07 Ақпан, 2014

Қазақ елінің қазыналы қиырында

481 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
06-02-01-8

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Атырау облысында болды

Мәңгілік Ел болу –  ата-бабамыздың арманы. Бұл арманды бабаларымыз көктасқа қашап жазып кеткен. Бүгін біз ең өскен, өнген, өрелі елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтып отырмыз.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

(Атырау. 06.02.2014)

Елбасы Атырау облысына сапарын өзге мектептерден артықшылығы басым ерекше білім ордасы – Назарбаев зияткерлік мектебінің жұмысымен танысудан бастады.

Ерекше үлгідегі білім ордасы

Өткен жылдың қыркүйегінде ашылған бұл білім ордасын ерекше деуіміздің бірнеше себебі бар. Алдымен айтарымыз, мұнда «мыңнан – тұлпар, жүзден – жүйрік» дегендей, ең талантты шәкірттер оқиды. Алайда, өңірдің әр мектебінде, әр ұстаздан дәріс алған оқушылар Назарбаев зияткерлік мектебіне бірден қабылдана қойған жоқ. Осы оқу ордасына қабылдануға өтініш берген 2978 оқушының әрқайсысы әуелі екі кезеңнен тұратын пәндік тестілеу сынағын тапсырды. Сол сыннан жоғары балл жинаған оқушылар арасында конкурстық іріктеу өткізілді. Сөйтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өркен» гранты барлық сыннан сүрінбей өткен 697 оқушыға берілді. «Бұл өтініш берушілердің 23 пайызын ғана құрайды», деді Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Табиля Акимова. Екіншіден, бұл білім ордасында дәріс беретін ұстаздар да конкурстық іріктеуден өткізіліпті. Ұстаздардың біліктілігін жете зерделеген конкурстық комиссия ұйғарымымен 74 ұстаз ерекше мектептің дарынды шәкірттеріне дәріс беру құқын иеленді. Олардың арасынан 33 мұғалім үш деңгейлі білім жетілдіру курсынан өтті. Ал «Болашақ» бағдарламасының төрт түлегі Назарбаев Университетінің базасында бір жылдық курста білімін одан әрі шыңдапты. Үшіншіден, Елбасына ерекше үлгідегі білім ордасы туралы кеңінен баяндаған «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшиденованың айтуынша, мұндағы пәндік дәрістер тек қазақ және орыс тілінде ғана емес, сонымен бірге, ағылшын тілінде де жүргізіледі. Сол себептен, әр ұстаздың ағылшын тілін білуіне баса көңіл бөлініп, тіпті, АҚШ, Ұлыбритания, Румыния, Ирландия және Оңтүстік Африка Республикасы секілді шет мемлекеттерден 12 жоғары санатты ұстаздар шақыртылған. Сондай шетелдік маманның бірі Хасан Сабиг шәкірттерге биология пәнінен ағылшын тілінде дәріс жүргізеді. Ал енді Назарбаев зияткерлік мектебінің материалдық-техникалық базасының жарақтандырылуына тоқталсақ, өзге мектептерден оқ бойы озық тұратындығымен ерекшеленеді. Себебі, мұнда бір мезгілде 720 шәкірттің оқитындығы өз алдына, білім ордасындағы 60 кабинеттің барлығы да компьютер мен интерактивті тақтамен қамтылған. Бұдан өзге оқушылардың дербес жұмыс жасауы үшін 650 ноутбук орнатылып, 15 тілдік кабинеттің әрқайсысы он оқушының отыруына лайықталған. Бұл мектеп химия-биология бағытында болғандықтан, әсіресе, нанотехнология, биотехнология кабинеттері оқушылардың ғылыммен тереңірек айналысуына мол мүмкіндік береді. Сонымен бірге, робот техникасы кабинеті де дарынды өрендердің ой