Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2021

Кітапханаларымыз заман талабына сай ма?

6914 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін

− Мемлекет басшысы биылғы Жол­­дауында: «Кітапханашылардың жа­лақысы 2022-2025 жылдар ара­лы­ғын­да 20 пайызға арттыру тапсырылады», деп атап өтті. Әрине, бұл әлеу­меттік қолдау сала қызметкерлері үшін қуанышты жаңалық, дегенмен елі­міздегі кітапханалар төңірегіндегі қордаланып қалаған көп мәселені бұл қолдау толық шеше алмайтыны бел­гілі. Алдағы уақытта түйінді түйт­кілдерді шешу үшін қандай ша­ралар қолға алынғаны дұрыс? Жал­пы мем­ле­кеттік қолдаудан бөлек, әлем­дік тә­жірибеге сай кітапхананы жан­дан­ды­руға қандай ұсыныстар айтар еді­ңіздер?

Кітапханаларымыз заман талабына сай ма?

Кітапхана архитектурасы үлкен мәнге ие

ы

Ақан ӘБДУӘЛИЕВ,

Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы:

− Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мәдениет және спорт саласындағы басқарушы және не­гізгі мәдениет қызметкерлерінің жа­лақысы республикалық деңгейде – 50%-ға, жергілікті деңгейде – 35%-ға көбейді. Президенттің Қазақстан хал­қына арнаған биылғы Жолдауына сәйкес кітапханашылардың да еңбек­ақы­сын 2025 жылға дейін жыл сайын 20 пайызға көтеру жұмыстары заң­намада белгіленген тәртіппен жүр­гі­зілуде. Бұдан басқа министрлік қо­ғам­да кітапханашы мамандығының беделін арттыру, сондай-ақ кітапхана қызметкерлерін ынталандыру бойынша шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Соның ішінде 2018 жылдан бастап тұрақты түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фес­тивалінде үздік кітапхана ұйым­да­ры мен қызметкерлеріне аталым қарас­ты­рылған. Биылғы фестиваль аясында Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тарту бойынша үздік инновациялық және Кітап оқу мен кітапты жылжыту жөніндегі үздік медиа жобалар­ды іске асырған, Қазақстанның Ұлт­­тық электронды кітапханасын то­лық­тыруға және да­мытуға қосқан, бюд­­жеттен тыс қа­ражатты тарту
ар­қы­­­­лы кі­тапхана қорын то­лық­тырған үз­­дік кітапханалар анық­­талды. Бұдан бө­лек, отандық балалар әдебиетінің өкіл­де­ріне, кітапхана ісі мамандары мен үздік әдебиет және өнер музей­ле­рі­не Мұқағали Мақатаев, Жамбыл Жабаев, Әлихан Бөкейхан, Ыбырай Алтынсарин, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы арнайы жүлделер тағайын­далды. Мұның бар­лы­ғы «Балалар әде­бие­ті жылы» аясында жүргізілді.

Қазіргі таңда «Кітапханашылар күні» кәсіби мерекесін заңнамамен реттеу ша­ралары қабылдануда. Сондай-ақ кі­тапханаларға оқырманның қызы­ғу­шылығын арттыру жолдарының бірі – заманауи көпфункционалды ор­та­лық ретінде олардың қызметін жан­дандыру шаралары жүзеге асуда. 2018 жылы елімізде 181 коворкинг орталық ашылған болса, 2021 жылы олардың саны 2,5 есеге артып, 401-ге жетті. Коворкинг орталықтарды ма­те­риал­дық-техникалық жабдықтау үшін жер­гілікті атқарушы органдардың бюд­же­тінен бөлек, әр өңірдің жергілікті кәсіпкерлері демеушілік көмек көр­се­ту­де. Бұл жұмыстар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласының «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында қолдау тапты. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға еліміздің барлық өңіріндегі ойын-сауық орталықтарында, темір жол вокзалдары мен аэропорттарда, автобекеттер мен халық көп шоғырланған орындарда «буккросинг», QR кодтары бар кітап тақтайшаларын орнату арқылы тұрғындардың кітап оқуына жағдай жасауды ұсындық.

