05 Мамыр, 2010

ҰЛЫ ӨМІРДІҢ ҰЛАҒАТЫ

682 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
КӨРСЕТІЛГЕН КӨРКЕМ ЛЕНТА ЭКРАНҒА ШЫҚТЫ Шығармада пайғамбарымыздың Құдай сөзін жер бетіндегілерге жеткізуге кіріскен кезінен бастап оның осы жолда көрген қиындық-құқайлары, қасиетті дінімізді қорламақ болғандармен кескілескен күресі, ақыр аяғында  адамдарды өз соңынан ертуі, мұсылмандықтың жер-жаһандағы салтанатты шеруін бастап беруі өте шынайы бейнеленген. Бұл фильмді көрген әрбір алаш азаматы, әсіресе жас ұрпақ өкілдері көп тәлім-тәрбие алатыны талассыз. Осыдан бірер жыл бұрын құ­рылып, бүгінгі таңда кабельді жүйе арқылы Қазақстанның барлық облыс орталықтарына, Жер серігінің жүйесі арқылы бүкіл ТМД-ға, Ауғанстанға, Пәкс­танға, бүкіл Араб жазира­сы­на, Таяу Шығысқа, Еуропа­ның көптеген елдеріне хабар таратып жатқан “Асыл арна” жұрт­шы­лықты имандылыққа тәрбиелеу жөнінде игілікті істер атқаруда. Тәулігіне 24 сағат бойы эфирді босат­пайтын арнаның күн сайын үш жарым сағаттық төл туын­ды­лар дайын­дайтыны, қалған уа­қытта Құран қасиетін көрсететін бейне­ма­териалдарды орнымен наси­хат­тайтыны “Асыл арна­ны” тама­шалап жүрген жами­ғат­тың жақсы бағасын алып келеді. Кеше “Асыл арна” тағы бір сауапты шаруаның тұсауын кесті. Астанадағы “Сарыарқа” сауда ке­шенінің кинопаркінде “Мұ­хам­мед. Соңғы пайғамбар” атты анимациялық фильмнің ал­ғашқы көрсетілімі ұйым­дас­ты­рылды. Арнаның бас ди­ректоры Мұ­хамед­жан Тазабе­ков­тің сеанс алдында сөйлеген кіріспе сө­зін­де атақты Гол­ливуд­тың жа­нындағы “Бадр Интернейшнл” студия­сында жасалған бұл кар­тинаның мән-маңызы айшықты айтылды. Фильм ғылыми тұр­ғыдан әбден сараптан өткізілген сценарий бой­ынша түсірілген, оған сүн­нит­тер тарапынан Әл-Әзхар уни­вер­ситетінің, шииттер та­рапынан Ливандағы шиғалар­дың ең жо­ғары деңгейде бәтуа­сы берілген екен. Фильм араб және ағылшын тіліндегі нұс­қа­ларынан “Асыл арна” аудар­ма­шыларының күші­мен тәржіме­лен­ген. Халқы­мызд­ың қадір­мен­ді қызы,  сонау 1982 жылы-ақ Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) туралы арнайы кітап жаз­ған Фариза Оңғарсынова “құ­дай­сыздар қоғамы” дегендей ұйым­дар құрудан да тайынбаған ке­шегі кеңестік кер кезеңде  сүйік­ті пайғамбарымыздың өнегемен өрілген өмірінің тағылымы хал­қымыздың рухани тірегіне ай­налғанын әңгімеледі, осындай фильмнің қазақ тілінде экранға шығуына атсалысқан азамат­тар­дың бәріне алғысын білдірді. Режиссер Ричард Ричтің қолы­нан шыққан бұл  лентаны қазірге көре қоймаған адам­дардың ойында “Біздің дініміз Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) бейнелеуді құптамайды ғой, фильм қалай түсірілген сонда?” дегендей күдік-күмәннің бола­ты­ны сөзсіз. Фильмді жасау­шы­лар бұл мәселені шеберлікпен шеше білген. Анимациялық кар­тинаның өн бойында пайғам­бар­дың өзі көрінбейтіні былай тұрсын, оның дауысы да естіл­мейді. Алайда, сіз адамзат та­рихындағы ең жас діннің діңгегі болған ұлы тұлғаның ұлағатын әр сәт сайын сезініп отырасыз. Шығармада пайғамбарымыздың Құдай сөзін жер бетіндегілерге жеткізуге кіріскен кезінен бастап оның осы жолда көрген қиындық-құқайлары, қасиетті дінімізді қорламақ болғандармен кескілескен күресі, ақыр аяғын­да  адамдарды өз соңынан ертуі, мұсылмандықтың жер-жаһан­дағы салтанатты шеруін бастап беруі өте шынайы бейнеленген. Бұл фильмді көрген әрбір алаш азаматы, әсіресе жас ұрпақ өкіл­дері көп тәлім-тәрбие алатыны талассыз. Кейінгі кезде экран бетін жайлаған жалаңаш-жалпылық, жайдақтық жөнінде жазылудай-ақ жазылып, айтылудай-ақ айтылып жүр. Кешегі алғашқы көрсетілімге Парламент депутат­тары Б.Тілеухан, А.Смайыл, С.Есжан, Н.Өнербай қатысты. Олар да, тұсаукесерге келген өзге зиялы қауым өкілдері де “Асыл арна” жасап жатқан игілікті істі қолдайтындарын айтты. Арнаның бас директоры Мұхамеджан Тазабеков бізге фильмнің көрсетілу құқын сатып алуға, дубляждауға 180 мың доллар жұмсалғанын, лента көрсетілген алғашқы үш күннің өзінде прокаттан 1,5 миллион теңге түскенін, бұйыртса, шығын өзін өзі ақтайды деп күтіп отырғанын әңгімеледі. Жалпы “Асыл арна” түгелдей отандық  кәсіпкерлердің көмегі­мен өз қызметін жалғастырып келеді. Фильмге жұмсалған қар­жы қайтарым берген жағдайда кәсіпкерлер алдағы кезде осын­дай жобаларды  жүзеге асыруға қосымша қаржы бөлмек көріне­ді. Айтқандай, фильмнің орыс­ша дубляжын да жасап шығар­ған “Асыл арна” оны бүкіл ТМД елдеріне тарату құқына да ие. Қазірдің өзінде лентаны Киевтің, Қазанның телеарна­лары сұратып отыр. Сүлеймен МӘМЕТ.