07 Ақпан, 2014

СӘЛЕМ, СОЧИ! АРМЫСЫҢ, АҚ ОЛИМПИАДА!

342 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

1Бүгін XXII Қысқы Олимпия ойындары салтанатты жағдайда ашыладыфакел

Бұл тек Ресейдің жалпақ жамағаты ғана емес, осы жұртпен тілектес, ниеттес, достас барша еңселі елдердің тұрғындары, қала берді қысқы спорт түрлерінің әлемдегі барша сайыскерлері жеті жарым жылдан бері асыға күткен аламан болды. Жеті жарым жылға жалғасатыны, Сочи Халықаралық Олимпиялық комитеттің 2007 жылғы 4 шілдеде Гватемала астанасы – Гватемала қаласында өткен 119-сессиясында таңдап алынған еді. Осы жеті жарым жылда ресейліктерге жанашыр пейілдегі қауым да, оларға мысықтілеу қоғам да Қап тауы мен Қара теңіздің аралығындағы қолтықтың ұзына бойына шашырай қоныс тепкен шырайлы шаһарға ұдайы көз талдыра қараумен келді. Сонда олардың барлығының саналарын «Осынау жаһандық жарысқа бұл ел қалай дайындала алады екен, оны қайтіп өткізер екен?» деген ортақ сауалдың жаулап алып жатқаны тағы ақиқат.

Қазақстан қарымы

06-02-14-Pirnazar-2Бірден айтып қояйық, алдағы аламан күндерінің нақтылы қалай өтетінін тап басып, болжай қоймаспыз, бірақ оған деген дайындықтың өте жоғары деңгейде екеніне дәл қазір-ақ қиналмай бәс тіге аламыз. Бұған біз бұрнағы күні Сочидің халықаралық әуежайына түскен сәттен көз жеткіздік. «Біз» деп отырған Қазақстан ресми спорт деле­­гациясының құрамына ілінген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – «KAZSport» телеарнасының директоры Диас Ахметшәріп, белгілі фототілші Никита Басов, танымал журналист Ардақ Тоғымов, «Казахстанская правда» газетінің спорт шолушысы Асқар Бейсенбаев және осы жолдардың авторы – ақпанның 5-і күні таңның талма тұсында Астанадан Мәскеуге ұшып шы­ғып, Кремльді қала арқылы түс ауа Крас­нодар өлкесіне келіп жеткен болатын. Жалпы, бұл Олимпиадаға ерекше мән беріп, екпін елеткен Қазақстан тарапы оған 104 адамнан тұратын мем­лекеттік делегация аттандырды. Оның сапына жоғарыдағы бес журналистен бөлек, спорттың 58 түрі бойынша жарыс жолдарына шығып, еліміздің намысын қорғайтын 52 спортшы бар. Бұған қоса, кеше Спорт және дене-шынықтыру агенттігі ұйымдастырған арнайы делегациясының шеңберінде елу шақты теле және газет журналистері тағы келді. Осы топқа «Егемен Қазақстанның» екі бірдей тілшісі – Дастан Кенжалин мен Оңдасын Елубай енді. Бұдан бөлек, бүгінгі керуен керетін Олимпиаданың ашылу салтанатына Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде. Олимпиялық ойындар бары­сынан «KAZSport» телеарнасы 168 мәрте, «Хабар» агенттігі 53 рет репортаж­дар мен хабарлар береді. Сол мақ­сатта делегациялардың екінші толқы­нымен мұнда алдыңғы арнаның 7 бірдей журналисі келіп, жұмысқа кірісті. Осының өзі-ақ Қазақ елінің бұл Ақ Олимпиадаға қаншалықты дәрежеде көңіл бөліп, назар аударып отырғанын байқатса керек.