ы

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

−Кітапханашылардың айлық жала­қы­сы көтерілгеннен кейін, олардың жалпы жүйелі біліктілігін арттыруға ден қою қажет. Алдағы уақытта кітап­ха­нашыларға жай кітапханашы емес, педагог-кітапханашы деген мамандық беретін осындай классификатордан педагог деген мамандық қарастыру керек. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және әлеуметтік қорғау салаларында жалақының жүйелі өсуі қуантады. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2023 жылға қарай дәрігерлердің ең­бекақысы 2,5 есе өсетіндігі және мұ­ға­лімдердің де еңбекақысы 2 есеге көбейетіндігі қарастырылған. Алайда азаматтардан келіп түскен көптеген өтініште мектеп алды мекемелердің, интернаттар мен балалар үйінің ме­ди­циналық қызметкерлері мен мек­теп кітапханашыларының ең­бек­ақы­сы − Білім және ғылым министр­­лігіне қарасты бола отырып, қол­да­ныстағы нормативті құжаттарға сәй­кес, педагогикалық қызметкерлерге теңестірілген санаттағы қызметкерлер ретінде денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қызметкерлердің ең­­бекақысынан айтар­лықтай төмен екен­дігі айтылған. Бұл жерде басты мәселе білім беру саласындағы бес жарым мың медициналық қызметкер мен жеті мыңға жуық мектеп кітап­ха­на­шы­ларының еңбекақысын көтеру керек екендігі айтылып тұр.       

Осы ретте Nur Otan фрак­циясының мүшелері, Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Парламенті Мәжілісінің депутаттары атынан Екатерина Смышляева екеуміз Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жол­дадық. Аталған са­уалда қыз­мет­керлердің ведомстволық тиесі­лі­гін қалпына келтіріп, еңбекақы төлеуде әділетті қолдау таныту қажет екен­дігі айқындалды. Себебі PISA халықаралық тест нәтижелері біздің оқу­шылардың оқу сауат­тылығы дағдылары жет­кілікті деңгейде да­мымағанын көрсетіп отыр. Әрине, 7 мың орта мектептің 3 миллионнан аса оқу­шысын кітап оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту ісінде мектеп кітапханашыларына қа­жетті жағдай жасау маңызды деп есептейміз.

Бақытжамал ОСПАНОВА, Алматыдағы Ұлттық кітапхана директоры, Қазақстан Кітапхана одағының төрағасы:

− Өздеріңіз білесіздер, уақыт бір ор­­нында тұрмайды. Заман талабына сай болу үшін тұрақты іздену керек. Сондықтан басқа салалардағыдай кі­тап­хана саласында оқырманға мейлінше сапалы қызмет көрсетуде шешуін күткен мә­селелер аз емес. Әсіресе, ауыл­дық кі­тапханаларға назар аудару керек. Атап айтсақ, мобильдік кітапхана ке­шенін (библиобус) ұйымдастыру кітап­ха­на ресурстары мен қызметтердің қол­­жетімділігін қамтамасыз етуге кө­мек­­теседі. Библиобустың негізгі мін­деті – жергілікті қауымдастық өмірінің жаңа әлеуметтік және коммуникативтік форматын құру болып табылады. Қала мен ауыл арасындағы ақпараттық тең­сіз­дік азаяды. Ұлттық қазақ әдебиетін зерделеу жақсарады. Бұған қоса, кі­тап­ха­на мамандарының қосымша теориялық және практикалық білімдерін жаңарту, кәсіптік білім мен шеберлігін дамыту мақ­сатында республикалық кәсіби бі­лім жетілдіру орталығын құру керек деп ойлаймын.

в

Дина АМАНЖОЛОВА,

Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры:

− Шынымен, кітапхана саласында жылдар бойы жинақталған мәселелер өте көп және олардың бір мезетте шешілуі мүмкін емес. Бүгінде мемлекеттің қол­да­уы кітапханалардың техникалық ба­засын қамтамасыз ету мәселесін ше­шуге бағытталып отыр, бірақ ол жет­кіліксіз. Мысалы, біздің аймақта Қара­ған­ды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің қолдауымен «2020-2021 жылдары Қарағанды облысының кітапханаларын насихаттау мен кітап қорын өзектілендіру бойынша Жол картасы қабылданған болатын. Осы құжаттан соң облыс кітапханаларының кітап қорын толықтыруға бөлінетін қаржы біршама көтерілгенімен, әлі де жеткіліксіз. Өкінішке қарай, өлкеміздің компьютер паркі жаңартуды талап етеді. Тіпті облыстың бас әдістемелік орталығы болып табылатын біздің кітапхана компьютерлерін соңғы рет 2011 жылы жаңартқан еді. Ал бүгінде оқырманмен байланысымыз тікелей осы техникаға байланысты болып отыр­ған уақытта біздің жұмысымыз ақ­сап тұрғаны ақиқат. Және бұл жағ­дай рес­пуб­ликамыздың көптеген кітап­ха­на­ларына тиесілі деп айта аламын.

