06 Ақпан, 2014

Қаражат игерудегі икемсіздік

278 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Облыс әкімі Қанат Бозым­баев­тың төрағалық етуімен өткен аппараттық кеңесте негі­зінен облыстағы басқару құры­лы­мы мен 2014 жылы облыс бюджетіне енгізілетін өзгерістер қаралды. Бұл мәселе облыстық мәслихаттың сессиясында қара­лып, талқыланған болатын. Сөйтіп, облыс әкімінің орынбасарлары міндеттеріне өзгерістер енгізілді, бірнеше басқармалар қысқартылды. Жиында облыс бюджетіне өзгерістер енгізілуіне орай  қалалар мен аудан әкімдеріне бюджетті қайта қарау, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына  пайдасы аз тиімсіз шығыстарды оңтайландыру туралы тапсырма берілді. Сондықтан, қайта  қаралатын қаражатты, бірінші кезекте, басымдық маңызы зор облыс тұрғындарының мүддесіне қатысты мәселелерді шешуге жұмсаңыздар. Негізгі тірек инфрақұрылымды дамытуға ауыз су мен жолдарды жөндеуге, сондай-ақ, денсаулық сақтау және білім саласын жақсартуға жасалсын, деді Қанат Бозымбаев. Мысалы, өткен жылдың бюд­жетін игеру қорытындысы облыс­та 98,4 пайызды құрап отыр. Ал, игерілмей қалғаны 2 млрд. 318 миллион 500 мың теңге. Үкімет сіздер сұраған қаражатты береді. Кейін сіздер берген қаражаттан бас тартасыздар. Неге? Себебі, сіздер бюджет қаражатының қажеттілігін дәлелдеп қорғай алмайсыздар, деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев. Айтса айтқандай, сөйтіп, «әрі тарт, бері тартпен» жүргенде екі ортада қыруар қаржы игерілмей қалады. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.