Қуандырған қалашық

Біз келгенде алдағы Ақ Олимпиаданың астанасы – абат Сочи ерте көктемнің ернеуіне жетіп қалғандай күй кешіп жа­тыр екен. Айналада төніп тұрған таулар­дың ағараңдаған бастары болмаса, та­бан­­­­­дағы топырақтың танабында іліп аларлық шөкім қар жоқ. Мұның орнына жерден булыға көтеріліп, көздің жауын алатындай қалыпқа жеткен көк майса шалғын жеткілікті көрінді. Мұнысы бізге наурыз айының басында көк бұйраланып қалатын Алматыны көз алдымызға елестетті. Келген бетте Сочи сонымен бірге, ақ­жа­рылқап тойы болғалы жатқан үйдің ауласында орын алатын абыр-сабыр қалып­ты да танытты. Мұны қаланың әуе қақпа­сына қадам басқан мезеттен сезіне баста­дық. Әуелі осы жерде ұшырасқан Ойын­дардың ұйымдастыру комитетінің мүшелері аккредитация қағазымызды тіркеп, мойынға ілетін визиттік картамыз­ды жасап берді. Содан шыға берген­де, бір топ еріктілер айналамызды думанға бө­­­­­леп, әндетіп әрі тақпақтатып қарсы алды. Бір байқалғаны, қаланың қай мекен, қай мүйісіне көз салсаң да, алдың­нан волонтерлер қаптап шыға келеді. Солардың көмегімен өзімізге белгіленген мекенжайға баратын авто­бусқа да отырдық. Сөйтсек, Ойын күн­дерінде мұнда Олимпиаданың арнайы қонақтары мен журналистерге арналған «ТМ» деген белгісі бар 28 маршрут шығарылып қойылыпты. Олар әр 10 минут сайын жүріп жатыр. Ішінде жолаушы болсын-болмасын, автобус жұмыс кестесіне қарай жүріп кетеді. Бірақ онда отыруға құқы бар жолаушылардан кіре пұл сұрал­майды, яғни оларды тегін жеткі­зіп тұруға шығарылып қойылған. Біз солардың бірімен уақыт­ша қонысымызға жетіп алғаннан кейін де волонтерлердің жәрдеміне сүйендік. Бұл жердегі тұрғылықты тұрағымыз, негізгі топтың құрамында болғандықтан, енді ғана салынып біткен Олимпиялық қалашықтан сайланған екен. Ал Олимпиялық қала­шықты біз бір көргеннен жаңа қоныс тойын тойлап жатқан абыр-сабыр тұрғын үйлердің пәтерлеріне ұқсаттық. Әзірге атауы «Русский дом» деп аталатын бұл мекен кейін Қысқы Олимпиялық ойындардың соңын ала Паралимпиялық жарыстар болып біткесін, наурыздың 24-інен ары жаппай пәтер ретінде сатылатын көрінеді. Жалпы, Олимпиялық қалашықтардағы тұрғынжайлардың бәрі соңынан түрлі әлеуметтік нысандарға айналатынға ұқсайды. Мәселен, жоғарғы және тау етегіндегі қалашықтарда мейманхана есебінде салынған ғимараттар шынында бес жұлдызды отельдер болып шыға келмек. Volunteers stand on a platform displaying the Olympic rings on the Olympic Park as preparations continue for the Sochi 2014 Winter Olympics, January 29, 2014. The opening ceremony for the winter games will be held on February 7.   REUTERS/Fabrizio Bensch  (RUSSIA - Tags: SPORT OLYMPICS SOCIETY TPX IMAGES OF THE DAY) Олимпиялық қалашықтар жайына келсек, осында келгесін ғана біліп жатырмыз, олардың саны жалпы үшеу екен. Біз соның еңістегі аумағына жайғассақ, қалған екеудің бірі таудың бөктеріне, ал екіншісі одан да арғы биік жоталардың жондарына қанат жайыпты. Осы үшеуі қосыла келіп, біртұтас «Олимпиялық қалашық» ансамблін құрайды. Бұлардың біріншісі «Жағалау кластері» деп аталса, қалған екеуіне «Тау кластері» деген атау берілген. Ал тұтас қалашық қаңтардың 30-ы күні ресми түрде ашылып, оның мэрі қызметіне белгілі жеңіл атлет, сырықпен секіруден Олимпиялық ойындардың екі дүркін чемпионы Елена Исинбаева тағайындалған. Жалпы, Сочи қаласының өзі осы Олимпиялық қалашық ансамблі секілді көптеген қоныстардан құралған үлкен бір оркестрге ұқсайды. Біздің бұрын географиялық картадан көріп жүрген Адлер, Хоста, Мацеста, Дагомыс деген елді мекендердің бәрі қазіргі Сочи қаласының құрамдас бір бөлігі ретінде оның аумақтық-әкімшілік бөлінісіне кіреді екен. Қала сондықтан Адлер, Хоста, Орталық және Лазарев деген төрт ауданға бөлінген. Бұлардың Орта­лық ауданы есепті негізгі қала «Үлкен Сочи» деп аталатын болып шық­ты. Біздің мекеніміз соның ішіндегі халықаралық әуежай орналасқан Адлер бөлігінде тұр. Таудың аңғарлары мен теңіздің жағалауын қуалап, біріне-бірі іркес-тіркес жалғасып кете беретін бұл қаланың ұзындығы 148 шақырымға созылады. Бұл жағынан келгенде, ол ұзына бойғы қашықтығы 200 шақырымнан асатын Мексиканың астанасы – Мехикодан кейін әлемде екінші орын алатын қала саналады. Сочи мемлекеттік статистика бөлімінің мәліметі бойынша, осыншалықты аумақты алатын оның тұтас ауданында қазіргі таңда 406,8 мың адам тұрады. Қала экономикасы мен ондағы халықты жұмыспен қам­туда жетекші рөлді туризм мен демалыс салалары құрайды. Сондықтан да, Сочи ресми емес түрде Ресейдің жазғы, оңтүстік және курортты «астанасы» болып есептеледі. Тағы бір дерек, 43-ші солтүстік ендікке орналасқан қала әлемдегі Ницца, Торонто, Алматы және Владивосток қалаларымен бір географиялық белдеуде жатыр.