Ал кітапханаларды әлемдік тәжіри­бе­ге сай жаңғырту ұсыным­да­рына келер болсақ, Қазақстан Республикасының «Кітап­хана ісі» заңын     қабылдау мәселесі, көпшілік кітапханалардың модельдік стандарты, міндетті жергілікті ақылы дана және т.б. мәселелер бірнеше рет көтерілген болатын. Биыл біз «Кітапхана – жаңа қоғамдық кеңістік»: Қарағанды облысы кітапханаларын 2021-2025 жылдар аралығында жаңғырту жобасын» іске асыру шаралары көрсетілген жос­пар дайындадық. Жобада Қарағанды облысы кітапханаларында жұмыстың жаңа түрлерін енгізу қарастырылған.

Әлемдік тәжірибеге сай кітапхананы жандандыру дегенге келсек, мысалы, шетел кітапханаларының архитектуралық дизайны қандай? Олар арнайы байқаулар жариялап, жүзіп келе жатқан кеме не­­месе адамның миы сынды ерекше ғимараттарымен адамды тартады. Яғни сыртқы келбетімен кітапхана өзінің мәр­тебесін, қоғамдағы қажеттілігін көр­сетеді. Жаңа кітапханалық ғимарат заманның талабын, сәнін белгілеуі керек. Яғни кітапхананың архитектурасы, сыртқы пішіні мен орналасқан жері де үлкен мәнге ие. Мысалы, Қарағанды облысының 315 кітапханасының тек біреуі ғана (Шахтинск қаласында) типтік ғимаратта отыр, оны да заманауи ғимарат деп айта алмайсың. Ал облыстың бас орталық кітапханасы 1969 жылы тігін цехтары бар Сән үйіне деп салынған тар ғимаратта орналасқан. Бүгінде оқыр­ман­ның қажеттілігі мен талаптарын ба­рынша орындау үшін ғимараттың ішін өзгертуге тырысуда. Дегенмен бос алаң­­дардың жоқтығы қорды толықтыру мен сақтауда, жаңа үлгіде қызмет көр­се­туде, қызығушылық клубтары мен үйір­­мелерді ашуда және т.б. көптеген ке­дергі келтіретіні сөзсіз.

Сондықтан бүгінде бізге ерекше стильде жаңа кітапханалық ғимарат са­лынуы қажет. Сыртқы келбетіне қызық­қан адам кітапхана ішіне үңіліп оның көп функционалды екенін, тұлғаға бағыт­талған және оның қажеттілігіне қарай өзгеретін, жайлы, жоғары технологияларымен жабдықталған, коворкинг функциялы қоғамдық кеңістік, яғни қоғамдық өмірдің орталығы екенін аңғаруы керек. Әрине, пайдаланушының қажеттілігіне сай қоры болуы қажет, бестселлер кі­таптар, ең үздік оқулықтары бар дәс­түр­лі кітап залдарымен қатар, көр­ме­лер өткізетін алаңдар, медиа алаңдар, музыкалық, кино студиялар, сондай-ақ тілдік курстарға, ойындарға, дауыстап оқуға арналған камералық алаңдар болса тіпті ғанибет. Жайлы, ыңғайлы, кең кітапханалық орта, SMART кеңістік, жаңа компьютерлер мен оргтехника, сан­дық жүйеге өткізу орталығы, ин­терак­тивті жабдықтар, жылдам интернет, үздік кітап қоры – осының барлығы біздің аймақтың кез келген бөлігінде кез келген пайдаланушыға қолжетімді болу керек. Кітапхана дербес электронды ресурстарын құрап, жазылым ресурстарын да қолдана алатын болуы міндетті. Кітапханаларда пайдаланушылардың барлық тобының: балалар мен олардың ата-анасы, жасөспірімдер, студенттер, жұмыс істейтін жас мамандардың барлық санаттары, бизнесмендер, ден­сау­лықтарымен мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлердің, т.б. қа­жеттілігі ескерілгені дұрыс.

с

Дәмет ҚҰСАЙЫНОВА,

Қостанай облысы Арқалық қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры:

− Жалпы, жұртшылыққа руханият­ дәнін сеуіп, кітаптың қадір-қасиетін дәріптеуші кітапханашылардың қоғамда өз орны бар. Олардың біраз жылдан бері қордаланып қалған мәселелері аз емес еді, соның бәрі, қазір рет-ретімен шешіліп келеді. Сонда да ауылдағы кітапхана мен мектеп кітапханасына жоғары бі­лімді мамандар жетіспейді. Алдағы уа­қытта педагогикалық бағыттағы жо­ға­ры оқу орындарына кітапханашы мамандығын көбірек енгізсе, сосын кі­тап­­ханашылардың біліктілігін арттыру курсын мейілінше жүйелендіру қажет. Одан кейін Үлгілі ауылдық кітапхана мен қалалық кітапханалар байқауы екі жылда бір рет ұйымдастырылып, бұған мейлінше қомақты қаржы қарастырылса дейміз.

