінің оқу-жаттығулары өткізілетін болады. Қазіргі таңда, сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздік жүйесінің маңызды буыны болып табылатын шекара қызметін рефор­малауға көп көңіл бөлінуде. Бұл бағытта тиісті іс-шаралар жоспарының кешені бар. 2013 жылы өткізілген шекарашылар мен олардың басшы құрамын аттестаттау үдерістері осы бағыттағы алғашқы қадам болып табылады. Мұның бәрі ықтимал сыртқы агрессияны болдырмау үшін ғана маңызды емес. Мұндай қауіп Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың сара саясатының арқасында іс жүзінде жоққа шығарылған. Бұл, ең алдымен, экстремистік және террорлық ұйымдар өкілдерінің еліміздің аумағына кіруінің алдын алу мен жолын кесу үшін маңызды. Егер ондайлар шекарада көзі жойылатынын білетін болса, онда елімізде белсенді әрекет жасауға батылдары бара бермейді. «Қазақстан-2050» Стратегиясында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да жолдар белгіленген. Мәселен, оның бірі – Ауғанстанды саяси реттеу мен қалпына келтіру үдерістеріне қатысу. Президент ішкі өңіраралық интеграцияны Орталық Азиядағы ахуалды тұрақтандырудың ең жақсы тәсілі деп біледі. Экономикасы ең жылдам дамып отырған он елдің құрамына кіретін, ең дамыған мемлекеттердің қатарына енудің нақты және перспективалы стратегиясын іске асыра бастаған Қазақстан осы үдеріс­терге белсенді қатысудың барлық мүмкін­діктеріне ие. Бұл отандық бизнесті дамы­тудың тиімді бағыты да болып табылады. Көптеген мәселелер жақын арада Президенттің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасын іске асыру барысында шешілетін болады. – Сіз Қауіпсіздік Кеңесінің ведом­ство­аралық комиссиялары туралы айтып өттіңіз. Олар не мақсатпен құрылған және немен айналысады? – 2013 жылы біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жүйесін жетілдіруге оң әсері бар және осы саланың өңірлік, сондай-ақ, жаһандық деңгейлерде жылдам өзгеретін ахуалдарға саяси бейімделуіне мүмкіндік беретін институттық, нормативтік құқық­тық және ұйымдастырушылық шараларға ерекше назар аудардық. Мемлекет басшысының Өкімімен өткен жылдың қараша айында Қауіпсіздік Кеңесі қызметінің негізгі мақсаттары мен бағыттарына сәйкес құрылған ведом­ствоаралық комиссиялар осындай жұмыстардың бір парасы болып табылады. Олар комиссия құзыретіне, яғни өздеріне қатысты мәселелер шеңберінде ағымдағы ахуалдарды кешенді талдаумен, ұлттық мүдделерді қозғайтын оқиғаларға жедел ден қою үшін шешімдер жобасын әзірлеумен, стратегиялық мәні бар құжаттарды сараптаумен айналысады. Бұған қоса, Қауіпсіздік Кеңесі жанында жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең өзекті мәселелері бойынша ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеу мақсатында құрылған Сараптамалық кеңес жұмыс істейді. Жақында өткен Сараптамалық кеңес отырысында біз киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқыладық. Қысқасы, тұрақты әрі кешенді мониторинг негізінде ұлттық қауіпсіздіктің нақты әрі ықтимал қатерлерін талдау жұмысымыздың басты бағыты болып қала бермек. Ол үшін мемлекеттегі барлық мүмкіндіктер қолданылатын болады. – Кезінде біздің ұлттық қауіпсіздік туралы заңымыз ТМД-да заң үлгісі ретінде қабылданды. Қазақстанның тағы да қандай жетістіктерін атай аласыз? – Ұлттық қауіпсіздік саласындағы біздің ең басты ерекшелігіміз – еліміздің тиімді даму стратегиясының болуы. Оны Елбасының көрегендігімен тікелей байланыстыру керек. Басты мақсаттар мен оларға қол жеткізу жолдарын дер кезінде анықтау елімізді түрлі дағдарыстардан сақтауға және оны тұрақты қарқынды даму орбитасына шығаруға мүмкіндік беріп келеді. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бастапқы шарты. Қазақстан басшысының үлкен саяси әлеуеті халықаралық қарым-қатынастар саласында да, атап айтқанда, еуразиялық қауіпсіздік идеясын ілгерілету үдерісінде де айқын көрінеді. Президенттің беделі мен танымалдығы арқасында еліміз 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға басшылық етті. Осы ұйымның тарихында алғаш рет Астанада Саммитке қатысушы 56 ел Еуроатлантикалық қана емес, сондай-ақ, Еуразиялық қауіпсіздіктің жолын ұстанушы екендігін жария етті. Сонымен, жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерістерінің жаңа бастамасына негіз қаланды. Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау бастамасының үлкен рөлін бәріміз де білеміз. Үстіміздегі жылғы наурыз айында Мемлекет басшысы Гаагадағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысатын болады. Президент осы жылғы халыққа Жолдауында одан әрі дамудың негізі болатын құндылықтар ретінде ұлттық қауіпсіздікті ғана емес, сонымен қатар, еліміздің жалпыәлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге қатысуын да атап өтті. Біз осы негізді нығайтуға тиіспіз.  – Әңгімеңізге рахмет. Еліміздің қауіпсіздігі жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын.

Әңгімелескен

Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан».