06 Ақпан, 2014

Елдестірмек – елшіден

690 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елбасы дипломатиялық корпуспен дәстүрлі кездесу өткізді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық миссиялар және халықаралық ұйымдар басшыларымен кездесті. 7 Бұл кездесу бізде дәстүрлі түрде өткізі­ліп келеді, деп бастады сөзін Пре­зидент. Қазақстан сіздер өкілдік етіп отырған барлық елдермен достық қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі. Былтыр Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус құрамының үштен бір бөлігі жаңарды. Жаңа елшілерді Қазақстанда тыңнан қызмет істеуге кіріскендерімен құттықтаймын, деді Елбасы. Біздің халқымызда «елдестірмек – елшіден» деген жақсы сөз бар. Сіздер Астанадағы бұрыннан қызмет етіп келе жатқан әріптестеріңізбен бірге жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты тереңдете тү­суге өз үлестеріңізді қосатындарыңызға сенемін. Біз өз тарапымыздан сіздер­дің алаңсыз қызмет етулеріңізге бар­лық жағдайды жасауға дайынбыз. Баршала­ры­ңыз­ға Қазақстандағы лайықты және игілікті қызметтеріңіз үшін зор табыс тілеймін. Одан әрі Президент кездесудің әлемдік маңызды оқиға – Сочи Олимпиадасының қарсаңында өтіп отырғанын ауызға ала келіп, оның ұйымдастырушысы, Қазақ­станның стратегиялық әріптесі Ресей Федерациясына Олимпиаданың жақсы өтуін және барлық елдердің ұлттық командаларына биік табыстар тілейтінін жеткізді. Сіздердің елдеріңіз Қазақстанның 2022 жылы Алматыда ХХІV Қысқы Олимпиаданы өткізуге берген өтінішін қолдайды деп сенемін, деді осы орайда Президент. Өзінің жуырда жасаған Жолдауына тоқтала келіп, Н.Назарбаев оның Қазақстан дамуындағы жаңа кезеңді бастап бергенін айтты. Онда Қазақстанның әлемнің ең жоғары дамыған 30 елінің қатарына өту жолындағы дамуының басты бағыттары мен нақты міндеттері белгіленген. Біз өз мақсатымызға ХХІ ғасырдың алғашқы жартысында-ақ жетеміз деп межелеп отырмыз. Біздің «Қазақстан-2050» Стратегиямыз Қазақстанмен достыққа мүдделі барлық елдермен кең құлашты келіссөздер жүргізуді және өзара тиімді ынтымақтастық орнатуды қарастырады. Ең бірінші кезекте бұл инвестициялық ынтымақтастықты, технологиялармен алмасуды, инновациялық импортты және қазақстандық өнімдердің экспортын қамтиды. Осы орайда мен шетелдік іскерлерді экономиканың барлық салалары бойынша Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырамын, деді Президент. Одан әрі Елбасы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында атқарған істеріне қысқаша шолу жасап өтті. Соның ішінде, 2000 жыл мен 2013 жыл аралығында қазақстандықтар туристік және іскерлік сапарлармен шетелдерге 61 миллионнан астам рет жолға шыққандарын айтты. Ондаған мың қазақстандық жас­тар дамыған шетелдерден білім алды және әлі де оқып жатыр. Сондықтан да қазақстандықтар жоғары дамыған елдердің даму қағидаттары мен стандарттарына лайықты өмір сүру шарттарын жасағысы келеді. Екіншіден, біз серпінді даму ғана ХХІ ғасырда біздің Тәуелсіздігімізге кепілдік бере алатынын көріп отырмыз. Осы себепті біздің жалпыұлттық идеямыз бір мақсат, бір мүдде, бір болашақты көздеп, біртұтас еліміз қолдаған Мәңгілік Ел болып табылады. Ол өте өміршең күшке ие, өзінің ұлы мүмкіндіктері мен лайықты болашағына халқымызды сендіре алады, деді Мемлекет басшысы. 