вы

Нүрия ҚАПСАЛАНОВА,

Балқаш аудандық кітапханасының директоры:

– Ауыл кітапханасы қызметкерлерінің жалақысы аз болуына байланысты штат­қа жоғары білікті техникалық кадрларды (программистер, жүйе әкімшісі, веб-дизайнерлер, т.б.), сондай-ақ шет тілі мамандарын алу мүмкіндігі жоқ. Ағыл­шын тілін оқып-үйренуге көмекші басы­лымдар некен-саяқ. Соның ішінде жас шамасы әртүрлі балалар мен жас­тар­ға арналған сөздіктер, энциклопе­диял­ар, бейінді көркем әдебиеттер тым аз. Оқырман балаларға арналған кітап нарығына зерттеу жүргізетін республикалық талдау әдістемелік орта­лы­ғы жоқ. Қызметкерлердің білімін көтеруге қаржы бөлінбейді. Кітапхана қорлары ескірген. Оқырмандар мен пайдаланушыларға компьютерлер же­тіс­пейді, көбі талапқа сай емес. Кеңес заманында кітапханашыларға ескі кітаптағы шаң-тозаңмен жұмыс істе­гені үшін қаржы төленетін, қазір ол жоқ. Бүгінгі кітапханалар – ақпараттық мәдени-ағартушылық, ғылыми зерттеушілік мекеме болу керек. Қазіргі сұраныс технологияны біліп қана қоймай, сонымен бірге оны сауатты түрде қолдануды қажет етеді.

 

«Кітапхана ісі» заңын қабылдау керек

− Қазір ғаламтор шырмауындағы қоғам кітап оқудан алыстап барады. Мұндай кезеңде кітапқа наси­хат­шы болу – үлкен ерлік. Осы орайда кі­тап­ха­нашыларға барынша қолдау көр­сетіп, олардың мәртебесін көте­ру­ге қан­дай іс-шараларды қолға алу қажет?

Ақан ӘБДУӘЛИЕВ,

Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы:

− Мемлекет басшысы 2020 жылғы 22 қазанда өткен Президент жа­нындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің IV оты­рысында отандық кітап­ха­налар қыз­метін жаңғырту, жас оқыр­ман­ды кі­тап оқуға тартуды насихаттау, кітап­ханалардың заманауи қызметін ұйым­дастыру арқылы замана көшіне бе­йім­дел­ген саналы ұрпақты тәрбиелеуді тап­сырды.

Министрлікке қарасты респуб­ли­калық кітапханалар еліміздегі тұр­ғын­дардың, соның ішінде балалардың кітап оқу қажеттілігіне әлеуметтік талдау жүр­­гізді. Талдау нәтижесінде, бала­лар­дың 68%-ы оқитын кітаптарын мектеп кітапханаларынан алатынын, 8,1% – балалар кітапханаларының қызметін пайдаланатынын, 6,9%-ы арнайы кітап дүкендерінен сатып алатынын, 15,2% үй кітапханаларымен пайдаланатынын жеткізген.

Осыған орай балалар әдебиетіне, бала­лар­дың кітап оқу мәде­ние­тін дамытуға және балалар кітапханаларының қыз­метін жақсартуға, отандық балалар ақын-жазушыларын, баспагерлерді ын­та­­ландыру мен кітапханашылардың мәр­те­бесін көтеруге мемлекет пен қо­ғам­ның көңілін аударту мақсатында Министрлік «2021 жылды – Балалар әдебиеті жылы» деп жариялады.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

−Біріншіден, кітапханашы маман­ды­ғында білім алатын студенттер үшін білім беру бағдарламасының маз­­мұнын жаңарту қажет. Ол жерде жал­пы оқу сауаттылығын дамытуға қа­тысты, сонымен қатар кітап оқуға қызығушылығын арттыруда ақпараттық сауаттылық дағдыларын дамытуға байланысты, кітапханашыда осындай құзыреттер болу қажет. Кітапханашы тек кітап қорын түгендеуші немесе қай кітап қай жерде тұратынын ғана білетін техникалық қызметкер емес, алдағы уақытта кітапханашы да педагог ретінде балалардың оқуға деген қызығушылығын, сонымен қатар кі­тап­тан алған білімін өмірден пайдала­н­уына түрлі ойын, викториналарды ұйымдастыру секілді дағдыларды мең­герген маман болуы қажет. Сон­дық­­тан бірінші мәселе кітапханашы ма­ман­дығын дайындау кезінде білім беру бағдарламасын қайта қарастыру, соның ішінде педагогикалық құзыреттілікті енгізу, соның негізінде баламен педагог ретінде жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыру маңызды. Екінші мәселе, кітапханашының біліктілігін ұдайы арттырып отыру қажет. Қазіргі таңда функционалды сауаттылығын дамыту, оқу сауаттылығын арттыру, сонымен қатар жаратылыстану ғылымдары бойынша оқытушылардың сауаттылығын жетіл­ді­ру­ге қатысты жалпы кітапха­на­шы­ларды арнайы курстардан өткізіп отыр­ғанымыз дұрыс.

