07 Ақпан, 2014

Тарихты зерделеу жалғаса береді

467 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Тарих ешкімнің де жеке еншісіне берілмей «бәрінен де жоғары тұратын ұғым» деген Елбасы Н.Назарбаевтың алға тартқан ұстанымын халық қызу қолдады. Осынау үлкен әңгіме ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында мәре сызығынан өтіп, жарты жыл бойы қызу пікірталас түрінде дамыды. Оған ұлттық тарихымызды кеңестік идеологиялық құрсаудан аршып алудың қаншалықты маңызды екенін айтып, ұлтымыздың бүгінгі күнгі сүт бетіне шығар қаймақтарының бәрі де үн қосуға тырысты. Соның ішінде тарихтың өзі білетін қатпарларын ұзақ жылдар бойы ішіне сыйғызып келген ойшылдар, ғалымдар, жазушылар мен журналистер де көп болды. Осынау орасан белсенділіктің өзінен көзі қарақты, көкірегінде сезімі бар адамның бәрін ұлттық тарихымыздың тағдыры бек қатты алаңдататыны көрініп тұрды. Бірақ әңгіме көбейген сайын қай кездегідей бұра тартуларға да жол беріліп жатты. Мәселен, өткен ғасыр тарихының көп жағдайларда ұлттық және тоталитарлық қақтығыстың тарихы екендігі айтылып, «баяғы тәртіпті аңсай бермей» ХХ ғасырдың қиыншылыққа толы көлеңкелі беттерін ашып көрсетіп, шындық ашық айтылуы керек деген талап болғанда кейбір талантты ғалымдығымен емес, тоталитарлық жүйенің қолына су құю арқылы жақсы атақтарға, сый-сияпатқа жеткен тарихшылар заман талабымен жасалып жатқан тарихнамадағы жаңа үдерістерді жарадай көріп, қарсы шығып та жатты. Кей жағдайда үлкен мәселелер сиырқұйымшақтанып, тек ауыл-үйдің аумағына ғана белгілі, істеген ісі сол шағын аймақтың мүддесін ғана көздеген кейбіреулердің атын ұлттық шеңбердің айналымына дейін көтеруге тырысушылық та орын ала бастады. Елбасы осындай келеңсіз мәселелерге көңілі толмайтындығын білдіріп, Үкіметтің кеңейтілген отырысында сын тезіне салды. Осыдан кейін «тарихты кәсіби тарихшылар жазсын» деген Елбасының талабына сәйкес өмір бойы «шаң басқан архивтерден» шықпай ұлттық тарихтың ұңғыл-шұңғылын әбден зерделеген ғалымдар ғана пікірсайыстың алдыңғы легіне шығып, әңгіме тұжырыла бастады деуге болады. Қалай десек те, осының бәрі сайып келгенде, ел болашағының жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындауға бағытталып отырғаны өз-өзінен түсінікті еді. Тарих ғылымына феноменология мен герменевтика әдістерінің енгізілуіне байланысты тарихи зерттеулер сипаты өзгеретіндігі де талап етіліп, ендігі жерде тарихшы-ғалым фактілерді тізбелеп, тіркеп отырушы емес, зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін, оның жөн-жосықтарын, құндылықтарын логикалық тұрғыдан түсіндіріп бере алатын пайымдаушыға айналуы тиіс екені айтылған. Сөйтіп, Қазақстан тарихнамасынан алдыңғы қатарлы әдіснамалар мен әдістемелердің негізінде сапалы секіріс жасау талап етілді. Осынау талаптарды орындаудың алғы шебінде жүрген ғылыми ұжымдардың бірі – профессор Бүркітбай Аяған басқаратын Мемлекет тарихы институты. Осы жарты жылда бұл институт ұлттық тарихымызды жаңа сападағы зерделеуге арналған бірнеше ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткізді. Онда тарихшылар ғана емес, басқа ғылым салаларының да білікті мамандары қатысып, өздерінің ойларын ортаға салды. Жуырда осы инс­титутта «Ұлттық тарихты зерттеудің методологиясы мен ғылыми ұстанымын жаңарту жолдары» («Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында) тақырыбында халықаралық ғылыми-методологиялық конференция өтті. Бұл конференция жаңа Жолдаудың аясында тарих ғылымының алдында тұрған мақсаттары мен оның әлемдік көзқарастарға кірігу жолдарын анықтауға арналды. Конференцияны қысқаша сөз сөйлеп ашқан Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Б.