Бәрі де журналистер үшін

Мұндай қызу тіршілікті біз келген күні де, кеше де бас баспасөз орталығынан да байқадық. Орталық біз орналасқан «Олимпиялық қалашықтан» таяқ тас­там жерде, үш аялдамадан кейін жетіп барасың. Ал оған бөлінген ғимараттың өзі атшаптырым аумақты алып жатыр. Оның ішінде журналистердің жұмыс жасауы үшін бөлінген бірнеше зал бар. Бұдан бөлек, фототілшілер үшін де арнайы бөлмелер жабдықталған екен. Мұнда тілшілер қауымы үшін ашылған байланыс пен банк мінсіз қызмет жасап жатыр. Осыны пайдаланып, біз де байланысқа дұрыс әрі бағасы арзан болуы үшін ұялы телефондарымызға ресейлік нөмірлер орнатып алдық. Бұл бір жағы осындай нөмірлері бар әріптестердің бір-бірімен тегін сөйлесулерін де қамтамасыз етеді екен. Ал осында қым-қуыт тірлікпен жұмыс жасап жатқандар үшін тәулік бойына кідіріссіз бірнеше асхана мен кафе тағы жұмыс істеп тұр. Былайша айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін. Біз мұнда Қытай, Жапония, Франция, Германия, Ұлыбритания, Швеция сияқты елдерден келген көптеген әріптестерімізді жолықтырдық. Олардың алды Олимпиада астанасына ұлттық делегациялар алғаш ат ізін сала бастаған 24 қаңтарда-ақ келіп қойыпты.

