Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Тереза Рибейро, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Еуропалық хабар тарату одағы Бас директорының орынбасары Жан Филип Де Тендер, Nur Media холдингінің Бас директоры Болат Кальянбеков, «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова қатысты. Пікірталас модераторы – медиаменеджер, Tan Media Group иесі Арманжан Байтасов.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жиынға қатысып отырған шетелдік қонақтарға, әріптестеріне алғыс айтып, пандемия салдарынан пайда болған мәселелер мен өзгерістерге тоқталды.
«Ұжымдық иммунитет қалыптасқаннан кейін жаңа кезең басталады, оның басты міндеті – адамдарға пандемиядан кейінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қалай бейімделу керектігін түсіндіру. Бұл кезеңде негізгі соққы шағын және орта бизнеске тигенін білеміз. Менің ойымша, экономиканың бұл секторы бұрынғы қалыпты өмірін жоғалтып алды және көбіне басынан бастауға мәжбүр. Бұл ретте оның барлық өкілінің мемлекеттің қолдау шараларына толық хабардар болуы өте маңызды», деді Аида Балаева.
«Індетпен күрес әлі де жалғасып жатыр. Бұл бағыттағы қарқынды жұмысты жалғастыруымыз керек. Министрлік журналистердің жұмысына кедергі келтіретін мәселелерді шешіп, кәсіптеріне жәрдем етуді маңызды міндет деп біледі. Жаңа шарттарда интернет мүмкіндігі он есе артты. Оған халықтың өз денсаулығына бейжай қарамауы, оқшаулану кезінде бос уақыттың көбеюі мен қашықтан жұмыс істеу себеп. Пандемия басталғалы қолданушылардың талғамы да өзгерді. Олар жаңалық пен онлайн трансляцияларға ден қоя бастады», деді министр.
Сонымен қатар министр жалған ақпаратпен күреске қатысты шараларға тоқталып өтті. «Әлеуметтік желіде карантиндік талаптарға, вакцина салдарынан болатын өлім, вакциналаудың адам денсаулығына теріс әсері және тағы басқалар туралы жалған ақпарат жиілеп кетті. Интернет желісіндегі осындай теріс ақпаратты азайту мақсатында stopfake.kz сайты іске қосылды. Ол БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және түсініктемелерде таратылатын ақпараттың дұрыстығын тексереді. Сайт іске қосылғаннан бері 1500-ден астам жалған ақпарат теріске шығарылды», деді Аида Балаева.
Панельдік пікірталасқа қатысқан ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Тереза Рибейро пандемия жағдайындағы БАҚ-тың маңызына тоқталып, журналистер құқығы мәселесіне қатысты пікірін білдірді.
«Пандемия екі жыл бойы жалғасу үстінде. Осы уақыт аралығында көптеген жаһандық мәселе пайда болды. Сондай проблемалардың бірі – вакциналау. Қазіргі таңда өркениетті елдер дамушы елдерді вакцинамен қамтамасыз етуге кірісті. Пандемия кезінде антиваксерлердің әрекетін көріп отырмыз. Бұл ретте БАҚ індетпен күресте күш біріктіру үшін аса қажет», деді Тереза Рибейро.
Оның айтуынша, пандемия басталғалы әлеуметтік желілерді пайдаланатын адамдардың саны 13 пайызға өскен. Бұл – әлемнің 2,4 млрд халқы әлеуметтік желіні пайдаланады деген сөз.
«COVID-19 адамдарды оқшаулануға мәжбүрледі. Соның әсерінен әлеуметтік желілерге жүгінушілер саны артты. Сондай-ақ интернет сөз бостандығы мен цифрлық БАҚ-ты дамыту үшін де маңызды. Екінші жағынан, халықтың ресми БАҚ-қа қарағанда әлеуметтік желіге көбірек сенетіні анықталып отыр. Ал онда фейк жаңалықтардың да болу қаупі жоғары. Бәрімізге осы құбылыстың түрлі нысандарына жауап қатып, журналистер атмосферасына үлес қосу маңызды. Бұл қоғам үшін де, осы құрметті мамандық өкілдері үшін де үлкен сын-қатер», деді ол.
«Биыл тілшілердің қызметіне байланысты әлемде 400-ден астам журналисті өлтіру дерегі тіркелді. Бұл қылмыстардың бәрі түпкілікті зерттелмеді. Біз тілшілердің қоғамдық ойдың өзгеруіне атсалысып отырғанын білеміз. Оларға онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, шығармашылық еркіндік беруге тиіспіз. Сонымен қатар бұл саладан кеткен жандардың да құқығы қорғалуы керек», деді ЕҚЫҰ өкілі.
Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори кез келген мәселені шешу үшін бірігу маңызды екенін алға тартты.
«Қазақстанмен бірлесіп, мәселені шешіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктер ашатынымызға сенемін. Қазір вакцина мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды. Осы ретте тексерілген, дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды. Пандемиямен күресте вакцина бәріміз үшін де ең тиімді құрал болып отыр», деді ол.
Одан бөлек, инфодемияның да үлкен мәселеге айналғанына тоқталды. Журналистер үшін дұрыс ақпарат жеткізу жауапкершілігі барын айтты.
«Жалған ақпарат үлкен келеңсіздіктерге алып келуі мүмкін. Сондықтан ДСҰ, Денсаулық сақтау министрлігі сияқты сенімді дереккөздерден ғана ақпарат алып, саралай білу маңызды», деді Микаэла Фриберг-Стори.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой пандемия кезінде халыққа объективті ақпарат беру арналары бірінші орынға шыққанын атап өтті. Оның айтуынша, халықты ақпараттандырудың дұрыс стратегиясын таңдап, ақпарат көздерін әзірлеу маңызды болды. Олар – coronavirus-2020 сайты, Ақпарат және қоғамдық даму, Денсаулық сақтау министрліктерінің порталдары және басқа да аккаунттар.
«Коронавирусқа қарсы вакцинаның пайда болуы да – маңызды оқиға. Қазіргі уақытта Қазақстанда 7,5 млн адам вакцина алды. Бастапқыда халық вакцинаға сынмен қарады. Енді адамдар вакцинаның вирустан қорғайтынына көз жеткізіп, оң қабақ танытып отыр. Ал халықты вакцинадан қорқуға итермелейтін «антиваксерлердің» әрекетін деструктивті деуге болады, вакциналау – кез келген жұқпалы аурулардың алдын алудың жалғыз әдісі. Денсаулық сақтау министрлігі пандемия кезеңінде инфекция туралы жалған ақпараттарды анықтап, халыққа мұндай фактілердің шындыққа сәйкес келмейтінін түсіндіруде», деді Алексей Цой.