ұшқырлығын жетілдіре түсуіне септігін тигізетіні дау­сыз. Білім ордасының кітапханасы да бай, спорттық алаңдары да оқушылардың қауіпсіздігін сақтайтын арнайы гетерогендік жабындымен көмкеріліп, мұнда спорттың бірнеше түрімен шұғылдануына жол ашылып отыр. Ал алыс ауылдардан келген шәкірттер үшін ашылған жатақхананың да жабдықталуы көрген жанның көңіліне қуаныш ұялатады. – Бүгінгі ең негізгі мақсат – тек Назарбаев зияткерлік мектептерінде ғана оқушылардың білім сапасын арттыру емес, жалпы Қазақстандағы білім ошақтарының сапасын жоғарылату. Еліміз бойынша он бесінші болып Атырауда ашылған Назарбаев зияткерлік мектебінің жанынан педагогикалық шеберлік орталығы да құрылды. Бізде Кембридж университетімен бірлесіп жасалған мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы іске асырылуда. Атырау өңірінің мұғалімдері де осы жобаға қатысуға мүмкіндік алып отыр, –деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшиденова. ...Айта берсе, Назарбаев зияткерлік мектебінің ерекшелігі көп. Осы орайда, мұнда сынып жетекшісі болмайды екен. Әр сыныптың өз кураторы бар. «Білім – инемен құдық қазғандай» екенін терең сезініп, біліктілікпен, білімділікпен алдан көрінуге ұмтылған Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары мен шәкірттері ерекше үлгідегі білім ордасын мақтан тұтады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы білім ордасының ұстаздары және шәкірттерімен жүздесуде дарынды балаларды анықтау мен оларға қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. «Мұндай балалар біліктілігі жоғары мамандар болып, ел игілігіне қызмет етулері үшін жақсы білім алулары тиіс», деп атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім алушыларға жасалатын жағдай мен мүмкіндіктер жалпы білім беру ордаларында да қарастырылуының маңызды екеніне тоқталды. Дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтқан Қазақстанның экономикасының өсімі жылына кем дегенде 4%-ды құрауы тиіс. Елбасы мұндай мақсатқа қол жеткізу үшін тек экономиканы ғана емес, сонымен бірге, мәдениетті, әлеуметтік саланы, білімді және медицина секілді әлеуметтік саланы қоса дамыту қажет екеніне тоқтала келе, «Мәңгілік Ел» болу – ата-бабамыздың арманы. Бұл арманды бабаларымыз көктасқа қашап жазып кеткен. Бүгін біз ең өскен, өнген, өрелі елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтып отырмыз», деп ерекше екпін түсірді. – Біздің еліміздің атауында Орталық Азияның басқа елдеріндегі сияқты «стан» деген жалғау бар. Сонымен бір мезгілде, шетелдіктер халқы небәрі 2 миллионды құрайтын Моңғолияға қызығушылық танытады, бірақ оның атауында «стан» жалғауы жоқ. Сірә, еліміздің атауын уақыт өте келе «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар, бірақ алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салынғаны жөн, – деді ел Президенті Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде. Еліміздің бірлік пен толеранттылықты сақтай отырып, алға қойған барлық мақсаттарға жететіндігіне сенім білдіре келе, Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің артықшылығымыз – көпэтносты халқымыздың әралуандылығында», деп қорытындылады кездесуді. 06-02-05-1

