Экономика • 29 Қыркүйек, 2021

Таңбалау мен қадағалау

979 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміз Еуразиялық экономи­калық одақ аумағында бірқатар тауарды таңбалауды енгіз­ге­ні белгілі. Мамандардың пі­­кі­­рінше, тауарларды таң­ба­лау­дың артықшылығы көп. Бұл бір жағынан цифр­лы экономиканы дамытуға ық­пал етсе, екінші жағынан «кө­лең­келі» экономиканың үлесін қыс­қартып, нарықтағы заңсыз әрі сапасыз өнімнің айналымын азайтады.

Таңбалау мен қадағалау

Тауарларды цифрлы таңбалау әлемнің көптеген мемлекетінде қалыпты құбылысқа айналғалы қашан. Таңбалауды ертеден енгізген елдердің тәжірибесі бұл жүйенің өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді екенін көрсеткен. Айталық, Еу­ро­па­лық одақ елдерінде цифрлы таң­балау арқылы тауарларды қада­ғалаудың арқасында бес жылдың ішінде контрабандалық өнім айналымы 30%-ға төмендеген. Америкада дәрі-дәрмектерді таңбалау өнімді қайтарып алу процесін 3 күннен 10 секундқа дейін жылдамдатуға мүмкіндік берген.

Қазақстандық мамандар да таң­балаудың тиімді тұсы көп екенін айтып отыр. Елдегі цифрлы таңбалау процесін үйлестіруші мемлекеттік орган – Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін «кө­леңкелі» айналым үлесі едәуір тө­мендейді. Нақтырақ айтқанда, Қа­зақстанның жеңіл өнеркәсіп на­ры­ғында жалпы айналымның 63%-ы, аяқ киім нарығының 48,5%-ы, ал­коголь нарығының 25%-ы, фар­­мацевтика саласының 12%-ы «кө­леңкелі» айналымнан тазарады. Осылайша, тауарлардың көлеңкелі айналымын 70-80%-ға қысқарту адал өндірушілер мен импорттаушылар үшін сатылым нарығын шамамен 900 млрд теңге сомасында арттыруға мүмкіндік бермек. «Адал бизнестің кірісі 11,3%-ға артады, бұл ретте өндірушілердің тауарларды таңбалауға арналған жабдыққа жұмсалатын бір жолғы шығындары жылдық түсім сомасының 0,5-тен 0,9%-н құрайды. Сөйтіп, таңбалаудың нәтижесінде адал бәсекелестіктің ауқымы артып, бизнесін дұрыс жолмен жүргізіп отырған кәсіпкерлердің кірісі жылына орта есеппен 10%-ға ұлғаяды. Соған сәйкес ел қазынасына салық түрінде түсетін кіріс жылына 100 млрд теңгеге көбейеді деген болжам бар» делінген министрліктің мәліметінде. Ал әлемдік талдау агенттіктерінің деректері бойынша тауарларды міндетті таңбалауды енгізу тауар нарықтарын «ақтау» үшін триггер болып саналады және тауарлардың көлеңкелі айналымын 70-80%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті департаментінің ди­ректоры Бақытгүл Қазақпаева тауар таңбаланса, оның елімізге жеткізілу тізбегін бақылап, қайдан шыққаны, кім өндіргені, қандай жолмен сақталғаны жөнінде және өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі туралы толыққанды ақпарат алуға бо­латынын айтады. «Тауарларға цифр­лы код беріледі. Бұл код ілеспе құ­жаттардың бәрінде көрсетіледі. Осы таңба арқылы тұтынушы да тауар туралы мәліметтерді, оның жа­рамдылық мерзімін, өндірілу уақытын көре алады. Ал тауарға тапсырыс берген кәсіпкерлер өнімнің тура өндірушіден келгеніне көз жет­кізіп, контрабандалық тауарлар­дан бизнесін қорғай алады. Бұл жүйе­ тұтынушыға да, сатушыға да тиімді деп отырғанымыз сондықтан» дейді Б.Қазақпаева.