ы

Бақытжамал ОСПАНОВА,

Алматыдағы Ұлттық кітапхана директоры, Қазақстан Кітапхана одағының төрағасы:

– Бізде 2017 жылы еліміздің кітап­ха­на ісін дамыту, оның мүше­ле­рі­нің күшін біріктіру, қолдау және Қазақстан кі­тапханаларының әлемдік қауым­дас­тықтағы рөлін көтеру мақса­тын­да кі­тап­ха­налық одақ құ­рылды. Оның отырыстарында кітапханалар мен кітап­ха­на­шы ма­ман­ды­ғының мәртебесін көтеру жө­нін­де нақты ұсыныстар дайындалады. Мәселен, мемлекеттік кәсіби мереке «Кітапханашылар күнін» белгілеуді барлық әріптестеріміз асыға күтуде. Сондай-ақ Қазақстанның электронды кітапханалық-ақпараттық ресурстарын бірыңғай интеграцияланған жүйеге біріктіру қажет. Бұл оқырмандардың еліміз кітапханаларының ақпараттық ресурстарына жедел қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған қоса кітапханалардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға және дамытуға қаржыландыруды көбейтетін уақыт келді.

Дина АМАНЖОЛОВА,

Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры:

– Кітапханаларды қолдайтын және олардың мәртебесін көтеретін бар­лық шара қарастырылған Қазақстан Рес­публикасының «Кітапхана ісі» за­ңын қабылдау керек. Заңды қа­былдаудың өзі қоғамда кітап­ха­на­лар­ды­ң мәртебесіне қолдау болары сөзсіз.

Нүрия ҚАПСАЛАНОВА,

Балқаш аудандық кітапханасының директоры:

– Кітапхана қызметі жоғарғы деңгейде болуы қажет, бұл дегеніміз кітапхана мен кітапханашы мәртебесін көтеруді талап етеді. Алдымен әр кітапхананың заманауи техникаларымен жабдықталған жеке ғимараты болуы керек. Одан ке­йін кітапханашылардың барлығын толық ставкада болуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ кітапханашы ма­ман­дығы үшін кәсіби біліммен қатар, жаңа техникалық құралдарды меңгеруі, ақпараттық технологияның көмегімен жоғары сапалы ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсетуі, оқырман сұранысын қанағаттандыруы, бір сөзбен айтқанда уақыт талабына ілесіп отыруы керек. Осыған орай компьютерлік сауаттылықты жетілдіру аясында барлық кітапханашыға курстық сабақтар теориялық және практикалық жүйеде өткізіліп отыруы қажет.

 

Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар саны аз емес

– Еліміздегі бірқатар кітапхананың атауы тәуелсіздік алғалы өзгерген жоқ. Мысалы, Н.В.Гоголь атын­да­ғы Қарағанды облыстық әмбебап ғылы­ми кітапханасын, Л.Н.Толстой атын­дағы Қостанай облыстық әмбебап кітапханасын, В.Маяков­ский атын­дағы Талдықорған қала­лық кі­тап­ханасын айтуға болады. Де­ген­мен ұлт руханиятының дамуына зор үлес қос­қан классиктеріміз же­терлік. Сон­дық­тан осы мәселені ш­е­шу­дің уа­қы­ты келді емес пе?

Ақан ӘБДУӘЛИЕВ,

Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы:

− Мемлекеттік мекемелерге, не болмаса көшелерге қатысты кез келген атау беру мәселесі ономастика саласындағы заңнамаларға сәйкес ең алдымен, жергілікті әкімдік тарапы­нан бірқатар процедурадан өтеді. Мемлекеттік мекемелердің атауын өз­гер­ту барысында ең алдымен, аталған мәселе ұжымдық жиналыста қаралып, қол­дау тапқан жағдайда облыстық оно­мастика комиссиясында қаралады. Аталған процестерден өтіп, жергілікті әкімдіктер тарапынан тиісті құжаттар министрлікке ұсынылған жағдайда республикалық комиссияда қаралады.