06-02-02-6

 Келешегі кемел кешен

Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев Атырау мұнай өңдеу зауытында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен құрылысы» (АКШ) және «Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы» (МТӨК) инвестициялық жобаларының барысымен танысты. «АКШ құрылысы» жобасы мұнай химиясы үшін шикізат (бензол және параксилол) өндіру қарастырылған. Бұл жобаның келісімшарт құны –1 064 миллион АҚШ доллары. 2010 жылдан бері АтМӨЗ-де құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Ароматикалық көмірсутектер шығару кешенінің құрылысы биылғы жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарланып отыр. АКШ жобалық қуаттылыққа шыққаннан соң құрамындағы күкіртті қосылыстар, ароматикалық көмірсутектер мен бензолды төмендетудің нәтижесінде сапасы жөнінен еуро талаптарына сай келетін автокөлік бензин өндірісі, Қазақстанда бензол және параксилол өндірісі жөнінен бірінші мұнай химиясы өндірісін құру, көміртегі тотығы мен азот секілді атмосфераға шығарылатын ластағыш заттар мөлшерін азайту, сонымен бірге, заманауи технологиялар мен технологиялық жабдықтарды қолдану есебінен қоршаған ортаға әсерді төмендету қамтамасыз етілмек. АтМӨЗ-де іске асырылып жатқан екінші ірі жоба – «Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы» (МТӨК). Бұл жобаға 1 680 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынып отыр. Мамандар аталған зауытта мұнай өңдеу тереңдігін арттыру мәселесін түбегейлі шешу қосымша өңдеу тереңдігін қамтамасыз ететін екінші процестерді (кокстеу, АВТ-3 вакуумды блогы), сондай-ақ, каталитикалық крекингті енгізумен тікелей байланысты екенін алға тартады. Бұл кешен жылына 2 миллион 400 мың тонна шикізат өңдеуге (қарамай, вакуумды газойль) есептелген. Жылына 5,5 миллион тонна мұнай өңдеуді көздеп отырған АтМӨЗ 1 миллион 745 мың тонна автокөлік бензинін, 1 миллион 640 мың тонна дизель отынын, 244 мың тонна авиакеросин өндіретін болады. Ал қарамай өндірісі 193 мың тоннаға дейін азаяды. Зауытта шығарылатын барлық мотор отындары Еуро-5 стандартына сәйкестендіріледі. АтМӨЗ-дегі МТӨК жобасы зауыттың отын өнімдерінің экологиялық сапасын жақсарту, бағалы мұнай шикізатын тиімді пайдалану және өндірістің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Осы жобаны іске асыру үшін бүгінде жобалау жұмыстары жүргізіліп, жабдықтар мен материалдарды жеткізуге тапсырыстар беру басталды. Енді жақын арада екінші жоба бойынша кең ауқымды құрылыс жұмыстары қарқын алғалы отыр. Демек, отандық мұнай өңдеу өнеркәсібінің көшбасшысы атанған зауытқа тың серпіліс беретін қос жобаның келешегі кемел екендігі даусыз.

 Кәсіпкерлермен кездесу

 Нұрсұлтан Назарбаев мұнайлы өңірдің ғана емес, тұтас ел экономикасын өркендетуді жаңа деңгейге көтеретін жобалармен танысқан соң, Атырау облысының кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Облыстың экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері туралы баяндаған әкім Бақтықожа Ізмұхамбетовтің мәлім етуінше, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны ұдайы өсіп келеді. Өткен жылы өңірдің шағын және орта бизнеспен айналысатын 31 947 кәсіпкері 471,5 миллиард теңгенің өнімдерін өндіріп, түрлі қызметтер көрсетіпті. Өңір кәсіпкерлері мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті өркендетуге барынша қолдау көрсетіліп отырғанын өз істерінің мысалынан өрбіте айтып берді. Елбасы кәсіпкерлермен емен-жарқын әңгімелесе отырып, экономиканы өркендетуде басымдық шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталатынына тоқталды. Бұл – әлемнің бар еліне тән өркендеу жолы. Сол себептен, ұрпақ тәрбиесінде қандай да бір жетістікке жету үшін тек еңбекпен келетінін ұмытпау қажет. Өйткені, табыстың бәрі еңбекпен келеді. Бүгінгі нарықтың дәуірінде тек тынбай еңбектенген адам ғана табысқа кенеледі, абыройы тек еңбекпен ғана көтеріледі. Әсіресе, шикізаттық ресурс­тарды игеретін ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнесті қарқынды дамытуға баса мән берілуі қажеттігіне кеңірек тоқталды. Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның аясында бүгінде 800 кәсіпорын іске қосылғанын, 700 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, 150 мың адам жұмыспен қамтылғанын атап айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне айрықша назар аударды. Елбасы оның себебін былайша түсіндіріп берді: – Бұл біз үшін негізгі мәселе, ол елді жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Дамыған елдерде бюджеттерінің 80 пайызы шағын және орта бизнестің есебінен толығады. Ал Қазақстанда 300 ірі кәсіпорын бюджет түсімдерінің 80-90 пайызын береді. Бұл дегеніміз, шағын және орта кәсіпкерлік тиісінше дамымай отырғанын білдіреді. Мұның неліктен бұлай болып отырғанының себептерін сіздермен бірге талқылағым келді. Осылай деген Президент шағын және орта бизнестің ел ертеңін еңселендірудегі орны туралы ордалы әңгіме қозғады. Жалпы, Елбасының Атырау өңіріне сапары облыста жан жадыратар жақсы істер жалғасып жатқанын келісті көрсетіп берді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.