Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2021

Петропавлда 60 шақты соғыс ардагері сыйақы алды

417 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Петропавлда Екінші Дүниежүзілік соғыс, Ауған және тәжік-ауған шекарасындағы соғыс ардагерлері 100 мың теңгеден сыйақы алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Петропавлда 60 шақты соғыс ардагері сыйақы алды

Петропавлға Қазақстандағы Ресей Федерациясы елшілігінің және ҚР Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағының өкілдері келіп, қарттарды қолдау айлығы аясында ардагерлерді құттықтады. Сондай-ақ 60-тан астам адамға 100 мың теңгенің сертификатын сыйлады.

Марапатқа ие болғандардың бірі – петропавлдық Александр Куркин. Ол 1979 жылы әскер қатарына алынып, Ауғанстанға соғысқа жіберіледі. Ардагердің айтуынша, Кабулда 345 полк құрамында соғысып, жарты жылдан кейін жарақат алуына байланысты елге қайтарылған. Кейін денсаулығы сыр бергенше дейін көлік жүргізушісі болған.

Жалпы бұл күні Александр сияқты ауған соғысының 30 ардагері, Екінші Дүниежүзілік соғысының көзі тірі 23 ардагері және тәжік-ауған шекарасындағы соғысқа қатысқан 10 адам сыйақы алды.

«Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіп өңірден соғысқа аттанған, жауынгерлік әрекеттерге қатысқан ардагерлерді құттықтап жатыр. Ауған соғысының 30 ардагерін тізімнен таңдап алдық, олар көмекке мұқтаж жандар. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлері де ұмыт қалған жоқ», дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

Өңірдегі Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің онға жуығы – ғасыр құрдастары. Арасында өздігінен жүре алмайтындары да бар. Оларға сыйақыны делегация мүшелері үйлеріне апарып берді.