Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2021

Алматыдағы атыс: Кінәні кімнен іздейміз?

602 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Күні кеше Алматыдағы Ақбұлақ шағын ауданында бес бірдей азаматтың қазасымен аяқталған қанды оқиғаға бір апта болды. Бес адам... Екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы және үйдің жаңа иесі мен оның досы екі кештің ортасында ажал құшты.

Алматыдағы атыс: Кінәні кімнен іздейміз?

Бұған кім кінәлі? Дауы шешілмеген үйді сатып жіберген банк пе? Мүмкін, қанды оқиғаға шаш ал десе, бас алатын жеке сот орындаушыларының шектен шыққандығы түрткі болған болар? Әлде, адам мен оның құқығын емес, қаржы мен дүние-мүлікті бірінші орынға қойған қолданыстағы заңнамамызда кінәрат бар ма? Болмаса, жылжымайтын мүлікті нарықтағы құнынан 2-3 есеге арзанға бағалап, аукционға шығарып, осыдан бизнес жасап жүргендер жауапты ма? Сот жүйесінен кеткен қателік қандай? Жеті күннен бері жұртшылық жиі қойған осы сұрақтарға төмендегі сарапшылардың ой-пікірі мен көзқарасы арқылы жауап іздеуге тырысып көрдік.

«Жеке сот орындаушылары шектен шығып кетеді»

Қанағат ТАКЕЕВА,

«Азаматтық бастамаларды

қол­­дау қоры» қоғамдық қорының бас­шысы:

– Алматыдағы қайғылы оқиға осы уақытқа дейін бүркемеленіп ке­ле жат­қан бітеу жараның бетін ашып берді. Сол қанды оқиғадан ке­йін же­ке сот орындаушыларының іс-әре­ке­ті­не қатысты көп сын айтыл­ды. Елі­­мізде бұл қызмет түрі же­ке ком­мерциялық құрылым болып са­налады. Маған құқық қорғау­шы ре­тінде республикалық жеке сот орын­­­даушыларына болсын, олардың аймақ­­тағы филиалдарының өкілде­рі­не болсын тым көп өкілеттілік бе­ріл­гені түсініксіз. Оларға тіпті қа­рыз алу­­шылардың дербес деректеріне емін-еркін қол жеткізе алатындай құ­зы­реттілік берілген.

Шынын айтсақ, елімізде жеке сот орындаушыларының кесірінен талай адам зардап шекті. Ипотекалық қарыз алушылардың құқығын қорғаушы ретінде тәжірибемде мұндай келеңсіз оқиғалар өте жиі кездеседі. Сот орындаушылары өздерін кәсіби маман ретінде дұрыс ұстамағаны былай тұрсын, кейде тіпті дөрекі сөйлеп, күш қолдануға дейін барады. Үйге баса-көктеп кіріп келіп, борышкерлерге ескертпестен, жеке заттары мен жиһаздарын сыртқа шығарып тас­тайтындар да бар. Ал үйіне келіп, күнделікті пайдаланып жүрген дүние-мүліктерінің қайда қалғанын білмей, бейшара күйге түскен отбасының жағдайын кім түсінеді?! Осыдан келіп халықта жеке сот орындаушыларына деген теріс көзқарас қалыптасады.

