Білім • 30 Қыркүйек, 2021

Екі мектеп 2 млн теңгеден сыйақы жеңіп алды

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұстаздар күні қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Елбасының «Ел Үміті» бастамасының жобаларында жоғары нәтижелер көрсеткен ауыл мектептерін құттықтады, деп жазады Egemen.kz.

Екі мектеп 2 млн теңгеден сыйақы жеңіп алды

Бірінші 2 миллион теңгенің қаржылай сертификаты Қызылорда облысының Қазалы ауданында орналасқан Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейіне табыс етілді. Бұл мектеп ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасында үздік нәтиже көрсетті. Білім ордасы жобаға қатысқан 4 мыңнан астам мектептің ішінде үздіктер қатарында. Олимпиаданың қорытындысы бойынша мектепте 66 финалист және 21 жеңімпаз анықталды.

«Мың бала» олимпиадасы осымен екінші жыл өткізіліп отыр. Осы уақыт ішінде жобаға 450 мыңнан астам ауыл оқушысы қатысып үлгерді. Олимпиада нәтижесі бойынша 2000 оқушы, ауыл мектептерінің 5-6 сыныптарының жеңімпаздары Республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейлері, «Дарын» мамандандырылған мектептері сияқты еліміздің жетекші мектептерінде оқуға, сондай-ақ Елбасы академиясының «Birge oqý» онлайн мектебінде пәндік дайындықтан өтуге мүмкіндік алды», деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

Екінші ақшалай сертификатты Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының №1 Смирнов орта мектебі алды. «Елбасы медалі» жобасын іске асыру шеңберінде неғұрлым белсенді ауыл мектептеріне талдау жүргізіліп, аталған мектепте Елбасы медальінің ең көп иегері анықталды. 12 оқушы бағдарламаны 7 бағыт бойынша аяқтап, қола медальге ие болған.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша барлығы 292 қатысушы қола медаль жеңіп алды. Өңір бойынша «Елбасы медалі» жобасының бағдарламасына 404 жас қатысқан.

1

Жалпы, екі жыл ішінде «Елбасы медалі» жобасына бүкіл ел бойынша 20 мыңнан астам адам қатысты.  Олар: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек тәжірибесі сынды жеті бағытта ізденеді.

Биыл «Елбасы медалінің» 605  иегері грант алып, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсті. Олардың 30%-дан астамы - ауыл мектептерінің түлегі.

«Ел Үміті» бастамасының жобасын ұйымдастырушылар Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен «Елбасы Академиясы» КҚ еліміздің барлық ұстазын кәсіби мерекемен құттықтап, болашақ ұрпақты тәрбиелеу жолында табыс тілейді», деп жазылған хабарламада.

1