Мәселен, өңірде 18 жастан асқан 582 мың тұрғынды коронавирус инфекциясына қарсы екпемен қамту жоспарланса, қазіргі таңда аймақтағы 460 652 азамат, яғни 80 пайызға жуық тұрғын вакцина қабылдаған. Сонымен қатар қауіпті індетпен күресті жалғастыру мақсатында облыста әлі де вакцина салу жұмыстары жүргізілуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, өңірдегі 23 медициналық ұйымда 43 егу пункті бар. Оның ішінде 15 пункт Тараз қаласында болса, қалған 28 пункт аудандарда орналасқан. Ал қыркүйек айында қауіпті індеттің 19 533 жағдайы тіркелсе, пневмониямен
7 299 адам ауырған. Сонымен қатар коронавирус індетін бір тәулікте 53 азамат жұқтырған болса, ал пневмонияға 14 тұрғын шалдыққан.
«Қазіргі жағдайға сәйкес, инфекциялық стационарларда 630, реанимациялық төсектік орындарда 81 науқас жатыр. Карантиндік стационарға 9 адам орналастырылған. Олардың денсаулық жағдайлары тұрақты бақылауда», деді Ә.Қалиев.
Биыл 1 ақпаннан бастап облысқа 57 070 доза QazCovid-in отандық вакцинасы, 341 700 доза Спутник V екпесінің бірінші компоненті және 316 070 доза екінші компоненті, сондай-ақ, 60 мың доза Hayat Vax келген. Сонымен қатар, 34 мың доза КоронаВак, 124 мың доза Vero Сell Синофарм вакциналары да жеткізіліпті. Бүгінде отандық екпенің 1 063, Спутник V екпесінің бірінші компонентінің 335, ал, екінші компонентінің 42 225 дозасы қалған. Ал, Синофарм екпесінен 17 096 доза бар екен.
«Жамбыл облысы негізінен климаттық-географиялық орналасу ерекшеліктеріне байланысты инфекциялық аурулардың, оның ішінде аса қауіпті аурулардың бірнеше түрлерінің пайда болу және таралу қаупі жоғары өңірге жатады. Жұқпалы аурулар адамзаттың оған қарсы күрестегі айқын жетістіктеріне қарамастан, қазіргі қоғам үшін ең үлкен қауіптердің бірі болып тұр. Былтыр барлық елді қамтыған коронавирус індеті ауруы мен өлім-жітімнің таралу жылдамдығы оған айқын дәлел. Қауіпті індет әлемге тез таралып, экономикаға зиян келтірді, күнделікті өмір ырғағын бұзып, дүрбелең тудырды. Денсаулық сақтау саласының мәселелерін ашты», деді басқарма басшысы.
Жамбыл облысы