Қазір қоғамды «Неліктен адам­дардың көбі бес бірдей адамды жайратып тастаған жауыздың сөзін сөй­леп, соны жақтап отыр?» деген заң­ды сұрақ мазалап отыр. Ал бұл сұ­рақтың жауабы өте тереңде жатыр. Кейде қандай да бір оқиғалар абсурдты жағдайға дейін жетіп жатады. Борышкерлерді үйлерінен шыға­рар кезде ол жаққа өрт сөндіру­ші­лер, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем, жеке сот орындаушы­лары тайлы-таяғы қалмай жиналып, барлығы бірлесіп, бір банктің мүд­десін қорғайды. Яғни өндіріп алу­шының жоғын жоқтап, сөзін сөй­лейді. Ал мұндай кезде борышкер – жалғыз. Өзіңіз көз алдыңызға елес­тетіп көріңізші, ол есік-терезесін іш­тен тас­тай етіп жауып алып, жалғыз өзі қор­ғануға тиіс. Екі иығына екі кісі мін­гендей сот орындаушылары ен­телей келіп, ал оларды мұздай қаруланған полиция қызметкерлері қорғап-қорғаштап жүрсе, барлығы жабылып борышкердің есігін тарсылдатып, ішке кіруге талпынса, іш­тегі отбасының, бала-шағаның күйі қан­дай болмақ? Борышкер мұндай­да қо­рық­қандарынан көздері жәутең­­деп, ша­расыз күйге түскен бала-шаға­сы мен қорғансыз әйеліне тіреу болуы қажет. Кейде қорыққандарынан үс­телдің астына тығылып, тұншығып жы­лап отыратын балдырғандар­ды көр­генде жүрегің ауырады. Олар осын­дай үрей мен қорқынышты сәби кез­дерінен бастап сезініп өсіп келеді. Дәл осындай жүрекке салмақ түсірер көрініске құзырлы органдар да, қоғам да біраз жылдан бері немқұрайлы қарауға еттері өліп кеткен. Ал мұндай жағдайда азаматтың құқығы аяққа тапталып жатқан жоқ па? Балалардың құқығын кімдер ескеріп жатыр?

Әрине, кейбіреулер «Қарыз алар­да осының барлығын ата-аналары не­ге ойламаған? Несие рәсімдерде олар өздеріне жүктелген жауапкершілікті білді емес пе?» деуі де мүмкін. Мұндай пікірлерге толық қосыламын. Бірақ бір нәрсені ескеруіміз қажет. Қандай да бір қорытынды шығармас бұрын борышкер несиені қашан алды, келісім­шарт қай кезде рәсімделді, қарызы­ның қанша бөлігін банкке қайтар­ды, несиенің барлығын толықтай өтей алды ма – осындай маңызды сұрақ­тар жан-жақты сарапталып, ескері­­луі керек. Себебі банктен 10 мың дол­лар несие алып, оны 20 мың доллар етіп қайтарып, бәрібір қарызынан құты­ла алмай жүрген борышкерлер еліміз­де өте көп. Борышкер дефолттық күй­ге түссе де, яғни ол қарызын қай­та­ру­­­ға қауқарсыз болып қалса да банк оның жағдайын түсініп, басынан сипа­майды. Олар бір шешімге келуге, ты­­­ғырықтан шығудың жолын бірге із­деуге құлықсыз. Соттың шешімін алып, жеке сот орындаушыларына ұс­­тата салады. Ал олар өз кезегінде сот үкімін орындауға барын салады. Үйін тартып алады, кепілге қойған коммерциялық болсын, жеке болсын мүліктерін тәркілей бастайды. Ал адам­дар баспана алу үшін, қандай да бір мүлікке қол жеткізу үшін күні-түні тын­бай еңбектенеді емес пе?! Осының барлығы маңдай термен келген дүние болғандықтан, одан әп-сәтте айырылып қалу қаншалықты қиын екені тү­сінікті. Ең маңызды­сы – осындай оқи­ғалардың көбін­де борышкерлердің біразы шама-шарқы келгенше, мүм­кіндіктері мен күш-жігері жеткенше несиелерін тө­леп, қарыздарынан құтылудың бар­лық жолын қарастырып келгені. Алматыдағы оқиғаның «басты ке­йіпкеріне» айналған Дужновтың жағ­дайын өз басым жақсы білмей­мін. Бірақ бір нәрсе анық, ол – жеке сот орындаушыларының көбіне шектен шығып кететіндігі, асыра сіл­тейтіндіктері.