Ал Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің мамандары таңбалау жүйесін енгізу IT-нарығын, қаптама, жабдық өндірушілер үшін сервистерді дамытуға ықпал етеді, дейді. Таңбасы қойылған, тиісті органдарда ресми тіркелген, тексеруден өткен тауарлар адамның өмірі мен денсаулығына да қауіпті емес. Мәселен, кейде тұтынушылар дүкеннен, сауда үйлерінен тағам өнімін сатып алған кезде түрі өзгерген, дәмі бұзылған, көгерген, ашыған өнімдерге тап болып жатады. Ондай тауарлардың жарамдылық мерзімінен де мін таба алмайсыз. Неге? Өйткені тауары өтпеген кезде жарамдылық мерзімін қолдан «ұзартып» қоятын «қулар» аз емес. Ал тауар таңбаланған кезде мұндай қулықтың жолы бөгеледі. Өйткені тауар таңбаланғанда қойылатын цифр­лы код – қолдан жасау мүм­кін емес тауардың төлқұжаты. DataMatrix коды тауардың барлық жо­лын: өндірген зауыттан бас­тап, тұтынушыға жеткізілгенге дейінгі тіз­бекті бақылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, мерзімі өткен тауар­лардың кассалық шығарылуын блоктап тастайды, ал дүкендер мен дистрибьюторлар сандық кодтағы жа­рамдылық мерзімі туралы ақпа­ратты мүлде өзгерте алмайды. Тұтынушы болса, арнайы құрылған Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы өнім­нің құрамы, жарамдылық мерзімі туралы деректермен танысып, қо­сымшаның көмегімен өндірушіге және мем­лекеттік органдарға бұзушылықтар туралы хабар бере алады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мін­детті цифрлы таңбалау тек темекі өнімдері мен тері бұйымдарына ғана енгізілген. Темекі өнімдері 2020 жылдың 1 қазанынан бастап, екі өлшемді Data Matrix кодымен таң­балана бастады. Бұл ретте айна­лым­ға ерте енгізілген темекі өнімдері би­ылғы қазан айына дейін ғана сатылады. Осы мерзім біткеннен кейін дүкендерде таңбаланбаған темекі өнімдері сатылмайды. Бүгінге дейін темекі өнімдерін өндірушілер мен импорттаушылар 1 млрд-тан астам темекі қорабын таңбалап үлгерген екен.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз хатшысы Розалия Аубакированың айтуын­ша, биылғы 1 қарашадан бастап, аяқ киімдер де таңбалана бастайды, таңбаланбаған аяқ киімді өндіруге және еліміздің аумағына әкелуге тыйы­м салынады. Комитеттің ақпа­раты бойынша, бүгінде «көлеңкелі» аяқ киім нарығы жалпы көлемнің 48,5%-ын құрайды. Аяқ киімнің сандық таң­балануы нарықты  «таза­лауға» және оны контрафактіден арыл­туға септігін тигізбек.

Қазақстан дәрілер мен дәрілік заттарды таңбалауды да қанатқақты жоба ретінде енгізіп, соның шеңберінде бірталай дәрілерді бақылауға алды.

Дәрі-дәрмекке деген сұраныс артып отырған қазіргі кезеңде оларды таңбалау өте маңызды екені тү­сінікті. Өйткені контрабандалық жолмен келген дәрілердің сапасы да күмәнді. Бұрын мамандар дәрілік заттардың заңсыз я заңды жолмен келгенін дәріні қолдану жөніндегі нұсқаулықтан білуге болатынын айтатын. Тиісті министрлікке тіркеліп, Қазақстан аумағында қолдануға болатыны туралы куәлігі бар дәрілердің нұсқаулығы екі тілде: қазақ және орыс тілінде жазылады, яғни ел аумағында қолдануға рұқсаты бар өнімдер туралы ақпарат міндетті түрде қазақ тілінде де жазылуға тиіс. Ал контрабандалық жолмен келген өнімдерде бұл талап орындала бермейді. Егер дәріні таңбалау енгізілсе, тұтынушылар оның заңды өнімдер екеніне сенімді болады.

Комитеттің дерегінше, дәрілік заттарды таңбалау бойынша қанатқақты жобаға «СК-Фармация», бес дәріхана, сегіз медициналық мекеме, екі импорттаушы, екі дистрибьютор және төрт отандық дәрі өндіруші қатысқан. Таңбаланған дәрілердің арасында обырды, С гепатитін және АИТВ инфекциясын емдеуге арналған препараттар, урсозим гепатопротекторы, аллергияға қарсы «Кетотифен» дәрісі, ресейлік «Натальсид» препараты, жүрек ауруларын емдеу үшін қолданылатын «Бисопролол» бар. Бұл таңбаланған препараттардың бәрі медициналық ұйымдар мен дәріханаларға жеткізілген. «Бүгінде қанатқақты жоба шеңберінде дәрі-дәрмек өндірушілерден бастап, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Алматы облыстарының медициналық ұйым­дары мен дәріханалары, бас-аяғы 3 мыңнан астам қатысушының өнім­дері цифрлы таңбалау жүйе­сін­де қада­ғалаудан өтті» дейді Р.Ау­ба­­кирова.

Қазір алкоголь және сүт өнімдері, бөтелкедегі су және алкогольсіз сусындар мен жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау бойынша қанатқақты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Тауарлардың осы топтарына міндетті таңбалауды енгізу 2022 жылға жос­парланып отыр.

Үкіметтің қаулысы бойынша Қазақстанда «Қазақтелеком» АҚ («Цифр­лық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС – Қ.Т.) бірыңғай таң­балау операторы ретінде айқын­далған. Бірыңғай оператор есептеу инфрақұрылымына, тауардың әрбір бірлігіне Data Matrix екі өлшемді кодын орнатуды, деректерді сақтауды, өңдеуді, таңбалау жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне жауап береді.

Министрлік өкілдері тауарларды цифрлы таңбалау бойынша қандай да бір мәселе туындаса, бірыңғай оператордың байланыс орталығы –  8 800 080 65 65 нөміріне тәулік бойы хабарласуға болатынын еске салады.