9 8 Үшіншіден, біз алдағы 15-17 жыл уақыт біздің еліміздің кең құлашпен қарқынды дамуына «мүмкіншіліктер тынысын» ашады деп санаймыз. Біздің стратегиялық жоспарлаудағы тәжірибеміз осы уақыттар аралығында дамуға біршама жайлы геосаяси және геоэкономикалық жағдай болатынын болжап отыр. Әрине, жаһандық қатерлерді де жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан да біз аймақтық бәсекелестік артықшылықтарды қолдануға және еселеуге міндеттіміз. Төртіншіден, Қазақстан өзін лайықты және әділетті әлемнің лайықты бөлшегі деп біледі, дей келіп, Елбасы өзінің 2012 жылғы G-GLOBAL идеясының жаһандық деңгейдегі проблемаларды шешуге ұсынған белсенді әрекеті деп санайтынын жеткізді. Қазақстанның осындай рөлі барын сезіну – біздің Мәңгілік Ел идеямыздың маңызды құрамдас бөлігі екенін көрсететінін көлденең тартты. Президент, бесіншіден, Қазақстанның өте күрделі, сонымен бірге, жемісті реформаларды іске асыра алғанын айтты. Бүгінгі күні біздің тәжірибемізді Еуразияда  және бүкіл әлемде көптеген дамушы елдер өзіне үлгі етуде. Әлемдік дағдарыстың ең қиын кезеңдерінде де біздің экономикамыз дамудың алға басушы динамикасын ұстай білді. Өткен жылы еліміз Бәсекелестікке қабілеттіліктің жаһандық  индексінде 50-ші орынға табан тіреді. Бизнесті жүргізудің жеңілдігі жөнінен 49-шы орынға көтерілдік. 2013 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 6 пайызды құрады. Жұмыссыздық 5 пайыз деңгейінде. Елдің жалпылама  айтқандағы халықаралық резервінің көлемі 100 млрд. долларға жетіп қалды. Осылай дей келіп, Елбасы одан әрі елімізде жүргізіліп жатқан жаңғырту бағдарламасының жұмыстарына тоқталды. Соның ішінде 4 жылда 780 жаңа кәсіпорынның іске қосылғаны, 160 мың жаңа жұмыс орындарының ашылғаны, 70 млрд. долларлық бағдарлама толық іске асқанда 950 кәсіпорын пайдалануға беріліп, 250 мың жаңа жұмыс орындары ашылатыны жеткізілді. Осы бағдарламаның іске асу нәтижесінде Қазақстанда бұрын ешқашан шығарылмаған 250 түрлі өнім шығарылатын болады, деді Президент. Біз Ұлы Жібек жолын жаңғыртудамыз. 2015 жылы «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» көлік дәлізінің қазақстандық учаскесі толығымен іске қосылатын болады. Соңғы жылдары біз өзіміздің әріптестерімізбен бірге Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияға, Иран және Парсы шығанағына шығара алатын теміржол магистральдарын тарттық. Білім беру саласында да оң өзгерістер бар. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы білім берудің таңдаулы орталығына айналдыру. Сондай-ақ, жүрекке және басқа да органдарға ота жасау мен ауыстыру біз үшін күнделікті шаруаның біріне айналды. Келесі кезекте Н.Назарбаев дамыған 30 елдің қатарына ену тұжырымдамасының нақты міндеттеріне тоқталды. Соның ішінде бесжылдық жоспарлар негізінде индустрияландыру трендінің күшейтілетіні, аграрлық салада еңбек өнімділігінің арттырылатыны, ет және сүт өнімдері бойынша Қазақстанды қуатты аймақтық орталыққа айналдыру жоспарланғаны, экономикада ғылымды тереңірек қолдану маңызды құрал ретінде қарастырылатыны, ол үшін ғылымға бөлінетін қаражат ІЖӨ-нің 3 пайызына көтерілетіні, инфрақұрылымдар жетілдіріліп, салық салу режімі жеңілдетілетіні айтылды. Елбасы ұлттық инфрақұрылымдарды серпінді дамыту жоспарлары арасындағы бірнеше нақты жұмыстарды да атап өтті.  