Үш күндік кеңес

Сочидің XXII Қысқы Олимпиялық ойындарға дайындығының өте жоғары екенін Халықаралық Олимпиялық коми­теттің президенті Томас Бах мұн­да 4 ақпан күні келіп, ны­­­сандарды түгел ара­лап шыққаннан кейін жедеғабыл жет­кізген. Ол Сочидің «Олимпиаданың тари­­­­хындағы ең үздік дайындалған қала» еке­нін атап өтіпті. Сонымен бірге, прези­­дентті, әсіресе, спорт­шы­лардың 80 пайы­зының «төсектен тұра салып, жарыс өте­­­тін жерге жаяу бара алатыны» қатты қуандырыпты. «Бәрінің өте жоғары деңгейде өтетініне еш күмән жоқ», депті ол журналистермен кездескенінде. Өзінің сөзінде Томас Бах, сондай-ақ, Ресейдегі XXII Қысқы Олимпиададан бұдан кейінгі олимпиялық қозғалыстың жаңа векторын күтетінін ашып айтты. Ақпанның 5-і күні Сочиде Халық­аралық Олимпиялық комитеттің 126-сес­сиясы басталды. Үш күн бойы мәжілісін жалғастыратын ке­лелі кеңес бүгін аяқталады. Осы жиынды ашарда Ресей пре­зиденті Владимир Путин өз сөзінің кіріспесін таза ағылшын тілінде сөйлеп ашып, талайдың таңданысын туғызды. Ал Томас Бах бүкіл Олимпиада күн­­дерінде өзінің спортшылар түскен Олимпиялық қала­­­шықта тұрмақшы ниетте екенін білдіріп, жұртты одан бетер таңғалдырды. Өт­кен жылғы қыркүйек айын­­­­да ғана ХОК президенті қыз­метіне кіріскен олим­­­пия­лық қозғалыстың жаңа басшысы мұны: «Менің өзім де спортшымын ғой» деген бір ауыз сөзбен түсіндірді. стадион