Жалпы, ономастика саласында сонау Кеңес кезеңінен бері келе жатқан идеологиялық тұрғыдан ескірген атау­лар­дың саны аз емес. Бүгінгі таңда мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан осы атауларды тәуелсіздік сипатына сай және тарихи жер-су атауларымен өзгертуге басымдық бере отырып жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылды, әлі де ат­қа­ры­латын жұмыстар көп. Тиісті тапсырмалар бар, мәселе министрліктің тікелей бақылауында.

Сондай-ақ әлемге аты шыққан ғұ­ла­­малардың, әйгілі жазушылардың, ағар­тушылардың және басқа да ұлы тұлғалардың атын өзгерту мәселесін қа­растыруды жөн деп санамаймыз. Атау­ларды өзгерту мәселесі әлі де жан-жақты талқылауды және пысықтауды қажет етеді.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

− Кез келген нәрсе халықпен ақыл­да­сып шешілу керек. Сол кітапхана орналасқан жердің азаматтарының пі­кі­рі­мен санасу қажет. Егер атын өз­герту бастамасы болса жергілікті мәс­ли­хатпен шешілгені дұрыс.

Дина АМАНЖОЛОВА,

Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры:

– Бұл үлкен мәселе деп ойламаймын. Себебі осы сұрақтың шешіміне көп қаражат та қажет емес, тек ұжым­ның келісімі мен ұсынысы болу керек. Мысалы, Н.В.Гоголь атындағы Қара­ғанды облыстық әмбебап ғылыми кітап­ханасына дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың есімін беру туралы ақынның 100 жылдық мерейтойында 2011 жылы ұжыммен ұсыныс жасалған еді. Ұжымды облыстың шығармашылық зиялы қауымы бір ауыздан қолдаған болатын. Содан бері барлық құжат да­йын, өзінің шешімін күтуде. Ақынның биылғы 110 жылдық мерейтойына орай сый болып, осы мәселе оң шешімін табар деп үміттенеміз.

Дәмет ҚҰСАЙЫНОВА,

Қостанай облысы Арқалық қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры:

− Бүгінде кеңестік кезеңнен қалған, қазаққа еш қатысы жоқ атауларды ұлт­тық тарихымызға сай атаулармен ал­мастыру ойға қонымды. Орысша атау­­­­лар тозығы жетіп, өзіміздің ұлт мұ­раты жолындағы тұлғаларымыздың есімдерін жоғарыдағы көрсетілген кітап­ха­наларға берудің уақыты келді.

Нүрия ҚАПСАЛАНОВА,

Балқаш аудандық кітапханасының директоры:

− Өте орынды сұрақ. Мәселен, елі­міз­де Әлихан Бөкейхан, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабай­ұлы­н, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған бірде-бір кітапхана жоқ. Бұл мемлекетіміз үшін – үлкен сын. Елдегі өткен дәуірден қа­лып кеткен кітапханалардың есімін осы алыптардың есімдерімен атауымыз керек.

 

Күрделі жөндеу күткен кітапханалар көп

– Елімізде әр салаға арналған 11 130 кітапхана бар. Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты 3 940 көп­шілік кітапхана болса, соның 3 137-сі ауылда орналасқан. Жалпы, шал­ғайдағы кітапханалардың қоры қан­шалықты жаңарып тұрады және олардың материалдық жағдайы заман талабына сай ма?

Ақан ӘБДУӘЛИЕВ,

Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы:

– «Мәдениет туралы» заңға сәйкес елімізде кітапханалардың кітапхана қорын қалыптастыру бойынша жұмыстар сатып алу, кітап алмасу, сыйға тарту және мемлекеттік тапсырыс аясында басып шығарылған кітаптарды өтеусіз алу арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ Ұлттық кітапханалардың кітапхана қоры басылымның міндетті тегін данасын алу жолымен де қалыптастырылады. Соңғы онжылдық көлемінде министрліктің қолдауымен 2 832 атау бойынша қоғам­дық-маңызды әдебиет түрлері 8 млн 360 мың 751 дана таралыммен жарық көріп, кітапханаларға тегін таратылған. Соның ішінде 2010-2020 жылдар аралығында 169 атау бойынша балалар әдебиеті жалпы таралымы 384 000 данада басып шығарылып, көпшілікке арналған кітап­ха­наларға тегін үлестірілген.

