Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2021

Картоп өсірушілердің қарқыны жоғары

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Агротреид Көкше» ЖШС он бес жылға жуық картоп және көкөніс өсірумен айналысып, тәп-тәуір тәжірибе жинақтап қалған ұжым. Адал еңбектері арқылы биыл да мол өнім жинауда.

Картоп өсірушілердің қарқыны жоғары

Краснояр ауылындағы серіктестік алқаптарында екінші нан есебіндегі картоптың шығымы жақсы. Шаруашылық биыл 300 гектар алқапқа картоп, 30 гектар жерге сәбіз отырғызған болатын. Мол өнім жинауды мақсат тұтқан ұжым тиімділігі әлдеқашан дәлелденген голландық технологияны пайдалануда. Картоп алқаптары америкалық «Валей» фирмасының қондырғыларымен суарылады.

– Суармалы егістік алқаптарынан мол өнім жинауға әбден болады, – дейді серіктестік басшысының орынбасары Қайрат Жандаев, – өйткені, табиғатқа тәуелділік аз. Егер еңбегіңе сай өнім алғың келсе, суарып күтіп, баптау керек. Ендігі бір мәселе тұқымға қатысты. Біз гала, пикассо, вега, сорая тәрізді тұқымды Германия мен Голландиядан сатып аламыз. Өндірілген өнім голландық технология бойынша салынған қоймаларда сақталады. Күзде картоп көп, ал, көктемде сұраныс өсе түседі. Негізі тұтынушылардың сұранысын жыл бойы өтеп тұруымыз керек.

Мол өнім өңірдегі картоп пен сәбіздің бағасын өсірмеуге ықпал етеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек те аз емес. Өсімдік шаруашылығын субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп отыр. Серіктестік басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, шетелден жеткізілген тұқым, минералдық тыңайтқыш үшін де субсидия алған.

Әзірге картоп пен сәбіз егілген алқаптардың жартысы жиналды. Серіктестік агрономы Дәулет Жүсіповтың айтуына қарағанда, әр гектардан орташа есеппен 25 тоннадан картоп жиналуда. Өнімділігі жоғары 4 шетелдік комбайн тоқтаусыз жұмыс істеуде. Владимир Червяков, Жомарт Кенжебаев, Еркін Бекжанов, Мүсіреп Есмұханов тәрізді комбайншылар тәуліктік жоспарларын үнемі асыра орындайды.

– Төрт комбайн күніне 20 гектарға жуық картопты жинап ала алады, – дейді серіктестік агрономы, – картоп өсірудің де қыр-сыры көп қой. Алқаптарға уақытында минералды тыңайтқыштарды сіңіреміз, арамшөптермен күресеміз. Пісіп-жетілген кезде сабағын шауып алу керек. Шаруа шаш-етектен, әйтсе де жүзден астам адам жұмыс істейтін шаруашылықтың еңбекке деген ынтасы жақсы.

Дастарханға қойылатын тағам түрлерін молайтуға ұмтылған ұжым қоңыр күзде еңбек қарқынын үдете түскен. Онсыз болмайтын сыңайлы. Арқаның ақ жауынына ілігіп қалмауы үшін атқа қамшыны басып-ақ жатыр.