 

«Банктердің ашкөздігі енді қанша отбасын ойрандайды?»

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР,

жазушы:

– Бес адамды атып өлтірген күдік­тіні, әрине, өз басым ақтамаймын. Бірақ осы қайғылы оқиғаның болуы­на еліміздегі банктердің «жалма­уыз­дығы», несие өсімінің шамадан тыс көп болуы себеп болғанын айтпасқа шара жоқ.

Өйткені елімізде банктердің аш­көздігі, үстемақы пайыздың көп болуы, сот орындаушылардың «өзім-­
бі­лем­дігі» тыйылмай тұр. Сондықтан да елімізде нотариустардың соттың міндетін атқарып, біржақты шешім шығаруын біржола доғару қажет. Сот орындаушылары жеке тұлғаның есепшоттарын жабарда ресми хат жазып, ол хат борышкердің қолына тимей, болмаса, банкке борышкер азаматпен сөйлеспей, ескертпей жатып, қандай да бір әрекет жасауын да тоқтатқан жөн. Ең бастысы – сот орындаушыларының болмашы қарызы үшін де жеке тұлғаларды тығырыққа тірейтін құзыреттілігін шектеу қажет.

Борышкерлердің есепшотын жабуды шетелге шығу құқығынан айыру, мүлік сатуына шектеу қою деген секілді жазалармен ауыстыру қажет. Өйткені ел есепшотында жеткілікті ақшасы бола тұра, жиырма мың тең­гелік айыппұлын төлей алмай, таныс­тарынан қарыз сұрап, зар жылап жүреді.

Банктердің несиеден алатын па­йыздық өсімін қысқарту, қа­рыз өтел­мей қалған жағдайдағы айып­пұлдың, өсімнің көлемін жеңілдету де көп түйт­кілді тарқатар еді.

Мемлекеттің тендерін үптеп кеткен компаниялар банкроттық жария­лай салып, бар жауапкершіліктен құтылып жатады. Ондай болмаса да, кез келген жеке тұлға шынайы се­беппен банкрот болуы мүмкін еке­нін мемлекеттің ескергені дұрыс. Осы­­ған орай, бізге жеке тұлғаларды да банкрот деп жариялайтын заң қа­былдап, банктер ұсынатын несиенің бә­ріне «сақтандыру» жүйесін енгізетін уақыт келді. Яғни белгілі бір себеп­пен қарызын өтей алмаған жеке тұл­ғалардың берешегін сақтандыру компаниялары төлеп беретін жүйеге жан бітіру керек.

 

«Банкті сотта жеңу мүмкін емес»

Абзал ҚҰСПАН,

заңгер:

– Заңгер ретінде Дужнов-Демир­чян отбасының «БанкЦентрКре­дит» және жеке сот орындаушылары­ның заңсыз әрекеттеріне қарсы, 2014-2021 жылдар арасындағы ондаған сот про­цесінен тек екі сот актісіне талдау жасап көрдім. Біріншісі – банкке, екіншісі жеке сот орындаушыларына қарсы актілер.

Жалпы, осы сот актілерін түгел зер­делеп шыққанда түйгенім – барлық жағдайда борышкер соттан жеңіледі. Бұл жай сәйкестік пе? Әлде, банк пен сот орындаушылары заң талаптарын үнемі сақтап отыра ма? Банк пен сот орындаушылары борышкердің дүние-мүлкін бірнеше есе төмен ба­ғаға сатып жібергені, олардың өз мүл­кін сатып алуға басым құқығы бо­ла тұра, аукционға қатыса алмай қа­пы­да қалғаны немесе бизнесі өрге бас­қан кәсіпкерлердің банктен несие рәсім­дейміз деп банкротқа ұшырағаны туралы жүздеген емес, мыңдаған адамның айтары бар. Бұл банк пен сот жүйесінің өзара ымыраласқандығын білдіреді. Дәлел керек пе?

