Білім • 29 Қыркүйек, 2021

1-сыныпқа арналған тапсырма дауына қатысты министрлік түсініктеме берді

881 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі әлеуметтік желіде тараған 1 сынып оқушыларына арналған тапсырма дауына қатысты ресми түсініктеме берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

1-сыныпқа арналған тапсырма дауына қатысты министрлік түсініктеме берді

«БАҚ пен әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан қазақ тілінде білім беретін мектептердің 1-сынып оқушыларына арналған «Менің алтын жазу үлгім» атты жазу дәптерлері «8&8» баспасында жарық көрді, авторы С.В. Трофимова. Бұл дәптер орта білім беру ұйымдары үшін бекітілген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің бекітілген тізбесіне енгізілмеген. Тиісінше, мемлекеттік сараптамадан да өтпеген», делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендер ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес сараптамадан өтеді.

«Оқу-әдістемелік кешен дегеніміз – оқулықты сүйемелдейтін, міндетті талаптарға сәйкес әзірленген әдістемелік нұсқаулық, жұмыс дәптері, хрестоматия, диктанттар жинағы, тапсырмалар мен жаттығулар жинағы, картографиялық атлас. Аталған жазу дәптері секілді қосымша оқу басылымдарын, оқулықтарды, дәптерлерді және басқа қосымша материалдарды таңдау құқығы білім беру ұйымдарына берілген. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін жоғарыда көрсетілген мәселелерді реттеу мүмкіндігі қаралатын болады», деп хабарланды аталған ведомстводан.

Осы орайда министрлік бекітілмеген басылымдар ашық саталымда және ол интернетте де қолжетімді екенін ескертеді. Сондай-ақ елімізде қосымша оқулықтар, ертегі жинақтары мен дәптерлердің арнайы бекітілмейтіні айтылды.

Айта кетсек, әлеуметтік желіде 1 сынып оқушыларына арналған жазу дәптерінде «Өл» деген жазудың бары жұртшылықтың талқысына түсті.