Биыл жыл соңына дейін министрлік «Көркем», «Қоғамдық-саяси», «Ғылыми-көпшілік», «Мәдениет және өнер туралы әдебиет, оның ішінде ноталық», «Балалар және жасөспірімдер», «Танымдық», «Энцик­лопедиялық-анықтамалық», «Аудар­­ма» серияларымен 148 аталым әдебиетті 454 000 данамен басып шығарып, мәдениет саласындағы көп­шілікке арналған кітапханаларға таратуды жоспарлап отыр. Аталған әдебиеттердің 33-і отандық балалар әдебиеті қаламгерлерінің, 4-еуі әлем ба­ла­лар әдебиеті классиктерінің аудар­ма­лары болып табылады (балалар әдебиеті 40 атау бойынша). Бұдан бөлек министрлік бүгінде еліміздегі көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалардың мемлекеттік тілдегі кітап қорын ұлғайту бойынша жұмыстарды жүргізуде.

Бүгінде аталған кітапхана оқырман­да­рының негізгі ақпарат көзі бедерлі-нүктелі шрифтпен, яғни Брайль қарпінде мемлекеттік тілде жарық көрген кітаптар жетіспейтіндіктен, министрлік елімізде бедерлі-нүктелі шрифт баспаханасын ашу бойынша жұмыстарын жүргізуде.

Бұдан бөлек көпшілікке арналған кітапханалардың кітап қоры 3D, 4D форматындағы балалар әдебиетімен, «Демеушілерден кітап» челленджін ұйым­дастыру және өткізу арқылы толық­тырылып келеді.

Сонымен қатар қолданыстағы заң­намаға сәйкес кітапханалардың ма­те­риал­дық жағдайына қатысты мә­селе, яғни олардың материалдық-тех­ни­калық әл-ауқатын жақсарту, ғима­рат­пен қамтамасыз ету және т.б. мәселе әкім­діктердің құзыретіне кіретінін жеткіземіз.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

−Бұл Мәдениет және спорт министр­лігі­нің, жергілікті атқарушы билік ор­ган­­­­дарының құ­зы­реттілігіндегі мәселе. Негізі ауылда туып-өскен меценаттардан бастап бұл мәселені қолға алып ше­шілуіне атсалысу қажет. Әрине, жер­гілікті атқарушы билік органдары да қа­зіргі таңда ауылдық жерлердегі осы кітап қорының жаңаруы, сонымен қатар кітапханалардың жаңаруына байланыс­ты жұмыс істеу керек. Бұл орайда Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасындағы «Ауқатты ауылдар» жобасы 3500 ауылды жаңартуға байланысты сол ауылдарының ішінде қарастырылған, бұдан бөлек сонымен қатар «Шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 5000 мектепке жаңарту жүргізу» пункті бар. Аталған пункт жеті бағыттан тұрады, оның ішінде күрделі жөндеу, соның ішінде кітапхананы күрделі жөндеу, мәселесі нақты көрсетілген. Осының ішінде биылдың өзінде 1000 мектептің кітапханасына жиһаздар жаңартылып, кітапхана қорына жаңа заманауи үлгідегі кітаптар алынып, сонымен қатар кітаптың инновациялық ресурстарға жазылуы қарастырылған.

Бақытжамал ОСПАНОВА, Алматыдағы Ұлттық кітапхана директоры, Қазақстан Кітапхана одағының төрағасы:

– Расында да кітапханалар қорын толықтыру мен жаңартуда ойланатын мәселелер баршылық. Мәселен, облыс­тар­да осы мақсаттарға қаражат бөлінеді. Бірақ бұл қаржы оқырмандардың ақпа­раттық сұраныстарына сәйкес кітап­хана қорын толықтыруға аздық етеді. Өйткені бөлінетін қаржы облыс­­тық, қалалық, аудандық және ауылдық кі­тапханаларды толыққанды қам­ты­май­ды. Жаңа айтқандай, кітап­ха­на­лар­дың материалдық жағдайы да кезек күт­тірмейтін мәселе. Мы­са­лы, рес­пуб­ли­каның 90 көпшілік кі­тап­ха­на­сына күр­де­лі жөндеу жұ­мыс­та­рын жүргізу қажет.

Дина АМАНЖОЛОВА,

Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры:

− Бүгінгі таңда Қарағанды облы­сы­ның кітапханалар жүйесіндегі 315 кітапхананың 240-ы ауылдық кітапхана. Ауылдық жерлердегі кітапхана қоры 3 миллионға жуық. Кітап қоры мем­ле­кеттік тапсырыспен жарық көретін әде­биеттермен, бюджеттен бөлінетін қаржыға сатып алынатын әдебиеттермен толық­тырылып отырады. Кітап өнім­де­рі бағасының үнемі өсіп отыруы кі­тап­хана қорын толықтыруға жыл са­йын қаржыландыруды ұлғайтуды талап етеді. Мысалы, өткен жылы ауыл кітапханаларының кітап қорын толықтыруға 23 млн теңге, ал мерзімді басылымдарға жазылуға 26 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Яғни орта есеппен облыс бойынша бір ауылдық кітапханаға кітап сатып алуға 96 мың теңгеден келеді. Ал кітаптың бағасын орта есеппен 3000 теңге деп алатын болсақ, бір кітапхана жылына неше кітаппен толығатынын санай беріңіз. Дегенмен әр ауылдың жағдайы бірдей емес екенін де ескеру керек.

