қожалық төрағасы Айткен Шорманов тапқан табысының бір бөлігін қайырымдылық шараларына жұмсайды
Шемонаиха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаров қазіргі кезде өңірде 28 мыңнан астам ірі қара,14 мың қой-ешкі бар екенін, тіркелген 334 шаруа қожалықтарының биыл 5028 тонна ет, 32 мың тоннадан астам сүт өндіргенін, ауылшаруашылық құрылымдары соңғы екі жылда ғана 2 миллиард теңгеге техникалар сатып алғанын айта келіп, Волчанка ауылдық округіне барып келуімізге өтініш жасады. Бұл ауылда Айткен Шорманов деген іскер азаматтың тұратынын, биыл мол табысқа жеткенін, сол жердегі панажайға (приют) көмек жасайтынын, оның үстіне азаматтың қайырымдылық шараларына белсене араласатынынан хабардар етті.
Волчанка ауылдық округінің әкімі Александр Гекктің ұлты неміс екен. Бұл ауылға немістер сонау аумалы-төкпелі заманда қоныс аударған. Біразы өздерінің тарихи отанына көшіп кеткен. Қалғаны алты-жеті отбасы.
– Осында туып-өстік. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Қазақтар қиын-қыстау кезде төрінен орын берді, қазір құдандалы болып жатырмыз. Шағын ғана ауылда бірнеше ұлттың өкілдері татулықпен өмір сүріп жатыр. Орта мектепте шағын орталық бар. 20 жыл бойы мәдениет үйі қаңырап бос тұрды, енді оны жөндеп жатырмыз. Аудандық бюджет пен Айткен Шорманов күрделі құрылысқа қыруар қаржы бөлді, – деп ауыл әкімі бізді орталықтағы екі қабатты Мәдениет үйіне ертіп келді.
Еденіне паркет төселген, айнадай жарқыраған бөлмелерде кітапхана, музыка залы, бишілер жаттығатын орын бар. Қарашаның 15-жұлдызында Мәдениет үйі салтанатты жағдайда ашылды, деп аудан әкімі А.Тоқтаров хабардар етті.
Екі қабатты панажайға келдік. Ол 2001 жылы ашылған. Мұнда 3 жаспен 16 жас аралығындағы асыраушысынан айырылған немесе әкесі мен шешесі жоқ, тұрмысы нашар жандардың балалары тәрбиеленеді екен. Айткен Шорманов панажайдың су құбырын тартып беріпті, азық-түлікпен де көмектесіп тұрады. Панажай директорының орынбасары Галина Калистратова тәрбиеленушілерге күніне төрт рет тағам берілетінін, аудан әкімі мен қожалық төрағасына ыстық ықыласын білдірді.
– Ауыл шаруашылығында 30 жылдан астам еңбек етіп келемін. Кеңшарға да жетекшілік еттім. Былтыр 3,5 мың гектарға егін егіп, әр гектарынан 19 центнерден астық бастырдық. 300 гектарға қарақұмық, 300 гектарға сұлы егіп едік, оның түсімі жаман емес. Бізде 140 адам еңбек етеді, жалақыларын ай сайын алып тұрады. Н.Книженцев, С.Корачев сияқты азаматтың еңбегіне ризамын. Биылдың өзінде 10 миллион теңгені қайырымдылық шараларына жұмсадым, дейді Айткен Кәменұлы.
– Айткендей жаны жайсаң, жомарт жандар арамызда көп болса, алар асуымыз биіктей бермек, – деп облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов жылы лебіз білдірді.
Жетімдерді жебеген азаматтың бұл ісі басқаларға да үлгі болғай!
Оңдасын ЕЛУБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Шемонаиха ауданы.