Астана мен Алматыда, кейіннен Шымкент пен Ақтөбеде аса ірі агломерация құру ойымызда бар. Бұлар экономикалық және әлеуметтік-мәдениеттік өсімнің урбанистикалық орталықтары болады, деді Президент. Қазақстандағы энергетиканың дамуы ядролық қуатпен байланыстырылатыны да аталып өтті. Бүгінгі күні Қазақстан уран рудасын өндіру бойынша әлемде алдыңғы орындардың біріне шығып отыр және оны толық цикліне жеткізу жолындағы байыту мәселелері шешілуде. Перспективада біз атом электр стансасын салуды жоспарлап отырмыз, деді Президент. Сонымен бірге, жаңа мұнай өңдеу зауыты салынатын болады. Бұл сіздердің елдеріңізбен өзара тиімді ынтымақтастық жасауға жақсы мүмкіншіліктер тудырады. Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу бойынша құрылысқа қатысуға мүдделі елдер болса, ынтымақтастыққа шақырамын. Елде адал бәсекелестікке, әділеттікке, заңның үстемдігіне, жоғары құқықтық мәдениетке лайықты ахуал тудыру үшін де көптеген нақты шаралар атқарылу үстінде. Келесі кезекте Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан-2050» Стратегиясының ұзақмерзімді міндеттері ескеріле отырып, сыртқы саясаттың 2020 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасы бекітілгенін және ол ашық сипатқа ие екенін айтты. Онда жалпыәлемдік трендтер ескеріліп, бүкіл әлемдегі әріптестерімізбен тиімді өзара ынтымақтастық қаперге алынған. Бүгінде жаһандық экономикада біраз ілгерілеулер байқалуда. Болжамдар Еуропада, АҚШ және өзге де елдерде экономикалық өсім үрдістерінің күшейіп келе жатқандығын көрсетіп отыр, деді Қазақстан Президенті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бірқатар халықаралық мәселелерді назарда ұстау қажет деп есептейтінін жеткізді. Жаһандық экономиканың циклдік сипатын да ұмытпау керек. Өсуден соң құлдырау бар. Тарихта мұндай жағдай бірнеше рет қайталанған. Сондықтан әлем және Қазақстан жаһандық экономикадағы кез келген бетбұрыс пен халықаралық саясатқа дайын болуға тиіс. Сондай-ақ, өсу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінің маңызы да артады. Кәрі құрлық пен Жаңа әлемнің бірқатар елдерінде әлеуметтік проблемалардың әлі де шешілмеуінен ішкі қақтығыстардың жоғары деңгейдегі қауіп-қатері сақталып отыр, деді Н. Назарбаев. Сондай-ақ, Президент Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі Женева келіссөздерінің басталуын құптайтынын және оның табысты өтуінен үмітті екенін жеткізді. Сонымен бірге, Қазақстанның тағы бір маңызды халықаралық проб­леманы – Иран ядролық бағдарламасы түйткілін шешуге қатысқанын атап өтті. Алматыда осы мәселені реттеу проблемалары жөнінде көптарапты келіссөздердің екі раунды өтті, деді Елбасы. Президенттің сөзінде Қазақстанның басқа мемлекеттермен ынтымақтастық аясын кеңейту мәселесіне көп орын берілді.  