Қарағанды облысы кітапханаларды компьютерлендіру жағынан елімізде ал­дыңғы қатарда. Бүгінде барлық кітапхана компьютерлендірілген. Тек әрине, жа­ңар­ту жағына үлкен көңіл бөлу керек. Ауылдық жердегі 240 кітапхананың 60 кітапханасы интернет желісіне қосыла алмай отыр.

Дәмет ҚҰСАЙЫНОВА,

Қостанай облысы Арқалық қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры:

− Арқалық орта­лық­тан­дырылған кітап­ханалар жүй­есіне 15 ауылдық кі­тапхана қарайды. Осы ауылдық кітап­ха­налардың жеке ғимараттары жоқ, ауыл әкімшілігінде, мектепте, клубтарда жұмыс істейді. Кітапхана қорын толықтырудың басты бағыттарының бірі – сатып алынатын басылымдар. Біз оқыр­мандардың сұранысын зерделеп, оның орындалуына аса мән беріп, қа­жетті басылымдарды сатып алу жұ­мысын үлкен жауапкершілікпен атқа­ра­мыз. Кітап қорын толықтыруда сыйға берілген басылымдардың орны ерекше. Жан дүниесін толқытып, жүрегін жарып шыққан жаңа туындыларын сыйға беретін авторларда кітапханаға жиі ке­ле­ді. Мерзімді басылымдарға жазылу жұмыстарын ұйымдастыру кезінде ерекше көңіл бөлетін жайттар: оқырман жедел өзекті ақпаратты ең алдымен, бұқаралық ақпарат құралдарының тұрақты, сенімді өкілдері – газет пен журнал беттерінен табылады. Сондықтан да күнделікті қажетті ақпаратпен сусындап отыратын оқырманның ақпараттық сұранысын міндетті түрде қанағаттандыруымыз үшін мерзімді басылымдарды жаздырып алуға қаражат жеткіліксіз. Кейбір ауылдар өте шалғайда орналасқан, жаңа келіп түскен кітаптарды ауылдық кітап­ха­наларға жеткізіп беру, әдістемелік көмек көрсету жұмыстарын жүргізу үшін көліктің жоқтығы қынжылтады.

Нүрия ҚАПСАЛАНОВА,

Балқаш аудандық кітапханасының директоры:

− Балқаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарас­ты «Балқаш ауданы әкімінің аудан­дық кітапханасы» мемлекеттік ме­ке­месі құрамында 1 аудандық, 14 ауыл­дық кітапхана аудан халқына қыз­мет көрсетеді. Кітап қоры тек С.Сей­фул­­лин атындағы Алматы об­лыс­­тық әмбебап кітапханасынан түсе­тін жаңа әдебиеттермен және «Кі­тап­­ханаға кітап сыйла!» акциясы ая­сын­­да жеке оқырмандардың, ақын-жазу­шылардың кітапханаға сыйға тар­татын кітаптары есебінен ғана толық­ты­рылады, ал жергілікті бюджет есе­бі­нен кітапханаға қазіргі заманға сай за­манауи әдебиеттерді сатып алу үшін қаржы бөлінбейді. Балқаш ауда­ны аграрлық аудан болғандықтан, ауыл шаруашылығына қатысты әде­биет­тер – мал шаруашылығы, күріш шаруа­шы­лы­ғына қатысты әдебиеттер жоқтың қасы. Алысқа ұзамай-ақ, аудан орталығы Бақанас ауылындағы Бақанас аграрлы-индустриялық колледжі білімгерлерінің талап-тілектері орындалмай отыр. Ал ауылдық кітапханалардың материалдық жағдайына келетін болсақ, ауылдық кітапханалардың жағдайы мүшкіл деп айтуға болады, себебі қарапайым ғана кітапханалық жиһаздар – кітап сөрелері, кітап көрмесінің сөрелері, орындық, үстелдердің өздері жетіспейді.

 

Дөңгелек үстелді ұйымдастырғандар:

            Мирас АСАН,

            Азамат ЕСЕНЖОЛ,

            Мұхтар КҮМІСБЕК,