Аяған Президент Н.Назарбаевтың жаңа Жолдауындағы «Мәңгілік Ел» деп аталған ұлттық идея тарихи тұжырымдарды жетілдіру үрдісін күн тәртібіндегі ең өзекті мәселеге айналдырып отырғанын айтты. Дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу үшін ең бірінші кезекте елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыру, соның ішінде ел тарихын зерделеудің нақты тұжырымының қажеттілігі өсіп отыр, деді ол. Одан әрі Б.Аяған тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің ғылымды дамытуға зор көңіл бөліп, үнемі қолдағандығы туралы айтты. – Соның ішінде Мемлекет басшысының нақты ұсынысымен жасалынған «Халық тарих толқынында» бағдарламасы жұмысын бас­тап кетті. Қазақстан ғылымын қаржыландыру мәселесі – мемлекеттік басымдықтардың бірі болды. Тарих саласында инновациялық серпіліс жасау жолында Республикалық тарихшылар қауымдастығы академиясы оқулықтар мен оның бағдарламаларын жаңғыртуға қатысты жұмыстар атқаруда, Тарихшылардың ұлттық конгресі қызмет етеді, «Отан тарихы», «Мемлекет тарихы», «Мәңгі Ел» ғылыми-көпшілік тарихи журналдары шығарылады, дей келіп одан әрі ғалым Мемлекет тарихы және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институттарының атқарып жатқан игі жұмыстарына тоқталды. Соның ішінде 11 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының шыққаны, 10 томдық «Қазақстан тарихын» жүйелеуде үлкен еңбек атқарылып жатқаны және т.б. аталып өтті. 2013 жылдың қорытындысы бойынша 10 авторлық және 10 ұжымдық монографиялар шығып, ондаған мақалалар жарияланған екен. Сондай-ақ, археология саласындағы жетістіктер, Мемлекет басшысының Жарлығымен жоғары атақ алған ғалымдар есімдері де қанағатпен аталып өтті. Бүркітбай Аяғанның айтуына қарағанда, бүгінге дейін ғылыми ортада Қазақ мемлекеттілігінің тарихы сияқты тақырыптар бойынша ортақ тұжырымдар әлі қалыптаса қоймапты. Біреулер мемлекет тарихын сақ-ғұн дәуірінен, екіншілер Түркі қағанатынан, үшіншілер Ақ Ордадан, тағы біреулер Қазақ хандығынан, Алашордадан бас­тау алады дейтін көрінеді. Енді осы мәселелерді жаңа Жолдаудың талаптарына сәйкес шешіп, тарихымызды кезеңдеу міндеті алдымызда тұр дей келіп шешен тарих саласын дамытудағы бүгінгі күннің өзекті міндеттерін атап өтті. Олардың қатарында археологиялық, мұрағаттық, мұражайлық, кітапханалық қорлардан жинақталған материалдарды нақты ғылыми айналысқа түсіру; «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы аясындағы тарихи ғылыми-зерттеу жұмыстарының міндеттері мен мақсаттарын айшықтау; «Мүмкіндіктер көздерінің» бірі ретінде тарихшы мамандар ғана емес, жеке тұлғаның қарым-қабілетіне қарап, шетелдік тағылымдамалардан өтуіне жағдай жасау және т.б. аталды. Одан әрі шешен Жолдаудың стратегиялық міндеттері қатарында Қазақстан ғылымын қаржыландыру көлемі ІЖӨ-нің 3 пайызынан кем емес деңгейге көтерілуі туралы айтылғанына қанағат білдіре келіп, оның ғылымды жаңғыртудағы бастамалар мен жетілдіру технологияларын арттыруға үлкен сеп болатынын атап өтті. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».