Спорт • 28 Қыркүйек, 2021

AIBA Қамшыбек Қоңқабаевты жыл боксшысы деп таныды

158 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық бокс қауымдастығы (AIBA) өз қатарындағы үздіктерді марапаттау дәстүрін жалғастыруда. Осыған байланысты, әрбір ұлттық федерация өзінің негізгі мамандарын бокстың дамуына, нығаюына қосқан үлесі мен жетістіктеріне қарай таңдап, сараптайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

AIBA Қамшыбек Қоңқабаевты жыл боксшысы деп таныды

Мәселен, ҚБФ пікірі бойынша Қазақстандағы ең үздік бапкер Қайрат Сатжанов болды. Оның жастар құрамасындағы жұмысы барысында жоғары спорттық нәтижелер, жақсы бокс тәжірибесін енгізу және т.б. көрсетілді. Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев үздік боксшы атанды. Ұлттық құраманың капитаны өскелең ұрпаққа үлгі және рингтегі нәтижелерден басқа қоғамдық жұмыстарға да қатысады.

Әйелдер арасында үздік боксшы атағына команда көшбасшысы Алуа Балқыбекова лайық деп танылды. Ол биылғы жылы ең жеңіл салмақта Дубай-2021 Азия чемпионатын жеңіп алды.

Жастар арасындағы Әлем және Азия чемпионы Санжар Ташкенбай да AIBA сертификатына ие болды. Осындай марапат оның құрамадағы әріптесі Милана Аюповаға да берілді. Биыл ол құрлықтық жастар арасындағы біріншілікте жеңімпаз атанды. 

Сондай-ақ Ермек Сүйеніш Қазақстанның үздік төрешісі атанды. Біздің маман Токиодағы Олимпиада ойындарында жоғары деңгейде жұмыс істегені белгілі. Марапаттау рәсімі онлайн форматта өтті. Оны Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков жүргізді.

Іс-шараның өзі бүкіл әлемдегі халықаралық бокс күніне орайластырылған.