Өткен жылдың өзінде ғана елімізге Ресей, Қытай, Еуропалық комиссия, Ұлыбритания, Индонезия, Ис­пания, Беларусь, Қырғызстан, Түркі­мен­стан, Финляндия, Латвия басшылары келді. Каспий маңы елдерімен бір­лескен жұмысымыздың басым бағыт­тарының бірі – Каспий теңізінің құқық­тық мәртебесін анықтау. Қазақстан Дағ­дарысқа қарсы дүниежүзілік конференция ұйымдастырды. Ол БҰҰ-дан қолдау тауып, Астана экономикалық фо­румы аясында өтті. Ресей Федера­ция­сы, ҚХР, көршілес Орталық Азия мемлекеттерімен, АҚШ және Еуро­па Одағы елдерімен достық пен ынты­мақ­тас­тықты дамыту – маңызды міндет. Қазақстан Батыс жарты шардағы мемле­кеттермен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африкамен ынтымақтастық аясын кеңейтті. Вьетнам мен Оңтүстік Африка Республикасында Қазақстан елшіліктері ашылды. Биыл Эфиопияда, Мексика мен Кувейтте елшіліктеріміз ашылатын болады, деді Қазақстан Президенті. Елбасы  еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлану науқанын ресми түрде бастағанын еске салды. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев өкілдері қатысып отырған елдердің үкіметтеріне Қазақстанның кандидатурасын қолдауға шақырған үндеу тастады. Президент Еуразияның орталығында орналасқан мемлекет ретінде біздің еліміз үшін интеграциялық үдерістерге қатысудың өмірлік маңызы бар екенін айтты. Сондай-ақ, бүкіл Орталық Азияның табысты дамуының кепілі де ішкі өңірлік интеграцияны белсенді ілгерілету болатынын атап өтті. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қазақстан сыртқы саясаттың мәдени-гуманитарлық өлшемдерінің барлық қырларына, соның ішінде, дамуға ресми көмек көрсету жөніндегі халықаралық ынтымақтастыққа да зор мән беретінін жеткізді. Сөзінің соңында Президент дипло­ма­тияның әрдайым патриоттық өнегенің жоғары сатысы болғанына және солай болып қала беретініне тоқталды. Бар­лық елшілерге, дипломатиялық мис­сия­лар мен халықаралық ұйымдар өкіл­діктерінің басшыларына Қазақстан Рес­публикасындағы лайықты және мәр­тебелі миссияларыңыз үшін зор риза­шылығымды білдіремін. Біз эконо­ми­каны, саясатты және қоғам өмірін одан әрі дамыту үшін өзге елдердің тәжі­рибесін алатын боламыз. Сіздерге жұ­мыс­та табыс, отбасыларыңызға бақыт пен амандық тілеймін, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Дипломатиялық корпус дуайені, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников Қазақстан Президентінің дипломатиялық миссиялар мен халық­аралық ұйымдар өкілдіктерінің басшыларымен қалыптасқан дәстүрлі кездесуін дипломаттар жоғары бағалайтынын атап көрсетті.  Өзіміз келіп отырған елде болып жатқан үдерістердің бағасын, оның болашақ даму бағыттарын Мемлекет басшысының өз аузынан есту дипломаттар үшін өте маңызды. 2013 жыл Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосуды мақсат еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудың алғашқы жылы болды. Бұл жылы айтарлықтай экономикалық қи­ын­шылықтар кездесті. Алайда, Қазақстан дамуының ұзақ жылдар бойы сақталып келе жатқан оң динамикасын атап өту­ біз үшін сүйсінерлік жайт, деді М.Бочарников. Дипломатиялық корпус дуайені экономикалық және қаржылық тұрақ­ты­лық Қазақстанның халықаралық беделін нығайтатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта Қазақстан әлемнің 158 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанын, оның 67-сінде дипломатиялық өкілдіктері бар екенін айтты. Ол дипломатиялық корпусқа көрсетілген ықылас пен олардың қызмет етуіне жасалған қолайлы жағдай үшін ризашылығын білдіріп, Ресей Федерациясының елшісі ретінде Сочидегі Қысқы Олимпиаданы табыс­ты өткізуге қатысты игі тілектер үшін алғысын жеткізді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
Соңғы жаңалықтар