Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2021

Қостанайда Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай халықаралық конференция басталды

956 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев Қостанайдағы Ыбырай Алтынсариннің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанайда Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай халықаралық конференция басталды

Қыркүйектің 28-29 күндері Қостанай қаласында Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Ы.Алтынсарин және ағартушылық тағылым: тарихи өзегі, танымдық өрісі, заманауи өрнегі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Іс-шараға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары мен шетелдік сарапшылар, ғалымдар қатысуда.

Конференция барысында Ыбырай Алтынсарин идеялары және оның ағартушылық мұрасы, Ы.Алтынсарин мұрасын зерделеу мен насихаттаудың өзекті мәселелері және т.б. тақырыптар қозғалатын болады.

Бүгін Білім және ғылым министрлігі бастаған делегация өңірдегі педагогтермен және білім ұйымдарының басшыларымен, дарынды балалармен кездеседі, сондай-ақ  А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіне, Қостанай жоғары политехникалық колледжіне бару жоспарлануда.

Ал конференцияның  екінші күні халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық отырысы өтеді. Сонымен қатар «Үздік педагог-2021» байқауының жеңімпаздарына сертификаттар табысталады деп жоспарланып отыр.