14 спорт нысаны салынған

Олимпиада құшағындағы Сочи қазір­дің өзінде бірнеше рекордты жаңартып үлгерді. Бұлардың бәрін келесі мақалада санамалап бергіміз келіп отыр. Ал қазір бұлардың сана­­­тындағы көрнектілерінің бірі ретінде осы аламан жарысқа арналып бұл өңірде 14 бірдей спорт нысанының салынғанын айтып өтейік. Олар жағалау және тау клас­тері аталатын екі бөліктен тұрады. Бұлардың бір-бірінен ара қашықтығы 48 шақырымға тең. Ал осы екі ортаға тартылып қойылған теміржолмен жүретін пойыз бір кластерден екінші кластерге жарты сағатқа жуық уақытта жетіп барады. «Жағалау» деп аталатын кластер Қара теңіз жиегіндегі Имеретия жазығын жарып ағатын Мзымта және Псоу өзендерінің аралығындағы Олимпиялық саябақта жағалай бой көтеріпті. Бұл кеңістіктегі нысандар түгелдей жабық аренада өтетін жарыстар үшін салынған екен. Бұлардың да ішіндегі ең бастысы болып «Фишт» орталық стадионы саналады. Атауын Үлкен Сочидің Адыгеяға жақын шығыс қапталындағы таудың атынан алатын бұл спорт кешені шынында да әдемі де әлеуетті көрінді. Әр қырынан көз салғанда әр қилы болып шапақ шашатын осы тотыдайын таранған сұлу ғимаратта бүгін Олимпиялық ойындардың ашылу салтанаты да жапырағын жайқалтады. Өзінің атын кабарды, черкес және адыге деген тармақтан құралатын адыг халқының «ақ бас», «басын ақ шалған», «ақ самайлы» дейтін ұғымды беретін «фишт» сөзінен алған таудың тарихы тым тереңде жатқанға ұқсайды. Осында естіген аңыздарымызға қарағанда, бұл тауға ежелгі гректің Прометей атты алыбы Олимп шыңындағы құдайлардан адамдар үшін алау ұрлап, алып шыққаны үшін шынжырланып байланып қойылған екен. Ал ұшар басын аппақ қарлы бөрік көмкеріп тұ­ратын ұлт­­­тық стадион бір жа­ғынан қа­­ра­­­­ғанда, ұзын­нан ұзақ тұрған сол Прометейге де ұқсап кетеді. Сыртқы келбеті жар­тылай мөлдір кес­кінді бұл кешеннің тағы бір ерекшелігі, оның жинамалы-құрас­тырмалы қаңқасы реті­не қарай арена трибунасын 25 мыңдықтан 45 мыңдық адамдық мөлшер­ге дейін өзгертіп тұруға мүм­кін­дік береді. Бізге мұнда­ғы мамандардың айтуларынша, ХХII Олимпиада мен Паралимпиялық ойындар біткеннен кейін бұл ғимарат футбол матч­тарын өткізіп тұратын стадионға айналып шыға келеді. Ол 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатын қабылдайтын кешендердің бірі болады. Келесі келісті аренаның аты «Үлкен» («Большой») мұз айдыны» деп аталады. Шамамен 12 мыңға дейін көрерменді қамти ала­тын ғимарат­та не­гізінен хок­кей шайқастары өте­ді. Шайбалы хок­кейдің жан­күйер­лері осы күн­­­дері, сон­дай-ақ, «Үл­кеннің» ша­­ғын аре­насы болып табыла­тын «Шайба» спорт сарайында да атал­мыш спорт түрі бойынша сайыс­­тар көре алады. Осы үш су жаңа нысанның қатарына «Мұз текшесі» («Ледяной куб») деген атауы бар 3 мың орындық тағы бір мұз айдыны қосылады. Бұл жерде кёрлинг ойынының бәсекелері өтуімен бірге, Ресейдің хоккей құрамасы жаттығады. Бұлардан басқа, 12 мың орындық арена «Айсберг» аренасы тағы бар. Онда мәнерлеп сырғанаушылар мен шорт-трек сайыс­тары доданың думанын қыздырады. Сочидегі су жаңа мұз айдындарының саны мұнымен де біт­пейді. Келесі кешені – «Адлер-Арена» жабық коньки орталығы 8 мың көрер­менді қабылдай алады. Жағалау кластеріне осы 8 арена кірсе, тау кластерін 6 кешен құрайды. Ашық аспан астында өтетін сайыстар үшін салынған бұл спорт алаңдары Сочидің Красная поляна аумағына қоныс тепкен. Ал Красная поляна қазір біз тұрып жатқан Адлер ауданына бағыныстағы елді мекен болып табылады. Олар Қара теңіз жағалауынан 45 шақырым қашықтықта, Мзымта өзенінің аңғарында, теңіз деңгейінен 550-600 метр биіктегі жазықтарда бой көтерген. Бұлардың біріншісін мана атап өткен таудағы Олимпиялық қалашық құрайды. Осы алапта бұдан әрі «Лаура» атты шаңғы-биатлон кешені сап түзеген. Оның құрамында биатлон мен шаңғы жарысына арналған екі стадион бар. Екеуі бір мезгілде 9,6 көрерменге пана болады. Ал Сочи Олимпиадасы ең ірі нысандарының тізбегінде «Роза Хутор» шаңғы кешені алдыңғы лектерде аталады. Мұның ауқымына тау шаңғысы орталығы, сноуборд пен фристайл орта­лығын құрайтын экстрим-парк және таудағы екінші Олимпиялық қалашық біріктірілген. «Санки» атты шана-бобслей трассасы мен «Русские горки» атты трамплин кешені осы нысандардың желісін тиянақтайды. Кеше, 6 ақпан күні кешке бізге осы­лар­дың арасындағы бірінші болып «Роза Хуторға» қарай жол тартудың реті келді. Бұл күні мұнда фристайлдің могул деп аталатын жаттығуы бойынша жарыс бас­талды. Онда біздің Юлия Галышева және Дарья Рыбалова атты спортшыларымыз күш сынасты. Бұлар әзірге іріктеу сынақтары болғандықтан, біз олардың нәтижелеріне тоқталып отырған жоқпыз. Мұндағы жүлдегерлер 8 ақпан күні анықталады. Ал фристайлдың акробатика деп аталатын келесі бір түрі бойынша сәл кейінірек Жібек Арапбаева және Жанбота Алдабергенова есімді қыз­дарымыз жарыс жолына шыққалы тұр. Осылайша Олимпиаданың қызығы күн сайын арта түспекші. Бүгінгі күн, мысалы, Ойындардың ашылу салтанатына арналса, ертең дода дүбірін жоғарыда айтылған могул-фристайшылардан басқа атлеттеріміз жалғап әкетеді. Бұл күні қазақстандықтардың қатысуымен «Лаура» кешенінде биатлон, «Русские горки» алаңында трамплиннен секіру сайыстары өтеді. Соның ішінде биатлоншылар Ян Савицкий, Сергей Наумик, Антон Пантов және Александр Трифонов 10 шақырымдық спринттен финалдық айқасқа шығады. Ал трамплиннен секіруші Алексей Пчелинцев іріктеу сынағын бастан кешеді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Сочиден.