Банктер күні кешеге дейін несие рәсімдеу барысында «жасырын па­йыз» қолдану арқылы, өз клиенттерін, яғни халықты алдап, теспей сорып кел­ді. Олардың ішінде ірілі-ұсақты кә­сіпкерлер де, тойға, баласының оқуы­­на, үйге керек-жарағын алуға, тұр­­мыстық қажеттіліктеріне орай несие рәсім­деуші қарапайым азаматтар да бар.

Дужновтың әрекеті Қылмыстық кодекстің аса ауыр санатындағы қыл­мыстар қатарына жатады. Ол сөзсіз тиісті жазасын алатын болады, бірақ онымен азаматтар мен банк және сот орындаушылары араларындағы түйт­кілді мәселе шешіле ме? Мәселе қыл­мыстық істің құқықтық салдарын­да емес, бұл істің еріксіз түрде қо­ғам­да­ғы жараның аузын ашып кет­кен­дігінде. Ол қашаннан бері пайда бол­­ды, енді не істемек керек деген сұ­­­рақ­тар төңірегінде сауатты талдау жа­­сап, билікке дұрыс талап қоя біл­­сек, көп адамның қаржылық проб­лемасы оңынан шешімін табуына және осындай қайғылы оқиғалардың қай­таланбауына да септігі тиер еді.

 

«Несие аларда «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн»

Жанәділ ӘБДІРАХМАН,

Нұр-Сұлтан қаласының Жеке сот орындаушылары палатасының мүшесі:

– Қазіргі таңда әр адам кез кел­ген құжатқа, келісімшартқа қол қоймас бұрын, мұқият ойланып, кейін алған қарыздарын қайтара алатындай жағ­дайы бар екеніне көз жеткізіп алуы қажет. Әсіресе, банктен несие немесе адамдардан қарыз алғанда және биз­несте тәуекелге барған кезде осы жағын басты назарда ұстау керек. Бір сөзбен айтқанда, несие алмас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн. Біз қарыз алатын кез келген адамға осындай кеңес береміз.

Шын мәнінде, қазір сот шешім­дерін орындау барысында түрлі ке­леңсіз жағдайлар болып жатады. Тә­жірибемізде сот орындаушыларына қоқан-лоқы көрсетіп, балағаттап, алған қарызын мойындамай жалтару өте жиі ұшырасады. Тіпті жұдырық жұмсап, өзіңе шабуылдау сияқты қар­сылықтарға да тап болып жатамыз. Туған балаларына алимент төлеуден бас тартып, біз барған кезде өзімізге тарпа бас салып, бауыр еті баласынан безген әкелерді де көрдік. Біз қандай жағдай болса да барлық азаматпен заң аясында сөйлесіп, заңға сәйкес шаралар қолданамыз.

Сонымен қатар бүгінде Нұр-Сұл­тан қаласының Жеке сот орындау­шылар палатасы үйден шығару мәсе­лесін мемлекеттік сот орындаушы­ла­рына беру мәселесін көтеріп отыр. Алматыдағыдай жағдай қайта­лан­басын десек, осылай істеу керек деп есептеймін.

ТҮЙІН. Ұлттық банктің ақпаратына сенсек, бүгінде жеке тұлғалар мен шағын бизнес өкілдерінің екінші деңгейлі банктер алдындағы берешегі 7 трлн теңгеден асып кеткен. Биылдың өзінде алматылықтар 1,6 трлн теңге несие рәсімдеген. Банктерден кредит алғандардың «үштігін» Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларының тұрғындары толықтырады. Осы деректерге қарап отырып, тиісті мемлекеттік органдар Алматыда болған қанды оқиғаның түпкі себептерін жан-жақты, терең талдап, алдағы уақытта ондай қасіретке жол бермеу шараларын кешіктірмей қабылдауы қажет-ау деген ойға қалдық...